44 күнге созылған қақтығыс: Таулы Қарабақтың даулы мәселесіне нүкте қойылды ма?

0
3808

Әзербайжан мен Армения арасындағы кезекті атыстың басталғанына 1,5 ай болды. Бүгін түнде Ресей Федерациясының президенті Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы келісім жасалғанын мәлімдеді. Аталған мәлімдемеге Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев, Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян және Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин қол қойған. Онда 2020 жылғы 10 қарашада Мәскеу уақыты бойынша 00 сағат 00 минуттан бастап Таулы Қарабақ аймағындағы атысты және барлық әскери әрекеттерді толық тоқтату туралы келісім жасалған.

Владимир Путиннің айтуынша, Ресей Федерациясының бітімгершілік контингенті Таулы Қарабақтағы байланыс сызығы бойында және Таулы Қарабақты Армения Республикасымен байланыстыратын дәліз бойында орналасады. Ішкі қоныс аударушылар мен босқындар БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының бақылауымен Таулы Қарабақ аумағына және оған іргелес аудандарға қайтарылады. Екі ел әскери тұтқындар мен басқа да ұсталғандармен және қаза тапқандардың мәйіттерін бір-біріне беретін болады.

Ильхам Әлиев те Таулы Қарабақтағы әскери қимылдың тоқтатылуына байланысты халыққа үндеу жасады. Әзербайжан президенті аймаққа ресейлік бітімгерлерден бөлек, түркиялық бітімгерлер де келетінін айтты.

«Мәселенің әскери шешімі бар, бірақ мен мәселені саяси жолмен шешкім келді. Айтқанымдай болды: әскери кезең аяқталды, саяси мәселеге көштік. Біз үшін барынша тиімді құжатқа қол қойдық, Пашинян амалсыз қалған соң оған қол қойды. Шын мәнінде бұл – жеңілісті мойындау, соғыста берілу. Ең алдымен бұл көпжылдық отарлаудан босатылған Әзербайжан халқы үшін тарихи жағдай», – деп мәлімдеді Әзербайжан президенті.

Содан 45 күнге созылған қақтығыста Әзербайжан жеңді, Армения жеңілді, Ресей даулы мәселеде бітімгерлік миссиясын орындады.

Өкінішке қарай, қақтығыстан жүздеген адам опат болды, оның ішінде бейбіт тұрғындар да бар. Дегенмен, Баку мен Ереванның адам шығынына қатысты мәліметтері де бір-бірімен сәйкес келмейді. Мысалы, Армения өзінің 1 222 сарбазының, 93 бейбіт тұрғынының қаны төгілгенін, жаудың 7,5 мың сарбазының көзін жойғанын алға тартады. Ал, Әзербайжан тарапы 5 мыңдай армянның опат болғанын айтады. Қанша әзербайжанның қаны төгілгенін Баку жариялаған жоқ.

Иә, екі тараптың да өліспей беріспейтініне тарих куә. Өйткені, отыз жылдан бері жер дауы Әзербайжан мен Арменияның «бас ауруларына» айналды. Оның үстіне Таулы Қарабақтың саяси мәртебесі де әлі шешілмей келеді. Енді үшінші жақтың араласуымен Таулы Қарабақтың саяси мәртебесі айқындала ма, жоқ па, оған уақыт төреші.

Осындайда Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі еріксіз еске түседі. Даудың басы 30 жыл бұрын басталған. Әзербайжанның қарауынан шығып кеткен даулы аймақ 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялап, Таулы Қарабақ Республикасын құрды. Әрине, Таулы Қарабақ тәуелсіз ел ретінде өзінше отау тігіп отырмайтыны белгілі. Түпкі мақсаты алдымен Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін әлемге мойындатқызып, кейіннен Арменияға қосылу еді. Ереванның да ұстанған саяси ұстанымы осы. Ал, Таулы Қарабақ – әлемдік қауымдастық үшін Әзербайжанның бөлінбес бөлшегі. Дегенмен, екі тарап та отыз жылдан бері жан алысып, жан берісіп жатыр.

