Әрбір жастың өмір жолында ұмытылмас, тарихи сәттер болады. Солардың ішіндегі ең ерекшесі – білім ордасының босағасын аттап, студент атанған сәт. Еліміздің маңдайалды жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Физика-техникалық факультетіне қадам басқан алғашқы күннен-ақ жүрегімді мақтаныш пен қиял кернеді. ҚазҰУ студенті болу – бұл жай ғана диплом алуға жасалған қадам емес, бұл – үлкен ғылымға, озық технологиялар мен шексіз мүмкіндіктер әлеміне ашылған үлкен даңғыл жол.
ҚазҰУ кампусы өзінің сәулетімен де, табиғатымен де, ішкі энергиясымен де ерекшеленеді. Алатаудың баурайында орналасқан әсем қалашыққа аяқ басқан сәттен-ақ мұндағы студенттік өмірдің ырғағы өзгеше екенін сезінесің. Білікті профессорлардың, тәжірибелі оқытушылардың жылы қабылдауы мен студенттердің өз біліміне деген нық сенімі бізге бірден серпін берді.
Ғылым мен инновация ошағы – Физика-техникалық факультеті
Физика-техникалық факультет – іргелі ғылым мен заманауи инженерияның тоғысқан қара шаңырағы. Алғашқы аптаның өзінде-ақ лекциялық аудиториялардағы қызу талқылаулар, заманауи құрылғылармен жабдықталған зертханалардағы алғашқы таныстыру сабақтары мен зерттеу жұмыстары біздің қызығушылығымызды еселей түсті. Физиканың сырлы заңдылықтарын ұғынып, болашақ технологиялардың негізін қалауға бағытталған оқу процесі студенттік өмірдің мазмұнды әрі сапалы болатынына кәміл сендірді. Таңертеңнен кешке дейін қайнап жатқан оқу ордасының әрбір бұрышы жастарды ізденіске, жаңалық ашуға шақырады.
«Farabi Hub» төріндегі салтанатты кеш
Студенттік өмірдің алғашқы аптасы тек оқумен шектелмей, жарқын әрі ерекше мәдени оқиғаға ұласты. Факультетіміз бен университетіміздің тынысын айшықтай түскен ең басты іс-шара – университеттің инновациялық орталығы саналатын «Farabi Hub» ғимаратында өтті.
Мектеп қабырғасын «Алтын белгімен» аяқтап, өздерінің жылдар бойы жинаған білімі мен еңбегінің арқасында ҚазҰУ-ды таңдаған ең үздік, дарынды студенттерге арналған бұл кеш ерекше жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ғимарат ішіндегі мерекелік атмосфера, заманауи жарық пен дыбыс жүйелері, талантты студенттер дайындаған концерттік бағдарлама кештің сәнін кіргізді. Әуезді ән мен мың шабытты арнаулар мен жүрекжарды тілектер әрбір қатысушыға ерекше эмоция сыйлады.
Бұл кеш – білімді жастарды ұлықтаудың, олардың еңбегін бағалаудың анық көрінісі болды. Факультетаралық достық пен ынтымақтастықты арттырған бұл жиын жаңа ортаға тез бейімделуге, жаңа достар табуға және университеттің үлкен отбасы екенін сезінуге мүмкіндік берді. Білімге құштар үздік жастардың бір шаңырақ астында жиналуы болашаққа деген сенімді арттыра түсті.
Болашаққа бағытталған нық қадам
Университеттегі алғашқы күндер маған тек теориялық білім берумен шектелмей, тұлғалық өсудің, өзін-өзі жан-жақты дамытудың үлкен кеңістігін ашты. Оқу ордасы ұсынатын ғылыми үйірмелер, студенттік ұйымдар, спорттық және мәдени іс-шаралар әрбір студенттің потенциалын толық ашуға мүмкіндік береді.
Алда бізді жаңа асулар, күрделі жобалар мен ғылыми жаңалықтар бағындыратын қызықты төрт жыл күтіп тұр. Қазақстанның жетекші университетінде, іргелі Физика-техникалық факультетінде білім алу – біз үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, еліміздің дамуына үлес қосатын білікті маман болу – басты мақсатымыз.
Тұмар Асқарқызы,
Физика-техникалық факультетінің 1-курс студенті
Алия Сембекқызы,
куратор-эдвайзер









