Шекшек ата түлігінен елімізде көл-көсір пайда табуға не кедергі?

0
3658
Ақмола облысындағы «Зеренді» ешкі фермасының сүт өнімдері Zeren сауда белгісімен шығарылады

Рас, Зеңгі баба түлігі мал шаруашылығында маңызды рөл атқарады. Дегенмен, соңғы жылдары әлемнің озық елдері Шекшек ата түлігіне көп көңіл бөле бастады. Оған себептер де жоқ емес. Ешкі біріншіден – сүтті, екіншіден – етті келеді, оны үшіншіден – терісі, төртіншіден – жүні мен түбіті үшін өсіреді. Ал, сиыр мен ешкіні таразы басына қойсақ, соңғысының артықшылығы басым түседі. Өйткені, сиырға қарағанда ешкінің нарықтағы құны төмен, сүтінің құнарлығы мол, ол күтімге оңай әрі көп күй талғамайды. Ешкі сиыр сияқты қоршаған ортаға зиянды шығарындылар көп шығармайды. Осыны есепке алған америкалық және еуропалық сиыр фермалары жаппай ешкі фермаларына көше бастады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін ешкі шаруашылығындағы төңкеріске тоқталады.

ҚР Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сүйенсек, 2021 жылдың соңында еліміздегі ешкілер саны 2,3 млн басты құрады

СОНДА ЕШКІНІҢ СИЫРДАН АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Әлем елдеріндегі фермерлер мал шаруашылығындағы сүттің маңыздылығы жайлы жиі сөз қозғайды. Америкалық және еуропалық сарапшылар жыл сайынғы есеп берулерінде оны жаһандық азық-түлік жүйесінің негізі деп атайды. Сондай-ақ, отбасылық фермалардың маңыздылығына көп тоқталады.

Бабаларымыз ешкі жайында «Сүті ағып тұрған бұлақ, еті тамағыңа бап» деп бекер айтпаса керек. Бүгінде әлемнің ғалымдары ешкі сүтінің қоректік құндылығын ғана емес, диеталық және гипоаллергенді қасиеттерін де ескере отырып, белсенді зерттеу жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, ешкі сиырға қарағанда өсімдіктері сирек жерлерде де жайыла береді. Осы арқылы ешкілер өсімдіктердің сиреп кеткен кейбір түрлерінің тұқымдарын таратуға көмектеседі әрі метан газын аз бөледі. Метан газы сиырдың тезегінде көп мөлшерде кездесетіндіктен, кейбір экологтар сиырлардың ғаламдық жылынуға қосқан үлесін атап өтуді ұмытпайды. Бұл факторлар сиыр шаруашылығының беделіне нұқсан келтіреді.

Мамандар ебін тапса, сиырға қарағанда ешкіден көп пайда табуға болатынын айтады. Мысалы, орташа салмағы 40-50 келі тартатын ешкі күніне 2-5 литр сүт берсе, салмағы одан көп сиыр күніне 10-15 литр сүт береді.

Ешкінің тағы бір артықшылығы – бір сүтті сауын сиыр 8-10 ешкінің азығын жейді екен. 100 ешкі жылына екі рет төлдегенде – 250, ал бір төлдегенде – 150 лақ болады. 100 сиырдың өсімі 85 бұзаудан аспайды. Демек, орташа өсім үш есеге жуық. Сондай-ақ, сиыр мен ешкінің кірісі мен шығысынан да айырма көреміз. Бір сиыр күніне 8-10 ешкінің азығын жеп, 10-15 литр сүт берсе, ал сол 8-10 бас ешкі күніне 30-50 литр сүт бере алады.

Батыс елдеріндегі шаруалардың ешкі шаруашылығына баса мән бере бастағаны сондықтан болар. Мысалы, соңғы үш жылда 8 542 сиыр фермасы жабылды. Олардың көпшілігі ешкі шаруашылығына бет бұрды.