Рас, дауды қан төгіссіз шешуге бұған дейін де қадамдар жасалды. Мәселен, 1994 жылы Бiшкекте (Қырғыз Республикасы) Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжан арасында атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасалған-ды. Дегенмен, осы 26 жылдан бері Баку, Ереван және Степанакерт (мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының астанасы) «ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» ортақ бір шешімге келе алмай келеді.

Таулы Қарабақ қанды қырғын ошағына, ал әзербайжан мен армян халқы ата жауға қалай айналды?

Таулы Қарабақ аймағында әзербайжан мен армяндар бiрнеше ғасыр бойы бiрге өмiр сүрді. 1988 жылы Таулы Қарабақ автономды аймағы Әзербайжан КСР-ның құрамынан шығып, Армян КСР-ның құрамына кiру жөнiнде өтiнiш жасады. Әуелден бөлiнуге басты себеп – екi халықтың ұстанатын әртүрлi дiнiнде, Әзербайжанға бағынатын аймақта 75 пайыздан астам армяндардың (қазір бұл аймақта 99,7 пайыз армян тұрады) тұратынында болды. Бұған тіл, діл мәселесі тағы қосылды. Уақыт өте келе бұл мәселелер ұлтаралық араздыққа әкеп соқтырды. Бұрыннан тамыр жайған Таулы Қарабақ мәселесiн шеше алмаған күйi Кеңес Одағы ыдырап кеттi. Таулы Қарабақ аймағындағы халықтың төрттен бiрiн құраған әзербайжандар қудаланды. Армян күштерi Таулы Қарабақ аймағымен ғана шектелмей, оған жапсарлас жатқан Әзербайжан ауылдарын да басып алды. Сөйтiп, 1988-1994 жылдардағы қарулы қақтығыс кезінде Әзербайжан Таулы Қарабақ пен оған қарасты жеті ауданынан көз жазып қалды. Күні кеше сол жерлерінің басым бөлігін әзербайжандар азат етті.

Таулы Қарабақтағы 1988-1994 жылдар аралығындағы екiжақты әскери iс-қимылдан 30 мыңнан астам адам қаза тапты. 1994 жылы Қырғыз Республикасында Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжан арасында атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасалғанымен, Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас жатқан аймақтар Арменияның бақылауында қала бердi. Сондықтан Таулы Қарабақта ауық-ауық әзербайжан және армян күштерiнiң арасында қақтығыстар орын алып тұрады. Бүгін тоқтаған соңғысы ұзаққа созылды.

Айта кетейік, КСРО-ның шаңырағы шайқалған өткен ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысынан бастап бұрын алып империя құрамында өмір сүрген одақтас республикаларда ұлттық оқшаулану құбылыстары белең алды. Осылайша, 1988 жылы Әзербайжанның құрамынан Таулы Қарабақ, 1990 жылы Молдовадан Днестр бойы аймағы, 1990 жылы Грузия құрамынан Абхаз автономиялық облысы мен Оңтүстік Осетия автономиялық облысы бөлініп шығатынын мәлімдеп, қанды қақтығыстар орын алды. Әрине, бұл басқа тақырыпқа арқау болатын мәселе. 1994 жылы Қырғыз Республикасында даулы аймаққа айналған Таулы Қарабақта атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасалғанын жоғарыда айттық. Енді осы 26 жылдың ішінде Әзербайжан, Армения және Таулы Қарабақтың қандай қадамдарға барғанына тоқталсақ.

