Биыл халқымыздың даңқты перзенті, халық жазушысы, қарымды қаламгер Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толды. Шындықтың шырақшысы бола білген арда азаматты тірлігінде көзіқарақты қауым «Шераға» деп ат қойып, айдар тағып, әспеттеді. Шерағаның қайраткерлігі мен қаламгерлігін кеңінен дәріптеу, оның шығармашылығын өскелең ұрпақ арасында насихаттау бүгінде үлкен маңызға ие. Осы орайда Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қоры көптеген игілікті істерге ұйытқы болып келеді. Аталған қордың төрағасы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Айтбаймен сұхбат осы тараптағы жүйелі жұмыстар турасында өрбіді.
«ШЕРАҒАҢНЫҢ ӨЗІ ДЕ БҮГІНГІНІҢ ТУРА
СӨЙЛЕР ТҰРАРЫНА АЙНАЛДЫ»
– Қайрат Орынбайұлы, қазақтың көрнекті жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза атындағы Қорды құруға не себепкер болды? Басты бағыт қандай? Мақсат не? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ…
– Қазақта «Өткенін еске алған – өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» деген ұлағатты сөз бар. Сауалыңыз кешегі күндер мен кейбір сәттерді есіме түсіріп отыр. Мен туған ауыл Алатау мен Қаратау қауышқан Түркібасы өңірі. Түркібасты халқымыздың қасиетті қоныстарының бірі де бірегейі десем артық айтқаным емес. Шерағаң дүниеге келген Жуалы мен Түркібасы қоңсы қонған. Осының әсерінен болар, жастайымнан жазушының шығармаларын жата-жастана оқыдым. «Қызыл жебе» арқылы Тұрардай тағдырлы тұлғаның болмысы мен қайраткерлік істерін жадыма тоқысам, «Ай мен Айшаны» ана затына бұрын-соңды болмаған ескерткіш ретінде қабылдадым. Ал, қалың елдің қасиеті мен қасіретін «Бір кем дүние» арқылы жан-тәніммен сезіндім. Ұлт қайраткері Тұрар Рысқұловтың ғұмырбаяндық хамсасын жазып-ақ Шерхан Мұртазаның өзі де бүгінгінің тура сөйлер Тұрарына айналды. «Қызыл жебе» қаламгерді қайраткер деңгейіне жеткізгені рас. Жалпы алғанда, Шерхан Мұртаза – бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына арнады. Ол – шын мәнісінде ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Ел мен жер, тіл мен дін мәселелерін дер кезінде көтере білді. Ол – қазақ журналистикасында өзіндік сара соқпағын салып, дара мектебін қалыптастырды. Талантты жастардың танылуына ықпал етті, талай дарынға қолдау көрсетті. Осылайша, «Шерағаның шекпенінен шыққандардың» үлкен шоғыры қалыптасты. Шерхан Мұртаза өз шығармалары арқылы тұтас бір ұлттың тәрбиешісіне айналды.
Міне, осындай азаматтың атындағы қор басында «Жаңа ұрпақ – Новое поколение» деп аталды. Ол егемендіктің елең-алаң шақтары болатын. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары сананы тұрмыс билеп тұрған қиын кезең еді. Елдің жүдеп-жадап, материалдық құндылықтар алдыңғы орынға шыққан кезі. Осындай аумалы-төкпелі шақта бірқатар елжанды азаматтың басын қосып, рухани құндылықтарды дәріптеуді қолға алып, қор аштық. Кейіннен Шерағамен етене танысып, ағалы-інілі болып араластық. Ол кісімен танысуыма студенттік өмірімнен бастап, осы күнге дейінгі өмірлік ұстазым болған өкіл әкем, есімі елге белгілі азамат Мүсілімбай Дайырбеков себепкер болды. Бұдан өзге, ағамның арқасында Асанбай Асқаров, Кеңес Аухадиев, Заманбек Нұрқаділов, Амалбек Тшан, Қуаныш Төлеметов, Сәбит Оразбаев сынды ардақты азаматтармен араластым. Пікірлесіп, сыйласып өттім. Көкемнің ата-анаға, туған-туысқандарға, бауырларға, ауылдастар мен жерлес ағайындарға қол ұшын созып, көмек көрсетуі менің де бойымда қалыптасып, осы қорды ашуға басты себепкер болды десем артық айтқаным емес. Уақыт өте келе қорға жазушының атын беруді жөн көрдім. Басында мақсатымыз ағамыздың шығармашылығын өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау болса, кейін келе оның аясы кеңейе түсті. Халықтың тұрмысын арттыруға, әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына назар аудара бастадық. Әрине, руханият жағына да үлкен мән беріп келеміз.
«АУЫЛДАҒЫ АҚПЕЙІЛ АҒАЙЫННЫҢ ТІЛЕГІ
МЕНІ ҚАНАТТАНДЫРАДЫ»
– Ардақты жазушы тірі болса биыл 90 жасқа толар еді. Ұлт болмысының кемелденуіне аянбай қызмет еткен, руханиятымыздың өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген Шерағаның есімін ұлықтау бағытында қандай игілікті жұмыстарды жүзеге асырудасыздар?
– Менің ойымша, парыз – бүгінгінің еншісіндегі іс. Парызды өткенге құрмет, кешегі күнге ілтипат ретінде санаймын. Әңгімемді парыз бен қарыз төңірегінен бастауымның да өзіндік себебі бар. Қордың осы уақытқа дейін іске асырған жобалары мен жұмыстарының барлығы да осы парыз бен қарыздан бастау алады. Қазіргі таңда қор бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуде. Соның ішінде Шерағаң дүниеге келген өңірдегі киелі жерлер жаңғыртылып, ел игілігі үшін бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Шерағаның әдеби мұрасын насихаттау бағытында да талай ілкімді істер жасалуда. Мәселен, биыл қыркүйекте жазушының шығармашылығы бойынша байқауға демеушілік көрсетіліп, арнайы ғылыми конференция өткізілді. Сонымен қатар, Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза білім алған мектепте кабинеттің ашылуына себепкер болдық. Жуалы ауданындағы Талапты ауылында мерейтойдың өтуіне бір миллион теңге көлемінде қаражат жұмсадық. Мұның барлығы да ардақты азаматты ұлықтау мақсатындағы істер болатын. Шерағаның тойы – ойдың тойы болуы тиіс. Шерхан Мұртазаның тойы – тағылым тойы болуы қажет деп есептеймін.
– Бұдан бөлек, Сіз басқаратын Қордың отандастарымызды имандылыққа баулу бағытында да бірқатар істерге ұйытқы болып жүргендігінен хабардармыз…
– Имандылық күллі тәрбиенің – басы. Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені, адам – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру – қор жұмысының негізгі бағыты екендігін жоғарыда айттым.
Күні бүгінге дейін Түлкібас ауданындағы бірнеше елді мекендегі мешіттерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Қызыл ту және Келтемашат ауылдарындағы мешіттерге жан-жақты жөндеу жасалып, қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, биылғы жылдың сәуір айынан бастап Таусағыз ауылында 300 адамдық жаңа мешіттің құрылысын бастадық. Қазіргі таңда Алланың үйі саналатын нысанның құрылысы толығымен аяқталу сатысында. Қараша-желтоқсан айларында ашылады деп жоспарлануда. Осыдан бірер жыл бұрын Түлкібас ауылы мен Таусағыз елді мекенінің ортасындағы сонау VII ғасырдан бері қоршалмай келген «Шөлтөбе әулие» қорымы қоршалды, абаттандырылды. Осы кезеңде Түлкібас ауылындағы теміржолдың үстіңгі жағындағы Жайлау көшесінің бойынан «Қыдырбай баба» мешіті салынып, ел игілігіне берілді.
2020 жылы Түлкібас ауылымен Таусағыз елді мекеніне қарай жүретін жолдың бойындағы жабылып қалған бастау көзін ашып, «Шынар бастау» рухани даму, демалыс әрі денсаулық сақтау орталығы бой көтерді. Бүгінде «Шынар бастау» өңір тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Әрі десе мұнда аудан деңгейіндегі көптеген іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Мәселен, биылғы Наурыз мейрамы «Шынар бастауда» өзгеше форматта, жаңа бағытта ұйымдастырылды. Осы тақілеттес шаралар алдағы уақытта да дәстүрге айналып, жалғасын таппақ.
Әрине, бұл іс-шаралардың іске асуына атымтай-жомарт атанған азаматтардың, достарымның да қосқан үлесі баршылық.
– «Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз бар қазақта. Расымен де, туған топырағынан жырақта жүрсе де, өзінің туып-өскен ауылын өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеуге бар күшін жұмсайтын азаматтар болады. Сізді етене жақсы танитындар осындай жандардың санатына қосады. Мұндағы мақсатыңыз не?
– Қай кезеңде де халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміздің алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені рас. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс деп санаймын. Адами құндылықтардың негізі ауылдық тәрбиеде десек, артық айтқаным емес. Бүгінгі ғұлама да, ақын да, дана да кешегі ауылда асыр салып ойнап, ауылда өсіп, тәрбиеленгені тағы да бар.
