СЫР ШЕРТКЕН СУРЕТ

39

«Өткен күннен белгі жоқ» деген ертеде біздің халық. Бұл, сірә, өткеннің көрінісін жадында сақталған рух-естеліктер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге машықтанған ата-бабаларымыздың қоршаған дүниенің өзгеріп отыратынын байқап айтқан сөзі болар.
Дүние – үлкен көл,
Замана – соққан жел.
Алдыңғы толқын – ағалар,
Артқы толқын – інілер.
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер, – демеп пе еді хәкім Абай.
Материалды дүниенің бәрі өзгереді, өшеді. Адамның тәні де сол өзгерістің ағынында. Ал бірақ жаны, яғни рухы басқа. Рух белгісі – сөз. Оның рухы-сөзі өшпейді, ол ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, уақыт сынына қарай өзгеше сипат алып, адамзаттың тоқтаусыз ұлы көшіне үнемі серік бола берері анық. Мұны Абай ақын бейнелі түрде:
Өлді деуге бола ма,
ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп айтқан. Бұдан артық, әзірге, айтылған сөз жоқ. Айтылмайтын да шығар. Себебі, ол – ақиқат пайым.
ХХ ғасырдағы ғылыми-техникалық өнердің қарыштап дамуы біздің түйсігімізге «Өткен күннен белгі бар» деген түйінді ала келді. Сол түйіннен жарқ етіп түскен бір ұшқын рух – «Сурет сыр шертеді». Сурет-белгі рухты жандандыруға, өрнектелуіне себеп бола алады. ХХ ғасырдың 20-жылдарының ортасы ауғанда түсірілген, сыр бүгіп сарғайған осы бір сурет мағыналы пернесін тапқан кісіге талай сырды ақтаратындай…
Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлын қазақ зиялыларының жасы бар, жасымысы бар бір тобы ортаға алып түскен бұл сурет-белгі терең ойдың сазды пернелерін тербетіп, таным мен пайымды парлап жегуге жол ашады. Ахметтанушы Райхан Имаханбеттің пайымдауынша, сурет 1926 жылы Ахаң Бакудегі түркологтар құрылтайына аттанар алдында Қазақ автономиясының астанасы Қызылорда қаласында түсірілген. Көп ұзамай 1929 жылы басталған репрессияның алғашқы толқыны суреттегі бірнеше кісінің (М.Дулатұлы, Ж.Аймауытов, Х.Ғаббасов, А.Байтасовтардың) өмірін қиып кетеді. Сондықтан бұл топтың алдағы күндері дәл осындай ортасы толып жиналатын күні келмеске кеткен еді. Ортаны толтырып тұрған асқақ тұлға А.Байтұрсынұлының өзі де 1929 жылы тұтқындалып, 1936 жылға дейін айдауда болады. М.Әуезов пен Ә.Марғұлан қуғын-сүргін көрсе де, «әупірімдеп» жандары аман қалады.
Әлқисса, суретте А.Байтұрсынұлы шашына, сақал-мұртына ақ кірген, кесек тұлғалы ірі денесіне өмір жолында көрген қиындықтары мен тартқан азабы белгі салып, денесі еңкіш тартқан кейіпте бедерленген. 1923 жылы Ахаңның 50 жылдық мерейтойы қарсаңында Алаш шәкірті М.Әуезов Ташкентте шығып тұрған «Ақ жол» газетінде: «Осы күнде Ахаң Орынборда. Басынан кешкен толқынды күндер сақал-шашына ерте күннен ақ кіргізіп, бетіне әжім түсірсе де, әзірше дені сау, жас күнінен көңілі сүйгені қызметі болғандықтан, Орынбордағы қазақ институтының һәм басқа қазақ баласы оқыған мектептердің оқытушысы болып жүр», – деп жазған еді.
