Қай кезеңде де елдің еңсесі ең алдымен білімнің деңгейімен өлшенетіні белгілі. Университет диплом ұстатып, маман шығаратын орын ғана емес. Ол – ұлттың рухани өзегін бекітетін, жас буынның таным-түсінігін қалыптастыратын, ой өрісін кеңейтетін үлкен тағылым ордасы. Осындай жауапкершілігі мол міндетті абыроймен атқарып келе жатқан білім шаңырақтарының бірі – Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті.
Ұлы ақын Ілияс Жансүгіровтің есімі берілген бұл оқу ордасында қаламгер мұрасын зерделеу, насихаттау және кейінгі ұрпаққа аманаттау ісі жүйелі түрде жалғасып келеді. Сонымен бірге, университет ғылым көкжиегін кеңейтуге, жас зерттеушілерге демеу беруге, білім сапасын нығайтуға әрі шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты арттыруға ерекше мән беріп отыр.
Оқу ордасының бүгінгі беталысы, ғылыми әлеуеті, рухани сабақтастығы мен халықаралық серіктестігі жөнінде Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбілтайұлы Бөрібаевпен ашық әңгімелескен едік.

ДӘСТҮРДЕН – БОЛАШАҚҚА
– Өзіңіздің шыққан ортаңыз туралы айтып берсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз? Балалық шағыңыз бен отбасы тәрбиесі өмір жолыңызға қалай әсер етті?
– Мен Алматы облысының Кеген ауданына қарасты Жалағаш ауылында дүниеге келдім. Балалық дәуренім табиғаты тұмса, рухани тамыры терең, салт-дәстүрі берік Кеген өңірінде өтті. Ауыл тіршілігінің қарапайым да қастерлі тынысын сезініп өстім. Орта мектепті де сол туған топырақта аяқтадым.
Әкем мамандығы бойынша инженер-электрик, анам бухгалтер болды. Екеуі де еңбек жолының негізгі бөлігін Кегенде өткізіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін өз салаларында абыроймен қызмет етті. Отбасымызда бес бала тәрбиелендік, мен ұлдардың үлкенімін. Сондықтан бала кезімнен-ақ жауапкершілікті сезініп өстім. Үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу, отбасылық тәртіпті сақтау, еңбекке адал қарау секілді қасиеттер менің дүниетанымымның қалыптасуына тікелей әсер етті.
Менің өмірімде атам мен әжемнің орны ерекше болды. Біз бір шаңырақ астында тұрдық, сондықтан менің мінезімнің, құндылықтарымның қалыптасуына олардың тәрбиесі айрықша ықпал етті. Атам Ұлы Отан соғысының ардагері, Сталинград шайқасына қатысқан майдангер еді. Өкінішке қарай, соғыста алған жарақаттарының салдарынан 1988 жылы өмірден ерте өтті. Дегенмен, атамның өмір жолы, елге қызмет етуі, төзімділігі мен қайсарлығы біздің отбасымыз үшін әрдайым өнеге болып қалды. Әжемнің парасаты, сабырлығы, отбасын ұйыстыра білуі де менің адами қалыптасуыма көмектесті.
Бала кезімнен кітап оқуға ерекше құштар болдым. Әсіресе, детектив жанрындағы шығармаларды оқығанды, детективтік фильмдерді көргенді ұнататынмын. Сол қызығушылық кейін менің заң саласына бет бұруыма белгілі бір деңгейде ықпал етті деп ойлаймын. Өйткені, құқық саласы да логикалық ойлауды, дәлелді талдауды, әділдікке ұмтылуды, мәселенің түпкі себебін анықтай білуді талап етеді.
Осы қызығушылық пен ішкі ұмтылыс мені әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне алып келді. 1996 жылы аталған университеттің заң факультетін үздік бітірдім. Біздің курс сол кезеңде Қазақстан жоғары білім жүйесінде қалыптаса бастаған көпсатылы білім беру үлгісі бойынша бакалавр дәрежесін алған алғашқы түлектердің бірі болды. Сол жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ магистратурасына қабылданып, жоғары білімнің келесі сатысында оқуымды жалғастырдым.
1998 жылы магистратураны аяқтағаннан кейін мені азаматтық және кәсіпкерлік құқық кафедрасына ассистент қызметіне қалдырды. Осылайша, ғылыми-педагогикалық жолым басталды. Кейін академик Сұлтан Сартаевтың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық және докторлық диссертациямды қорғадым. Бұл кезең мен үшін тек ғылыми ізденіс мектебі ғана емес, университеттік мәдениетті, академиялық жауапкершілікті, ұстаздық қызметтің мәнін терең түсінуге мүмкіндік берген үлкен өмір мектебі болды.
Одан кейін жоғары білім жүйесіндегі барлық академиялық және басқарушылық сатылардан өттім: ассистент, оқытушы, аға оқытушы, қауымдастырылған профессор, «Юриспруденция» кафедрасының меңгерушісі, ұлттық университеттің ғылыми қызмет жөніндегі проректоры лауазымын атқардым. Қазіргі атқарып жатқан қызметім – Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры.
Осылайша, студенттік кезеңнен бастап есептегенде өмірімнің отыз бес жылдан астам уақыты жоғары білім мен ғылым жүйесімен тығыз байланысты. Бүгінгі кәсіби жолымның бастауында туған жерден алған тәрбие, отбасымнан дарыған еңбекқорлық, атам мен әжемнен көрген өнеге, ата-анамның адал қызметі және білімге деген зор құштарлық жатыр деп айта аламын.
Жұбайым да ғылым докторы, профессор. Жалпы әулетімізде үш ғылым докторы және үш ғылым кандидаты бар. Мұны мен жеке жетістік ретінде емес, білімге құрмет, ізденіске адалдық және ұрпаққа үлгі боларлық ғылыми дәстүр деп бағалаймын.


ИНСТИТУТТАН УНИВЕРСИТЕТКЕ ДЕЙІНГІ ӨРЛЕУ ЖОЛЫ
– Келер жыл білім ордасы үшін айрықша белес болғалы тұр. Университеттің құрылғанына 55 жыл толмақ. Бұрынғы институт кезеңінен бастап бүгінгі университет деңгейіне дейінгі даму жолына тоқталсаңыз. Қазіргі тыныс-тіршілігі қандай? Алдағы стратегиялық жоспарларыңыз қандай бағыттарға негізделген?
– Иә, расында, 2027 жыл Жетісу өңіріндегі білім мен ғылымның қара шаңырағы саналатын Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті үшін тарихи кезең болмақ. Білім ордасының құрылғанына 55 жыл толады.
Университеттің іргетасы 1972 жылдың қазан айында Талдықорған педагогикалық институты болып қаланды. Алғашқы кезде небәрі 225 студент білім алып, 25 оқытушы қызмет атқарған еді. Уақыт өте келе оқу орны тәжірибе жинақтап, білім беру аясын кеңейтіп, өңірдегі жетекші ғылыми-білім орталығына айнала бастады.
Даму кезеңдеріне тоқталсақ, 1976 жылы музыка кафедрасы ашылды. 1977 жылы музыка-педагогикалық факультет құрылды. 1980 жылы мектепке дейінгі тәрбие, ал 1986 жылы дене тәрбиесі факультеттері ашылып, оқу орнының бағыттары кеңейе түсті.
1977 жылы институтқа жерлесіміз, қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтің есімі берілді. Бұл – оқу орнының рухани мәртебесін айқындаған маңызды тарихи шешім болды. 1994 жылы институт Талдықорған университеті болып қайта аталды. Ал, 1999 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мәртебесіне ие болды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы қаулысына сәйкес университет «І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылды.
1998-2001 жылдары университеттің материалдық базасы айтарлықтай нығайды. Мемлекеттік стандарт негізінде жаңа оқу жоспарлары жасалып, 17 жаңа мамандық ашылды. Мамандандырылған тестілеу орталығы құрылды. Шетелдік жоғары оқу орындарымен халықаралық байланыстар жолға қойылды.
2001-2008 жылдары оқу үдерісі сапалық тұрғыдан жаңартылды. Бірқатар мамандықтар бойынша аспирантура ашылып, белсенді оқыту әдістері мен жаңа технологиялар енгізілді. Рейтингтік-тестік білім бағалау жүйесі іске қосылды. Жаңа оқу ғимараты мен стадион салынды. Университет жанынан колледж ашылды.
2008-2016 жылдары білім ордасы көпсалалы университет ретінде қалыптасып, білім берудің кредиттік жүйесіне толық көшті. Бакалавриат пен жоғары білімнен кейінгі бағдарламалар саны артты. 2010-2011 оқу жылында Германиядағы ACQUIN халықаралық аккредиттеу агенттігі арқылы білім бағдарламалары халықаралық аккредиттеуден өтті. Педагогикалық бағыттағы бағдарламаларды халықаралық деңгейде аккредиттеуден өткізген Қазақстандағы алғашқы оқу орындарының бірі болды.