Қызмет барысымен туған жерден жырақ жүрсем де, туған ауылым, өскен ортам, қазыналы қарашаңырақ бір сәтке де есімнен шықпайды. Ауылдағы ақпейіл ағайынның тілегі мен ниеті мені қанаттандырады. Жаңа істерге бастайды. Соңғы жылдар белесінде қор ауданда бірнеше әлеуметтік нысанның салынуына мұрындық болды. Ауылдағы білім беру мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Талантты, дарынды жастардың жан-жақты дамуына, танылуына, олардың түрлі байқауларға қатысуына демеушілік көрсеттік. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолұшын созу да назарымыздан тыс қалмайды.
«АУЫЛДЫ КӨТЕРУ – ӘР ҚАЗАҚТЫ КӨТЕРУ»
– Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Сол себепті де, ауылға бүйрегі бұрмайтын, ауыл десе, құлағы елеңдемейтін адам кемде-кем. Осы Қор аясында туған жер, өскен өлкеде қандай жұмыстарды атқардыңыздар?
– Туған жерге аянбай қызмет етуді парыз санаймын. Ауылды көтеру – әр қазақты көтеру, қадірлеу. Әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азамат өзінің өсіп-өніп шыққан ауылына игі қадамдар жасауды атамекенге деген перзенттік парызы іспетті іс санаған. Бұл біздің халықта ежелден келе жатқан жақсы дәстүр. Ілгеріде қазақ ауылдарындағы беделді әрі бай-қуатты адамдар өз қаржыларына дарынды балаларды оқытып, ұлттық элитаның түзілуіне ерекше қызмет еткені белгілі. Осы дәстүрді бүгінде жаңғыртуға тиіспіз.
Енді сауалыңызға келер болсам, 2009 жылы «Жүз мектеп – жүз аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында Кемербастау ауылдық округіне қарасты М. Жәрімбетов ауылына 600 орынды мектеп салынуына тікелей себепкер болғаным әлі күнге дейін жанға қуаныш сыйлайды. Осы мектептің жанынан соғыста қаза тапқан боздақтарға, еңбек ардагерлері мен алтын құрсақты аналарымызға арнап «Батырлар аллеясын» да аштық. Ал, келесі жылы Түлкібас ауылына Кеңес Одағының батыры, баһадүр Бауыржан Момышұлы бабамыздың атындағы 1 200 орынды жалпы орта мектептің салынуына тікелей көмек көрсеттік. Сонымен қатар, М. Жәрімбетов ауылына жастарға арналған спорт кешені де халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұдан өзге, оннан астам мектепке теледидар, музыкалық аппаратура, кітап қоры сыйға тартылды. Өткен жылы Ынтымақ ауылында жастарға арналған спорт алаңы ашылды. Қор қаражаты есебінен жиек жолдар салынып, көшелер жарықтандырылуда. Бұның барлығы да елге болсын деген ниеттен туған қадамдар. Ойым да, ниетім де – осы.
Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар. Кез келген мемлекет өзінің алға қарай қарқынды дамуын, болашақ жетістіктерін өсіп келе жатқан өскелең ұрпақпен байланыстырады. Өресі жоғары жастарға үнемі қолдау көрсетіп отыру да біздің басты мақсаттарымыздың бірі.
– Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз…
– Жоспар жеткілікті. Оны жүйелі жүзеге асыру міндет. Соның ішінде ауданға тарихи атауын қайтару сияқты маңызды жұмыс та бар. Бұл «Түркібасы тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деп орамды ой қалдырған Шерағаның бастамасы болатын. Сондықтан да, ардақты азаматтың бастамасына қолдау көрсетіп, оны мәресіне дейін жеткізіп, оң шешім табуына ықпал ету абзал. Осы ретте марқұм Шынар анамның «Кез келген істі соңына дейін жеткіз. Әр іске мұқият бол. Көптің ақ батасын алуға тырыс. Ол сенің жолыңды ашады, ісіңді оңғарады» деген тағылымға толы сөзі әрдайым ойымда тұрады. Анашымның осы сөздері маған жол сілтер шамшырақ сияқты. Ол мені бағытымнан адастырмайды. Әрқашан қолымнан жетелейді де тұрады. Өмір жолымда істеген істерім мен жұмыстарым елдің игілігі үшін. Алдағы уақытта да осы бағыттан таймаймын деген ниеттемін. Жасаған жар болса, әлі де қыруар шаруаларды еңсереміз.
– Қайрат Орынбайұлы, әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Жандар ТҰРАРҰЛЫ
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Қайрат Орынбайұлы АЙТБАЙ қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы. Қазақстандағы әкімшілік реформа, экономикалық даму және мемлекеттік басқару жүйесі салаларындағы бірнеше кітап пен ғылыми мақалалардың авторы. Әр жылдары ҚР Президентінің Іс басқармасында, ҚР Президенті Кеңсесінде, ҚР Мемлекеттік хатшылығында, Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті.