Жыр жолын жаңа бастап жүрген кезімде маған аға болған, аға ғана емес, жақын дос болған үш ақын бар еді. Олардың екеуі Кеңшілік Мырзабеков пен Бақыткерей Ысқақов өмірден өтіп кетті. Серік Тұрғынбек арамызда жүр. Үшеуі де ақындар арасынан ойып орын алған дарындар.
Кеңшілік Мырзабеков жетпісінші жылдардың басында әдебиетке келіп қосылған кейінгі асау толқын өкілдерінің бірі еді. Оның алғашқы тырнақалдысы – «Іңкәр дүние» кітабын оқырмандар жылы қабылдаған. Автордың сөз саптауы мен тіл мәнері, түйінді ойлар айтуы, өмірді өзінше көріп, өзінше жырлай білуі, әрбір қас қағым құбылысқа сан түсті бояу жағып, ажарлап шығаруы талғампаз көптің назарынан тыс қалған жоқ.
«Дүбірлі дәурен» кітабының негізгі арқауы – бүгінгі заман, оның құрыш білекті ерлері. Бұл тақырып «Замандасқа сыр» атты алғашқы бөлімде өзіндік өрнекпен айшықталған.
«Енді ұят қара жерді қанға бояу,
Бақыт қой әрбір атқан таңды аялау.
Дәл қазір ақ ниетті әрбір адам,
Дүнияға сергек қарап, болмақ ояу», – деп ақын бейбітшілікке үндейді. «Адамзат қолымен жасалған игіліктерді күзету – қасиетті борыш», – деп түсіндіреді.
Бүгінгі қазақ поэзиясында кейінгі уақытта соғыстан соң туғандардың үні айбынды естіле бастады. Олар ел басына түскен ауыр жылдар салмағын қайыспай көтерген халық қуатын, жігері мен табандылығын лирика тілімен бейнелеп жүр.
Кеңшілік осы жинақтың екінші бөліміне «Көз көрген» деген ат қойып, көзімен көрген, көңілімен сезген жайларды қаз қалпында жырлайды.
«Адалдық – туың, құдіретті ел,
Алдыңа елім жүгінді.
Соғыстан соңғы суреттер –
Бақыттың басы бүгінгі.»
Ақын баллада жанрына қалам тартып отырса да, өзінің кең құлашты, ауқымды дүниелер жазуға мүмкіндігі бар екенін байқатқан. «Құмдағы аршалар», «Көшу» және «Тал бесік, бір шанырақ туралы» балладалар жинақылығымен және түйінді ойларымен ерекшеленеді.
Максим Горький: «Әдебиеттің ең бірінші элементі – тіл» деген екен. Қазіргі көптеген ақын-жазушыларымызды осы тіл байлығы жетіспей жататыны да құпия емес. Торғай топырағында туып, елдің асыл мұрасынан нәр алған, көне көз қариялардың шежіресін тыңдап, сөз бұлағынан сусындап өскен Кеңшіліктің сөз қолданыстары таңдай қақтырады десек артық айтқандық болмас еді.
«Әуелден жалғыз, әкеден жалғыз әулеті,
Әубәкір әуей, ақкөңіл жігіт, әулекі.
Албарда қой көп, ауласы той боп жататын,
Он саусағы – өнер, қолының кірі – дәулеті…
Кереге көктеп, уық пен шаңырақ қашайтын,
Бояуы қандай, өрнегі қандай нәші айқын.
Торғайдың талын тоқсанға бұрап, тың иіп,
Түбіттей иіріп ағаштан түйін жасайтын.»
Осындай түйдек-түйдек төгілген ырғақты жолдардан басталған «Әубәкір туралы элегия» әп дегеннен оқырман жанын баурап алады. Автор суреттеп отырған оқиғасына орай теңеулерді де сәтті таба қояды. Әубәкір ән салса, «қара туырлық құйын ұрғандай қозғалып, қанат біткендей ұшып кетуге аз қалады», оның әнін қаумалаған ел «ұйыған сүттей» тыңдайды.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болар еді. Кеңшіліктің осы өлең жолдарын «Әубәкір туралы әңгіме» деген ат қойып, әңгіме түрінде қайта жазып көрсек қайтеді деген ой туды.