БАТЫС ЕЛДЕРІ ЕШКІ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРЕДІ

Шаруалар сиыр фермаларына жаппай қара құлып салып жатқанда, Вермонт штатындағы (АҚШ) ағайынды Брайан мен Стивен Джонстар ерекше шешімге келді. Олар 150 жылдық тарихы бар отбасылық фермаларынан бас тартпады. Керісінше, бизнес модельді түбегейлі өзгертіп, сиыр орнына ешкі өсіре бастады. Алғашқы сауу залының құрылысы былтыр аяқталды. Көп ұзамай сүттің алғашқы партиясы ірімшік өндірісіне мамандаған жергілікті Vermont Creаmery зауытына жөнелтілді.

Қазір Joneslan фермасында мыңға жуық ешкі бар. Ағайындылар екі жылдың ішінде ешкінің санын 1,2-1,5 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Олардың фермасымен бірге бүкіл Америкадағы ешкі шаруашылығы да дамуда. Соңғы 25 жылда АҚШ фермаларындағы ешкінің саны екі есе өсіп, 190 мыңнан 440 мыңға дейін жетті. Шаруа қожалықтары да осындай қарқынмен артты, атап айтқанда, 15 мыңнан 35 мыңға дейін көбейді.

Еуропадағы жағдай да осыған ұқсас. Ондағы ешкі шаруашылығы тоқсаныншы жылдардан қарқынды дами бастады. Бұған Еуропалық Одақ деңгейінде мал шаруашылығы өнімдеріне жаңа сапа стандарттарының енгізілуі және оны өндіруге қойылатын гигиеналық жаңа талаптар себеп болды. Осыдан соң фермалар модернизациялануға көшті. Бұл өз кезегінде өнімділікті арттыруға әсерін тигізді. Мұны статистика айқын көрсетеді. Еуропадағы ешкі саны әлемдегі ешкілердің 1,9 пайызын ғана құраса да олар әлемдік сүт өндірісінің 15 пайызын, ірімшік өндірісінің 35 пайызын қамтамасыз етеді.

Еуропалық Одақта Франция, Грекия, Испания, Румыния ешкі өсірудің көшбасшылары саналады. Олар Нидерланд елін қуып жетіп, соңғы он жылда сүт өндірісін 35 пайызға арттыра алды.

ӘЛЕМДЕ ЖӘНЕ ЕЛІМІЗДЕ ЕШКІЛЕРДІҢ САНЫ ҚАНША?

Жоғарыда атап өткеніміздей, соңғы уақытта сүттің диеталық және емдік қасиеттерінің арқасында әлемнің көптеген елдерінде ешкі шаруашылығы болашағы зор салаға айналды. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) мәліметіне сүйенсек, әлемнің 170 елінде ешкі өсіріледі және олардың саны 1 млрд басқа жетті. Ешкілер саны жыл сайын орта есеппен 6 млн басқа артып келеді. Ол негізінен сүтті-етті бағыттағы тұқымдардың есебінен көбейіп отыр.

Азияда ешкі шаруашылығын белсенді дамытушы елдердің қатарына Қытай (188 млн бас), Үндістан (133 млн бас), Пәкістан (70  млн бас), Бангладеш (56 млн бас) және Иран (19  млн бас) кіреді. Ал, Латын Америка құрлығындағы Мексика, Бразилия, Аргентина сынды елдер де ешкі шаруашылығының көсегесін көгертіп отыр. Африкада да ешкілердің қарасы көп. Әсіресе, мал шаруашылығы төмен деңгейдегі Нигерия, Эфиопия, Кения мемлекеттерінде. Бұл саладағы Еуропаның көшбасшылары Нидерланд пен Франция саналады. Дегенмен, қолданыстағы тұқымдардың көпшілігі Швецияда өсіріледі.

Бір айта кетерлігі, соңғы 20 жылда ешкі саны 50 пайызға артқан. Себебі, әлемде ешкі сүтіне сұраныс артып келеді. Мысалы, 2020 жылы әлемде 12 млн тонна ешкі сүті өндірілсе, бұл көрсеткіш былтыр 15 млн тоннаға жеткен.

