Еркек қорлайды, мемлекет қорғайды

2
3587

Ана – өмірдің тірегі, соғып тұрған жүрегі. Ана – ізгіліктің өзі, игіліктің көзі. Ана – әрбір шаңырақтың шырайы, ырысы мен тынысы, берекесі мен мерекесі. Бір қолымен ақ бесігін тербететін әз аналарымыз екінші қолымен әлемді тербетеді. Олай дейтініміз, мынау жарық өмірге сәбиін әкелетін ана сол перзентінің алаңсыз өмірін, шат тірлігін, бақыты мен қуанышын тілейді. Тек қана баласының ғана емес, бүкіл әлемдегі бейбітшілікті, татулық пен бірлікті, ұлтаралық жылы қарым-қатынасты қалайды. Арайлап атқан таңнан, шұғыласын шашқан күннен, жаңадан туатын айдан жақсылықты тілейді. Өмірге әкелген ұрпағының, айналасындағы адамдардың алаңсыз өмірін, бақыты мен қуанышын аңсайды. Дегенмен, елімізде ана мен бала құқығына қатысты көңіл толмайтын келеңсіз тұстар да аз емес.

«Біз сот төрелігінің шектен тыс және репрессивті шаралары мен қатал жазалау тәжірибесінен алшақтадық. Алайда, елімізде көптеген ауыр қылмыс әрекеттері бар. Біз заңнаманы ізгілендірумен айналысып, азаматтардың негізгі құқықтары туралы ұмытып барамыз. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тасымалдау, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейту қажет. Бұл менің Үкіметке беретін тапсырмам».

(Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Жолдауынан).

Әлемдегі дамыған отыз елдің қатарынан көрінуге бет алған Ұлы дала еліндегі үлкен мәселелердің бірі де осы. Отбасындағы зорлық-зомбылық бұл қазіргі қоғамдағы көкейтесті мәселе. Одан көбінесе шын мәнінде нәзік жандылар зардап шегуде.

Рас, сөз шындығынан бұзылмайды. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың орын алуына көп жағдайда үйдегі ер азаматтың ішімдікке тәуелді болуы, маскүнемдік дәрежеге жетуі негізгі фактордың бірі болып саналады. Соның нәтижесінде шаңырақ шайқалады, еш кінәсіз балалар зардап шегеді. Ең өкініштісі, зорлық-зомбылықтың соңында өте ауыр қылмыстар орын алады.

Ана мен бала құқығының аяқ асты болуының нәтижесінде елімізде жаңа форматтағы мекемелердің жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбеюіне алып келді. «Аналар үйі» атауымен құрылған орталықтар қазір еліміздің барлық аймағында бар. Статистикаға сүйенсек, бүгінде 18 қалада 21 «Аналар үйі» жұмыс істейді. Алғашқы орталықтар Нұр-Сұлтан мен Алматыда ашылды. Оңтүстік астанадағы «Аналар үйінің» жетекшісі Сәния Әренованың айтуынша, орталықтан пана сұрайтын нәзік жандылар саны жыл сайын артып келеді екен.

Сәния Әренова, «Аналар үйінің» жетекшісі

«Біз айына орта есеппен 40 әйелді қабылдаймыз. Біздің орталық жөргектегі сәбиі бар далада қалған аналарға уақытша баспана беріп, жаңа өмір бастауға жол көрсету, көмектесу мақсатында жұмыс істейді. Сәбиінен бас тартқысы келетін келіншектерге де көмектесіп, ойын өзгертуге тырысамыз. Оған қоса жүкті болып қалған жас қыздарға да көмектесеміз. Бүгінде бізде 170 ана тұрып жатыр. 2013 жылдан бастап аналар үйі 4 700-ден астам анаға көмектесті. Жалпы көмекке зәру деген аналарға, жас қыздарға барынша көмек қолын ұсынамыз, білім алуына, жұмыс жасауына жәрдем береміз», – дейді Сәния Сұлтанхамитқызы.

