Тарихи жеңіс немесе Елена Рыбакина неге Қазақстанды таңдады?

0
58

Елена Рыбакина 14 қыркүйекте әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Ол 2018 жылдан бері Қазақстанның ұлттық құрамасының намысын қорғап келеді. Әлемдегі ең үздік теннисші неліктен Ресей құрамасы сапында өнер көрсетуден бас тартып, Қазақстанды таңдады? Бүгін көптің көкейінде жүрген осы сұраққа жауап іздейміз.

ЖАСӨСПІРІМДЕР ДЕҢГЕЙІНДЕГІ ҚАДАМДАРЫ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Елена Рыбакина – 1999 жылы 17 маусымда Ресей астанасында дүниеге келген. Тенниспен бес жасынан бастап айналыса бастады. Жасөспірімдер арасындағы алғашқы дайындығын Мәскеудегі «Спартак» клубында өткізіп, сол жерде оның жаттықтырушыларының бірі Андрей Чесноков болды.

Жасөспірімдер деңгейінде Рыбакина көп ұзамай Ресейдің болашақ теннисшілерінің қатарына қосылды. 2017 жылы, жасөспірімдер арасындағы соңғы маусымында, ол Аустралия ашық чемпионаты мен «Ролан Гаррос» турнирінің жартылай финалына дейін жетті. Жасөспірімдер арасындағы мансабын қорытындылаған тұста ол әлемдік рейтингте үшінші орынға көтерілді.

2014 жылы Рыбакина ITF турнирлерінде өнер көрсете бастады. Ал, 2017 жылдың қазан айында Мәскеуде өткен Кремль кубогының негізгі кезеңіне қатысып, WTA турниріндегі дебютін жасады. 2018 жылдың ақпанында ол Санкт-Петербургтегі турнирдің іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, WTA жарыстарының негізгі кезеңіндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Елена Рыбакина сол кездесуде Тимея Бачинскиді (Швейцария) ұтып, артынша сол кезде әлемдік рейтингте жетінші орында тұрған Каролин Гарсиядан (Франция) басым түсті. Демек, 20-ға толмаған теннисшінің жасөспірімдер деңгейіндегі қадамдары жақсы өтті деген сөз.

«ҚАЗАҚСТАНҒА ӘР БАРҒАН САЙЫН ЕРЕКШЕ СЕЗІМГЕ БӨЛЕНЕМІН»

Қазақстан намысын қорғаған Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл тарихи жетістік маусымдағы «Үлкен дулыға» санатына жататын соңғы жарыс – US Open турнирі өтіп жатқан тұста жүзеге асты. Финалдық кездесуде 27 жастағы теннисші әлемнің бірінші ракеткасы, 28 жастағы Беларусь өкілі Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді. Рыбакина осылайша Соболенконың WTA рейтингінің көшін бастап тұрған 99 апталық кезеңіне нүкте қойып, әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді.

Елена Рыбакина әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілгеннен кейін, бұл жетістіктің Қазақстан үшін маңызы зор екенін айтып, өз ойымен бөлісті. Өйткені, Қазақстан тарихында алғаш рет осы елдің атынан өнер көрсететін теннисші әйелдер арасындағы жекелей сында әлемдік рейтингті басқарды.

«Бұл – тарихи сәт. Қазақстанның атынан өнер көрсететінімді мақтан тұтамын. Қазақстанға жол түскен сайын, қай қалаға барсам да, тенниспен айналысып жүрген балалардың көптігін көремін. Тенниске қызығушылық танытып, корттарға келіп жатқан балалардың қатары жылдан жылға артып келеді. Жастардың мені өздеріне үлгі тұтатынына таңғаламын. Бұл – адам өзіне сеніп, мақсатына беріліп, табандылықпен еңбек етсе, кез келген нәрсеге қол жеткізе алатынын көрсетеді. Әрине, мені көп адам құттықтап жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда емеспін, бірақ елге оралғанымда, бұл жетістігім үшін Қазақстанға міндетті түрде алғысымды білдіргім келеді. Қазақстанға әр барған сайын ерекше сезімге бөленемін. Өкінішке қарай, елге жиі бара алмай жүрмін. Дегенмен, бұл – Қазақстан үшін керемет жетістік деп ойлаймын».