Патша үкіметінің зорлық-зомбылығынан туған қиындықтар мен азапты күндердің ызғары Ахаңның денсаулығына ащы тырнағын ертеден батырған еді. Оның денсаулығы патшалық Орынборда айдауда жүріп «Қазақ» газетін ұйымдастырған жылдары сыр бере бастаған еді. Мұны 1922 жылы М.Дулатұлының Ахаңның 50 жылдық мерейтойына арнап жазған мақаласының мазмұнынан аңғарамыз. Ол былай деп жазады: «В 1914 году за помещенную в №80 «Казах» передовицу, где А.Б. критиковал только что выработанный МВД проект положения об управлении Киргизским краем, Оренбургский губернатор Сухомлинов оштрафовал А.Б. как редактора, на 1500 руб. и в случае его несостоятельности постановил заменить штраф арестом А.Б. на 8 месяцев. Утрата 1500 руб. была бы равносильной затрат закрытию газеты, поэтому А.Б. несмотря на слабость своего здоровья, заявил полиции, что он согласен сидеть, но платить штрафа не может».
Сурет М.Дулатұлының жазған дерегі мен М.Әуезовтің ақ қағаз бетіне түсірген сипаты арқылы санамызда орын алған сиялы бейнені бедерлі материяға айналдырып тұр, яғни қағаздағы жазу арқылы өрнектелген сурет пен болмыстағы фотосуреттің бір-бірінен алшақтығы жоқ.
Ұлт ісіне ұйтқы болған Ахаңның оң жағынан торғайлық ақын інісі, «толқынды күндердің» біраз азабын бірге тартқан Міржақып Дулатұлы орын алыпты. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты қаһарын шашып, күркіреп тұрған тұсында «Оян қазақ» деп атой салған батыл, өжет ақын, көсемсөзші Міржақып фотода сол кескінінен бір мысқал кемімей бейнеленген. Шығармашылығы кесек, ойы өжет Жақаңның сыртқы бейнесі мен ішкі дүниесінің үйлесімдігі суретте жақсы бедерленіпті. Қайратты, жігерлі жан екені көз салған жерден байқалады.
А.Байтұрсынұлының оң тізесінен орын алуға сол топтың ішінде шын мәнінде лайықтысы – осы Жақаң еді. Ол оны сөзімен де, ісімен де талай жерде дәлелдеген еді, әрі сол құрметке (оң тізеден орын алу құрметіне) әбден лайық болатын. 1913 жылы жарық көре бастаған «Қазақ» газетін бірге ұйымдастырған М.Дулатұлы газет ұстанған ұлт ісінің жолындағы қуғын-сүргін қиындығын бір кісідей тартып, Алаш үкіметі құрылғанда ішкі істер ісін басқаруға көп күш-қайрат жұмсайды. Алаштың қарулы әскерін жасақтауға атсалысады. Милиция ісіне жетекшілік етеді. Оның осы қайраткерлігі кейін оның дәм-тұзының ертерек таусылуына себепкер болады. Ол Алаш қайраткерлеріне қарсы ұйымдастырылған алғашқы репрессия «қаһарынан» жер аударылып, лагерьге айдалған науқаннан қайтпай қалады.
А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, т.б. Алаштың көрнекті қайраткерлері қамауға алынып, жер аударылғанда, елде қалған өзге азаматтар (Әлихан Бөкейхан) ізденіп, арыз-шағым жазып, (М.Горькийдің жұбайына, т.б. арқылы) айдалғандардың басым көпшілігінің елге оралуына себепкер болады. Дәл осындай әрекеттер М.Дулатұлына да жасалғаны сөзсіз. Бірақ «қанын ішіне тартып алған кеңес үкіметі» өзіне қарсы қару алған кісіні босатудан қорқады. Билікті қарудың күшімен тартып алған ол үкімет сол қарудан қорқау қасқырдай қорқуы қанына сіңген үрей болса керек. Болмаса, мынадай фактіге назар аударайықшы: денсаулығы нашар А.Байтұрсынұлы айдаудан аман келеді, ал жігерлі, қайратты, лагерьде фельдшер болып қызмет атқарған Жақаң оралмайды. Ойландыратын нәрсе.
Айтпақшы М.Дулатұлын қамауға алып, Ақ теңізге айдалғанда басты тағылған кінә «қызыл әскер командирі Лаврентий Таранды өлтірдің» деген айып болатын. Сол Таранның атында Қостанайда қаланың бір шеті мен екінші шетін қосатын ұзын көшесі бар еді. Сол көшенің қаланың орта тұсымен қиылысатын демалыс аллеясында большевик сарбазының ескерткіші тұр. Ал әлгі Таранның атауын Қостанайдың бетке ұстар белсенді азаматтары 2016 жылы орыс тілді тұрғындардың айқай-шуы, қарсылығына тап болып, «Тәуелсіздікке 25 жыл» деген гүрзіні беліне байлай жүріп белді көшені «Тәуелсіздік» деп зорға өзгертті.
