Сыршылдық пен суреткерлік Сырбайы    

0
788

17 қыркүйекте Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы Сырбай Мәуленовтің туғанына 100 жыл толды. Мерейтойға орай Ыбырай Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейінде «Сыршылдық пен суреткерлік Сырбайы» тақырыбында әдеби кеш өтті.

Арнайы ұйымдастырылған іс-шараға Сыр-ағаның көзін көрген, қызметтес, жолдас болған ҚР Жазушылар одағының Қостанай облыстық филиалының төрағасы, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбек, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Серікбай Оспанұлы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, жазушы, публицист Ақылбек Шаяхмет сынды жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысы.

Кеш барысында Жанұзақ Аязбек Сырбай Мәуленовтің журналистикадағы, оның ішінде «Большевиктік жол» (қазіргі «Қостанай таңы») облыстық газетте қызмет еткен жылдарындағы жарқын істеріне тоқталды.

«Облыс үшін биыл айтулы даталар. Алаш көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, облыстық «Қостанай таңы» газетіне 100 жыл және жазушы, ақын, публицист, журналист Мұхамеджан Сералинге 150 жыл. Міне, осы мерейтойлар тізбегіне біз көзін көрген Сырбай Мәуленовтің 100 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келіп отыр. Осы үш тұлға журналистика саласында қажырлы қызмет еткен жандар. Сырбай Мәуленовтің өзге ақындардан ерекшелігі – ешкімге ұқсамайтындығында еді. Сырбайдың өлеңдерін оқып отырғанда қолданған теңеулеріне таңдай қағасың. Көзі тірісінде-ақ «классик» атанған ақын. Журналистика саласына ойыссам, қазіргі таңда тың жатқан тақырып дер едім, кезінде айтылса да, Сырбай Мәуленовтің көсемсөз жанрындағы туындыларының зерттелінуі кемшін. Әлі ешкім зер салып зерттемеген, терең бойламаған  ол бағытына. Жігерлі кісі болатын. Соғыстан ауыр жарақат алып, елге оралған соң облыстық газетке қызметке тұрып, бөлім меңгерушісі, кейін бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. 1985 жылы Серікбай, Ақылбек үшеуіміз сапарлас болдық. Сонда Сыр-ағаның ауызын бағумен болдық. Ол кісі есті, өнегелі, өрелі естелік әңгімелерді жақсы айтатын. Әзілге де өте жақын еді. Табан астынан өлеңмен қалжыңын төге салатын», – деді Жанұзақ Аязбек.

ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Дәулет Жадырасын Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңінің ізімен шығарған қаңтар оқиғасында орын алған жағдайға құралған «Алаңнан қайтқан солдаттар» өлеңін жиналғандарға оқып берді.

Сырбай ақынның қасында жолдас, сырлас болған жандардың бірі – Серікбай Оспанұлы мен Ақылбек Шаяхмет. Бұл кісілерді шығармашылық байланыс қана емес, ағалы-інілік ізеттілік табыстырады.

Серікбай Оспанұлы Сырбайдың қиын да қайшылықты өмір жолына тоқталып, өзінен кейінгі жас буынның заманның түзелген шағында дүниеге келгендігіне тәубе ету керек деген жақсы тәмсіл айтты.

«Ахаң мен Сырбайдың арасында ұқсастық өте көп. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» деген газет шығарды, сол газетте Ахаң жер мәселесін, тіл жағдайын, басқа да  түйіткілді мәселелерді көтерді. Ал, Сырбай Ахаң шығарған тұстағы «Қазақ» газетін оқыды ма, оқыған жоқ па білмеймін, өйткені ол кезде көрсетпейтін еді газетті. Кейін зерттеп қарап отырсам, Сыр-аға газетте істеп жүрген уақытта тура Ахаңды қайталаған. Яғни, Ахаң сол заманда көтерген мәселені Сырбай да газет бетінде жариялаған. Сырбай Ахметке туыс. Ахаңның немере туысы – Қали. Қалидың баласы – Әмір, ал Әмірдің қызы – Сырбайдың жары», – деді Серікбай Оспанұлы.

Ақылбек Қожаұлы – Сырбай Мәуленовпен ағалы-інілі сыйласқан жандардың бірі. Қостанайда бірге өткерген дәуренін еске алып, ашыла сөйледі. 

«Сыр-ағамен көптеген сапарларда бірге болдық. Ол кезде біз жас болатынбыз, енді міне Сыр-ағаның 100 жылдық мерейтойында естелік айтып тұрамын деп еш ойламаған екенбіз. Мен Мәскеуде Әдебиет институтында оқып жүргенде, Александр Мединский, Евгений Грушевский сынды ақындар Сыр-ағаның өлеңдерін білетін. Қасым Аманжоловтан кейінгі Сыр-ағаны қазақ поэзиясындағы ғажайып құбылыс деп айтуға болады. Сыр-аға қазақтың қара өлеңіне ерекше форма, екпін, тыныс әкелген еді. Сыр-ағамен жасаған әр сапарымыз, көріскен шағымыз, менің үйімде де қонақта болды бәрі көз алдымда», – деді Ақылбек Шаяхмет.

Әдеби кеш барысында көрермен назарына Сыр-ағаның жарқын бейнесі үлкен экран арқылы беріліп, арнайы әзірленген бейнематериал ұсынылды. Қонақтар Н.Островский атындағы қалалық кітапхана Сырбай Мәуленовтің кітаптарынан жасақтаған көрмені тамашалады.

Кеш соңы Қостанай қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №24 мектеп-гимназиясы  оқушыларының Сыр-ағаның өлеңдерін мәнерлеп оқуымен түйінделді.

Сералы МЫРЗАБАЙ,
Ы. Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық
музейінің сектор меңгерушісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here