«Біздің ауылда тұратын әуелден жалғыз, әкеден жалғыз әулеті Әубәкір әуей, ақкөңіл, әулекі жігіт еді. Албарда қой көп, ауласы той болып жататын, он саусағы – өнер, қолының кірі – дәулеті болатын… Кереге көктеп, уық пен шаңырақ қашайтын. Бояуы қандай, нәші айқын өрнегі қандай? Торғайдың талын тоқсанға бұрап, тың иіп, түбіттей иіріп, ағаштан түйін жасайтын. Әубәкір ән салса қара туырлық құйын ұрғандай қозғалып, қанат біткендей ұшып кетуге аз қалады. Оның әнін қаумалаған ел «ұйыған сүттей» тыңдайды.»
Міне, байқап отырған шығарсыздар, өлеңде айтылған кейбір сөздердің орны ауысқаны болмаса, сол сөздер түгел пайдаланылып, қара сөзбен жазылды. Оқырманға әсері поэзия тіліндей өте әсерлі болмаса да, солғын емес. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болар еді.
Туған жері туралы толғамаған, оған жүректен шыққан сөзін арнамаған ақын әлемде жоқ шығар. Ақынның бұл тақырыптағы өлеңдері бізге ерекше әсер етті. Медиен белдің қос меңі Айнакөл мен Каракөл, дүзген талы бүр жарған тобылғы сай, Көртоғайдағы ауыл және басқа суреттер көз алдымызға келгендей болды.
Кеңшілік біраз уақыт облыстық «Қостанай таңы» газетінде қызмет етті. Сол кезде оны сырттай ғана білетінмін. Ол менің жас кезімде жазған өлеңдерімді оқып, маған арнайы хат жазды. «Сенің өлеңдерінде ішкі ұйқасым бар екен. Қазақ ақындары арасында сирек кездесетін құбылыс. Мұндай тәсіл Жұмекенде бар. Бағытың дұрыс», – деп ағалық ақылын айтты.
Жетпіс бірінші жылдың қараша айында Алматыда үйлену тойымызды жасадық. Тойымызда талантты ақын Кеңшілік Мырзабеков: «Ақылбек інім, келінім Бақыт үйленді», – деп саңқылдап жыр оқыды. Одан кейін де бірде Алматыда, бірде Қостанайда жиі жолығып жүрдік. Тұңғыш ұлы Аманкелді Қостанайға егін жинау науқаны кезінде келгенде арнайы іздеп келді. Ақын қайтыс болғанда әскерде борышын өтеп жүрген Аманкелдіні күтіп алып, Торғайға шығарып салғаным да есімде. Елде ақынның көзі тірісінде сапарлас болып, бірнеше ауданда кездесулер өткіздік.
Арқалы ақын тағы бірде Қостанайға келді. Сөз арасында менен: «Осы жерде бақайлар бар ма?» – деп сұрады. Бақай деп отырғаны Арғыннан тарайтын белді ру. Кеңшіліктің өзі осы рудан.
– Бақайлар көп, бірақ, ел басқарып отырғандары бірен-саран, – дедім.
– Ендеше, солардың ең мықтыларына мені бастап апар! – деді Кеңшілік.
– Қостанайда мен білетін екі бақай бар, біреуі сол кезде қалалық атқару комитетінің төрағасы болып отырған Семен Бакай, екіншісі – облыстық газеттің бас редакторы Сержан Бақай , – дедім.
– Орысыңды қоя тұр, қазақ бауырымызға барайық, – деді ақын аңқылдап.
Газетке келсек, шынында да ағамыз ақкөңіл адам екен. Салған жерден Кеңшіліктің руын сұрап, әрі-беріден кейін оны Қостанайға қызметке шақырды. Өзі басқарған газетке бөлім бастығы қылып қоймақ ниеті бар екен. «Алматыда не бітіріп жүрсің, елге кел!» – дегендей ақыл айтты. «Туыстарға жақында. Кеңшілік, сенің кемшілігің осы!» – деп бір қойды. Кеңшілік ол кезде «Парасат» журналында қызмет істейтін. Аға көңіліне ырзашылығын білдіріп шыққаннан кейін, әзіл-шыны аралас: «Апырай, бақайларда да можан-топайлар бар екен ғой», – дегені есімде қалыпты.
Ақынның «Анар» және «Автобуста отырған қызға» деген жырларын жатқа оқитынмын. Әр жырының ойы анық, бояуы қанық болатын.
Бақыткерей Ысқақовтың алғашқы өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» жинағына менімен бірге енген еді. Одан кейін сан мәрте республикалық және аймақтық жыр мүшәйраларының жүлдегері атанды. «Ғашық жүрек», «Тәкаппар таулар», «Маржан тұма», «Шыршалы шың», «Жол айырығы», «Найзағай жарқылы», «Бұлттар таудан тарайды», тағы басқа жыр жинақтары жарық көрді. Татар ақыны М.Хұсайыновтың «Сүйемін сені», моңғол ақыны Ж.Дашдондогтың «Күншуақ» атты өлең кітаптарын аударды.