Міржақып Дулатовқа 90-жылдардың аяғында сол ұзын көшені кесіп өтетін, қаланың көлемді нысандары орналасқандықтан (қалалық саябақ, орталық базар) ұлым-жұлым болып қысқарған, басы мен соңы қалай басталып, қалай аяқталатыны белгісіз шолақ көшесі бар. Ескерткішінің сағымы да жоқ.
М.Дулатұлы Ахаңды қатты қадір тұтты. 1922 жылы А.Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойы қарсаңында жазған «Ахмет Байтурсынович Байтурсынов» деген өмірбаяндық очеркінде: «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық еңбегі арқылы біздің қазақтың әліпбиін, фонетикасы, синтаксис және этимологиясын, саз өнері теориясы мен мәдениет тарихын біліп отырмыз», – деп ой түйеді. Ахаңның саяси қызметіне «қазақ бұқарасының көрнекті де белсенді басшыларының бірі», ақындығына «қалың қазақтың қарапайым, ұғынықты тілінде ұлттың еркіндігін, азаттығын үндеген, көзін ашуға қамтылған халық ақыны», көсемсөзші және көркем ойдың шабандоздығына «А.Байтұрсынұлы – көсемсөзші және қазақ көркем сөзі мектебінің іргесін қалаушы» деп баға берді.
Аталмыш өмірбаяндық негіздегі очерк арқылы М.Дулатұлы Ахметтанудың негізгі іргетасын қалады. Бүгінгі Ахметтану ғылымының тынысын айқындайтын «күре тамырлық дүрсіл» Жақан жазған еңбектен басталатыны әмбеге аян.
Міржақып Дулатұлынан кейін отырған кісі – Халел Ахметжанұлы Ғаббасов. Замандастары Халел Ғаббасовтың білімгерлік, алғырлық, саятшылдық сынды қасиеттердің бір кісіге тоғысқан үйлесімді мінезін бағалап, оны «Алаш бекзаты» деп атаған. Халел – бай, ауқатты отбасында дүниеге келген. Ғаббас – Халелдің арғы атасы. Ғаббастың Батырша деген ұлынан Мұхаметжан туады. Мұхаметжан – Шыңғыстаудың Шаған болысындағы атақты, беделді адамдардың бірі. Кезінде қажылыққа барып, ел ішінде «Мақы (Мақа) қажы» деп танылған. Сол Мақы қажының 3 әйелінен 33 перзенті болады. Бәйбішесінен туған тұңғыш ұлы – Ахметжан. Ахметжаннан Халел туады. Тегіне атасының аты берілгендіктен, сол кездегі алаш азаматтары ұлттық нақышқа сай ресмилендіріп «Ғаббасұлы» деп атап кеткен.
Халел Ғаббасұлы алғашқы бастауыштық, одан кейінгі гимназиялық білімді Семей шаһарынан алады. Семейден кейін Халел Ғаббасұлы оқуын Мәскеуде жалғастыруға бел буып, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Университетте оқып жүріп студенттердің ереуіліне қатысқаны үшін оқудан шығарылады. Халел Ғаббасұлы ізденіп жүріп университетке қайта қабылдану мүмкіншілігіне ие болады, бірақ Семей губерниясынан заң факультетіндегі шәкірттерге стипендия бөлінбейтін болғандықтан, физика-математика факультетіне қабылданады. Ол осы факультетті алтын медальмен тамамдайды.
Мәскеудегі студенттік жылдары Ж.Ақбаевпен бірге Петроградқа барып, Ә.Бөкейханның тапсырмасымен Мемлекеттік Думаға қазақ халқының өкілін жібермеу туралы 1908 жылдың 6 маусымында шыққан заңның күшін жою үшін қажетті қарсылық құжаттарын дайындауға атсалысады. Мәскеу мемлекеттік университетінен кейін Халел Петербордың Империялық Орталық ұсақ кредит басқармасында есепші (статист) қызметін атқарады. Көп ұзамай ол сол мемлекеттік банктің Семей бөлімшесінде есепші, инспектор қызметіне ауысады.
