Ата кәсіп – адал нәсіп

1
1263

Адам мен табиғат егіз ұғым. «Ағаш жапырағымен, жер топырағымен көрікті» дейді халқымыз. Табиғат көркейіп, желегі жасыл тартса, адамның да тынысы ашылып, көңілі көтерілері анық. Ал, Түркістан облысына қарасты Созақ ауданының халқы бұл көктемнің келуін асыға күтті. Өйткені, табиғат ананың өткен қыста көрсеткен тосын сыйы аз болмады. Дегенмен, Созақ ауданы құбылмалы климаттық жағдайда да жылқы мен қой өсірудің сан ғасырлық тәжірибесін молынан көрсетіп келеді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан ерте көктемнен көкөністер мен бақша өнімдерін өсіруді белсенді түрде қолға алған елді мекендердің бірі.

«Созақтағы негізгі сала ауыл шаруашылығы болып табылады және солай болып қалады. Саланы дамытуға қолайлы табиғат пен білікті кадрлар мүмкіндік береді. Ата кәсібін жалғастырған шопандар аз емес. Біз шағын фермаларды біріктіруге арналған жобаларға басымдық береміз. Кооператив формалары түрлі болуы мүмкін. Ең бастысы – экономикалық жағынан тиімділігі мол. Бүгінгі күні ауданда мал шаруашылығы өнімдерін, түйе сүті мен етін өңдейтін бірнеше кооперативтік бірлестіктер жұмыс істейді. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер басқа да бағыттарды дамытып жатыр. Мысалға алар болсақ, ол – егістік», – дейді аудан әкімі Салыхан Полатов.

Аудан әкімі ауыл тұрғындарының ағымдағы жылдан не күтетінін білу үшін ауылдық округтердің тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізді.

«Шу ауылында «Kcell» ұялы байланысы мен интернет орнатылды. Олар Қарақұр ауылдық округінде де пайда болды. Биыл Жуантөбе ауылдық округі әкімі аппаратының ғимараты салынады. Өткен жылы Шолаққорған елді мекеніндегі ішкі газ тарату желілерінің құрылысына 1 млрд теңге бөлінген болатын. Шолаққорған ауылдық округіне қарасты Теріскей шағын ауданында су құбыры тартылып, пайдалануға берілді. Қыркүйек айына дейін мұнда 100 орындық мектептің құрылысы аяқталмақ. Жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, Сарыжаз ауылында сумен жабдықтау жүйесін салу үшін геологиялық зерттеулер жүргізілуде», – деп ауданның тыныс-тіршілігіне тоқталды Салыхан Сабырұлы.

Аудан әкімінің айтуынша, ортағасырлық далалық сәулет өнерінің ерекше ескерткіші – Ақбикеш мұнарасын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған жоба жұмыстарын «Қазреставрация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы жүргізеді. Биыл Қарақұр ауылында 75 орындық мәдени орталық салу жоспарланған. Ауыл тұрғындарын ауыз сумен және кабельдік ғаламтормен қамтамасыз ету мәселесі де көтеріліп отыр. Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіледі. «Қамқорлық» акциясы аясында 674 отбасы мен 374 адамға 21,7 млн теңге материалдық көмек көрсетілді. Он отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Ауданның тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан суармалы егістікке қажетті су мәселесі де аймақтағы ең өткір мәселелердің бірі. Бүгінгі күні Сүйіндік каналы күрделі жөндеуден өтіп жатыр, нәтижесінде 1250 га суармалы жерді қосымша пайдалануға болады. Суармалы жерлердің көкөніс пен бақша өнімдерін өсіруде мүмкіндігі артпақ.

Созақ ауылдық округіне қарасты бір ғана «Үлкен ата» шаруа қожалығы өткен жылы 112 тонна қауын экспорттаған. Суармалы жерді ұтымды пайдалану үшін тамшылатып суаруды дамыту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. 22 көкөніс алқабы өткен жылы мол өнім алды.

Түйе өсіру тұрақты түрде дамып келеді. «Golden Camel Group LTD» ЖШС және «Kazfoot» компанияларының қайта өңдеу кәсіпорындарына 256 тонна түйе сүті жеткізілді.

«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Қызылкөл ауылындағы ауыз сумен жабдықтау құрылыстары мен су тазарту нысандары жөнделді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін фермерлерді мемлекет белгілеген бағалар бойынша жанар-жағармаймен қамтамасыз ету қарастырылған.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріп келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл саланың маңыздылығын жиі айтып отырады. Өйткені, ауыл шаруашылығы жалпы ішкі өнімнің негізгі үлесін қамтамасыз етуі керек. Нәтижесінде ішкі сұранысты толық қамтамасыз ету арқылы ауылды дамытып, экономиканы көтеруге үлес қосуға болады. Бүгінде ауыл шаруашлығын дамытуға мемлекет тарапынан үлкен басымдық берілген. Мал өсіру, шаруашылық жерді игеру үшін жеңілдетілген субсидия беріліп, ата кәсіп бастаушыларға белгілі мөлшерде қайтарымсыз материалдық қолдау көрсетіліп келеді. Ең бастысы – Үкімет еңбек етемін деген ауыл адамының қос қолына күрек пен қаражат беруге дайын.

Индира БІРЖАНСАЛ, «Qazaq» газетінің шолушысы

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here