US Open турниріндегі жеңісінен кейін Елена Рыбакинаны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былайша құттықтады: «Бүкіл Қазақстан Сіздің жетістіктеріңізді мақтан тұтады! Бұл жарқын жеңісіңіз алдағы жаңа спорттық белестерге жігер берсін, ал шеберлігіңіз Қазақстанның жас теннисшілеріне үлгі болсын».

ТЕННИСШІ НЕГЕ ҚАЗАҚСТАНҒА АУЫСТЫ?

Шын мәнінде, мұның себебі өте қарапайым еді. Отбасының кәсіби спортқа қажетті шығындарды өз күшімен өтеуге мүмкіндігі болмады, ал жаттығу үдерісін ұйымдастырудың өзі үлкен қиындықпен жүзеге асатын. Сол кезде Қазақстан Елена Рыбакинаның кәсіби мансабын дамытуға қажетті қаржылай қолдау көрсете алды. Елімізде тенниске миллиардер Болат Өтемұратов демеушілік жасап келеді. Осы қолдаудың арқасында Рыбакина кәсіби мансабын Қазақстанның атынан жалғастыруға мүмкіндік алды.

Енді бұл жерде тағы бір сауалға жауап іздеуге тура келеді: Рыбакина неге Ресейден қаржылай қолдау таба алмады?

Теннисшінің әкесі Андрей «НТВ-плюс» компаниясында жұмыс істеген. Оның бұрынғы әріптестерінің пікіріне қарағанда, айтарлықтай жоғары жалақы алмаған. Еленаның анасы да еңбек еткен. Күйеуінің айтуынша, екеуінің табысы шамамен бірдей болған. Яғни, отбасының қолында қомақты қаржы болмаған.

Көптеген дереккөзде Рыбакина 18 жасқа дейін жеке жаттығу жасамағаны, тек топтық жаттығулармен шектелгені айтылады. Бұл оның спорттық дайындығына қажетті ресурстардың жеткіліксіз болғанын көрсететін мысал ретінде келтіріледі. Өйткені, жеке жаттығу кәсіби спортшының шеберлігін жетілдірудегі негізгі тетіктердің бірі саналады. Онсыз жоғары деңгейге көтерілу қиын, ал мұндай жаттығулардың құны да әдетте ең қымбат болады.

2022 жылы Андрей Рыбакин «Спорт-Экспресс» басылымына берген сұхбатында мұның қалай болғанын түсіндірді. Олар Евгения Куликовскаядан жаттығу үшін «Спартак» клубына барған кезде, бапкер бірден жеке дайындық жүргізе алмайтынын ашық айтқан:

«Ол бізге шынын айтты: бізге жеке уақыт бөле алмайтынын, сондықтан бәрімен бірге топта жаттығатынымызды жеткізді. «Бағы жанып кетсе, жанып кетер» дегендей ұстанымда болды. Оның өзінің балалық шағында да жағдай осындай болған екен. Бағымызға орай, біз жақсы топқа түстік. Оның шамамен 80 пайызы Ресей құрамасының жүйесінен өткен балалар еді. Барлығының ынтасы жоғары болатын, нәтижеге жету үшін барын салатын. 12 жастан бастап жарыстарға белсенді қатыса бастадық».

Сонымен қатар, Рыбакин Куликовскаяға ерекше ризашылығын білдіреді:

«Ол жай ғана жаттықтырушы емес, ұстаз-жаттықтырушы болды. Меніңше, қазіргі таңда бұл өте маңызды. Ол балаларды ғана емес, ата-аналарды да тәрбиеледі».

Жоғары деңгейдегі жасөспірім спортшыларды дайындау жүйесін жақсы білетін кез келген адам аптасына бірнеше рет өткізілетін тек топтық жаттығулардың жеткіліксіз екенін түсінеді. Рыбакинаның жасөспірім кезіндегі жаттығу үдерісін ұйымдастыруға әлемдік рейтингте 35-орынға дейін көтерілген бұрынғы теннисші Евгения Линецкая да көмектескен.

Линецкая сол кезеңді былайша еске алады:

«Әкесінің ақшасы жоқ. Қыздың қабілеті керемет, бірақ қаржы тапшы. Демек, демеуші іздеу керек. Олар Мәскеуден шағын көлемде болса да ақша беруге дайын бір азаматты тапты. Бірақ, ол қаржыны тек сапарларға бөлетін. Жаттығуға емес, тек жарыстарға барып-қайту шығындарына ғана қаржы бөлді. Ал, корт иесі Рыбакина үшін алаңды тегін беріп тұрды. Кейін оның ойы не үшін өзгергенін білмеймін, Рыбакинаның әкесіне көңілі толмай қалды да, корт үшін енді басқалар сияқты ақы төлеу керек екенін айтты».

