Барыс жылының басты спорт сайыстары

0
2680

Биылғы жылдың басты спорттық додаларына 4-20 ақпан күндері Бейжіңде (Қытай) өтетін 24-ші қысқы Олимпиада ойындары мен 21 қараша – 18 желтоқсан аралығында Катарда өтетін футболдан 22-ші Әлем чемпионатын жатқызуға болады. Оның сыртында ондаған құрлықтық, әлем чемпионаттары тағы бар. Ал, еліміз жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы Әлем чемпионатын (Нұр-Сұлтан), стендтік атудан Азия чемпионатын (Алматы) және волейболдан клубтар арасындағы Азия чемпионатын (Семей) қабылдайды.

Санаулы күндерден кейін Қытай астанасында қысқы Олимпиада ойындарының алауы жағылады. Ал, төрт жылдықтың басты додасын қабылдау мүмкіндігіне ие болуға, яғни ақ Олимпиада астанасы атануға біздің Алматы 2015 жылы бір табан жақын болғанын айтсақ артық болмас. Сол жылы ақтық бәсекеде Қазақстанның ең ірі қаласы оған дейін жазғы Олимпиаданы сәтті өткізген Бейжіңге бар болғаны төрт ұпаймен ғана жол берді.

Әрине, Олимпиада астанасы атану оңай емес. Ондай мақсатқа жетер жол тым ұзақ. Ол үшін алдымен құрлықтық және студенттік ойындарды өткізіп, біраз тәжірибе жинақтау керек. Ал, азаттық алған отыз жыл адам үшін елеулі уақыт болса, бұл тарлан тарих үшін қас-қағым сәт қана. Соның өзінде осынау қысқа мерзім ішінде тәуелсіз еліміз қысқы спорт түрлерінен ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Соның екі дәлелі – Нұр-Сұлтан мен Алматы 2011 жылы ақ Азиаданы, Алматы 2017 жылы ақ Универсиаданы қабылдады.

XXIII қысқы Олимпиада ойындарының жалауы 2018 жылы Пхёнчханда (Оңтүстік Корея) желбіреді. Қазақстан аламанға 44 жүйрігін қосты. Бұл жолы Денис Теннің Сочидегі жетістігін Өскемен тумасы Юлия Галышева қайталады. Фристайл-могулдан Юлия Галышева ел қоржынына қола жүлде салды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here