Мемлекет басшысының Жолдауында атом энергетикасын дамыту Қазақстанның энергетикалық саясатының басым бағыттарының бірі ретінде атап көрсетілді. Елде бірнеше атом электр станциясын салу электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге, энергия тапшылығын болдырмауға және экономиканың тұрақты дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Қазақстан уран қоры бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарында. Сондықтан уранды тек экспорттық шикізат ретінде емес, еліміздің ұзақмерзімді энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс ретінде қарастырған жөн. Мемлекеттік уран қорын қалыптастыру болашақ атом электр станцияларын қажетті отынмен қамтамасыз етіп, Қазақстанның энергетикалық дербестігін күшейтеді.
АЭС салу барысында қауіпсіз әрі заманауи технологияларды енгізуге ерекше мән берілуі қажет. Шетелдік компаниялармен ынтымақтастық тек станция құрылысымен шектелмеуге тиіс. Серіктестер Қазақстанда жоғары технологиялық өндіріс орындарын ашуға, ғылыми тәжірибелерімен бөлісуге және отандық мамандарды даярлауға атсалысуы керек. Бұл елімізде атом саласының білікті кадрларын қалыптастырып, ғылым мен өндірістің дамуына жаңа серпін береді.
«Балқаш» және «Мойынқұм» атом электр станцияларын салу жөніндегі бастамалар мемлекеттің энергетикалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға ұмтылысын көрсетеді. Алайда, мұндай ірі жобаларды жүзеге асыру кезінде экологиялық қауіпсіздік, халықтың денсаулығы және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бірінші орында тұруы тиіс. Қоғамға жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы нақты әрі ашық ақпарат беріліп, құрылыс пен пайдалану үдерісі мемлекеттік бақылауда болуы қажет.
Атом энергетикасын дамыту – тек электр энергиясын өндіру мәселесі емес. Бұл – ғылымды ілгерілетуге, жаңа технологияларды игеруге, жоғары білікті мамандар даярлауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін кешенді бағыт. Сондықтан шетелдік серіктестермен жасалатын келісімдерде Қазақстанның ұлттық мүдделері, технологияларды беру, өндірісті жергіліктендіру және отандық мамандардың қатысуы толық ескерілуі тиіс. Осындай жауапты әрі жан-жақты көзқарас атом энергетикасын еліміздің тұрақты дамуының сенімді негізіне айналдырады.
Нұрзада БЕЙСЕН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор
Асел КЕНЖЕТАЙ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
8D05306 – Физика білім беру бағдарламасының
1-курс PhD докторанты









