Ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында Қазақстанның астық шаруашылығы бағаның төмендеуі мен экспортқа сұраныстың азаюына тап болуда. Сонымен қатар, шектеулерге қарамастан, арзан ресейлік бидай импортының артуы және астықтың жаңа бағыттар бойынша рекордтық көлемде сыртқа шығарылуы байқалады. Биыл наурыз айында бидай экспорты 4,6 пайызға қысқарған. Бұл ретте фермерлер ұн нарығында артық өнімнің жиналуын және қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару мәселесіндегі қиындықтарды атап өтуде.
ОРМУЗ БҰҒАЗЫНЫҢ БҰҒАТТАЛУЫ ӘЛЕМДЕГІ БИДАЙ БАҒАСЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
29 сәуір күні АҚШ биржаларында бидай бағасы бір бушель үшін 6,55 долларға (тоннасына шамамен 240 доллар) дейін көтерілді. Соңғы екі аптада өсім 15 пайызға жеткен: сәуірдің ортасында баға бір бушель үшін 5,7 доллар (209 доллар) деңгейінде болған еді.
«СовЭкон» талдау орталығының директоры Андрей Сизовтың айтуынша, бағаның қымбаттауына Ормуз бұғазы төңірегіндегі ахуалдың шиеленісуі әсер еткен.
«Иран төңірегіндегі қақтығыс басталғалы бері айтып келе жатқан факторлардың жиынтық әсері енді сезіліп отыр: тыңайтқыштар, энергия, күкірт және басқа да шығындар. Бұған АҚШ-тағы ауа райы жағдайы қосылды, сондай-ақ Эль-Ниньо құбылысының ықтималдығы жоғары – бұл Австралия мен Үндістан үшін қосымша тәуекелдер туғызады. Мұның бәрі FOB (тауар кеменің бортына толық тиелген сәттен бастап, оған деген жауапкершілік пен тәуекел сатушыдан сатып алушыға өтеді, – автор) бағаларына, соның ішінде Қара теңіз бағытындағы жеткізілімдерге де айтарлықтай оң ықпал етеді», – дейді сарапшы.
ЕЛДЕГІ АСТЫҚ ЭКСПОРТЫНЫҢ ТҰРАЛАУЫНА НЕ СЕБЕП?
Қазақстан бидайын Орта Азия елдеріне экспорттау қарқыны бәсең. Әлемдік үрдіске қарамастан, осы кезеңде отандық астық бағасы айтарлықтай өзгерген жоқ: үшінші сұрыпты бидайдың (желімтігі 23-24%) шекарадағы бағасы (DAP Сарыағаш) тоннасына шамамен 270 доллар болса, төртінші сұрыпты бидай – 260 доллар деңгейінде қалып отыр. Бұл туралы Қазақстанның Астық одағының талдау комитетінің жетекшісі Евгений Карабанов мәлімдеді.
Елдегі астық экспортының тұралауына бірнеше себеп бар. Соның бірі – Өзбекстан, Тәжікстан және Орталық Азияның өзге де нарықтарында қазақстандық астыққа бәсекелестіктің күшеюі. Бұл бәсекені Қазақстанда өндірілген, бірақ арзан ресейлік бидайдан тартылған ұн тудырып отыр. Мұндай шикізаттың қолжетімді болуы теңгенің рубльге қатысты нығаюымен байланысты. Бұған қоса, ұн экспорттаушылар қосылған құн салығын (ҚҚС) толық көлемде қайтарып алуды жалғастырып жатқанда, астық саудагерлері 1 қаңтардан бастап ҚҚС-ның тек 20 пайызын ғана қайтара алады.
«Қайта өңделген өнімдерге Салық кодексінің 484-бабының талаптары қолданылмайды. Яғни ұн, кебек, жемдік ұн, май, шрот, күнжара және басқа да өнімдер бұл нормаға жатпайды, сондықтан өндірушілерге ҚҚС 80% ұсталымсыз, толық көлемде қайтарылады. Егер бұл норма болмағанда, ішкі нарықтағы біздің бидай бағасы 8-10 мың теңгеге жоғары болуы мүмкін еді. Бұл тек бидайға ғана емес, арпа, рапс, зығыр, күнбағысқа да қатысты», – дейді сарапшы.
ЕЛДІҢ АСТЫҚ НАРЫҒЫН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ?
Ресейлік бидай Орта Азия нарығында қазақстандық астықты ығыстырып, «қазақстандық ұн» ретінде қайта «қапталып» сатылып жатыр. Бұл нарықты реттеу қажеттігі айқын байқалады: Қазақстаннан ресейлік бидайды толық немесе ішінара пайдаланып өндірілген ұнды экспорттауға тыйым енгізу керек.
Еске сала кетейік, дәл осындай талапты Қытай қазақстандық жемдік ұнға қатысты қояды – оны өндіруде тек қазақстандық шикізат қолданылуы тиіс. Осыған ұқсас тәжірибені Қазақстан билігі де енгізіп, азық-түлік ұнына қатысты қолдануы қажет. Бұл елдің астық нарығын қорғауға мүмкіндік береді. Егер мұндай шаралар қабылданбаса, ішкі нарықта астық қоры шамадан тыс көбейіп, 2026 жылғы жаңа өнім қарсаңында артық қалдықтардың жиналуына әкеледі. Ал, жаңа өнім кем дегенде орташа деңгейде (15 млн тоннадан төмен емес) болса, қазақстандық бидайды өткізетін нарық тапшы болады. Соның салдарынан баға құлдырап, фермерлер қаржылық қиындықтарға тап болып, агроөнеркәсіп кешенінде кезекті дағдарыс туындауы мүмкін.
«Өз тарапымнан қосарым: мен Қазақстанда ресейлік бидайды ұнға өңдеуге тыйым салуды қолдамаймын. Қалыптасқан жағдайда ең тиімді шешім – астық экспорты кезінде ҚҚС-ның 80 пайызын шегеру туралы
484-баптың нормасын алып тастау деп санаймын. Бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық бәсекеге қабілеттілігін қайта қалпына келтіріп, нарықтағы барлық қатысушыларды тең жағдайға қояр еді», – деп атап өтті Евгений Карабанов.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қазіргі таңда Үкіметте 484-баптың даулы нормасын жою мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл өзгеріс жүзеге асса, астық саудагерлері қосылған құн салығын толық көлемде қайтарып алу мүмкіндігіне қайта ие болмақ. Алайда, мұндай өзгеріс 2027 жылдың 1 қаңтарынан ерте күшіне енбеуі мүмкін. Сәйкесінше, «Осы уақытқа дейін қазақстандық фермерлер банкротқа ұшырап үлгермей ме?» деген сұрақ туындайды.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ









