Жаңа банкнота: Ұлттық банк 20 000 теңгелік банкнотаны қашан айналымға шығарады?

0
84
Фото: nationalbank.kz

Қазақстанда ұлттық валюта купюралары толық жаңартылып жатыр, ал 20 000 теңгелік банкнота келесі жылы айналымға енгізіледі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті. 

Бас банкирдің айтуынша, қазіргі уақытта жаңартылған банкноттардың ішінде тек 20 теңгелік купюра ғана айналымға толық шықпаған.

– Жаңа 20 000 теңгелік купюра әлі шыққан жоқ. Яғни, ол бізде бар, дизайнын да көрсеткенбіз. Бірақ, банкноттарды өндіру, банктерді дайындау, банкомат желілерін бейімдеу сияқты үдерістер уақыт алады. Сондықтан, 20 мың теңге кейінірек пайда болады. Ал, қалған банкноттардың барлығы қазірдің өзінде шығарылып, айналымда жүр, – деді Тимур Мұратұлы.

Сондай-ақ, ескі сериядағы купюралар кезең-кезеңімен айналымнан шығарылып жатыр.

– Біз купюралардың бүкіл қатарын жаңартып жатқандықтан, ескі серия біртіндеп айналымнан шығарылады. Мысалы, 10 000 теңгенің қолданылуын банктер мен халықтың өтініші бойынша бір жылға ұзарттық. Қазір олар жаңа купюралармен қатар жүр. Бұл – қалыпты үдеріс, – деді Тимур Мұратұлы.

Оның сөзінше, қалған купюралар бойынша мұндай ұзарту қарастырылмаған. Келесі жылы 20 000 теңгелік банкнота айналымға шыққаннан кейін, жаңартылған купюралар қатары толық қалыптасады.

Есбол ҚУАТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here