Метро кеңістігіндегі ұлттық мұра

0
331

Алматы қаласында Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып, қала бойынша түрлі мәдени шаралар, көрмелер өткізіліп жатыр. Осы мереке күндері Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен, қаламыздың бір қатар метро бекеттерінде дәстүрге айналған көрме қойылды. «Жібек жолы» метро бекетінде «Ұлт келбеті: фотосуреттегі қазақ киімі және ЖИ» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеде халқымыздың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін  көптеген құнды фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды.

Көптеген фотосуреттердің ішінен жүн иіріп отырған әжейдің бейнесі көрмені тамашалаған қала тұрғындарына ерекше әсер етті. Алыс ауылдағы әжемізді, ұмытылып бара жатқан ұршықты еске салды деп жатқандары көп болды. Ал метро бекетінде құрылған жартылай киіз үйдің макеті ұлттық нақышты айшықтап, қазақтың бай мәдениеті мен қонақжай болмысын танытты. Көрме барысында музей қызметкерлері экскурсия жүргізіп, фотосуреттердің тарихы туралы мәліметтер берді. Көрмені тамашалаған қала тұрғындары мен қонақтары естелік суретке түсіп, ұлттық құндылықтарды жақынырақ танып-білуге мүмкіндіктер алды. Дәстүр мен цифрлық жаңашылдық байланысқан бұл мереке әр шаңыраққа береке мен жаңа мүмкіндіктер сыйласын.

Жанар Әкінқызы,
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің
әдеби-мемориалдық музей
кешенінің ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here