Домбыра

0
180

Ахыбай Айтмұрат 1964 жылы 13 ақпанда ҚХР Синьцзян-Ұйғыр автономиялы ауданында Шәуешек қаласының Қарақабақ ауылында туған. ҚХР Тарбағатай аймақтық педагогика мектебі мен Іле облыстық педагогика институтында оқыған, 35 жыл оқу-ағарту саласында еңбек еткен аға лектор.

Таңдаулы зерттеу мақалалары мен өлеңдері газет-журналдарда жарық көрген. Бұдан басқа ұзақ жыл мектептің  мәдениет-көркемөнер саласына басшылық еткен әдеби жетекші.

Төменде автордың «Домбыра» атты термесін ұсынамыз.

Көңіл-күйді үнімен білдіретін домбыра,
Табиғаттың сырымен бір жүретін домбыра,
Сырдың бәрін бойына сіңдіретін домбыра,
Алпыс екі тамырды идіретін домбыра.

Алуан құстың үндерін күмбірлеткен домбыра,
Тұлпарлардың шабысын дүбірлеткен домбыра,
Батырлардың қайратын дүрілдеткен домбыра,
Ғарышқа да шарықтап күйін төккен домбыра.

Күйі болып көңілдің сайрап жатқан домбыра,
Жабырқаған жандарды жайраңдатқан домбыра,
Өміріне тілсіздің медет болып домбыра,
Қоңыр үнмен тербетіп сайрандатқан домбыра.

Қуанышпен қайғыға үн шығарған домбыра,
Айта алмаған сөздерге тіл шығарған домбыра,
Сортаң болған ортаға гүл шығарған домбыра,
Игілікке жол бастап нұр шығарған домбыра.

Әрбір ұлттың әуенін дәурендеткен домбыра,
Қазағымның ән-күйін әуелеткен домбыра,
Серілердің сезімін мәуелеткен домбыра,
Махаббатқа серік болып, сәлем еткен домбыра.

Екі ішегі әлемге тілдесетін домбыра,
Тоғыз перне арқылы үндесетін домбыра,
Бір тиек пен қос құлақ үйлесетін домбыра,
Он саусағын шебердің билететін домбыра.

Әнші, күйші ақынға сыңар болған домбыра,
Алашымның баласы құмар болған домбыра,
Жігеріне ұрпақтың жыр ән болған домбыра,
Қазағымның рухына тұмар болған домбыра.

Шаңырақтың төріне мұра болған домбыра,
Бар қазақтың даңқына куә болған домбыра,
Өрісіне өнердің көшін бастап домбыра,
Ұрпақтарға мәңгілік ұран болған домбыра.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here