2016-2017 оқу жылында әскери кафедра, Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институты, «Даму» акционерлік қоғамымен бірлескен «Стартап-Академия» ашылды. Сонымен қатар, жаңа студенттер үйі мен заманауи жүзу бассейні пайдалануға берілді.
Университеттің қалыптасуы мен дамуына әр кезеңде басшылық еткен Лениншіл Рүстемов, Мырзатай Жолдасбеков, Валерий Салагаев, Жомарт Жапаров, Аманжол Қасабеков, Төлеген Қожамқұлов, Есенгелді Медеуов, Әбдіманап Бектұрғанов, Қуат Баймырзаев сынды білікті басшылардың еңбегі зор.
Бүгінде елімізде өңірлік университеттерді дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Жетісу университетінің ғылыми-техникалық базасы берік, әлеуеті жоғары екенін сеніммен айтуға болады. Университет жанынан Академиялық артықшылық орталығы мен «Жетісу ғылыми-білім беру орталығы» зертханасы құрылды.
Орталық құрамында STEM Lab – жаратылыстану ғылымдары мен технологиялары зертханасы, EcoAnalysisLab – молекулярлық биология, метрология және стандарттау зертханалары жұмыс істейді. Бұл зертханаларда АҚШ, Ресей, Чехия, Словакия және Түркия университеттерінің ғалымдарымен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізілуде.
Қазіргі стратегиялық бағытымыз – заманауи академиялық әрі ғылыми-зерттеу экожүйесін қалыптастыру. Негізгі мақсаттарымыз – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, өнеркәсіпті цифрландыру үдерістеріне үлес қосу, IT-сервистерді дамыту, ғылыми-техникалық нәтижелерді коммерцияландыру және университеттің ғылыми әлеуетін жаңа деңгейге көтеру.


АЛАШ РУХЫН ЖАҢҒЫРТҚАН УНИВЕРСИТЕТ
– 2027 жылы ұлт руханиятының ірі тұлғасы – Ілияс Жансүгіров есімі университетке берілгеніне 50 жыл толады. Алаш қайраткерінің мұрасын ұлықтау бағытында қандай жұмыстар жүзеге асырылып келеді? Рухани сабақтастық қалай жалғасуда?
– Ілияс Жансүгіров – Алаш арыстарының арасынан дараланып көрінген кесек тұлға, ел руханиятының еңсесін тіктеген ұлы ақын. Оның есімінің Талдықорған педагогикалық институтына берілуі – Жетісу жұрты үшін ғана емес, тұтас қазақ қауымы үшін мерейлі оқиға болғаны анық. Бұл – ұлттың өз асылын танып, өз тұлғасын төрге шығарған тарихи шешім еді.
Бүгінде университет қабырғасында Ілияс мұрасын зерделеу, таныту, кейінгі буынға аманаттау ісі бірнеше арнада жүйелі түрде жалғасып келеді. Ақын шығармашылығын ғылыми тұрғыдан саралау, рухани қазынасын ел санасына сіңіру, әдеби мұрасын жаңа көзқараспен пайымдау бағытындағы жұмыстар бір сәт те саябырсыған емес.
2007 жылы академик Тұрсын Сыдықовтың бастамасымен «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығы құрылды. Бұл орталық – Ілияс мұрасын кешенді зерттеудің қарашаңырағына айналды десек, артық емес. Мұнда М.Иманғазинов, Ш.Кыяхметова, Қ.Сарбасова, Д.Аңсабаев, Г.Сырлыбаева секілді филолог ғалымдар табанды еңбек етіп келеді. Ғалымдардың ізденісі нәтижесінде ақын шығармалары жеке-жеке қарастырылатын дүниелер емес, тұтас рухани құбылыс ретінде жүйеленіп, ғылыми айналымға кеңінен енгізілді.
Орталық қызметкерлерінің жанкешті еңбегінің арқасында Ілияс Жансүгіровтің 20 томдық толық шығармалар жинағы жарық көріп, республика көлеміне ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де таратылды. Бұл еңбек – ұлт әдебиетінің алтын қорын толықтырған айтулы ғылыми жетістік болды.
2010-2011 оқу жылынан бастап университеттің барлық мамандықтарының білім беру бағдарламасына «Ілиястану» пәні енгізілді. Мұндағы мақсат – қаламгердің көркем әлемін тек филолог мамандарға ғана емес, әр саланың студентіне таныту, жас буынның тарихи жадын жаңғырту, рухани тамырмен сабақтастыру.