БҰҰ жанындағы ЮНИСЕФ-тің 2018 жылғы мәліметінше, еліміздегі 3-9 жас аралығындағы әр үшінші бала тұрмыстық қысым көрген. Елімізде кәмелеттік жасқа толмаған балалар үйінде тәрбиеленетін жетімдердің саны 53 мыңнан асады. Онда әр екінші жетім қысым көреді. Айтылған тәрбиеленушілердің басым бөлігі тірі жетімдер. Қалғаны әлеуметтік жетімдер, яғни ата-ана құқығынан айырылған адамдардың балалары. БҰҰ-ның мәліметінше, 2013-2020 жылдар аралығында 4 280 ана баласынан бас тартпақ болған. Мұндай статистикаға әсер еткен себептердің негізгісі елдегі әлеуметтік жағдай және ана мен бала құқығының сақталмауынан деседі.

Балалар құқығы көптеген салада ескерілмейтінін ашық айтады сарапшылар. Мысалы, статистикаға сенсек, елімізде кәмелетке толмағандарға қатысты соңғы бес жылда 4 836 зорлық фактісі тіркелген. Оның тек 39 пайызына немесе 1 868-іне қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығыпты.

Айта кетейік, Президенттің тапсырмасымен осы саладағы қылмысқа қатысты жаза күшейтілді. Яғни, кәмелетке толмағандарға жасалған зорлықтың жазасы орташа ауыр деңгейден ауыр деңгейге өзгертіліп, 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы күшіне енді.  

Дина Таңсәрі, «Не молчи» ұйымының негізін қалаушы

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы құрылған «Не молчи» ұйымының негізін қалаушы Дина Таңсәрінің айтуынша, ұйымның жедел желісіне отбасында зорлық көрген, құқығы тапталған орта есеппен 40 нәзік жанды хабарласады екен. Белсендінің мәліметінше, 4 жылдағы кешенді және жүйелі жұмыс арқылы жүздеген қазақстандық әйелдің құқығы қорғалған. Сот процесіне де өкіл болу арқылы қатысып, 52 зорлықшы қылмыстық жауапқа тартылған. Ал, жәбір көрген әйелдер қандай заң барын, өз құқықтарын қалай қорғау керектігін білмегендіктен, көп жағдайда қылмыс жылы жабылып қалатын көрінеді.

«Бұдан былай зорлық құрбандары үнсіз қалмайды, осылайша қоғам зорлықтың шектен шыққан формасын көрді. Балалы әйелдер өздерінің агрессор серіктестерінің тұтқынына айналды. Зорлық-зомбылық құрбандарының мәлімдемесі арқылы және қоғамның заңды өзгерту туралы талабынан соң Үкімет пен депутаттар зорлықшының жазадан сытылып кететінін, тараптардың оңай ымыраға келетінін байқады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын заң әзірлеуді тапсырды. 2020 жылдың басында зорлау қылмысы ауыр санатқа ауыстырылды және жаза мерзімі ұзартылды. Қазір де Парламентте еліміз үшін маңызды заң – Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл заңы қаралып жатыр», – дейді Дина Таңсәрі.

Қоғам белсендісінің сөзінше, құқығы тапталған ана мен зорлық көрген балаға құқық қорғау органдары толыққанды көмек көрсетпейді. Өйткені, зорлық-зомбылық істерінің көбі «айғақ, дәлел толықсыз» деп жабылып қалады екен. Тағы бір ақпар, еліміздегі зорлық статистикасы жыл сайын артып келеді. Нәтижесінде, Қазақстан ТМД елдері арасында зорлау фактісі бойынша бірінші орынға шыққан. Елімізде аталған проблемамен күрес мақсатында «Жол Картасы» бағдарламасы аясында жыл сайын қомақты қаражат бөлініп отырады. Бірақ, ол тиімді игерілмей отырған көрінеді. Оның айтуынша, жыл сайын бөлінетін 15 млрд теңге жәбірленушілердің құқығын қорғауға, өмірін жаңадан бастауға дұрыс жаратылмайды. Бұл саладағы қаражат Батыс елдерінің жүйесімен жұмыс істесе ғана нәтижелі болмақ. Яғни, қаражаттың бөлінуінен бастап, соңғы тиынына дейін арнайы сайтта ашық көрсетілуі керек.