Ақын:
«Өмір – теңіз,
Адам толқын жүгірген.
Жұлып алған,
Терек, талды түбірмен.
Долданғанда,
Аппақ басын тасқа ұрып –
Шым батады,
Терең жерге –
Түңілген!
Түңіледі – тірліктегі бәрінен,
Жаңылысып жүректегі – әнінен.
Кереңдердің,
Күншілдігі – күдігі.
Қаскөйлігі –
Жібімеген, көнінен!
Өмір – кейде,
Өзімшілдің қолында.
Жалмауыздың, Екіжүздің –
Тағында.
Жұтаң – Елі,
Түңілдірер – Пендесін,
Бақа сисе,
Басындағы – бағына!» – деп толғанды.
«Көрдік қой, талай молда пірәдарды,
Аударған айлап, жылдап Құрандарды.
Олар да жең ұшынан жалғасады,
Алла атымен қорқытып адамдарды!
Жасайды, тұрмыс билеп, жасамасын,
Шығарар әкесінің жаназасын.
Кетсе де, теріс айналып,
Қу тіршілік қос саусақ арасынан қарамасын!» – деп өзіндік ойын айқын білдірді.
Кеңшілік Бақыткерейге арнаған жырында:
«Тәуекел деп тас жұтады талғамай,
Ас жұтады тас жұтқандай аңдамай.
Тамағынан өткен-кеткен ас болды,
Түйілмеді, бір құдайы болды Абай.
Асқазанын жаратқан соң жақсылап,
Бас қазаны – бас терісі ол да бай…
Асыққанда алаңғасар дер едім,
Біткен ісі ұста соққан балғадай», – деп баға берген болатын.
Күні кеше ғана арамызда аңқылдап жүрген талантты ақын Кеңшілік Мырзабеков халық жазушысы Мәриям Хакімжанова туралы:
«Мама қаздай Мәриям апай мамамыздай біздердің,
Біз – ақындар сәл лепірсек, пісетұғын сабамыздай біздердің.
Ардақты апа, аман-сау бол, жүзін көрші жүздердің,
Біреулермен салыстырсақ бір күні,
Басып кеткен ізінді де іздермін», – деп тебірене жыр толғаған еді. Бүгін біз Кеңшілік пен Бақыткерейдің өздерін де, сөздерін де сағынып жүрміз.
Серік Тұрғынбектің алғашқы жыр жинағы туралы облыстық газетте алғаш пікір білдірген едім. «Жас керуен» жинағына енгізген өлеңдері кезінде белгілі сыншылар тарапынан жақсы баға алған. Автордың «Жазушы» баспасынан шыққан тырнақалды кітабы «Қобыз» деп аталған жинағындағы отты да ойнақы, қарапайым да болса жүрекке жылы тиетін жырлар жаныңды баурай жөнеледі. Ақын кіндік кескен жері – Торғай даласы туралы ақтарыла сыр шертеді, туған жер табиғатын тілге тиек ете отырып, кез келген кішкене ғана көріністен сәтті түйін жасайды. Әр өлеңінде дерлік өзіндік ой айтуға талпынып, жақсы тенеулер мен баламалар табады, алтын масақты қара жердің бетіне ойнап шыққан тіршіліктің қан тамырымен салыстырып, шопанның мұртына қатқан мұзын табиғат сыйлаған орденге теңейді. Мұндай сәтті метафоралар өлеңді көріктендіре түседі.
Жинақтағы шоқтығы биік тұрған жырлардың бірі – Қостанай туралы толғау. Автор небәрі он екі шумақтан тұратын бұл шығармасында ірі астықты облыстың көрінісін дәл бейнелейді.
Елдіктің барады өрге бағы жанып,
Ерліктің қара жерде табы қалып.
Шешіле сыр шертеді қарт Қостанай
Төсіне қос орденін тағып алып.
Қысында сары аязы сақылдаған,
Жазында аптап от боп лапылдаған.
Батырдың есіміндей естіледі
Қостанай деген мынау атың маған.
Төбемде жарқыраса аспан-әйнек,
Төменде жатыр жолдар таспадай боп.
Қолыма ақ наныңды ұстап тұрып,
Ішімнен күбірлеймін «Қостанай» деп.
