Бүгінгі әлемде мемлекеттердің қуаты жер асты байлығымен емес, ғылым мен білімнің әлеуетімен өлшенеді. Ал ғылымның жетістігін қоғамға жеткізіп, оның маңызын халыққа түсіндіретін күш – журналистика. Бірі болашақты жасаса, екіншісі сол болашақтың үнін елге естіртеді. Осы қос құндылықтың тоғысқан тұсын көру үшін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Кейде бір күннің өзінде елдің ертеңін айқындайтын бірнеше маңызды оқиға тоғысып жатады. Бір қарағанда бір-бірінен алшақ көрінетін ғылым мен журналистика шын мәнінде қоғамның қос қанаты іспетті. Бірі – жаңа білімді тудырса, екіншісі – сол білімді халыққа жеткізеді. Осы қос құндылықтың өзара үндестігін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен екі ірі шара айқын көрсетті. Бірі – Қазақстандағы тұңғыш «Quantum AI» зертханасының ашылуы болса, екіншісі – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында өткен ҚазҰУ мен Қазақстан журналистика академиясының бірлескен көшпелі отырысы. Бұл екі оқиға кездейсоқ қатар келген жоқ. Екеуінің де түпкі мақсаты елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыру, ғылым мен ақпарат кеңістігін жаңа сапалық деңгейге көтеру.

Қазіргі әлем бұрын-соңды болмаған технологиялық өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Жасанды интеллект, үлкен деректер, кванттық есептеулер адамзат өркениетінің келесі даму бағытын айқындауда. Осындай жаһандық үдерістерден шет қалмай, Қазақстан ғылымының жаңа белеске көтерілуіне жол ашқан маңызды қадамдардың бірі – ҚазҰУ қабырғасында еліміздегі алғашқы «Quantum AI» зертханасының іске қосылуы. Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті базасында құрылған жаңа ғылыми-білім беру орталығы жай ғана зертхана емес, болашаққа бастайтын инновациялық алаң. Қытайдың алдыңғы қатарлы технологиялық компаниясы SpinQ Technology қолдауымен жүзеге асқан жоба аясында университетке жеті заманауи кванттық есептеу жүйесі орнатылды. Бүгінде бұл – Қазақстан аумағындағы бірегей кванттық компьютерлер. Кванттық технологиялар әлемдік ғылымдағы ең күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бұрын классикалық компьютерлердің мүмкіндігі жетпеген есептер енді жаңа буын құрылғылары арқылы орындалмақ. Бұл әсіресе криптография, медицина, қаржы жүйелері мен күрделі өндірістік модельдерді зерттеу салалары үшін аса маңызды.


– Қарапайым классикалық есептер, қарапайым іздеу алгоритмдері деген сияқты олар өте үлкен бірнеше жылда шығаратын болса, кванттық компьютерлік сол есептерді бір түнде немесе бірнеше сағатта шығарып тастайды. Кванттық гибритты әдістерді есептеуге болады. Сонымен қатар, қазір өте маңызды қорғау саласына арналған кванттық криптография. Енді мәліметтерді қорғау маңызды. Ал кванттық криптография қорғауға алгоритмдерді бұзу мүмкін емес, – деп пікір білдірді компьютерлік ғылымдар PhD докторы Ақсұлтан Мұхамбет.
ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев атап өткендей, жасанды интеллект пен кванттық есептеулердің ықпалдасуы ғылыми-технологиялық революцияның жаңа кезеңін қалыптастыруда. Сондықтан бүгінгі зертхана – тек университеттің ғана емес, тұтас ел ғылымының жетістігі.
– Қазіргі уақытта жасанды интеллект, үлкен деректер мен кванттық есептеулер әлемдік ғылым мен экономиканың жаңа бағытын айқындап отыр. Кванттық технологиялар мен ЖИ интеграциясы криптография, медицина және күрделі жүйелерді модельдеу саласындағы бұрын классикалық компьютерлердің қауқары жетпеген ең күрделі міндеттерді шешуге жол ашады, – деді университет басшысы.
Алайда ғылымның құндылығы оны қоғам дұрыс түсінгенде ғана арта түседі. Осы тұста журналистиканың рөлі ерекше. Кванттық технологиялардың мүмкіндігін, жасанды интеллекттің артықшылықтары мен тәуекелдерін халыққа түсінікті тілмен жеткізу бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды міндеті.