Халел Ғаббасұлы – 1917 жылы Алашорда үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейханның орынбасары болып сайланады. 1917 жылдың наурыз-сәуір айларында Алашорда үкіметінің атынан Сталинмен Алашорда астанасы Семей-Алаш қаласында отырып, Қазақ автономиясы туралы келіссөз жүргізеді. Сол жылдардағы аласапыран кезеңде «Сарыарқа» газетіне өзі редакторлық етіп, сол басылымның бетінде «Мемлекет күйі», «Большевик бүлігі», «Күш бірлікте», «Алаш автономиясы» атты саяси маңызы зор мақалаларын жариялайды, үкімет билігі үшін талас-тартыс жүріп жатқан күрделі кезеңде қазақтың жас шәкірттеріне Семей земство басқармасының атынан қаржылай көмек көрсетіп тұрады. Сонымен қатар, Семейде өзі ұйымдастырған кредиттік кооператив арқылы «Абай» журналының қаржылай демеушісі және «Сарыарқа» газетінің шығарушы редакторы болады.
Кеңес үкіметі күш ала бастаған тұста Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары ұлт мүддесін қорғау үшін кеңес үкіметінің жауапты қызметтеріне орналасуды көздейді. Осындай себептермен Х.Ғаббасұлының да елі үшін атқарған қызметі кеңестік билік органдарында жалғасын тапты. Ол 1926 жылы Қазақ автономиясының астанасы Қызылордадағы мемлекеттік жоспарлау комитетінде (Госплан) жұмыс жасайды. 1927 жылы демалысқа туған жері Шыңғыстауға келгенде алғаш тұтқынға алынып, тергеуге түседі. 1928 жылы екінші мәрте тұтқындалып, Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жабылады. 1930 жылы сол түрмеде үкім шығып, 1931 жылы «үштіктің» шешімімен нақақтан-нақақ атылады.
Түрмедегі тергеу кезінде артында қалған қалың туған-туысын қуғын-сүргіннен аман алып қалу үшін өзінің сүйегі Орта жүз Арғынның Тарақты сойынан екенін жасырып, ата-тегін «татар», «қазаққа қызмет еткен төлеңгіт» деп адастыруға тырысады. ОГПУ тергеушілеріне берілген жауабында ол өзінің шыққан тегі туралы былай дейді: «Менің ата-анам мал шаруашылығымен айналысты. Семей губерниясының Шаған болысында олардың әуеліде дәулетті жеке шаруашылығы болды, кейін тәркіленіп, кедейге айналды. Арғы ата-тегім – татар, ұста болған. Осыдан 200 жыл бұрын Шаған болысына көшіп келген. Ғаббасовтарды тобықты руына қарайтын адамдар төлеңгіт есебінде кірме етіп алған. Төлеңгіт – бұл қоғамдық жік, сұлтандар мен төрелердің қызметшісі ретінде қалыптасқан. Менің ата-бабам сондай кірме дәрежесінде өмір сүрді».
М.Дулатұлының арқа тұсындағы орынды Жүсіпбек Аймауытов алған. Көркем шығармашылықтың қай саласынан болсын өнегелі үлгі қалдырған бұл аяулы тұлға суретте табиғат болмысынан берілген «сегіз қырлы, бір сырлы» таланты қалпында бедерленген.
Жүсіпбек Аймауытов – қазақ көркем прозасының көрікті көшін бастаған тұлға. Әлем әдебиеті мен орыс классиктерінің шығармаларымен молынан танысып, қазақ көркем аудармасының негізін қалаушы. Жиырмасыншы жылдардың аяғында толтырылған анкетада өзіне ұнайтын жазушылардың қатарына Мопассан, Мольер, Шекспир, Джек Лондон, Виктор Гюго, Стефан Цвейгті, орыс ақын-жазушыларынан В.Гоголь, А.Пушкин, Л.Толстой, т.б. есімдердерін атайды. Бұл қысқа тізімге қарап-ақ, оның оқыған-тоқығаны мол, білімі кең жазушы болғанын аңғарамыз.
1920 жылдары Ж.Аймауытов Орынборда жаңа құрылған Қазақ автономиясының оқу-ағарту комиссары А.Байтұрсынұлының орынбасары болып қызмет атқарады. Ахаң мен Жүсекең арасындағы шын талант пен еңбекқор жандардың арасында болатын құрметтің тереңдеген тұсы осы жылдар болса керек.
