Партиялық жүйені дамытуға нақты қадам жасалды

0
981

Бүгінде Жаңа әрі Әділетті Қазақстан құруға бет алдық. Бағыт дұрыс, бағдар айқын. Бірақ, толыққанды саяси реформа жүргізбей, бұл мақсатқа жету мүмкін емес. Ал, саяси реформалар сөз болғанда, еліміздегі партиялық жүйенің бүгінгі ахуалы туралы жақ ашпай кетуге тағы болмайды. Неге десеңіз, саяси алаңда еркін бәсекелестікті қалыптастырмай, мықты Парламентті құру жалаң сөз болып шығады. Оны Президент те жақсы түсінеді.

Партиялық жүйені дамыту жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев бұрыннан айтып жүр. Құры айтып қана қойған жоқ, Үкімет пен Парламентке нақты міндет жүктеді. Президент тапсырмасымен қазір конституциялық реформалар жүзеге асып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болған осы үш жылында партиялық жүйені дамытуға бағытталған біраз ауқымды шара іске асты. Оның бәрін тізіп шығу мақсат та, міндет те емес. Қысқаша қайырғанда, Мемлекет басшысы партиялық жүйедегі оң өзгерістерді алдымен өзінен бастады. Мысалы, жыл басында Президент сол тұста аты әлі өзгере қоймаған «Нұр Отан» партиясының төрағасы қызметінен бас тартатынын мәлімдеді. Оны «өзі бастамашыл болып отырған саяси реформалармен» түсіндірді. Яғни, саясаттағы монополия жақсылыққа апармайтынын уақыт көрсетті. Президент айтты. Орындады. Мемлекет басшысы «Amanat» партиясының кезектен тыс ХХІІI съезінде төраға қызметінен өз еркімен бас тартты.

«Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саяси реформалардың нәтижесінде Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталатыны, депутаттардың бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны бір мандатты округтен сайланатыны, өңір әкімдерінің баламалы жолмен таңдалатыны, партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, тіркеудің қажетті шегі төмендетілетіні өз алдына бөлек тақырып. Бір анығы, партиялық жүйені дамытудың алғышарты жасалды.

Әрине, бұл саяси реформалардың жемісін бір күнде жемейміз. Бірақ, қазірдің өзінде партия құруға ниет білдіргендер көп. Оны көріп те, естіп те жүрміз. Өйткені, елімізде жаңа партияны тіркеу қазір жеңілдетілді. Демек, 2023 жылға белгіленіп отырған Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында саяси реформалардың алғашқы нәтижесі көріне бастайтыны сөзсіз.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here