Осы жұрт «қарт ҚазПИ»-ді біле ме екен?

0
1927

Мен 1998 жылы қаңтарда Қазақстанға келгенімде, алдымнан дархан құшағын ашып, бауырына басқан қазақ білімінің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ  ұлттық педагогикалық университеті еді. Содан бері осы білім ордасында еңбек етіп келемін. Көзді ашып-жұмғанша 20 жылдың да жүзі болыпты. Өзгерістерге, жаңашылдыққа куә болып келеміз. Бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ – педагогикалық білім беру, экономика және бизнес, құқықтану және халықаралық қатынастар, әлеуметтік-саяси ғылымдар саласында ғылыми, ғылыми-педагогикалық кадрлар мен мамандарды даярлайтын көпсалалы білім ордасы. Ұлттық рейтингі бойынша Абай атындағы ҚазҰПУ еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындары арасында көш бастап келе жатыр. Оның үстіне халықаралық ынтымақтастық бойынша рейтингінде де жылдан-жылға көрсеткішін жақсартып келеді. Мысалы, «QS Emerging Europe and Central Asia University Rankings-2021» рейтингінде өз позициясын 105-ші қатардан 82-ші орынға көтерді.

Бүгінгі күні университетте әлемнің 36 елінің жоғары оқу орындарымен 155-тен астам халық-аралық келісімшартқа қол қойылған. Оның ішінде әлемдік көшбасшы оқу орындары саналатын Кембридж университеті, Пенсильвания университеті, Бейжің Біріккен университеті, Сорбонна Париждегі Сите университеті және т.б. атағы Алатаудай университеттер бар. Университетіміздің оқу сапасының артуына байланысты шетелдік студенттердің де қарасы көбейіп келеді. Мысалы, 2018-2019 оқу жылы Қытай, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Вьетнам, Конго, Нигерия және ТМД елдерінен 303 шетелдік студент оқыды. Бұл жалпы білім алушылар контингентінің 3,9%-ын құрайды.

Университетіміздің құрамындағы белді институттардың бірі – Жаратылыстану және география институты. Мен алғаш келгенде ол факультет болатын. Осындағы «Экономикалық және әлеуметтік география» кафедрасына аға оқытушы болып орналастым. Факультеттің өткеніне аз-кем тоқталар болсам, 1928 жылы университет қабырғасы көтерілгенде, соның құрамындағы алғашқы ашылған үш бөлімнің бірі болып «жаратылыстану», яғни «химия-биология» бөлімі ашылған болатын. Ал, «география» бөлімі 1933 жылы ашылды. 1936 жылы бұл бөлімдер екі дербес факультет болып құрылды да, 1955-1956 оқу жылы «Жаратылыстану-география» факультеті болып біріктірілді. Ал, 2013 жылдың қыркүйегінде Болон декларациясына сәйкес, университеттің алдыңғы қатарлы инновациялық университеттер құрамына ену мақсатында «Жаратылыстану-география» институты болып жаңа мазмұнда жасақталды.  

Мен алғаш жұмыс істеген жылдармен қазіргі деңгейін салыстыруға келмейді. Себебі, ол уақы-тта аудиториялар ескі, материалдық-техникалық базаның жабдықталуы нашар, оқытушылардың да айлық еңбекақысы өте төмен болатын. Ондай жағдайда білім сапасының жақсы болмайтыны түсінікті де. Лекция жазудан шаршаған студенттер үзіліске шығуға асық болатын. Бірақ, студенттердің саны да аз емес-ті. Бағалау «5» баллдық жүйемен өтетін. Десе де, біздің география мамандығында оқитын студенттердің далалық практикасы болатын. Университетте қаржылық жағдай мәз болмаса да, оларға қажетті ақшаны тауып беретін. Сондай практиканың біразына қатысып, талай қала мен даланы көріп, ел мен жердің жағдайын пайымдағаным бар. Сондай кездерде тәжірибелі оқытушыларымыз: «Одақ тұсында Кеңес Одағының талай жерін аралаушы едік, қазіргі жағдай осымен шектеліп тұр, әлі жағдай дұрысталғанда шет елге де сендерді апарар күн туар», – деп студенттерді шабыттандырып қоятын. Сол айтылғандай, университет жағдайы күн санап болмаса да, жыл санап оңалды. Материалдық-техникалық базалар жаңартылды, оқу корпустары күрделі жөндеуден өтті. Баспа машиналарының орнын компьютерлер, қара тақталардың орнын интерактивті тақталар басты. Студенттер бұрынғыдай лекция жазып шаршамайтын, керісінше слайдтар арқылы озық үлгідегі жасалған сабақтарды тыңдайтын, керек болса электронды нұсқасын жазып алатын болды. Оқытушылар студенттердің сабаққа қатысуы мен алған бағасын қағаз журналдарға емес, электронды журналға тіркейтін болды. 

