Жаппай қырып-жою қаруы бар елдер

0
7345

7 қыркүйек күні Солтүстік Корея (КХДР) өзін ядролық держава деп жариялап, мұндай мәртебесін заңмен бекітті. «Ядролық қаруға қатысты саясат туралы» заңда ядролық қаруға қатысты барлық шешімді қабылдауға жалғыз КХДР басшысы ғана құқылы екені тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Яғни, биыл қырықтың қырқасына шыққан Ким Чен Ын ғана жаппай қырып-жою қаруын қолдана алады. Әрине, әлемдік қауымдастық үшін бұл тосын жаңалық болған жоқ. Өйткені, бұрыннан санкция құрсауында қалған атеистік елдің жаппай қырып-жою қаруын жасап жатқаны, бұл үлкен жұмыста біраз жетістікке жеткені еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін белгілі. Жалпы, Бейбітшілік мәселелерін зерттеу жөніндегі Стокгольм халықаралық институтының (SIPRI) соңғы мәліметінше, жаппай қырып-жою қуаты бар қаруларды иеленген әлемде 9 мемлекет бар. Осы «Ядролық клуб» мүшесі болып табылмайтын Иранды да ядролық державалардың қатарына қосады. Ал, Қазақстан, Украина, Беларусь және Оңтүстік Африка Республикасы ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Иран мен «Ядролық клубқа» мүше елдерге тоқталады.

1. РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ

Ядролық оқтұмсықтар саны – 7 000 /Бірінші сынақ – 1949 /Соңғы сынақ – 1990

Ресей – әлемдегі №1 ядролық держава. Жаппай қырып-жою қуаты бар қару-жарақтың бір бөлігі КСРО-дан мұраға қалған. Бұл – бір. Екіншіден, тоқсаныншы жылдардың басында өзінің ядролық арсеналын Одақ құрамында болған Қазақстан, Украина, Беларусь Ресей Федерациясына тапсырды. Үшіншіден, Мәскеу бұл салаға көп көңіл де, қыруар қаржы да бөліп келеді. Мысалы, былтыр жалпы ішкі өнімінің 4,1%-ын (65,9 млрд $) қорғаныс саласына жұмсады. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде 4-орын алады.

Ресей әскери күштерінің айтуынша, Ресей Федерациясының тұтастығына қауіп төнген жағдайда ғана Мәскеу жаппай қырып-жою қуаты бар қару-жарақты қолданады.

2. АҚШ

Ядролық оқтұмсықтар саны – 6 800 /Бірінші сынақ – 1945 /Соңғы сынақ – 1992

АҚШ – әлемдегі ең қуатты әскері бар ел. Қорғаныс саласына былтыр 801 млрд доллар жұмсаған. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш бойынша 2-орында тұрған Қытай былтыр осы салаға 293 млрд долларға шығындалған. Демек, АҚШ-тың шығыны Қытайдан 2,5 есе көп.

Жауынгерлік жағдайда ядролық қаруды қолданған алғашқы және жалғыз мемлекет болып табылады. Содан бері 66,5 мың атом қаруын шығарды. Ядролық қаруының негізгі түрі – сүңгуір қайықтардағы баллистикалық зымырандар.

Әскери доктринасында «АҚШ өзінің қауіпсіздігін де, одақтастарының қауіпсіздігін де қамтамасыз ету үшін өзіне жеткілікті қару қалдыратыны» және «Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылған елдерге ядролық қаруды қолданбайтыны» жазылған.

3. ФРАНЦИЯ

Ядролық оқтұмсықтар саны – 300 /Бірінші сынақ – 1960 /Соңғы сынақ – 1995

Франция сол тұстағы отары Алжирдегі жарылыстан бастап, Француз Полинезиясымен қоштап барлығы 200-ден астам ядролық қару сынағын өткізді. Бір қызығы, Франция басқа ядролық елдердің бейбіт бастамаларына қатысудан тұрақты бас тартып келген. Ол өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында ядролық сынақтар жүргізуге жарияланған мораторийге де қосылмаған, алпысыншы жылдары әскери ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартқа да қол қоймаған. Тек тоқсаныншы жылдардың ортасында ғана Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылған.

4. ҚЫТАЙ

Ядролық оқтұмсықтар саны – 270 /Бірінші сынақ – 1964  /Соңғы сынақ – 1996

Қытай – ядролық қаруы жоқ елдерге соққы жасамауға және оларға қауіп төндірмеуге міндеттеме алған жалғыз ел. 2011 жылы өзінің қару-жарағын ең төменгі деңгейде ғана қолдайтынын мәлімдеді. Алайда, содан бері аспан асты  елі  ядролық  оқтұмсықтарды  көтере алатын жаңа баллистикалық зымырандардың төрт түрін ойлап тапты.

