Алмасбек Нөкербанұлы: «Аманатқа адалдық – азаматтық биік ұстаным»

0
1186

Ел тағдырына қатысты үлкен өзгерістер ең әуелі Ата Заңнан бастау алады. Өйткені Конституция – мемлекеттің ғана емес, қоғамның да бағытын айқындайтын темірқазығы, елдік ұстанымның айнасы, халық пен биліктің арасын жалғайтын берік құқықтық көпір. Бүгінде елімізде жүзеге асып жатқан конституциялық реформалар – Жаңа Қазақстанның саяси, құқықтық және қоғамдық келбетін жаңаша қалыптастырып жатқан тарихи бетбұрыс. Бұл өзгерістердің мәні мен мазмұны тек республикалық деңгейдегі ірі саяси шешімдермен шектелмейді. Оның нақты ықпалы өңірлердің тыныс-тіршілігінен, халықпен етене жұмыс істейтін жергілікті өкілді органдардың қызметінен айқын көрініс табады. Әсіресе, мәслихаттардың рөлі мен жауапкершілігінің артуы, ел мүддесін ескерген жаңа басқару мәдениетінің қалыптасуы – бүгінгі күннің маңызды шындығы. Жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту, халық үніне құлақ асатын жүйені орнықтыру, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру – мұның бәрі елдік мүдденің өзегіне айналған өзекті мәселелер. Осындай жауапты кезеңде Кеген аудандық мәслихаты да уақыт талабына сай жұмыс жүйесін жаңғыртып, халық пен билік арасындағы алтын арқауды бекемдей түскені анық. Осы орайда біз Алматы облысы Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нөкербанұлымен арнайы сұхбаттасып, еліміздегі конституциялық өзгерістердің тарихи маңызы, мәслихаттардың жаңа міндеті, аудандық басқару жүйесіндегі жаңашылдықтар, халықты толғандырған өзекті мәселелер мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы нақты жұмыстар төңірегінде кеңінен әңгіме өрбіттік.

Алмасбек Нөкербанұлы, елімізде жүзеге асқан Конституциялық өзгерістерді қалай бағалайсыз? Бұл реформалардың басты тарихи маңызы неде деп ойлайсыз?

Конституциялық өзгерістер – бұл жай ғана заң баптарының жаңаруы емес, бұл  елдік сананың жаңғыруы, мемлекеттік ойлау жүйесінің жаңа белеске көтерілуі деп бағалаймын. Өйткені Ата Заңға енгізілген әрбір түзету – уақыт сұранысына берілген жауап, қоғамның кемелдену жолындағы маңызды қадамы. Жаңа Конституция жобасының мазмұнына үңілсек, мұнда мемлекеттің даму философиясы тереңдей түскені анық аңғарылады. Қазіргі қолданыстағы құжат 9 бөлім мен 98 баптан тұрса, жаңа жобада преамбула, 11 бөлім және 95 бап қамтылып отыр. Ең алдымен, жаңа преамбулада адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің басты басымдығы ретінде алғаш рет айқындалуы – тарихи маңызы зор шешім. Бұл қадам мемлекет пен азамат арасындағы байланысты жаңа сапалық деңгейге көтереді. Яғни, ендігі жерде адам тағдыры, ар-намысы, еркіндігі мен заң алдындағы қорғалуы – мемлекеттіліктің өзегіне айналып отыр. Сондай-ақ, ынтымақ пен бірлік, ұлтаралық және дінаралық келісімнің мемлекеттіліктің мызғымас іргетасы ретінде нақтылануы – Қазақстан қоғамының ішкі тұрақтылығы мен тұтастығын сақтаудағы аса маңызды ұстаным. Бұл – бейбітшілік пен татулықты кездейсоқ құндылық емес, ел болашағын айқындайтын стратегиялық бағдар ретінде танудың белгісі. Жаңа жоба аясында Егемендік, Тәуелсіздік және аумақтық тұтастықтың өзгермейтін құндылықтар қатарына енгізілуі – ұлттың тарихи жадын, мемлекеттің саяси беріктігін және ұрпақ алдындағы аманатты заңмен айшықтаудың көркем көрінісі. Мұндай ұстаным – елдіктің еңсесін тіктеп, мемлекетшілдік рухты бекемдей түсетін тағылымды шешім. Бұдан бөлек, әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа жанашырлықпен қарау секілді қағидаттардың Конституция деңгейінде алғаш рет бекітілуі – қоғамның рухани және құқықтық мәдениетінің өскенін білдіреді. Бұл – тек құқықтық нормалар жиынтығы ғана емес, жаңа қоғамдық мінез-құлықтың, жаңа азаматтық жауапкершіліктің формуласы. Ал «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі – Қазақстан халқы» деген қағиданың айқын жазылуы – халық үніне, азаматтық қатысуға, ел тағдырына ортақ жауапкершілікке негізделген Жаңа Қазақстанның саяси мәйегі деп білемін. Бұл жерде мемлекеттің тірегі – билік емес, сенімге ие халықтық негіз екені терең көрсетілген. Жалпы алғанда, бұл реформалардың басты тарихи маңызы – Конституцияны заманға бейімдеу ғана емес, мемлекетті азаматқа жақындату, қоғамды әділеттілікке бастау, ұлттық құндылықтарды заңдық тұрғыдан берік орнықтыру деп есептеймін. Бұл – бүгінгі буын үшін жауапкершілік болса, келер ұрпақ үшін бағыт-бағдар болатын тағдыршешті құжат. Сондықтан бұл өзгерістерді мен елдің ертеңіне жасалған құқықтық кепіл, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтқан тарихи белес, ұлттық жаңғырудың жаңа парағы ретінде бағалаймын.