Үкіметтік емес ұйымдар мен белсен­ді­лер мәселені ашық айтып, қоғамда жан-жақты талқыланғанымен, қылмыс саны азаймай тұр. Соңғы 5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтірудің деректері 2 есе өсті. Ал, орташа зақым келтіру 6 есе артқан. Яғни, бізде әйелінің қолын, аяғын сындыру қалыпты деген сөз. Пандемия кезеңі жағдайдың қаншалықты қиын екенін көрсетіп берді. Қазір балаларға қысым көрсету шарықтап тұр. Өзіңіз ойлаңызшы, карантин кезінде алкогольді ішімдік саудасы 43 пайызға өскен. Төтенше жағдайлар кезінде қоғамдық орындардың жұмыс істемегенін ескерсек, ішімдік үйде ішілді. Одан кейін отбасы мүшелерінің мазасын алу, тиісу, ұрып-соғудың болғаны айтпаса да түсі­нік­ті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Ішкі істер министрлігіне тапсырма беріп, ана мен баланы зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелердің жұмысын жақсартуды тапсырды. Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдар, мектеп, әкімшілік және учаскелік полиция бірлесіп, мақсатты жұмыстар жүргізсе, әйелдерге қатысты заң бұзушылықтың алдын алуға болатынын айтты. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасы әзірлеген 14 жаһандық индикатор негізінде адам құқықтарын сақтау бойынша бағалау жүйесінің Ұлттық индикаторларын кезең-кезеңімен енгізуді жолға қою ұсынылды. Нәзік жандыларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету мәселелесі де әлеуметтік түйінді проблема ретінде қарастырылуда.

«Жыл сайын елімізде әйелдерге қатысты 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеледі. Оның ішінде адам өліміне алып келетін жағдайлар да бар. Бұл өткір мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың күш біріктіруі қажет. Бұл ретте Ішкі істер министрлігіне қарасты 1999 жылы құрылған әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер маңызды рөл атқарады. Аталған бөлімшелер полиция мен азаматтық қоғамның арасында дәнекер болуы керек. Алайда, кезінде олардың штаттық саны, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі тіркелетін аймақтарда екі есеге дейін қысқартылды. Ішкі істер министрлігіне әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелердің штатын қайта қалпына келтіруді тапсырамын», – деді Мемлеткет басшысы үстіміздегі жылдың 24 ақпанында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында.

Жақында ғана Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Смайылов әр туған балаға бір реттік берілетін көмекті 4,2 млн теңгеге өсіру керектігін ұсынды. Өйткені, ЮНИСЕФ-тің мәліметі бойынша, еліміздегі балалардың 15,6 пайызы немесе 1 млн бала табысы төмен отбасыларда тұрады. Сонымен қатар, 500 мың толық емес отбасы бар. Осы заң орындалған жағдайда әрбір шаңырақ қиындықсыз өмір сүреді.  Себебі, балалар – болашақтың капиталы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Зорланған әйел. Қорланған әйел. Еңірегенде етегі жасқа толған да әйел. Тиран еркек қанша әйелдің болашағына балта шапты. Қанша баланы анасыз қалдырды. Күйеуінен таяқ жеген әйелдер туралы ақпаратты жиі естиміз. Мұндай жаңалықты есту де, жазу да, айту да қиын. Бірақ, естуге де, жазуға да, айтуға да тура келеді. Өйткені, елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәліметке көз жүгірткен адамның төбе шашы тік тұрады. Айталық, Қазақстандағы әрбір әйелдің үшеуі, әрбір баланың екеуі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болады екен. Еркектің әйеліне, әке-шешенің перзентіне қол көтеруі үйреншікті жағдайға айналған. «Ауру қалса да, әдеттің қалмайтыны» да рас. Ал, қол көтеру сияқты жаман әдеттің арты адам өлімімен аяқталатынын да жоққа шығара алмаймыз.

Өкінішке қарай, «ауруын жасырған өлетінін» күйеуінен таяқ жеп жүрген көп әйел білмегенімен, мемлекет оны жақсы біледі. Содан тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресіп келеді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты мысалдарды жоғарыда келтірдік. Заң да қатаңдатылды. Мәселен, ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, енді үнемі ұрып-соғу болса, онда қылмыстық кодекстің 110-бабы (азаптау) қолданылады. Аталған бап бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Яғни, бұрынғыдай «менің отбасымда шаруаңыз болмасын» деуге жол берілмейді. Оның үстіне бұл мәселе Президенттің жеке бақылауында тұр. Күн тәртібіндегі мәселені Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі көтеріп, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді, мәселені шешудің кешенді шараларын жүзеге асыруды тапсырды. Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы Заң да қабылданғалы жатыр.

Индира БІРЖАНСАЛ, саяси шолушы

2 Пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here