Көктемнің шуағымен бірге келген әз-Наурыз – береке мен бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың мерекесі. Биыл Жетісудың көрікті өңірі – Кеген ауданында Ұлыстың ұлы күні айрықша сән-салтанатымен, кең көлемде аталып өтті. Таң нұрымен бірге басталған думанды шаралар кешке дейін жалғасып, күллі аудан жұртшылығын ортақ қуанышқа бөледі. Бұл күн – тек мереке ғана емес, өткенге тағзым, бүгінге шүкір, болашаққа сенім артқан ерекше сәт болды. Мерекелік думан аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының мазмұнды әрі әсерлі сахналық қойылымымен шымылдығын түрді. Ұлттық нақышпен көмкерілген қойылым көрермендерді бір сәтте қазақы болмыстың тереңіне жетелеп, Наурыздың қадір-қасиетін айшықтай түсті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы, белгілі альпинист Қазбек Уәлиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов, сондай-ақ мекеме қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Құрметті қонақтардың қатысуы мерекенің мән-маңызын арттырып, Ұлыстың ұлы күнін ұлықтауға деген ел ықыласының жоғары екенін аңғартты.
Орталық алаңға жиналған қалың көпшілікті аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ел өміріндегі маңызды саяси өзгерістерге тоқталды. Ол өз сөзінде жуырда өткен республикалық референдумның маңызын атап өтіп, жаңа Конституцияның қабылдануы ел тарихындағы елеулі кезең екенін жеткізді. Сонымен қатар, ауданның өткен жылғы жетістіктері мен алдағы жоспарларына тоқталып, жылқы жылының әр шаңыраққа құт-береке әкелуіне тілектестігін білдірді.


Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – он отбасыға жаңа пәтер кілттерінің табысталуы болды. Ұлыстың ұлы күнінде қоныстой тойлаған К. Өмірәлиева, Ж. Мейірманова, Н. Шөнкеева, М. Керімбекова, А. Жақашбаева сынды азаматтардың қуанышы көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Бұл – Наурыздың шынайы мәнін, яғни жақсылық пен жаңарудың нақты көрінісін паш еткен игі іс болды.
Аудан басшысы көпшілікпен бірге «Наурыз-думан» атты мерекелік концертті тамашалап, орталық алаңға тігілген ақшаңқан киіз үйлерді аралады. Әрбір киіз үй ұлттық нақышта безендіріліп, қонақтарға қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылды. Қазан-қазан наурызкөже қайнап, бауырсақтың иісі бұрқыраған алаң нағыз халықтық мерекенің көрінісіне айналды. Таңертеңнен басталған мерекелік шаралар ұлттық ойындармен жалғасын тапты. Қазақша күрес, асық ату, тоғызқұмалақ, қол күресі, гір көтеру секілді сайыстарда ауыл жастары мен мекеме қызметкерлері өзара бақ сынасты. Әр жарыс тартысты өтіп, жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды. Бұл ойындар – тек бәсеке емес, ұлттық рухты жаңғыртудың жарқын үлгісі болды. Сонымен қатар, киіз үйлер арасындағы байқау да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Байқау қорытындысын аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Қуанышбек Жақыпбекұлы жариялап, үздік шыққан мекемелерге сый-сияпат табыстады. Әр киіз үйдің безендірілуі, дастарқан жайылуы мен қонақ күту дәстүрі ерекше бағаланды.
Мерекелік шара соңы үлкен концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде Нұрлан Сағынай, Шаба Әденқұлқызы, Салтанат Құдайбергенова сынды өнерпаздар әсем әннен шашу шашып, «Өнер мектебінің» бишілері мың бұрала би билеп, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Осылайша Кеген ауданында әз-Наурыз мейрамы бар сән-салтанатымен, кең тыныспен тойланды. Бұл күн – тек ойын-сауық емес, елдіктің, бірліктің, ізгіліктің көрінісі болды. Ауыл мен аудан халқы бір-біріне ақ тілектерін арнап, шаттыққа бөленді. Кеген төріндегі бұл мереке – ұлттың тамыры тереңде жатқанын, дәстүрдің мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұлыстың ұлы күні ұлықталған бұл думан көпшіліктің жадында ұзақ сақталары анық.
Индира Біржансал