Мәслихат мінбері – халық үні естілетін орын

– Жаңа Конституциялық реформалар жергілікті өкілді билікке, соның ішінде мәслихаттардың мәртебесі мен жауапкершілігіне қандай нақты өзгеріс әкелді?

Жаңа Конституциялық реформалар жергілікті өкілді биліктің, соның ішінде мәслихаттардың қоғам алдындағы салмағын арттырып, тарихи жауапкершілігін тереңдете түсті деп нық сеніммен айтуға болады. Өйткені бүгінгі таңда мәслихат – тек шешім қабылдайтын құрылым ғана емес, халықтың сенімі мен мұң-мұқтажын билік деңгейіне жеткізетін шынайы өкілді органға айналып отыр. Конституциялық жаңғыру аясында мәслихаттардың мәртебесі бұрынғыдан да айқындалып, олардың жергілікті басқару жүйесіндегі орны мен ықпалы күшейе түсті. Бұл өзгерістер, ең алдымен, халық сайлаған депутаттардың ел алдындағы аманатына адал болуын, әрбір бастаманың жұрт мүддесімен үндесуін талап етеді. Яғни, ендігі жерде мәслихат қызметінің өзегі – азаматтың құқығы, елдің игілігі және өңірдің өркендеуі. Әсіресе, мәслихат қабылдайтын нормативтік-құқықтық актілер мен шешімдерде адам құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келмеуі басты ұстанымға айналды. Бұл – құқықтық мемлекеттің негізгі талабы ғана емес, сонымен бірге жергілікті биліктің халыққа жақындай түскенінің айқын белгісі. Әрбір шешімнің артында адам тағдыры, отбасы әл-ауқаты, қоғамның тұрақтылығы тұрғанын терең сезіну – қазіргі мәслихат жұмысының басты өлшеміне айналып отыр. Сонымен қатар, жаңа реформалар мәслихат депутаттарының жауапкершілік аясын кеңейтіп, бастамашылдық пен белсенділікті жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ұсыныстар мен жобалар заң талаптарына сай депутаттық корпус тарапынан жан-жақты сараланып, қолдау тауып келеді. Бұл – мәслихат жұмысының формалды емес, нақты нәтижеге бағытталған жүйеге бет бұрғанын көрсетеді. Мәслихаттың басты миссиясы – халықтың үніне құлақ асу, елдің сұранысын ескеру, өңірлік мәселелердің оң шешілуіне ықпал ету. Осы орайда жаңа Конституциялық реформалар жергілікті өкілді билікті халық пен мемлекеттік басқару арасындағы алтын көпірге айналдырды деуге толық негіз бар. Біз үшін мәслихат мінбері – жай ғана ресми алаң емес, ол – ел сенімі артылған жауапты орын, халықтың тағдыры таразыланатын маңызды кеңістік. Сондықтан аудандық мәслихат алдағы уақытта да тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, елді мекендердің еңсесін көтеруге, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған жұмыстарын табандылықпен жалғастыра бермек. Ия, жаңа Конституциялық реформалар мәслихаттардың мәртебесін көтеріп қана қойған жоқ, олардың халық алдындағы жауапкершілігін еселеп, елдік мүдде жолындағы рөлін бұрынғыдан да биіктете түсті деп айта аламын.

