Парламент Сенатының депутаттары мен Аппарат қызметкерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өткен жалпықалалық сенбілікке қатысты.
Бұл жолы сенаторлар елордадағы Инклюзивті спорт орталығының аумағын көгалдандыруға үлес қосты. Депутаттар, Палата Аппаратының қызметкерлері және олардың отбасы мүшелерімен бірге игілікті іске Сенат жанындағы Сарапшылар клубының өкілдері, Талдау мектебінің түлектері, сондай-ақ, белсенді қала тұрғындары атсалысты. Сенбілік аясында жөке, көктерек, қарағаш және өзге де ағаш түрлерінің 200 көшеті егілді.
Мәулен Әшімбаев іс-шараға қатысушылармен сұхбат құрып, Мемлекет басшысы «Тұрақты болашақ – ортақ көзқарас» Өңірлік экологиялық саммитінде қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейтініне, ол адамзат тіршілігінің түп негізі екеніне баса мән бергенін атап өтті. Бұл – таза ауа мен сапалы су, бүлінбеген топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесін қамтитын кешенді көрсеткіштер жиынтығы.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде қоршаған ортаны қорғауға арналған экологиялық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың ішінде бүгінде жалпыұлттық сипатқа ие болған «Таза Қазақстан» акциясының маңызы зор. Қазіргі таңда Қазақстан экологиялық күн тәртібін халықаралық деңгейде де ілгерілетіп келеді. Бұған Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит айқын дәлел. Саммит аясында өңірлік және жаһандық деңгейдегі экологиялық проблемаларды шешу бағытында мазмұнды диалог болды. Мемлекет басшысы атап өткендей, экология дегеніміз – ең алдымен, Жер бетіндегі тіршілікке жауапкершілікпен қарайтын саналы өмір салты. Сондықтан бүгін Астанада өтіп жатқан осындай акцияларды дәріптеп, оған өз үлесімізді қосу аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы сенбіліктің Инклюзивті спорт орталығы аумағында өтуіне де назар аударды. Ол аталған нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынғанын және Президент елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыруға, сондай-ақ, әр азаматқа өз әлеуетін іске асыруға қажетті жағдай жасауға үнемі баса мән беріп отырғанын айтты. Соның аясында қазір ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Айта кетейік, Инклюзивті спорт орталығы – мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетілетін, жаттығу мен оңалтудан бастап, емдеу мен оқытуға дейінгі қызметтердің кең ауқымы ұсынылатын бірегей кешен.