2013 жылдан бері дәстүрлі түрде «Ілияс әлемі» студент жастар фестивалі мен «Жансүгіров тағылымы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өткізіліп келеді. Сонымен қатар, университет жанында «Ілияс ізбасарлары» жас ақындар клубы жұмыс істеп, жас таланттардың қанатын қатайтып, шығармашылық тынысын кеңейтуге мүмкіндік беруде.
Университеттің қауымдастырылған профессоры Ш.Кыяхметова жетекшілік еткен «Гуманитарлық ғылымдар даму процесіндегі Ілияс Жансүгіров мұрасы: ХХІ ғасыр контексінде» атты гранттық жоба да Ілиястану ғылымының өрісін кеңейтті. Жоба аясында төрт монография, бір оқулық, бір сөздік, екі ғылыми жинақ, бір электронды энциклопедия және он үш ғылыми мақала жарық көрді. Сонымен бірге, «Ілияс әлемі» оқу-танымдық сайты жасақталып, ақын мұрасы цифрлық кеңістікке де жол тартты.
Университет ғалымдары Ілиясты зерттеу географиясын кеңейтіп, Стамбул, Мәскеу, Ташкент қалаларының архивтерінде жұмыс жүргізді. Осы ізденістер нәтижесінде Ілиястану саласы халықаралық ғылыми деңгейге көтерілді.
Ақынның шығармашылық ғұмыры, өнерпаздық болмысы, мол қолжазба мұрасы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Ілиястың өзі жырлағандай, «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел, тегі, алсын қайдан кемеңгерді». Осы ұстанымды ту еткен университет ұлт алдындағы перзенттік парызын адал атқарып, Алаш қайраткерінің рухани мұрасын ұлықтау жолындағы қызметін алдағы уақытта да жалғастыра бермек.


ӘЛЕМДІК БІЛІМГЕ БЕТБҰРЫС
– Бүгінде Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы қандай деңгейде? Ғылыми әлеует, жас ғалымдарды қолдау, педагог кадрларды дамыту бағытындағы жұмыстар жайында айтып өтсеңіз.
– Кез келген білім ордасының абырой-беделі ең алдымен оның оқытушы-профессорлық құрамының ғылыми әлеуетімен өлшенеді. Университеттің шынайы қуаты – аудиториядағы ұстаздың білімі мен ғылымдағы ізденісінен көрінеді.
Қазіргі таңда Жетісу университетінде 13 ғылым докторы, 84 ғылым кандидаты, 55 философия докторы (PhD) және 171 магистр қызмет атқарады. Бұл – оқу орнының ғылыми мектебі қалыптасып, ұстаздық дәстүрі тамыр жайып келе жатқанын аңғартатын маңызды көрсеткіш.
Ғылыми кадр даярлау ісін жетілдіру мақсатында университетте үш диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Бұл кеңестер жас зерттеушілерге ғылыми еңбектерін жүйелі жүргізуге, өзекті мәселелерді терең қарастыруға және халықаралық талаптарға сай диссертация қорғауға мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде университет қабырғасында жаңа буын философия докторлары қалыптасып, отандық ғылымның өрісін кеңейтуге үлес қосуда.
Бүгінгі таңда университеттің оқытушы-ғалымдары бірнеше бағыт бойынша 46 ғылыми жоба мен бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Орындалып жатқан ғылыми жобалар мен бағдарламалар аясында университетте бірнеше зертхана, орталық ашылып, арнайы кабинеттер заманауи техникалық құралдармен жабдықталды. Университетішілік «Jas ǵalym» байқауы бойынша 32 жоба және 100 стартап-жобаны қаржыландырдық. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде прототиптер, сайттар, қосымшалар жасалды, зияткерлік меншік құжаттары алынды. Жыл сайын рейтингтік журналдарда университет ғалымдарының ғылыми мақалалары мен жарияланымдары жарық көреді. Университеттің «ЖУ Хабаршысы» деген ғылыми журналын ҚР ҒЖБМ-ның Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдардың тізбесіне енгіздік. Бұл журнал педагогикалық ғылымдар бағыты бойынша өзекті зерттеулерді жариялайтын, ғылыми пікір алмасуға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін беделді ғылыми басылым болды. Сондай-ақ, оқу орнының бастамасымен «SocioHumanitas» халықаралық ғылыми журналы ашылды. Журнал әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың дамуына, қоғам мен адамды пәнаралық тұрғыдан зерттеуге және отандық әрі шетелдік ғалымдардың ғылыми идеяларын ілгерілетуге бағытталған.
