Қазақ хандығының дүниеге келуі – кездейсоқ құбылыс емес, ғасырлар бойы қордаланған тарихи үдерістердің заңды нәтижесі еді. Оның басты алғышарттарының бірі – ұлан-ғайыр империя құрған Шыңғыс хан негізін қалаған Алтын Орданың ыдырауы, ал кейін сол орданың орнында бой көтерген Өзбек хандығының әлсіреуі болды. Сонымен қатар, жаңа мемлекеттің қалыптасуы ортағасырлық Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, саяси дамуына және қазақтардың этникалық тарихының ерекшеліктеріне байланысты болды деп есептейді тарих ғылымдарының докторы Меруерт Әбусейітова.
XIII ғасырда Алтын Орда құрамында Ақ Орда қалыптасып, 1361 жылы дербес мемлекетке айналды. Алайда, 1428 жылы Барақ хан қайтыс болған соң, бұл мемлекет екіге бөлініп, Өзбек хандығы мен Ноғай Ордасы өмірге келді. Өзбек хандығында билікке Әбілқайыр хан келіп, орталықтандыру саясатын жүргізді. Ол өзіне бағынбаған сұлтандарға қаталдық танытып, ұлысты үздіксіз соғыстар мен ішкі қақтығыстарға ұрындырды.
Осындай аласапыран кезеңде еркіндікке ұмтылған сұлтандар Керей хан мен Жәнібек хан Моғолстанның батыс өңіріне қоныс аударды. Бұл кезде Моғолстанды билеген Есен-Бұға хан оларды қарсы алған еді, өйткені бұл қадам Әбілқайырға қарсы саяси тепе-теңдік орнатуға тиімді болатын. 1462 жылы Есен-Бұға хан дүниеден өткен соң, Керей мен Жәнібек Жетісу жерінде өз ықпалын нығайта түсті. Сұлтандармен бірге Моғолстанға қанша көшпелі тайпаның өткенін нақты айту қиын. Дегенмен, зерттеушілердің пікірінше, бұл сол кездегі халықтың төрттен бірінен үштен біріне дейін жеткен. Олар «еркіндер», «бөлініп шыққандар» деген мағынадағы «қазақ» атауымен атала бастады. Уақыт өте келе бұл атау этникалық мазмұнға ие болып, тұтас халықтың атына айналды.
Айта кету керек, сол кезеңдегі «өзбек» атауы қазіргі этностық ұғымды білдірмеген. Бұл – түрлі тайпаларды біріктірген саяси бірлестіктің ортақ атауы еді. Сондықтан, Керей мен Жәнібектің көшуін көптеген ғалымдар Қазақ хандығының бастау бұлағы деп есептейді.
1468 жылы Әбілқайыр Моғолстанға жорық ұйымдастырғанымен, жол үстінде қайтыс болды. Осыдан кейін Өзбек ұлысы әлсіреп, көптеген ру-тайпалар Керей мен Жәнібекке қосылды. Олардың саны екі жүз мың адамға жуықтағаны айтылады. Қазақтардың қоныс аумағы кеңейіп, «қазақ» атауы этникалық сипат алды.
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚАШАН ҚҰРЫЛДЫ?
Тарихшылар арасында түрлі пікір болғанымен, ең кең тараған нұсқа бойынша Қазақ хандығының құрылған жылы – 1465-1466 жылдар. Бұл кезеңді тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде атап көрсеткен.
Жаңа мемлекеттің құрылуы тек жер ауыстырумен шектелген жоқ. Қазақ қауымы өз алдына дербес басқару жүйесін, сот тәртібін, алым-салық құрылымын қалыптастырды. Өзінің дәстүрі мен салт-санасын сақтай отырып, біртұтас көшпелі мемлекетке айналды.
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫЛАР
Қазақ хандығының негізін қалаған тұлғалар – Керей хан мен Жәнібек хан. Олар Жошы әулетінің ұрпақтары болатын. XV ғасырдағы «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» дерегінде Жәнібек хан Барақ ханның ұлы ретінде аталады. Ал, Барақ хан – Ұрыс ханның шөбересі, Шыңғыс хан әулетінің өкілі.
Керей мен Жәнібек алғашында Іле-Балық қаласында өмір сүрген. Хандық құрылған соң, Керей тұңғыш қазақ ханы атанып, жоғарғы билікті қолына алды, ал Жәнібек оның сенімді серігі әрі мемлекет ісін ұйымдастырушы болды. 1468 жылдан кейін қазақ хандары Әбілқайырдың мұрагері Шайх-Хайдарға қарсы күрес жүргізіп, 1471 жылы оның қаза табуымен хандық аумағын кеңейтті.
Кей деректерге сүйенсек, 1473 жылы Керей хан қақтығыстардың бірінде қаза тапқан. Одан кейін билік оның ұлы Бұрындыққа өтті. Жәнібек 1480 жылы дүниеден озды. Ал, Жәнібектің ұлы Қасым хан тұсында хандық шарықтау шегіне жетіп, аумағы қазіргі Қазақстан жеріне жуық кеңістікке дейін ұлғайды.
ТАРИХИ ТАҒЗЫМ
Қазақ хандығының құрылу датасы жөніндегі пікірталас әлі де жалғасып келеді. Дегенмен, 2015 жылы Қазақстанда хандықтың 550 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Бұл – Керей мен Жәнібек бастаған тарихи көштің ұлт тағдырындағы маңызын айқындайтын айшықты белес еді.
Ғасырлар қойнауында қалған оқиғалардың бәрі бірдей толық ашыла бермейді. Алайда, тарихшылар мен зерттеушілер алғашқы қазақ мемлекетінің шежіресін терең зерделеуді жалғастырып келеді. Ал, халық жадында Керей мен Жәнібек есімдері елдік пен еркіндіктің мәңгілік нышаны болып сақталады.
Иманғали БАТЫР,
№47 Д. Қонаев атындағы жалпы орта білім
беретін мектептің тарих пәні мұғалімі
Түркістан облысы, Келес ауданы