Енді Қазақстандағы жағдайға тоқталайық. Еліміз ешкі саны бойынша Кеңес Одағы құрылған тұста кеңестік республикалардың арасында көш бастағаны тарихтан белгілі. Сол тұста Кеңес Одағындағы ешкілердің 40 пайызы Қазақстанға тиесілі болған. Алайда, 1955 жылдан Шекшек ата түлігі 500 мың басқа дейін кеміді. Бұған 1950 жылдан бастап Қазақстанда қой шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламаның бекітілуі түрткі болса керек.

Елімізде ешкі басының салыстырмалы түрде өсуі тоқсаныншы жылдардың ортасынан басталды. Сол тұста совхоздар ыдырап, мал шаруашылығы секторына бөлінетін субсидиялар тоқтатылды. Қой азайып, бағасы айтарлықтай қымбаттады. Нәтижесінде, жұмыстан қысқарып қалған қарапайым халықтың қой бағуға шамалары жетпеді. Үй шаруашылықтарында ешкіні қойға балама ретінде өсіре бастады.

ҚР Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сенсек, 2021 жылдың соңында 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шаруашылықтардың барлық санаттарында ешкі саны 1,1 пайызға азайып, 2,3 млн басты құрады. Дегенмен, бұл көрсеткіш бойынша еліміз посткеңестік кеңістікте әлі де болса алдыңғы орында тұр.

ШАРУАШЫЛЫҚТАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР

Ешкінің саны шаруашылық санаттары бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарда – 67,7%, шаруа қожалықтарында – 31,3%, мал шаруашылық ұйымдарында – 1,0%-ды алады.

Елімізде ешкі бағумен негізінен ірі фермалар емес, орта және шағын шаруа қожалықтары мен асыл тұқымды мәртебесі жоқ жеке шаруа қожалықтары айналысады. Соның салдарынан болар, нарықта асыл тұқымды ешкілердің тапшылығы байқалады. Фермалардың саны да өзгеріп тұрады. Олар сүт өнімдерін азық-түлік базарларында ың-шыңсыз сатады.

Қазақстанда ешкі сүтін тұтыну үрдісі өте төмен деңгейде. Егер Нидерландта жылына 20 литр ешкі сүтін тұтынса, біздегі есеп граммен өлшенеді.

Елімізде сүт өнімдері өнеркәсіптік ауқымда өндірілмейді. Ешкі сүтінен жасалған өнімдерді дүкен сөрелерінен өте сирек көресіз. Көбінесе ірі қалалар мен мегаполистердің дүкен сөрелерінен ғана Испания, Нидерланд, Жаңа Зеландия елдерінің ультра пастерленген немесе майсыз сүт ұнтағын кездестіруге болады. Әлемнің көптеген елдері етті-сүтті бағыттағы ешкілерді өсіруде заманауи технологияларды енгізудің артықшылықтарын жоғары бағалауда. Ал, отыз жыл бұрын ешкі сүтін өндірудің дәстүрлі әдістерін өзгерту туралы сөз болмады. Сондай-ақ, бұл салада өнеркәсіптік механизмдерді қолдану туралы идея ешкімнің ойына да кіріп шықпады. Енді сарапшылардың көпшілігі төмен энергиялы технологияның ешкі өсіруде үлкен табысқа әкелетініне сенім білдіреді.

Фермалардың нәтижелеріне заманауи технологиялардың қолданылуына дейін және кейін деп статистикалық талдау жасағанда, автоматтандырудың айтарлықтай пайда түсіретіні белгілі болды. Ешкіден алынатын сүт мөлшері артып, сәйкесінше ешкі шаруашылығымен айналысудың тиімділігі көбейеді. «Ебін тапсаң, ешкі бақ» деген осы болар.

Өнімділігі жоғары ешкілерді бағу – өсіру барысында жоғары технологияны қолданатын фермаларға тән. Олар тиімділікке бұрын адамдар қолмен орындайтын жұмыстарды механикалық жабдықтар көмегімен жүзеге асыру арқылы жетеді. Мәселен, өнеркәсіптік технологиялардың арқасында бір уақытта 350 ешкіні саууға болады. Ол жерде тек төрт адамның жұмыс істеуі жеткілікті.