– Бүгінде “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” қағидасы жиі айтылады. Осы жаңа саяси модельдің аудан деңгейіндегі басқару жүйесіне әсері қандай?

– “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” қағидасы – Жаңа Қазақстанның саяси құрылымын айқындайтын, мемлекетті басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыратын маңызды тұғырнама. Бұл ұстаным тек республикалық деңгейде ғана емес, жергілікті басқару жүйесіне де тың серпін, жаңа жауапкершілік пен жаңаша жұмыс ырғағын алып келді деп сеніммен айтуға болады. Егер осы саяси модельді аудан деңгейінде қарастыратын болсақ, ең алдымен оның мәні – билік тармақтарының өзара үйлесімді, ашық және нәтижеге бағытталған байланысын күшейтуінде жатыр. Яғни жоғары деңгейде қабылданған заңдар, нормативтік-құқықтық актілер, президент жарлықтары мен мемлекеттік бастамалар аудан аумағында қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты өмірлік өзгеріске айналуы тиіс. Ал мұны жүзеге асыратын басты тетік – мәслихат пен аудандық әкімдіктің бірлесе, үйлесе, ортақ мүдде жолында жұмыс істеуі. Бұл қағиданың аудандық басқару жүйесіне әкелген ең үлкен өзгерісі – жауапкершіліктің нақты бөлінуі мен есептілік мәдениетінің күшеюі. Бұрын тек жоғарыдан берілген тапсырманы орындау басым болса, қазір әр шешімнің нәтижесі, оның халыққа тигізер ықпалы, әлеуметтік тиімділігі мен заңдылығы басты назарға алынады. Демек, бүгінгі басқару жүйесінде формальділікке емес, халық сұранысына сай әрекет етуге, елге пайдалы нақты шешім қабылдауға басымдық беріліп отыр. Аудан деңгейінде бұл ұстаным жергілікті атқарушы және өкілді биліктің өзара серіктестігін жаңа сапаға көтерді. Мәслихат – халықтың үнін жеткізетін мінбер болса, аудандық әкімдік – сол талап-тілекті жүзеге асыратын негізгі атқарушы күш. Екеуінің мақсат-мүддесі бір арнада тоғысқанда ғана ауданның әлеуметтік-экономикалық келбеті жаңарып, елдің тұрмыс сапасы жақсара түседі. Сондықтан бүгінгі талап – жеке-жеке жұмыс істеу емес, бір мүдде, бір бағыт, бір жауапкершілік аясында еңбек ету. Сонымен бірге, бұл жаңа саяси модель жергілікті басқаруда ашықтық, жариялылық және халықпен кері байланыстың маңызын арттырды. Аудан тұрғындарының пікірі, ұсынысы, талабы – енді басқару шешімдерінен тыс қалмауы тиіс. Себебі есеп беретін үкімет қағидасы ең алдымен елдің үніне құлақ асатын, қоғам сұранысына бейімделген басқару жүйесін қалыптастыруды көздейді. Ендігі міндет – сол саяси ұстанымды күнделікті жұмыс тәжірибесінде тиімді жүзеге асырып, ауданның дамуына нақты пайдасын тигізу.

Өңір өркені – ортақ жауапкершілік

– Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін күшейту – жаңа реформалардың маңызды бағытының бірі. Осы тұрғыда аудандық мәслихаттың құзыреті қаншалықты артты?

