Президент Жолдауын іске асырудағы Ғылым академиясының рөлі

0
3581

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, экономика салаларының инновациялық әлеуетін күшейту бойынша ауқымы зор және аса жауапты міндеттер қойды. Бұл тапсырмаларды жүзеге асыруда отандық ғылымға да ерекше маңызды рөл жүктелді. Ғылымның күш-қуаты ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға, зерттеу қызметіне бөлінген қаражатты ұтымды пайдалануға және олардың нәтижелерін өндіріске енгізуден тиісті табыс алуға бағытталуы тиіс.

Бұл ретте жаңадан қайта құрылған, еліміздің жоғары ғылыми ұйымы болып табылатын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жетекші рөл атқаруға тиіс. Осыған орай, академия қабылдауды жоспарлап отырған бірінші кезектегі қадамдарды атап көрсетейік.

Ғылыми зерттеулер деңгейін арттыру, қазақстандық ғылымды басқару моделін жетілдіру және оны таланттарды тарту орталығына, инновациялық идеялардың қайнар көзіне, экономиканы әртараптандыру мен қоғамды дамытудың жаңа бағытына айналдыру үшін, ең алдымен, «тұғырын» қайта құру – басымдықтар жүйесін дұрыс ұйымдастыру қажет.

Өкінішке орай, мұндай нақты жүйенің болмауы соңғы жылдары ғылымды айтарлықтай қаржыландыру 3 есе өссе де, оны зерттеу бағыттары арасында маңыздылығын ескермей бөлуге әкеліп соқтырды. Нәтижесінде, Қазақстанның объективті артықшылықтары мен өзіндік ғылыми мектептері бар және мемлекеттің әл-ауқаты тәуелді – мұнай, тау-кен металлургия, агроөнеркәсіптік кешендер, тұщы сумен қамтамасыз ету және адами капиталды дамыту бағыттарындағы ғылыми зерттеулер енетін стратегиялық басымдықтар жеткілікті қаржылық қолдау ала алмайды. Мемлекет үшін елеулі пайда әкелу ықтималдығы аз және оларды пайдалану тиімділігі шектеулі, көптеген шашыраңқы әрі маңызы төмен міндеттер арасында қаржылық ресурстар шашырайды. Салыстыру үшін көптеген озық елдерде ғылыми тақырыптарды қаржыландыру – олардың басымдылық дәрежесіне, қазіргі заманның ағымдағы және болашақ сын-тегеуріндерін ескере отырып, экономиканың даму стратегиясына сәйкестігіне қарай сараланған түрде жүзеге асырылатынын айтуға болады.

Академия экономиканың нақты секторының қажеттіліктеріне толық сәйкес келетін зерттеу қызметінің басым бағыттарының нақты иерархиясын құру арқылы ғылымды қаржыландыруды бөлудің қолданыстағы жүйесін қайта жүктеуді – өзінің бірінші кезектегі басты міндеті деп санайды. Бұл ғылымға бағытталған қаражаттың тиімділігін арттыруға және одан елімізде күтілетін нәтижелерге қол жеткізуге апаратын жалғыз жол.

Екінші жағынан, ғылымның қайтарымы көбінесе оның нәтижелерін өндіріске енгізу деңгейіне байланысты. Бұл отандық ғылымның осы күнге дейін өз шешімін таппаған тағы бір маңызды олқылығы екенін мойындауымыз керек. Мұның себебі зерттелетін тақырыптардың өзектілігі мен зерттеу қызметінің аймақтық басымдықтарын анықтау тетіктерінің болмауында және сәйкесінше, нақты сектор тарапынан олардың нәтижелеріне сұраныстың жоқтығында жатыр. 

Қазақстанда зерттеушілердің тек 35%-ы өңірлерде жұмыс істейді, ал негізгі ғылыми күштер Алматы мен Астанада шоғырланған. Дәл осы жерде ғылыми-зерттеу және техникалық конструкция жұмыстарын қаржыландырудың ең көп көлемі – барлық ішкі шығындардың 66%-ы, бағдарламалық-нысаналы және базалық қаржыландырудың 79%-ы, гранттық қаржыландырудың 75%-ы болып келеді. Мұндай теңгерімсіздік негізінен аймақтарда орналасқан ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықтың күшеюіне әкелді.

Осы мәселені шешу үшін академия өз қызметінде үздік әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Мемлекет басшысының, облыс әкімдерінің ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестерінің тапсырмасына сәйкес жергілікті жерлерде құрылатын жұмыстардың тиімді жұмыс істеуіне сүйене отырып, ғылым мен инновацияларды жергілікті деңгейде дамытуға өзінің назарын аударатын болады. Олар жергілікті атқарушы органдардың, өңірлік ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының және бизнес-қоғамдастықтың ғылым мен инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіру орталықтарына айналуы тиіс.

Әдістемелік басшылықпен қатар, Ұлттық ғылым академиясы оларға талдау жұмыстарын жүргізу, өңірлік проблемаларды шешу үшін ғылыми зерттеулердің басымдықтарын айқындау, өңірдің инновациялық әлеуетін бағалау, өңірлік ғылыми бағдарламаларды орындау үшін орталық ғылыми ұйымдардың ғалымдарын тарту, сондай-ақ білімді тарату жүйесін дамыту арқылы зерттеу қызметінің нәтижелерін өндіріске енгізу жөніндегі шаралар кешенін ұйымдастыру бөлігінде және ғылыми жетістіктерді коммерцияландыруда практикалық көмек көрсететін болады

Бұдан басқа, академия жергілікті жерлерде орталық ғылыми ұйымдар филиалдарының желісін кеңейту және базада ірі өңірлік бизнес-құрылымдар ғылыми-өндірістік орталықтар құру мәселелерін жан-жақты қолдайтын болады.

Ұлттық ғылым академиясының күш-жігері ірі пәнаралық ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру есебінен жаһандық сын-қатерлердің әсерінен туындайтын бар және болашақтағы проблемаларды жүйелі түрде шешуге бағытталатын болады. Ең алдымен, бұл су ресурстарын басқару, климаттың өзгеруі жағдайында ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы және т.б. мәселелерді шешуге қатысты. Олардың кейбіреулері бойынша жұмыс басталды.

Тек осындай нақты жүйелі шаралар ғана отандық ғылымға Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ғылыми қоғамдастықтың алдына қойған міндеттерін толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here