Жалпы ғалымдардың ашқан жаңалығы, жұмыстарының нәтижесі – университеттің барлық жетістігінің негізі. Өйткені, тың зерттеулер арқылы білім шекарасы кеңейеді, маңызды мәселелерді шешудің жаңа жолдары анықталады және қоғам дамиды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу ісі қарқын алды. Осы бастаманың нәтижесінде университет базасында Марке политехникалық университеті филиалы ашылды. Жалпы халықаралық ынтымақтастықтың бүгінгі бағыты қандай? Бірлескен білім беру мен ғылыми байланыстардың болашағына қалай қарайсыз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы елімізде әлемнің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу жөнінде нақты тапсырма бергені белгілі. Осы бастама білім мен ғылым саласына тың серпін беріп, республика көлемінде шетелдік беделді жоғары оқу орындарының 33 филиалы іске қосылды.
Солардың қатарында Жетісу университеті жанынан ашылған Италияның Marche Polytechnic University филиалы да бар. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба университет тарихындағы ең маңызды әрі стратегиялық қадамдардың біріне айналды. Филиалдың ашылуы халықаралық білім беру байланыстарын нығайтып, өңір жастарына әлемдік деңгейде білім алуға жаңа мүмкіндік берді.
Филиалда «Агрономия» (ЖУ) және «Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» (UNIVPM) мамандықтары бойынша қос дипломды бакалавриат бағдарламасы оқытылады. Қазіргі уақытта аталмыш филиалда 27 студент білім алып жатыр. Оқу мерзімінің бірінші жылында студенттер Жетісу университетінде жалпы білім беру пәндерін және шетел тілдерін: ағылшын, итальян тілін меңгереді. Екінші курстан бастап Марке университетінің профессор-оқытушылары дәріс өткізеді. Соңғы оқу жылы мен өндірістік тәжірибе кезеңінде студенттер Италиядағы Марке университетінде білім алады. Бағдарламаны табысты аяқтаған түлектерге Италияның Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары саласындағы бакалавр дипломы және Қазақстанның Ауыл шаруашылығы бакалавры дипломы беріледі.
2025 жылдың соңында Марке университеті филиалының жұмысын жандандыру мақсатында Марке политехникалық университетінің жаңадан сайланған (UNIVPM) ректоры Енрико Куальяринимен кездесіп қайттым. Серіктестікті нығайту бойынша келіссөздер жүргізіп, UNIVPM филиалының 2030 жылға дейінгі даму стратегиялық жоспарын бекіттік. Келіссөз нәтижесінде Марке университетінің филиалында Foundation бағдарламасы, экономика, ақпараттық технологиялар (IT), экологиялық қауіпсіздік бағытында қосымша үш білім беру бағдарламасы жүзеге асырылатын болды. Сонымен қатар, өзара оқытушы-профессорларды академиялық алмасуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен жобаларды жүзеге асыруға және Марке университетінің базасын пайдалануға келістік.
Тағы бір айта кететін мәселе – Марке университеті филиалының құжаттарын заңдастыру жұмыстары толық аяқталды. Екі мемлекет арасындағы заңнамалық талаптарға сәйкес филиалды ресми түрде тіркеу – аса күрделі әрі жауапты процесс болды. Құжаттарды әзірлеу, келісу және тіркеу барысында халықаралық талаптар мен екі елдің нормативтік ережелері мұқият сақталды. Нәтижесінде, филиал заңды түрде тіркеліп, тиісті ресми құжаттары алынды. Бұл – халықаралық білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Аталған жұмыс шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды дамытуға, академиялық байланысты кеңейтуге және студенттерге халықаралық деңгейдегі білім беру мүмкіндіктерін ұсынуға жол ашады.
Бүгінде халықаралық ынтымақтастықтың басты бағыты – білім мен ғылымды ұштастыра отырып, тәжірибе алмасу арқылы бәсекеге қабілетті маман даярлау. Бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер университет дамуына жаңа тыныс әкеледі. Алдағы уақытта мұндай байланыстар тереңдеп, халықаралық деңгейдегі ғылыми ізденістердің көкжиегі кеңейе түсетініне сенім мол.
– Ермек Әбілтайұлы, ашық әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен: Әлия ІҢКӘРБЕК