Жаңа реформалар аясында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі айтарлықтай нығайып, соған сәйкес аудандық мәслихаттың құзыреті мен ықпалы жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде мәслихат – тек кеңес беруші орган емес, өңірдің даму бағытын айқындауға нақты қатысатын, халық мүддесін қорғайтын шешуші құрылымға айналып отыр. Әсіресе, тұрғындардың жергілікті қауымдастықтар мен мәслихаттар арқылы билік шешімдеріне тікелей араласу мүмкіндігінің кеңеюі – осы өзгерістердің басты жетістігі. Бұл өз кезегінде жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігін арттырып, қабылданатын әрбір шешімнің сапасы мен ашықтығын күшейтеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бүгінгі мәслихат – халықтың пікірін ескеретін, елдің сұранысын негізге алатын, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты ықпал ететін ықпалды қоғамдық институтқа айналды. Бұл өзгерістердің түпкі нәтижесі – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, ел мен билік арасындағы сенімді нығайту.

Ұлттық құрылтайда айтылған идеялар мен тапсырмалар Кеген ауданында қандай жобалар, бастамалар немесе нақты жұмыстар арқылы жүзеге асып жатыр?

Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар – ел болашағына бағытталған терең ойлы, тағылымы мол тұжырымдар. Әсіресе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында: «Басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұрасын сақтап, ұрпаққа табыстау» деп айрықша атап өткені – баршаға ортақ жауапкершілікті айқындап берген маңызды бағдар болды. Осы ұстанымды негізге ала отырып, Кеген аудандық мәслихаты ұлттық құндылықтарды ұлықтау, ұрпақ тәрбиесін күшейту, отбасы институтының беделін арттыру бағытында бірқатар мазмұнды бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Соның ішінде ерекше маңызға ие жобалардың бірі – мектептер жанынан «Әкелер кеңесінің» құрылып, тұрақты жұмыс жүргізуі. Халқымыз «Тәрбие тал бесіктен басталады» дейді. Осы ұлы ұстанымды басшылыққа алған бұл бастама – жас ұрпақтың бойына тәрбиелік тағылым, ұлттық таным, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттерді сіңіруге бағытталған нақты қадам. Бүгінде аудан мектептеріндегі «Әкелер кеңесі» тек атаумен шектеліп қалған жоқ, керісінше, баланың мінез-құлқы, тәрбиесі, отбасылық құндылықтар, әкенің жауапкершілігі мен қоғамдағы орны жөніндегі маңызды жұмыстардың ұйытқысына айналып отыр. Жалпы алғанда, Ұлттық құрылтайда көтерілген идеялар Кеген ауданында қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты жобалар мен өміршең бастамалар арқылы жүзеге асып жатыр. Оның түпкі мақсаты – ұлттық болмысты сақтау, саналы ұрпақ тәрбиелеу, әке институтының қадірін арттыру және елдік құндылықтарды келешекке аманат ету.

Кеген ауданында тұрғындар тарапынан ең көп көтерілетін өзекті мәселелер қандай? Мәслихат сол түйткілдерді шешуде қандай рөл атқарып келеді?

Кез келген өңірдің шынайы тыныс-тіршілігі халықтың күнделікті көтеріп жүрген мәселелерінен аңғарылады. Кеген ауданында тұрғындар тарапынан жиі айтылатын өзекті түйткілдердің қатарында интернет желісінің төмен жылдамдығы, ауыл көшелерінің тазалығы, көше жарық шамдарының дұрыс жұмыс істемеуі, мектеп оқушыларын тасымалдайтын автокөліктердің техникалық жай-күйі, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы секілді маңызды мәселелер бар. Бұл – бір қарағанда тұрмыстық сипаттағы сауалдар болып көрінгенімен, шын мәнінде халықтың өмір сүру сапасына, қауіпсіздігіне және күнделікті жайлылығына тікелей әсер ететін маңызды түйіндер. Сондықтан мұндай мәселелерге бейжай қарауға болмайды. Осы ретте аудандық мәслихат тұрғындар тарапынан түскен әрбір өтініш пен ұсынысты ел аманаты, халық сенімі деп қабылдап, оларды шешу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Аудан тұрғындарының талап-тілегі мен көтерген мәселелері заң талаптарына сәйкес сараланып, тиісті мекемелер мен жауапты органдарға депутаттық сауалдар жолдануда. Ең бастысы – бұл жұмыс тек қағаз жүзіндегі хат алмасумен шектелмей, нақты нәтиже мен уақытылы шешімге бағытталып отыр. Соның нәтижесінде анықталған кемшіліктер дер кезінде назарға алынып, бірқатар мәселелер кезең-кезеңімен оң шешімін табуда. Бұл – мәслихаттың тек бақылаушы емес, халық пен атқарушы билік арасындағы пәрменді байланысты қамтамасыз ететін ықпалды құрылым екенін көрсетеді. Біздің басты ұстаным – тұрғындардың үніне құлақ асып, елдің күнделікті өміріне әсер ететін мәселелердің шешімін табуға ұдайы ықпал ету. Өйткені ауданның дамуы ірі жобалармен ғана емес, ең алдымен қарапайым халықтың тұрмысын жақсартудан басталады.