5. ҰЛЫБРИТАНИЯ

Ядролық оқтұмсықтар саны – 215 /Бірінші сынақ – 1952 /Соңғы сынақ – 1991

Ұлыбритания – өз аумағында сынақ жүргізбеген ядролық бестіктің құрамындағы жалғыз ел. Британдықтар барлық ядролық жарылыстарды Аустралия мен Тынық мұхитында жасады. Бірақ, 1991 жылы оларды тоқтату туралы шешім қабылдады.

6. ПӘКІСТАН

Ядролық оқтұмсықтар саны – 130-140 /Бірінші сынақ – 1998 /Соңғы сынақ – 1998

Үндістанмен ортақ шекарасы бар Пәкістан ядролық қару-жарақ жасауда ата жауын басып озғысы келеді. Мәселен, 1974 жылғы көрші Үндістандағы ядролық сынақтар Пәкістанда нағыз дүрбелең тудырды. Содан ядролық қару жасауға бекінді. Пәкістанның сол кездегі премьер-министрі Зүлфикар Әли Бхутто: «Пәкістан шөп жесе де, бәрібір ядролық қаруын жасайды», – деп мәлімдеді. Бірақ, ядролық қару-жарағын олар жиырма жылға кешігіп жасап шығарды.

7. ҮНДІСТАН

Ядролық оқтұмсықтар саны – 120-130 /Бірінші сынақ – 1974 /Соңғы сынақ – 1998

Сонау 1974 жылы ядролық қаруын сынақтан сәтті өткізгеніне қарамастан Үндістан өзін тек өткен ғасырдың соңында ғана ядролық держава ретінде ресми түрде мойындады. Ал, үш ядролық қаруды жарған 1998 жылы Үндістан одан әрі сынақтардан бас тартатынын мәлімдеді.

8. ИЗРАИЛЬ

Ядролық оқтұмсықтар саны – 80 /Бірінші сынақ – 1979 /Соңғы сынақ – 1981

Израиль ешқашан ядролық қару-жарақты иемденіп отырғанын ресми түрде мойындаған да емес, оны теріске шығарған да жоқ. Бірақ, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қоюдан бас тартты. Әлемдік қауымдастық 1981 жылы Иракқа бомба тастағанын ұмыта қоймады. 1979 жылы Атлант мұхитында болған ядролық сынаққа ұқсас жарылысты не Израиль, не Оңтүстік Африка Республикасы (бұл мемлекет ядролық қару-жарақтан 1989 жылы өз еркімен бас тартқан), не екеуі бірігіп жасағаны жөнінде болжам бар.

9. СОЛТҮСТІК КОРЕЯ (КХДР)

Ядролық оқтұмсықтар саны – 10-60 /Бірінші сынақ – 2006 /Соңғы сынақ – 2018

Солтүстік Корея Батыс әлемінің өкінішіне орай ядролық қаруы бар елдердің қатарына қосылды. Атом туралы әңгіме бұл елде өткен ғасырдың ортасында басталған. АҚШ-тың КХДР-ды бомбалау жоспарынан қорыққан Ким Ир Сен КСРО мен Қытайдан көмек сұраған. Сөйтіп, ядролық қаруды дамыту ісі жетпісінші жылдары басталғанымен, тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда тоқтап қалды. Дегенмен, әкесінің ісін тақ мұрагері Ким Чен Ир жалғады. 2006 жылдан бастап «құдіретті гүлденген державада» ядролық сынақтар өтіп тұрады. Атасы мен әкесінің ісін қазір Ким Чен Ын жалғастырып келеді. Бірақ, «жабық елдегі» ядролық оқтұмсықтардың нақты санын білу мүмкін емес.

10. ИРАН

Ядролық оқтұмсықтар саны – 00 /Бірінші сынақ – 00 /Соңғы сынақ – 00

Бүгінгі таңда 9 елдің ядролық қаруға ие екендігі ресми түрде белгілі. Ал, Иран Ислам Республикасы олардың қатарына кірмейді. Бір анығы, Тегеран ядролық бағдарлама бойынша жұмысын санкцияларға қарамастан тоқтатпады және «бұл елдің өзінің ядролық қаруы бар» деген қауесет те бар. Әзірге Иранның атомды қолдануы 2015 жылғы келісімнің нәтижесінде МАГАТЭ бақылауында тұр.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here