Яғни, Рыбакинаға тегін жаттығуға мүмкіндік табу, жалпы дене дайындығы мен басқа да қажетті жаттығуларды бюджетке сай ұйымдастырудың қандай да бір жолдары әлі де қарастырылатын. Ал, Мәскеудегі теннис корттарын күніне төрт сағаттан жалға алудың ақысын төлеуге мүмкіндік болмады. Осының салдарынан бұл ынтымақтастық та тоқтап қалды. Ал, Елена 18 жасқа толғанда, оның мансабына елеулі қолдау көрсете алатын жеке демеуші – кәсіпкер Аркадий Лифшиц пайда болды. Бұл оның жаттығу үдерісіне деген көзқарасты түбегейлі өзгертуге мүмкіндік берді.

«Лифшиц Сколководағы өзіне тиесілі корттарды бізге тегін пайдалануға берді, кейбір жарыстарымыздың шығынын өтеді, сондай-ақ фитнес-жаттықтырушы тауып берді. Ол – қазіргі бессайыстан әлемнің бес дүркін чемпионы Ирина Киселева. Біз оған да зор алғысымызды білдіреміз», – деп еске алды Андрей Рыбакин.

Оның айтуынша, Лифшиц уақыт өте келе жылына 100 мың доллар көлемінде қаржыландыру ұсынған. Бұл – кәсіби теннис жолында дамуға жеткілікті қомақты қаражат. Алайда, Рыбакиндер бұл ұсынысты қабылдамады. Өйткені, ол кезде олар Қазақстанға көшіп, қазақ елінің атынан өнер көрсету туралы шешім қабылдап қойған еді. Бұл шешім Еленаның кәсіби мансабын жалғастыруына жол ашты. Себебі, сол кезеңде қаржы тапшылығына байланысты теннисші АҚШ университеттерінің бірінде білім алу мүмкіндігін де қарастырған. Жасөспірімдер арасындағы жарыстардағы жақсы нәтижелерінің арқасында оған университет тарапынан стипендия ұсынылған еді.

РЕСЕЙДІҢ КҮЙІНІШІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СҮЙІНІШІ

Ресей теннис федерациясының президенті Шамиль Тарпищев Елена Рыбакинаны «біздің өніміміз» деп атаған. Алайда, сол кездің өзінде ол жас теннисшінің болашағынан айқын мүмкіндік көре қоймаған. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: Евгений Кафельников пен әлемдік рейтингте тоғызыншы орынға дейін көтерілген, Рыбакинаға көп көмектескен Андрей Чесноков секілді беделді мамандар оның орасан зор талантын мойындаса, онда Ресей теннис федерациясы неге оның кәсіби дайындығына қажетті қаржылай қолдау көрсете алмады?

Сырт көзге қарап, Ресей теннис федерациясының Рыбакинаға қаншалықты көмек көрсеткенін немесе бұл көмектің қаншалықты жеткілікті болғанын нақты бағалау қиын. Мәселен, Куликовскаяның өзі 2026 жылы Рыбакинаның Australian Open турниріндегі жеңісінен кейін берген сұхбатында былай деген:

«Ленаның «Біздің ақшамыз жоқ, сондықтан теннисті тастағым келеді» дегенін естіген де, көрген де емес. Иә, олар қаржы іздеуге тырысты. Шын мәнінде, біз, мектеп ретінде, оларға жаттығу үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырыстық. Оған мүмкіндігінше жан-жақты көмектестік, жаттығу үдерісіне қатысты қолдан келгеннің бәрін жасауға күш салдық.

Шынымды айтсам, оның әкесі кейбір жайттарды сәл бүркемелеп айтып жүр деп ойлаймын. Бәлкім, осылай айтқан оған оңайырақ шығар. Ата-ананың бәрі баласына бір нәрсе жеткіліксіз жасалды деп есептейді. Ал, мен жеке жаттықтырушы емеспін, мемлекеттік бюджет есебіндегі спорт мектебінде ресми түрде жұмыс істеймін. Сондықтан, спортшылармен үнемі бірге жүріп, жарыстан жарысқа еріп баруға мүмкіндігім жоқ. Мүмкіндік болған кезде онымен бірге жарыстарға жаттықтырушы Максим Сергеевич Канаков барып жүрді.