Осы ойды ҚазҰУ мен Қазақстан Журналистика академиясының бірлескен көшпелі отырысы тағы бір мәрте айқындады. БАҚ өкілдері университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетімен танысып, Қазақстан-Қытай бірлескен зертханаларын, суперкомпьютер орталығын, Ми институтын, Farabi Hub инновациялық орталығын және робототехника зертханаларын аралады. Журналистер үшін бұл қарапайым экскурсия емес еді. Ғылымның қалай жасалатынын көзбен көру, ғылыми жаңалықтардың ел дамуына қалай әсер ететінін терең түсіну мүмкіндігі болды. Өйткені, бүгінгі журналист тек ақпарат жеткізуші ғана емес, күрделі ғылыми жетістіктер мен қоғамдық сұраныстың арасын жалғайтын маңызды көпірге айналып отыр.
Көшпелі отырыста сөз сөйлеген университет ректоры Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың журналистика саласындағы тарихи миссиясына ерекше тоқталды. Шынында да, отандық журналистиканың талай майталмандары түлеп ұшқан қара шаңырақ бүгінде дәстүр мен жаңашылдықты қатар ұштастырып келеді. Бір жағынан жасанды интеллект пен кванттық технологияларды дамытса, екінші жағынан қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін кәсіби журналистерді тәрбиелеуді жалғастыруда.
Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев қазіргі кезеңде сапалы ақпарат пен әділетті қоғам құру жолындағы журналистердің жауапкершілігі арта түскенін атап өтті. Өйткені, технология қаншалықты дамығанымен, оның адамзат игілігіне қызмет етуі шынайы ақпарат пен қоғамдық бақылауға байланысты. Бүгінде әлем ғылым мен ақпараттың жаңа дәуіріне аяқ басты. Жасанды интеллект жаңалық жазуға көмектесіп жатқан кезеңде адам факторының, кәсіби журналистиканың маңызы кеміген жоқ. Керісінше, сенімді ақпараттың бағасы бұрынғыдан да арта түсті. Ал ғылым халыққа жетуі үшін оған сөз керек. Сондықтан кванттық зертхана мен журналистердің басқосуы – бір-бірінен бөлек емес, бір мақсатқа қызмет ететін үдерістер.
ҚазҰУ қабырғасында өткен бұл екі маңызды оқиға – ғылым мен ақпараттың, технология мен танымның өзара ажырамас байланысын айқын көрсетті. Бір жағынан еліміздегі алғашқы «Quantum AI» зертханасының ашылуы Қазақстан ғылымының жаңа дәуірге қадам басқанын аңғартса, екінші жағынан журналистердің ғылыми-инновациялық орталықтармен танысуы қоғам мен ғылым арасындағы алтын көпірдің нығая түскенін байқатты. Бүгінгі таңда елдің дамуы тек жаңа технологиялармен ғана емес, сол жетістіктерді халыққа дұрыс жеткізе алатын сапалы ақпаратпен де өлшенеді. Сондықтан ҚазҰУ-да тоғысқан ғылым мен журналистика болашақтың жаңа моделін қалыптастырып отыр. Бұл – білім мен парасатқа сүйенген, жаңашылдық пен жауапкершілікті қатар ұстанған Қазақстанның жарқын келбетінің көрінісі. Ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттырып, технологиялық және рухани дамуына жол ашатын осындай бастамалар ел ертеңіне деген сенімді күшейте түсетіні анық.
Индира БІРЖАНСАЛ