Рас, 5 мамырда Бішкек бiтiмгерлiк келiсiміне 26 жыл толды. Өкінішке қарай, Таулы Қарабаққа қатысты Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыста ара ағайындық міндетін атқарушы елдер таулы аймақтың даулы мәселесін саяси диалог арқылы бейбіт жолмен шеше алмады. Дегенмен, ол елдердің қақтығысқа қатысушы жақтарға басу айтып, бітімгершілікке шақырып, мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынғанын жоққа шығаруға болмайды. Ал, мәселенің тығырыққа тірелгеніне екі тараптың екі түрлі көзқарасы себеп болса керек. Өйткені, Әзербайжан мен Арменияның қазіргі ұстанымдары дәл Крыловтың арбаны шаян шөлге, шортан көлге, аққу көкке сүйреген мысалындағыдай болып тұр.

1997 жылғы баспасөз конференциясында Кеңес Одағының құрамынан бөлініп шыққан Арменияның 1991-1998 жылдардағы бірінші президенті Левон Тер-Петросян ара ағайындық міндетін атқарушы елдердің қос тарапқа даулы мәселені шешудің қандай жолдарын ұсынғанын айтқан еді. Айталық, Әзербайжанға Таулы Қарабақтың Лачин ауданынан басқа жерлері кері қайтарылады, ал Лачин ауданы Арменияның тарихи жері ретінде Ереванға оралады және мұсылман елінің құрамына қайта енетін автономиялық республикаға өзінің жеке көзқарасы бар арнайы мәртебе беріледі. Бірақ, сол жылдары Баку Ереванға Таулы Қарабақтың бір сүйем жерін де бермейтінін және аймаққа арнайы мәртебе беруге мүлдем қарсы екенін мәлімдеді. Содан алғашқы келіссөздер нәтижесіз аяқталды.

Жалпы, тоқсаныншы жылдардың ортасында Арменияға өтуі тиіс болған Лачин ауданының халқы 10 мың армян болса, жер көлемі 1,8 мың шаршы шақырымды құрайды. Ал, Баку жер көлемі біздің Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларын қосқанда бірдей болатын бүтін бір Лачин ауданын бергісі келмеді.

Арада 20 жыл өткеннен кейін де мәселені оңтайлы шешудің жолы ұсынылмады. Алайда, 27 қыркүйекте басталған қақтығысқа дейін барлық тарап «Мадрид ұстанымы» аталып кеткен келісіммен жұмыс жасады. Ол ұстаным бойынша Ереван Таулы Қарабақтың 5-6 ауданын (аймақта барлығы 10 аудан бар) қайтарады, ал Баку аймаққа арнайы мәртебе береді. Бірақ, қос тарап та мұнымен келіспейді. Оның үстіне өткен ғасырдың соңында өзінің бір ауданын бермеген Әзербайжан енді Арменияда 4-5 ауданды оңай қалдыра салмайтыны әу бастан белгілі еді. Армения да Таулы Қарабақтың 5-6 ауданынан бас тартып, Әзербайжанға қайтаруға жылы қабақ танытқан жоқ.

«Считаю важно удержать Карабах армянским. 3 000 лет он был населен армянами и спустя 3 000 лет он должен быть населен армянами», – деп жазыпты экс-президент Левон Тер-Петросян өзінің бір мақаласында.

Баку нақты қадамдарға бармаса, 30 жылға созылған дау кемінде әлі 40-50 жылға созылар еді. Содан Ильхам Әлиев те әкесі Гейдар Әлиевтің (Әзербайжанның 1993-2003 жылдардағы президенті) тағдырын қайталап, Таулы Қарабақты бүтіндей елге қайтара алмай биліктен кетер еді. Бірақ, кіші Әлиев 27 қыркүйекте батыл қадамға барды. Және әзербайжан халқының сеніміне селкеу түсірмеді. Сөйтіп, саясаттағы ғұмырын ұзарта алды. Ал, бұл соғыста ойсырай жеңілген Никол Пашинян армяндардың сенімін ақтай алмады. Енді биліктен кетуі ғажап емес.

Жерлері онсыз да кішкентай Кавказдағы қос елдің Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданымен жері бірдей Таулы Қарабақ үшін тартысына нүкте қойылғанына сенгіміз-ақ келеді.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің саяси шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here