Белгілі бір кезеңнен бастап оның жаттығу үдерісі өте жақсы жолға қойылды. Әсіресе, 16 мен 18 жас аралығы өте нәтижелі болды. Шынымды айтсам, Ленаның дайындығын барынша жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін жанымды салып, қолымнан келгеннің бәрін жасадым».

Рыбакина 2022 жылы «Уимблдон» турнирінде жеңіске жеткеннен кейін Шамиль Тарпищев оны тіпті «біздің өніміміз» деп атады. Кейін ол бұл сөзін былай түсіндірді:

«Ол бізде 6 жасынан 18 жасына дейін жаттықты. Сонда біздің еңбегімізді қалай жоққа шығаруға болады? Бұл – бір нәрсені өзара тартысқа салу ғана. Қазақстанның еңбегін төмендетіп отырғаным жоқ, бірақ ол – біздің теннис мектебіміздің түлегі. Бізде өткен 12 жыл болмаса, ол қазір қандай болар еді? Білмеймін. Бұл пікірталастар кімге керек екенін де түсінбеймін. Мен болған жағдайды сол күйінде айттым. Дұрыс па, бұрыс па – оған баға беріп отырған жоқпын. Оның біздің мектептің түлегі екені анық. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Мен тек нақты фактілерді айтып отырмын. Ал, әрі қарай кім қалай ойлағысы келсе, солай ойласын. Бұл әңгімені қанша жерден ушықтырса да, енді мені алаңдатпайды».

Тарпищевтің сөз саптауы, әсіресе «өнім» деген сөзі көпшіліктің наразылығын туғызды. Бұл сөз Рыбакинаның әкесіне де ауыр тиген:

«Одан да «биомасса» деп айтса ғой. Өкінішке қарай, бізде адамдарға деген көзқарас осындай», – деді ол.

Қазақстанның атынан өнер көрсетуге ауысқан Александр Бубликтің әкесі де осыған ұқсас пікір білдірген-тұғын. Ол мынадай оқиғаны еске алады:

«Біз Қазақстанға ауысқаннан кейінгі келесі күні Саша матч өткізді. Ал, біз Болат Өтемұратов екеуміз трибунада отырдық. Бір кезде ол маған Ресей теннис федерациясының президенті Шамиль Тарпищевтен келген SMS-хабарламаны көрсетті: «Болат, Бубликті қайтар».

Мен сонда: «Саша не, чемодан ба? Әлде жоғалған жүк пе? Бұл қалай болғаны?» – деп, шамданып қалдым.

Ол мұны маған жазып отырған жоқ. Ол федерация президентіне жазып отыр. Яғни, Бублик біреудің қолындағы зат секілді. Ал, сен Бубликтің өзінен оның қайтып барғысы келе ме, жоқ па деп сұрадың ба? Бұл тұтынушылық көзқарас па? Бұл жай ғана тұтынушылық көзқарас емес. Бұл – барып тұрған сорақылық. Тарпищевтің ойыншыларға деген қарым-қатынасы да осындай».

Рыбакина Тарпищевтің оны «өнім» деп атаған сөзіне қатысты пікір білдіріп, былай деген еді:

«Жасөспірімдер теннисінен кәсіби спортқа өту – өте күрделі кезең. Бұл уақытта мықты команда қажет. Сондықтан, оны дайын өнім деп атауға болмайды».

Ендеше, Рыбакинаның жасөспірімдер теннисінен кәсіби деңгейге өту кезеңін неге Ресей емес, Қазақстан қаржыландырды?

Тарпищев бұл жағдайдың себебін жалпы түсіндірген. Оның айтқандарын қысқаша түйіндесек, мынадай картина қалыптасады:

Балалар теннисінің жаттықтырушылары көптеген талантты спортшыларды тәрбиелейді. Ресей теннис федерациясының олардың барлығына бірдей қолдау көрсетуге қаржылық мүмкіндігі жоқ.

