Made in KZ: Орасан игілік – отандық өндірісте

0
2688

Әртараптанған және технологияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес, біз үшін бұдан басқа жол жоқ. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауынан

«Алақай» деген тамаша сауда маркасымен 2010 жылы тәтті тоқаштар шығара бастаған «Текелі кондитер» зауытына да 10 жылдың жүзі болды. Осы жылдар ішінде еш іркіліссіз жұмыс істеп, нарықтан өз орнын таба білген кәсіпорында бүгінде 50-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Нарық заңында басшылыққа алынатын «бәсекеге қабілеттілік» деген, міне осы! Бұл – кәсіпорынды кәсібилікпен басқарудың, сонымен бірге, тұтас ұжымның береке-бірлікпен еңбек етуінің нақты нәтижесі.

«Металлург» шағынауданында орналасқан кәсіпорын күніне 1-1,5 тонна тәтті тоқаш өндіруге қауқарлы. Мұнда «Алақай» сауда белгісімен тәтті тоқаштың 12 түрі шығарылады. Өнімдер Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен қалаларына жөнелтіледі, қаламыздағы барлық азық-түлік дүкендерінде сатылады. Қала тұрғындары дәмді де сәнді тоқаштарды күнделікті тұтынумен бірге, сыйлы қонақ дастарқанына, сәлем-сауқатқа өзіміздің жергілікті өнім ретінде пайдаланады. Бір сөзбен айтқанда, «Алақай» өнімдеріне сұраныс бар және ол ешқашан құлдыраған емес.

Мың құбылған нарықтан өзіне лайықты өріс ашып, қиындықтарды еңсере отырып, нық қадаммен алға ілгерілеп келе жатқан кәсіпорын болашағына қызметкерлер сеніммен қарайды, күнделікті табысын тауып жүрген кәсібін сүйеді. Сондықтан да, олар жұмысқа сергек шығып, үйге көңілді оралады. Ұжымның береке-бірлігі бекем.

Өнімділікке серпін беріп келе жатқан бірліктің, сенімнің орасан зор рөлі жайында кәсіпорын директокторы Талғат Төңкеріс былай дейді: «Әрине, қызметкерлердің мүддесін үнемі назарда ұстаймыз. Тұрақты және лайықты жалақы – олардың өз кәсіпорнына деген сенімі мен жауапкершілігінің негізі. Айта кетерлігі, пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде үйде отырған қызметкерлермен үнемі байланыста болып, оларға кәсіпорын қорынан азық-түліктер, ұн, сұйық май үлестіріліп, көмек көрсетілді. Міне, осындай адамгершілікті ұстаным, риясыз көмек қызметкерлерді өз кәсіпорнына жақындата түседі. Осында еңбек ететіндердің бәрі қаламыздың тұрғындары. Олар жақын жерден табыс тауып, балашағасының, отбасының қасында болғанына дән риза. Халқымызда «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дейтін сөз бар ғой. Жақындағы жұмыс адамды көп мүмкіндіктерге жақындата түседі. Айталық, олар бос кезінде саяжай
баптап немесе басқа да қосымша жұмыс істеуіне уақыт табады. Жан қалауын тапқан адам жігерлі, белсенді болып келеді».

Кәсіпорын, сондай-ақ, өндірісті жаңа технологиямен жабдықтап, өнімділікті арттыруға баса мән беруде. Бұл туралы Т.Төңкеріс: «Зауыт алғаш ашылған кезде жұмыстар негізінен адам күшімен, қолмен істелді. Қызметкерлердің саны да біршама көп болды. Десе де, уақыт өте келе барлығы сұрыпталып, еңбеккүшке деген қажеттілік пен түсетін табыс арасындағы теңгерімділік негізінде қызметкерлерді лайықты еңбекақымен тұрақты қамтамасыз етуге күш салынды. Ол үшін өнімділігі жоғары, үнемді жаңа технология қажет болды. Осы мақсатта 2018 жылы кәсіпорын өз қаржысына Ресейден тоқаш пісіруге арналған арнайы пеш сатып алып, іске қосты» деп, заманауи құрылғының уақытты үнемдеп, жұмысты барынша жеңілдете түскенін алға тартты.

Пештің ұзындығы 32 метрді құрайды. Арнайы құраммен иленген қамыр компьютерленген технологияның басқаруымен автоматты түрде белгілі өлшеммен және көлеммен жылжымалы табаларға түседі. Табалар содан ары бірінен соң бірі ыстық пеш ішіне қарай жылжып, әр 12 минутта 70 кг қамыр пештің екінші жағынан хош иісі аңқып, біркелкі қызыл сары болып піскен дәмді тоқаштарға айналып шыға келеді. Содан соң «Алақай» маркалы қапшықтарға, қораптарға салынып, дүкен сөрелеріне, тұтынушыларға жол тартады.

Бәрін өзің өндіре алған кезде ғана өз қолың өз аузыңа жетеді. Шынайы қуанғанда ғана айтылатын «алақай» дейтін бала тілінің мәні де осында секілді…

Мемлекет басшысы Жолдауында баса маңыз берген – азық-түлік, киім-кешек, тіпті басқа да тұтыну бұйымдарын өндіретін ауыр және жеңіл өнеркәсіпті өзіміз меңгеріп, халқымызды өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуден асқан қандай игі іс болмақ. Басында таңдаған бағытымыздан адаспай, алға қойған ұлы мақсатымызға енді ел болып кірісетін кез келді. Мемлекетімізде бұған қажетті барлық мүмкіндіктер бар.

Ұлжан Ұлдаханқызы, Текелі қаласы әкімінің Баспасөз хатшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here