Ж.Аймауытовтан сәл жоғарғы қатарда тұрған жас жігіт – Әлкей Марғұлан. Алаш рухы қазақ үстінде тербеліп тұрған заманда ғылымға Мұхаңдай екпіндей кірмесе де, сол рухты кейінгі кеңестік заманда толқындай тербетіп, әлдилей білген Әлкей. Мұхаң А.Байтұрсынұлының фольклоршылық қызметінің жалғасын әлемдік фольклористиканың деңгейіне сай биіктікке көтере білсе, шәкірт Әлекең ұлы тұлғаның қолымен жазылып, бірақ, әзірге табылмай отырған «Мәдениет тарихы» кітабының жалғасын жазған ғалымдай көрінеді бізге. Ә.Марғұланның қазақ этнографиясы, археологиясы мен фольклористикасына қосқан үлесі – Алаш рухының заңды жалғасы екені сөзсіз.
Әлкей Марғұлан жанында, М.Әуезовтің арқа таманында отырған кісі – Абдолла Байтасов. Торғайдың Батпаққара деген жерінде дүниеге келген. Батпаққара – бұл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі Амангелді Имановтың туған жері. Қазір Аманкелді ауданы деп аталады. 1917 жылы Омбыдағы мұғалімдер семинариясын бітірген. Алаш қозғалысын қолдап, Қазақ комитеттерін құруға атсалысқан. 1921-1923 жылдары Петропавл қаласында «Бостандық туы» газеті редакциясында, 1923 жылы Ташкенттегі жұмысшы факультеті мен Қазақ халық ағарту институтында қызмет етеді. 1924-1927 жылдары Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінің студенті атанады. 1928 жылы «Ақ жол» газеті редакциясының ғылым мен техника бөлімін басқарып, Ташкентте М.Жұмабаевпен бірге «Алқа» әдеби ұйымын құруға қатысады. 1929 жылы қуғын-сүргін кезінде тұтқындалып, 1930 жылы 4 сәуірде ОГПУ «үштігінің» ерекше қаулысымен Архангельскіге жер аударылды.
А.Байтұрсынұлының сол жағынан Мұхтар Әуезов орын алған. Жас шәкірттің ұстазына қарай әнтек қисайып отырған суреттің бедері кісінің қолтығынан демеп отырған құрметті көрсеткендей. Ахаңның 50 жылдық мерейтойына Алаштың азаттығы жолындағы ыстық-суықты бірге тартқан замандастары арнайы сөз жазып жатқан уақытта Алаш рухынан тәрбие алған шәкірттердің атынан жолданар сөз М.Әуезовтің еншісіне бұйырып, ол тебіреніс «Ақ жол» газетінде жазылған мақала арқылы өрнектелді. Бұл да заңды нәрсе. Себебі, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы арқылы жанданған қазақтың Алаш рухы кеңес үкіметі тұсында М.Әуезовтің шығармашылығы, ғалымдығы арқылы жалғасын тапты. Жалғас-шәкірт ұстазға деген құрметін 1923 жылы аталмыш мерейтойға орайластырып жазған мақалада айтқан еді. Тойды «ой ойлаған істің қуанышы» деп балаған 26 жасар Мұхтар Ахаңды «қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген ұстаз» деп қадір тұтып, қазақтың рухани көсемі салған елшілдік ұраны мен пікірін «бесігіміздей көзіңізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді» деп тебіренеді.
Қазақ халқының алдында Ахаң атқарған істер – «Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілік ұраны» оның «істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіші, қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызметі» деп бағаланды. А.Байтұрсынұлы салған бастамаларға сол дәуірде газет-журналдар арқылы үн қосып, қатарласып оқулық кітап, ғылыми еңбек жазған М.Әуезов Кеңес үкіметі тұсында қазақ әдебиетін әлемдік иірімге салған заңғар жазушы, ғұлама ғалым атанды. Оны осы жолда қолдаған рух – Алаш рухы, Ахаң рухы еді.

Тобықтай түйін: Сурет сыр шертеді… Ой ойлаған кісіге таусылмас сыр. Ой таусылса, рухтың өшкені, өмірдің солғаны. Алаш рухы қазақ баласының рухани болмысына әрдайым сәуле шашып тұрары анық.

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,
филология ғылымдарының докторы, А. Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ профессоры