Рыбакин бұл екі тұжырыммен де жалпы алғанда келіседі:

«Бір жағынан, олар осындай бәсекелестік ортаны қалыптастыра алғаны үшін жарайды деймін. Федерация президентінің өзі де кезінде көп игі іс атқарды. Бірақ, екінші жағынан, бұл менің жеке пікірім, олар өткен кезеңде қалып қойды. Ал, заман өзгерді. Осы жағдай әрі қарай дамуға кедергі келтіреді», – дейді ол.

Тағы бір маңызды жайт – Рыбакин Ресей теннис федерациясына қаржылай қолдау сұрап жүгінген. Федерация тарапынан мұндай көмек көрсетуге дайындық та болған. Алайда, ұсынылған қаржы көлемі мен шарттары Рыбакиндер отбасының көңілінен шықпаған.

«Бір кезде федерация маған Ленаның атына келісімшарт жіберді. Бірақ, оны оқып шыққанымда, көңілім түсіп кетті. Келісімшарттың мәнін елге белгілі бір-ақ ауыз қанатты сөзбен жеткізуге болады: «Ақша жоқ, бірақ шыдаңыздар», – деген еді ол.

Бұған қоса, келісімшарт бойынша Рыбакина Ресей теннис федерациясы ұсынған жаттықтырушымен жұмыс істеуі керек болған. Яғни, кәсіби теннистегі барлық ірі жетістіктеріне бірге жеткен, өзіне әбден таныс Стефано Вуковпен емес, федерация бекіткен маманмен жұмыс істеу қарастырылған. Дегенмен, Рыбакин Ресей теннис федерациясына қысым жасап, өзіне тиімдірек шарттарға қол жеткізуге болатынын да мойындаған. Бірақ, ол мұндай қадамға бармады.

Десек те, «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген сөз тегін айтылмаса керек.

РЕСЕЙ ТЕННИС ФЕДЕРАЦИЯСЫ ЕЛЕНАНЫҢ ТАЛАНТЫН НЕГЕ ДЕР КЕЗІНДЕ БАЙҚАМАДЫ?

Бұл мәселеге Куликовская да пікір білдірген. Оның айтуынша, Рыбакинаның жасөспірімдер арасындағы нәтижелері жаман болмағанымен, сол кезеңде ол бәсекелестікте алдыңғы қатарға шыға алмады:

«Лена қаржылай көмек сұраған кезде Потапова одан жоғары тұрды, Блинкова одан жоғары тұрды, Калинская да жоғары орында болды. Ал, олардың өздеріне де қомақты қаржылай қолдау көрсетілген жоқ. Қаржы кейінірек пайда болды. Дәл сол уақытта федерацияның мұндай мүмкіндікке шамасы келмеді. Ал, сәл уақыт өткен соң ойыншыларға қолдау көрсете бастады. Мұнда Шамиль Анвяровичтің қандай қатысы бар? Ол бұл жағдайда не істей алар еді?» – дейді ол.

Сонымен қатар, Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польскийдің мына сөзі де назар аударуға тұрарлық:

«Шамиль Тарпищев 2019 жылы Рыбакинадан болашақ көрмейтінін айтқан кезде, біз Ленаның дамуына көмектескенімізге неге ренжуіміз керек?».

Әрине, бәрін кейіннен саралау оңай. Рыбакинаның әлеуеті Калинскаяның да, Блинкованың да, Потапованың да мүмкіндігінен жоғары болып шықты. Айта кетейік, Потапова да кейін спорттық азаматтығын ауыстырды, алайда оның бұған келуіне басқа себептер әсер етті.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Басынан өткерген барлық қиындықтар мен күрделі жағдайлардан кейін Рыбакина өз дарынын Қазақстанда толық аша алды. Сол кездегі жағдайларды ұмытпай, бүгінде өзі де жасөспірім теннисшілерге қолдау көрсетіп келеді. Рас, бұл жолы ол қазақстандық жас спортшыларға көмектесуде.

2023 жылы Елена Рыбакина 14 жас теннисші қыздың әрқайсысына шамамен 6 мың доллардан қаржылай қолдау көрсетті.

«Тенниспен енді ғана айналыса бастаған кезде, мұндай көмек мен үшін үлкен қолдау болды. Федерация да маған көмектесті. Сондықтан, мен оларға алғысымды осылай білдіргенім жақсы мүмкіндік болар деп ойладым. Оның үстіне, жас қыздардың қандай да бір қолдауға ие болғаны маңызды деп санаймын. Өйткені, бұл жол барлығына да оңай емес», – дейді Елена.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here