Мемлекеттік қызмет пен халық аманатын арқалау – үлкен жауапкершілік. Өзіңіз үшін бұл қызметтің ең үлкен салмағы неде?

Меніңше, бұл жолдағы ең үлкен жүк те, ең үлкен жауапкершілік те – ар алдында адал болу, заң алдында таза болу, халық алдында сенімге селкеу түсірмеу. Өйткені қандай қызмет болмасын, оның шынайы салмағы лауазыммен емес, елдің сенімімен, халықтың аманатымен өлшенеді. Жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінің өзегі – халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде естіп, соған нақты жауап бере алуында. Ал сол жауапкершіліктің бел ортасында тұрған өкілді орган – мәслихат. Мәслихат – белгілі бір аумақтың тұрғындарының еркін білдіретін, ел мүддесін ескеріп, сол мүддені іске асыруға қажетті шешімдер қабылдайтын маңызды институт. Сондықтан бұл қызметте ең бастысы – сеніп тапсырылған аманатқа қиянат жасамау. Бүгінде Кеген аудандық мәслихаты өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола білді. Қазіргі таңда жұмыс істеп отырған сегізінші шақырылған Кеген аудандық мәслихаты 2023 жылғы 19 наурызда өткен сайлау нәтижесінде жасақталды. Аудан бойынша 11 сайлау округінен 11 депутат сайланып, олардың қатарында әртүрлі салада тәжірибесі бар азаматтар топтасты. Бұл – мәслихат құрамында қоғамның әр саласының үні мен өмірлік тәжірибесі тоғысқанын көрсетеді. Мәслихат жанынан құрылған тұрақты комиссиялар да аудан өмірінің маңызды бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Әлеуметтік сала, білім, денсаулық, мәдениет, құқық қорғау, бюджет, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, экология секілді маңызды салалардағы мәселелер осы комиссиялардың күн тәртібінен түскен емес. Бұл – мәслихат жұмысының тек сессиямен шектелмей, үздіксіз бақылау мен нақты іске негізделгенін аңғартады. Сонымен қатар, депутаттар өз өкілеттігі аясындағы міндеттермен ғана шектелмей, қоғамдық бастамалар мен әлеуметтік қолдау шараларына да белсене араласып келеді. «Мектепке жол», «Қарттарға қамқорлық» сынды акцияларға қатысу, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған өңірлік форумдарды ұйымдастыру – мұның бәрі халықпен етене жұмыс істеудің, елдік мүддені нақты іспен дәлелдеудің көрінісі. Өз басым бұл қызметті мәртебе емес, аманат деп қабылдаймын. Себебі халықтың сенімі – уақытша берілетін мүмкіндік емес, ол – күн сайын дәлелдеуді қажет ететін үлкен жауапкершілік. Бүгінгі міндет – тек шешім қабылдау емес, елдің үмітін ақтау, әділдікке қызмет ету, ауданның дамуына адал үлес қосу.Сондықтан мен үшін бұл қызметтің ең үлкен салмағы – халықтың сенімін сақтау, елдің алғысына лайық болу және артылған аманатты абыроймен алып жүру.

Алмасбек Нөкербанұлы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз.

Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here