Саяси жаңарту – өркендеу кепілі

0
2618

Биылғы Жолдау да жылдағыдай болашақтағы Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін талқылап, оның бағыт-бағдарын айқындап беруге арналды. Президент еліміздегі әр қазақстандық қоғам алдындағы жауапкершілігін толық түсініп, туған елі мен оның табиғатына деген жанашырлығын құр сөзбен емес, нақты іспен көрсеткен кезде ғана ел халқының бірлігі бекемделіп, бірегей нәтижелі болатынын ескертті. Осы орайда, қоғам алдағы уақытта жұдырықтай жұмылып бірге жұмыс істеуі қажет.

  Алқалы жиын барысында Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев елімізде жаңа экономикалық саясатқа көшудің жалғасын тауып жатқанын, ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастырып, қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадам жасау қажет екенін көпшіліктің есіне салды. Мемлекет басшысы еліміздің басты байлығы – Жер-Ананы аялап, агрошаруашылық пен агробизнес саласына баса назар аударып, отандастарын жер мен су ресурстарын тиімді пайдалануға, сол арқылы ел байлығын еселей түсуге шақырды. Әсіресе, ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайтынына, ештеңеден құр қалмайтынына, бұл істе әр қоғам мүшесі айырықша рөл атқаратынына тоқталып өтті.

Еліміздің руханият саласында атқарылатын істердің маңыздылығына тоқтала келе, оның біртұтас мәдени кеңістігіне зиян келтіретін істерден бойымызды аулақ салып, нағыз шынайы отансүйгіш азамат болуымыздың қажеттілігін, мемлекетті құр сөзбен емес, нақты іспен қолдаудың, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланудың мысалдарын келтірді.  

Бұрындары Парламент қабырғасында өтетін алқалы жиынның тағы бір ерекшелігі – биылғы Жолдау халыққа Үкімет үйінен таратылды. Сондықтан да болар, Мемлекет басшысы өз сөзінде қазақстандықтардың әл-ауқаты мен табысын арттыру үкімет пен әкімдердің бірінші кезектегі міндеті екеніне айырықша тоқталып өтті. Мемлекетіміздің саяси жүйесі толықтай өзгертіліп, азаматтардың ел басқару ісіне араласуы мен демократиялық құндылықтарды дәріптеген елге айналғанымызды тілге тиек ете отырып, өзі Президент болған 2019 жылдан бері «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалуын жүйелі түрде жүзеге асырып отырғаны жайлы мәселе қозғады.

Экономиканы диверсификациялаудың арқасында өткен жылмен салыстырғанда инфляция деңгейінің 2,5 есеге азайғанын, еліміздің халықаралық қоры 100 миллиард доллардан асып кеткенін жеткізді. Осындай экономикалық даму алдымен әлеуметтік теңсіздікті түбегейлі жоюмен және орта тапты қалыптастырып қана қоймай, бизнес ортаға қолайлы жағдай жасап, шетелден тиімді инвестиция тартқанда ғана мүмкін екенін тағы бір мәрте еске салды.

Жаһандық даму жағдайында Қазақстанда энергия көздеріне үлкен тапшылық барын жиі айтып және көңіл аударып жүрген Мемлекет басшысы еліміздің сенімді әрі экологиялық таза энергия көздеріне қажеттілігін атом энергетикасын дамыту арқылы ғана шешуге болатынын нақтылады. Осы мақсатты іске асыру үшін Үкіметтің ұсынысын қолдайтынын білдірген Қ.К.Тоқаев: «Елдің өмірі үшін маңызды әрбір қадам тек қана халықтың қолдауымен іске асуы қажет. АЭС салу жөніндегі референдум жөнінде де айтарым осы. АЭС құрылысы жөніндегі жалпыхалықтық референдумды 6 қазанға белгілеу жөнінде тиісті жарлыққа бүгін қол қоямын», – деп мәлімдеді.

Соңғы жылдары азаматтардың қажеттілігін қанағаттандырған құптарлық бастама – әкімдерді сайлау мәселесі.  Сайлау нәтижелері мен жаңа сайланған әкімдердің жұмысына жасалған анализ келесі жылдан бастап мүлде жаңа жүйеге өту қажеттілігн айқындап берді. Ендігі жерде құзыреттілігі аяқталған аудан мен облыстық деңгейдегі әкімдер тек тікелей сайлау арқылы ғана сайлана алады. Президент мұны саяси жүйенің трансформациясындағы кезекті маңызды қадам екенін айта келе, «Саяси реформалар – бұл бір реттік кампания емес. Егер ол мемлекеттің дамуы үшін қажет болса, реформалар тұрақты түрде өткізіліп тұрады» деп қорытындылады.

Дүниежүзінде құндылықтар қақтығысы орын алып жатқан қазіргі өте күрделі, шиеленісіп тұрған геосаяси жағдайда Қазақстанда Үкіметтің ең басты міндеті – байыпты саяси жаңартулар арқылы жүйелі экономикалық өркендеуге қол жеткізу. Сонымен бірге Үкіметтің алдына тұрақты түрде қойылатын талап – елдің бірлігін, халықтың ынтымағын нығайту, қоғамды тұтастай біріктіру, азаматтардың әл-ауқатын еселеп арттыру болып қала бермек.

Есенай ІҢКӘРБАЕВ, 
Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті,
саяси  ғылымдар кандидаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here