ЕЛІМІЗДЕ НӘСІБІН ЕШКІ БАҒУ КӘСІБІНЕН ТАПҚАНДАР

Отандық инвесторлар ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтей алатын заманауи технологиялық өндіріс құруды ұйғарды. Еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық мүмкіндіктерін, тұтынушылардың заманауи үрдістерін талдай отырып, қазақстандық кәсіпкерлер тобының назары ешкі шаруашылығына ауды.

Қазақстанда алғаш рет үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қолдауымен ешкі сүтін өңдеуге арналған жоба Атырау облысындағы «Сарайшық» мал шаруашылығы кәсіпорнында іске асырылды. Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі мақсаты – Заанен тұқымындағы ешкілерді өсіріп, сүтін өндіру.

Шаруашылық өңделген өнімнің 12 түрін шығарады. Ірімшіктен бастап сары майдан йогуртқа дейін дайындалады. Өнімдер көршілес Ресей Федерациясының Татарстан Республикасы мен Волгоград, Астрахан облыстарына жөнелтіледі. Жаңадан алынған сербиялық және италиялық жабдықтар жылына 180 тонна ешкі сүтін және 140 тонна сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді.

Ақмола облысындағы Целиноград ауданында «Зеренді» асыл тұқымды ешкі шаруашылығы бар. Фермада Заанен, Альпі тұқымдарындағы 1 200-ден астам ешкі бағылуда. Асыл тұқымды мал шаруашылығында жем-шөп дайындаудан бастап, өнім шығаруға дейінгі өндірістің толық циклы бар. Бұл әрбір кезеңде өнімнің сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Сүт өнімдері Zeren сауда белгісімен сатылымға шығарылады. Өнімдер Астана, Қарағанды, Көкшетау қалаларындағы дүкен сөрелеріне кеңінен ұсынылған. Ферма 2016 жылы ашылды.

Түркістан облысында «Асыл тұқымды мал шаруашылығы» құрылды. Ешкі сүтінен жасалған өнімдер «Ордабасы» корпорациясына тиесілі. Корпорация тәулігіне 3 мың тоннаға жуық ешкі сүтін өндіріп, оның 24 тоннасын өңдеуге қауқарлы. Өндірістік кооперативті іске қосу үшін Нидерланд елінен 500 бас асыл тұқымды Заанен ешкілері әкелінді. Себебі, отандық ешкілерге қарағанда асыл тұқымды ешкілердің өнімділігі жоғары. Біздегі ешкі тұқымдары күніне 1,5-2 литр сүт берсе, Заанен тұқымындағы ешкілер күніне 5-6 литрге дейін сүт бере алады. Бүгінде шаруашылықта ешкі сүтінен айран, қаймақ, құрт, сүзбе және йогурт өндіріледі. Болашақта кәсіпорын цехтарды итальяндық құралдармен жабдықтап, сол арқылы сүт өндіру мен қайта өңдеуді толықтай автоматтандырмақ. Соның арқасында ірімшіктің қарапайым сорттарын ғана емес, жоғары сұрыптағы моцарелла сорттарын да шығармақ.

Ешкі шаруашылығының дамуы еліміздің барлық саласы үшін тек экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызға да ие. Айталық, өнімді өндіру және қайта өңдеу арқылы қосымша жұмыс орындары ашылады. Мемлекетке салық төленеді. Халықты жоғары сападағы ет, түбіт, сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ақиқатын айтқанда, АҚШ-та да, Еуропада да, елімізде де сиыр сүтіне деген сұраныс әлі басым. Бірақ, ұзақ жылдар ешкі сүті тасада қалып келгенімен, оған деген сұраныс біртіндеп артып келеді. Бәлкім, сиыр фермасын ешкі фермасына айналдырған ағайынды Джонстардың әрекеті символдық сипатқа ие болып, жаңа тенденцияның негізі қаланып жатқан шығар. Алдағы уақытта халық сиыр сүтіне қарағанда, ешкі сүті мен ірімшігін жиі тұтынатын болар. Әрине, бұған уақыт төреші. Дегенмен, «Қойлы бай – қоралы бай, ешкілі бай – есепті бай» деген мәтелді естен шығаруға болмайды. Өйткені, ешкісі көптердің есепсіз бай атанар күндері таяп қалғандай әсер қалдырады.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here