Интернет оқытушылардың да, студенттердің де білімге қол жетімділігін жеңілдетті. Кітапханалардағы бұрынғы сарғайған каталогтардың орнын интернет арқылы топтастырылған базалар мен жүйелер басты. Қазір университет кітап-ханасына тіркелу арқылы әлемнің ең дамыған оқу орындарының кітапханаларына еркін кіріп, қалаған материалдарды оқуымызға мүмкіндік алдық. Студенттер де, магистрлер мен докторанттар да ел іші емес, шетелдерге шығып ғылыми практикадан өтіп жатыр. Тіпті, бір семестр бойы шетелде білімін жалғастыруға мүмкіндіктері бар. Осындай сапарлардың біразына өзім жетекші болып бардым. Бірде магистранттарды Шығыс Еуропа елдеріне алып барғанымда, ондағы ғалымдар, шәкірттерін мемлекет қаржысымен шетел емес, өз елдерінің ішін аралатуға мүмкіндіктерінің келмей отырғанын айтып еді. Біздің ел қазір білім саласына барынша көңіл бөлуге тырысып келеді. Соның тағы бір дәлелі – шетелдік ғалымдарды шақырып, лекция оқытады. PhD докторанттардың әрқайсысының шетелдік жетекшісі бар. Олар да мемлекет қаржысымен сол шетелдік жетекшісіне барып келуіне немесе жетекшісін шақырып осын-да тәжірибеден өтуіне жағдай жасалған.

Әрине, өткен күндердің бәрі нашар еді деп айтудан аулақпын. Ол күндердің де заманына сай табысты білім беру шаруашылығы болды. Мысалы, жаратылыстану және география институтында әр жылдары халқымызға аса танымал тұл-ғалар, көрнекті білім және ғылым қайраткерлері бітіріп шықты. Олардың ішінен ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен корреспондент-мүшелері: Сембаев А.И., Бірімжанов Б.А., Қылышев Л.Қ., Бейсенова Ә.С., Мәмбетқазиев Е.А., Молдахметов З.М., Северский И.В., Көкенов М.Қ., Елешев Р.Е. сынды ғалымдарды бөле-жара атауға болады. Ал тек «география» мамандығын бітіруші түлектері ішінен мемлекеттік жоғары атақ иегерлері: Кеңестер Одағының Батыры – Қанаш Қамзин мен Халық Қаһарманы – Мөрдін Та-ипов бар. Оның үстіне факультет студенттеріне Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдары дәріс оқыған әлемдік деңгейдегі ғалымдар да бар. Мысалы, Н.Н.Баранский, А.А.Григорьев, К.К.Марков, А.Б.Бектуров, А.Ж.Машанов және басқалар. Факультет пен кафедраларды басқа-рып, ұжымымыздың қалыптасуы мен дамуына үлкен еңбек сіңірген тұлғалар да болды: Устименко П.Д., Төленбеков И.М., Қалиев М.Қ., Молдағұлов Н.Б., Сейітжанов А.Ф., Кереев Б.Е., Мұсақұлов Т.М., Қоңқашбаев Ғ.Қ., Ярмухамедов М.Ш., Жортанов С.Ж., Полтушев А.М., Нұғыманов И.Н., Горбунов А.П., Абишев М.Н., Смағұлова Т.Г., Карпеков Қ.Д., Ахметов Е.А., Мазбаев О.Б., Демеуов Ж.Д., Мұхамбетжанов К.К. және басқалар.

Осындай тұлғалардың еңбектері арқасында бүгінгі таңда институттың күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінде 1300-ге жуық студент, магистрант және докторанттар оқиды. Оларға 104 профессор-оқытушылар сабақ беруде. Олардың арасында «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегерлері, үздік оқу құралына арналған республикалық конкурстың жеңімпаздары, жалпы білім беретін мектептерге арналған химия, биология және география пәндерінен жаңа буын және жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша (оның ішінде электронды) оқулықтардың авторлық ұжымдары бар. Сонымен қатар, оқытушылары жыл сайын қалалық, облыстық және республикалық пәндік олимпиадалар мен оқушылардың ғылыми жоба конкурстарын өткізуге атсалысуда. Біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы «Өрлеу» АҚ филиалдары – Алматы облыстық және Алматы қалалық біліктілікті арттыру институттарымен, Алматы қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектептерімен», Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық және Қазақстандық өңіраралық біліктілікті арттыру орталықтарымен ұжымымыз тығыз байланыста.

Қорыта айтқанда, Абай атынағы ҚазҰПУ-дың ғасырға жуық даму тарихында көптеген сәулелі сәттері болды. Нарықтың қыспағында етек-жеңін түріп, ел қатарлы күн кешкен кездері де болды. Осы тарихының бір ширегі шамамен 25 жылға жуық уақыты өзімнің көз алдымда өтті. Өзгерістер мен жақсылықтардың куәсі болып келемін. Мен бұл шағын мақаламда қадау-қадау дүниелерді ғана айтып өткендей болдым. Болмаса, қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы көпшілік қауым үшін «ҚазПИ» атымен таныс қарт ҚазПИ туралы таңды-таңға жалғап айтуға болады. Университетіміздің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары бойынша біздің Жаратылыстану және география институты алғашқылардың бірі болып, 2020-2021 оқу жылы қаржылық және кадрлық бас-қару бойынша автономды тәртіпті енгізді. Соның нәтижесінде оқытушылардың айлық еңбекақысы өсіп, институттың материалдық және техникалық базасы тіпті де толыға түсті. Институттың жетістігін институт директоры, ғылым докторы, профессор К.Д.Каймулдинованың және институт басшылары мен оқытушыларының еңбегінен бөліп қарауға мүлде келмейді. Ол ғылым мен білім саласына баса мән беріп қалмастан, студенттердің рухани жақтағы дамуына да аса көңіл бөліп келеді. Оған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Т. Манапов пен Студенттер Кеңесінің сәйкесті жұмысы студенттердің шығармашылық кеңістігін ашып, белсенділіктерін арттырады. Институттың қаржылық жағынан автономды басқаруға өте бастауы ұзтаздардың да белсенділігін арттырып отыр. Өз басым осы білім ордасында саналы ғұмырымды өткізіп келе жатқаныма шынайы қуаныштымын. Осы мақалам арқылы оқырман қауымға университетіміз туралы айтқым келді. Себебі, оқу орнымыздың жағдайы туралы бірі білсе, бірі біле бермейді. Бастысы, жастарға қазіргі қазақ қоғамында білім алу кеңістігінің жылдан-жылға кеңіп, мүмкіндіктердің де ашылып келе жатқанын баса ашып айтқым келеді. Бұл туралы Абай дана:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге, – демеп пе еді?!

Ғылым табам деген әрбір жас ұлы ойшыл атындағы қара шаңыраққа беттеп, бір соғып кетіңіз. Мың естігеннен бір көрген артық емес пе?!

Қастер Сарқытқан, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Жаратылыстану және география институтының оқытушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here