Ақ Олимпиада: Қош бол, Милан-Кортина! Франция Альпісі, 2030 жылы кездескенше!

0
169
Фото: Сали Сабиров, olympic.kz

Италияның Верона қаласында Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтті. Биылғы рәсім Еуропадағы ең танымал тарихи нысандардың бірі – екі мың жылдан астам тарихы бар, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Арена ди Верона амфитеатрында ұйымдастырылды.

Қысқы Олимпиада тарихында алғаш рет жабылу салтанаты осындай көне амфитеатрда өтіп, тарихи орын заманауи сахна кейпіне енді. Шоудың тұжырымдамасы «Beauty in Action» («Қозғалыстағы сұлулық») деп аталып, спорт, өнер және табиғаттың үйлесімін паш етуге арналды.

800-ден аса әртіс қатысқан ауқымды шоу

Салтанатты кешке 800-ден астам әнші, музыкант және биші қатысты. Арнайы көпдеңгейлі LED-сахна орнатылып, костюмдер италиялық опера дәстүріне сай тігілді. Музыкалық және би қойылымдары амфитеатрдың тарихи дәліздерімен ұштастырылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Мәдени бағдарламада Акилле Лауро, Бенедетта Поркароли, Габри Понте және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті. Әлемдік балет жұлдызы Роберто Болле жетекшілік еткен хореографиялық қойылым кештің ең әсерлі сәттерінің біріне айналды. Сондай-ақ, рәсім барысында Людовико Эйнауди әуенімен Олимпиада алауы сөндірілді.

Қазақстан туын Михаил Шайдоров алып шықты

Дәстүр бойынша жабылу рәсімінде спортшылар шеруі өтті. Атлеттер амфитеатрға салтанатты түрде кіріп, жарыстардан кейінгі бірлікті паш етті. Делегациялардан бөлек барлық құрамалардың ту ұстаушылары жеке жүріп өтті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Италияда алтын медаль жеңіп алған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алып шықты.

Қазақстандық спортшылар қалай өнер көрсетті?

Италияның Милан-Кортина қалаларында 17 күнге созылған 4 жылдың басты бәсекесіне 94 елден 2917 спортшы қатысып, 16 дисциплина бойынша 116 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Ал, Қазақстан құрамасынан 10 спорт түрінен 36 спортшы бақ сынады. Елімізден Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан тарихи алтын медальді иеленді.

Сонымен қатар, ТОП-10 спортшылар қатарына енген қазақстандықтар:

  1. Шаңғымен үлкен тұғырдан секіру: Илья Мизерных;
  2. Конькимен жүгіру: Надежда Морозова;
  3. Конькимен жүгіру: Елизавета Голубева;
  4. Конькимен жүгіру: Евгений Кошкин;
  5. Шорт-трек: Денис Никиша;
  6. Фристайл-могул: Анастасия Городко;
  7. Фристайл-могул: Павел Колмаков;
  8. Мәнерлеп сырғанау: Софья Самоделкина.

Келесі Олимпиада – Францияда

Салтанатты рәсімнің негізгі бөлігі аяқталған соң Олимпиада туы түсіріліп, келесі қысқы Олимпиаданы қабылдайтын ел – Франция өкілдеріне табысталды. 2030 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары осы мемлекетте өтеді. Ұйымдастырушылар алдағы доданың «Таң шуағы» атты таныстырылымын ұсынды.

2030 жылғы Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындары France аумағындағы Француз Альпілерінде (Auvergne-Rhone-Alpes және Provence-Alpes-Cote d’Azur өңірлері) өтеді.

Олимпиада ойындары 2030 жылғы 1-17 ақпан аралығында, ал Паралимпиада ойындары 1-10 наурыз аралығында өткізу жоспарланып отыр.

Grazie mille, Италия! Ұмытылмастай әсер қалдырдың!

Франция Альпісі, 2030 жылы кездескенше!

Айта кетейік, Италиядағы Олимпиадада Қазақстан құрамасының атынан 36 спортшы 10 спорт түрінде сынға түсті. Жалпы командалық есепте Норвегия 18 алтын, 12 күміс, 11 қоламен көш басына шықты. Одан кейінгі орындағы АҚШ 12 алтын, 12 күміс, 9 қола еншілесе, үздік үштікті 10 алтын, 7 күміс, 3 қоламен Нидерланд түйіндеді. Ал, ел құрамасы бір алтын жүлдемен 19-орынға тұрақтады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here