ҚазҰУ-да биотехнологиялық зерттеулерге арналған заманауи алаңдар ашылды

0
244

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасында 2036 жылға дейін биотехнологияларды дамытудың перспективалары» тақырыбындағы дөңгелек үстел аясында «MicroBiotech» сынақ зертханасы мен «OLAB BIOTECH» ғылыми-өндірістік алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ауқымды шараға ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, жетекші ғалымдар, сала сарапшылары, индустриялық серіктестер және жас зерттеушілер қатысты. Жаңадан іске қосылған нысандар қолданбалы зерттеулер аясын кеңейтуге, отандық биотехнологиялық әзірлемелерді өндіріске енгізуге және ғылым мен бизнестің байланысын нығайтуға бағытталған.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов бұл бастамалардың университет пен нақты экономика секторы арасындағы интеграцияны жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи алаңдар озық биотехнологияларды тәжірибеге енгізуге және жоғары білікті отандық кадрларды даярлауға серпін береді.

Аумағы 65 шаршы метрді құрайтын «MicroBiotech» сынақ зертханасы ҚР Ұлттық аккредиттеу жүйесінде тіркелген. Мұнда заманауи микробиологиялық және молекулалық-биологиялық жабдықтардың көмегімен биологиялық материалдарға кешенді талдау жасалып, олардың тазалығы бағаланады. Зертхананың негізгі ғылыми бағыттары экологиялық мониторинг жүргізуді және мұнай беру коэффициентін арттыруға арналған биотехнологиялық тәсілдерді әзірлеуді қамтиды.

Екінші ғылыми алаң – аумағы 30 шаршы метрді құрайтын, косметикалық өнімдерді әзірлеуге маманданған «OLAB BIOTECH» зертханасы. Бұл орталықта университет ғалымдары өнім құрамын әзірлеуден бастап, оларды сериялық өндіріске енгізуге дейінгі жұмыстарды атқарады. Сонымен бірге қос ғылыми алаң білім алушылардың практиалық даярлығын арттыруға және ғылыми-өндірістік жобаларды жүзеге асыруға арналған негізгі базаға айналады.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here