Ұлттық жоба ауылдағы түйіткілдің түйінін тарқата ала ма?

0
2214
Үш жылда салынатын 655 жаңа медициналық нысанның 228-і осы күнге дейін медициналық нысандар мүлдем болмаған ауылдар мен шалғай аудандарда бой көтереді

Президент тапсырмасымен былтыр күзде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Ауылдағы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған бағдарлама аясында Қазақстан халқының 38,2 пайызы немесе 7,5 млн адам тұратын ауылдарда 2023-2025 жылдар аралығында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің 655 медициналық нысаны салынады. Соның ішінде 253 дәрігерлік пункт, 242 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория есігін айқара ашады. Солардың басым бөлігі Қарағанды (92), Абай (65) және Жетісу (59) облыстарында бой көтереді. Қазір дайындық жұмыстары пысықталып жатыр. Тіпті, кейбір өңірде медициналық нысандардың құрылысы басталып та кетті. Сондай өңірдің бірі – Павлодар облысы.

Кереку өңірінде 9 аудан, 7 кент, 165 ауылдық округ және 408 ауыл бар. Онда шамамен 200 мыңнан астам халық тұрады. Ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелердің бірі – дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қолжетімділігі. Ұлттық жоба осы түйіткілдің түйінін тарқатуға мұрындық болмақ. Мысалы, қазірдің өзінде ауылдардағы медициналық ұйымдардың базасында 25 дәріхана пункті ашылды, шалғайдағы ауылдарға арналған үш мобильді дәріхана пункті іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен шектелмейді.

Ұлттық жоба аясында еліміздің ауылдарында салынатын 655 заманауи медициналық нысанның біреуі биыл Железин ауданының Прииртыш ауылында ашылады. Қазір қолданыстағы фельдшерлік-акушерлік пункт 822 тұрғынға қызмет көрсетеді. Онда тұрғындарға дәрігерге дейінгі медициналық көмек, кәсіби тексерулер, жүкті әйелдер мен балалардың патронажы қолжетімді. Дәрігерге дейінгі және процедуралық кабинеттер болғанымен, бәрібір заманауи нысанды қажет етеді. Үкімет қоян жылы осы олқылықтың орнын толтырмақ.

Қазақстанда биыл 11 аудандық аурухана бой көтереді. Олар  мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алады. Яғни, енді осы 11 ауданның тұрғындары бұрынғыдай облыстық ауруханаларға барып әуре болмайды. Өкінішке қарай, бұл тізімде Кереку өңірі жоқ. Дегенмен, алдағы жылы 70 мыңнан астам халқы бар Ақсу қаласында облыстық аурухананың деңгейіндегі ауданаралық аурухана құру мәселесі қаралады. Мәселенің оң шешім табатынына ақсулықтар үмітті.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сөзінше, барыс жылы еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін жемісті жыл болған. Үкімет алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға ерекше көңіл бөлген. Былтыр еліміз бойынша тоғыз емхана мен амбулатория пайдалануға берілген, соның біреуі Павлодар қаласында ашылған.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының алғашқы нәтижесі биыл көріне бастайды. Кереку өңірінде биыл аталған бағдарлама аясында 12 медициналық нысанның есігі айқара ашылады.

Айта кетейік, үш жылға жоспарланған жоғарыдағы 655 жаңа медициналық нысанның 228-і бүгінге дейін медициналық нысандар мүлдем болмаған ауылдар мен шалғай аудандарда бой көтереді. Сондай-ақ, ауылдық жерде қабырғасы сөгіліп, құлаудың аз-ақ алдында тұрған 420-ға жуық емхана мен аурухана сүрілетін болды. Олардың орнына жаңасы салынады.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here