Ақын табиғат көріністерімен ой астастырып, алған тақырыбын неғұрлым терең ашуға тырысады. «Арша», «Бал қаймақ», «Қанжар» секілді жырлар поэтикалық пайымдауларымен көңілге бірден қона кетеді. «1941 жылғы 21 июнь немесе соғыс алдындағы күн» және «1945 жылдың 10 майы немесе бейбіт күннің басы» деп аталған екі өлең де бірін-бірі мазмұн жағынан байыта, толықтыра түседі, оқып отырғаныңда кешегі жаманат хабар қасіреті және жеңіс қуанышы көз алдыңа келгендей болады.
«Қобыз» алуан ырғақпен саз толғайды. Жинақтың өзі де ауыл, көктем, көңіл-күй және махаббат ырғақтары болып төрт бөлімге бөлінген. Серіктің, әсіресе, азаматтық тақырыпқа батыл барғаны қуантады. Бәріміз күнде көріп жүрген қаладағы қарағайлар туралы былай деп жырлайды:
«Қаладағы қарағайлар,
Келесіңдер ғұмыр-бақи шаң жұтып.
Кездерің көп даланы ойлар,
Ашық арай таң күтіп.
Бүріседі бұтақтарың,
Салқын соқса әл бітіп.
Қаладағы қарағайлар,
Шын ұғам.
Тәңірідей тұрыстарың дәл бұлай,
Ағыл-тегіл машинаның шуынан
Келесіңдер қалғымай.
Көктемде қайтқан құстың ұясынан
Алқымыңа, қарағайлар,
Біз өтуге жол жоқтай.
Тыныштықтың күзетінде,
Сапта тұрған солдаттай…»
Өлең түсінікті болуы үшін әдейі көлемдірек үзінді келтіріп отырмыз. Расында да, қаз-қатар тізілген, бойлары көкке тік шаншылған қарағайлар сапта тұрған сарбаздарға ұқсайды ғой. Оны автордың қырағы жанары дәл байқаған және ақындық тілімен жақсы айтып бере алған.
Серік поэзия жанрында өнімді еңбек етті. Оның «Қобыздан» «Жолортаға» дейінгі жырлары, «Торғай қызынан» «Сұлуыма» дейінгі және «Ақкөлден ұшқан аққулардан» бастап «Түркістанға» дейінгі әндері, баласы қазақша білмейтін, әкесі орысша білмейтін ортада кезінде «Қазақ тіліне қан керек!» деп қамыққаны, Арқалықтың кірпіктері әзер қимылдап жатқанда «Қан жұтып қала жатыр хал үстінде» деп тарыққаны да елдің есінде. Әбілахат Есбаев «Толқиды Тобыл» деп аталатын тамаша ән шығарды. Бұл әннің сөзін де Серік Тұрғынбек жазған. «От болып жайнап жатады, ойнап Қостанай қала жарқылы, ағады жайлап көшені бойлап Тобылдың теңтек толқыны», – деген жолдар ақынның да, сазгердің де жүрегін жарып шыққандай. Серіктің сөзіне жазылған әндер өте көп, жаңылмасам екі жүзге жуық.
Қаламгер ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтен бастап бір талай ағаларына, замандастарына жыр арнады. Кезінде өзіне қамқорлық жасаған Нұрғожа Оразовқа:
«Обағанның бойынан оза шауып,
Қызылжардың құшағына кірген,
Қос қанаты – Ғабең мен Сәбең дем беріп,
Ақмола-Астанада қырандай самғаған», – деп баға берді. «Сырбайдың дауысы» деген жырында Сырағаң туралы толғанды.
Қара сөзінің өзі өлеңге айналған жазушы драма жанрында да қалам сілтеді. «Мұқағали» поэтикалық драмасы, «Шәмші» спектаклі көрермендер көзайымына айналды.
Ақындар арасында да әп-әдемі бастаса да, жалынды жырлары бірте-бірте өшіп, қоламта болып қалғандар болған. Серік бүгін кейінгіге аға, жастарға пана болатын даналық жаста. Жол ортада ғана емес, бел ортада. Ендеше, оның ақындық отауы бал жинаған омарта бола берсін дегім келеді.
Бақыткерейдің лирикасы, Кеңшіліктің балладалары, Серіктің поэмалары мен ән мәтіндері қазақ әдебиетінің үлкен олжасы. Үш ақын да елінің мұңын жырлады, өлеңдерін туған жерге, өскен елге арнады. Ел де олардың жырларын жүрегінде сақтайды.
Ақылбек ШАЯХМЕТ,
ақын, жазушы, драматург












