Ақтөбеде ата басылымның 110 жылдығына арналған шара өтті

0
1971

17 ақпан күні Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде азаттықтың алғашқы қоңырауы болған «Қазақ» газетінің 110 жылдығына орай «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» атты тарихи-танымдық шара өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, оқушылар мен студенттер қатысты.

Қазақ даласының түгелге дерлік көзі ашық оқыған жұртын бір-біріне жақын еткен, бір жерге топтастыра білген «Қазақ» газетіне арналған шара музейдің жас буын қызметкерлері мен мектеп оқушыларының қатысуымен «Қазақ» газеті – 1918 жыл» сахналық көрінісімен басталды. Олар өздеріне берілген тапсырманы үлкен жауапкершілікпен, аса бір сезімталдықпен жоғары деңгейде орындап шықты. Сол заманның атмосферасын құру мақсатында музей қорынан ХХ ғасырдың бірінші ширегіне жататын тұрмыстық бұйымдардан көрме де жасақталды.

Музейдің бөлім меңгерушісі Қыдырғали Ермұқан жүргізген тарихи-танымдық шараның екінші бөлімінде Қазақстанның Құрметті журналисі Идош Асқар, Алаш зиялылары туралы зерттеу жүргізіп жүрген тарихшы-ғалымдар Ұзақбай Исмағұлов, Бекарыстан Мырзабай, Үмбетхан Сәрсембин, Думан Сарбаевтар Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының Ақтөбе өңірінде болған кездері және «Қазақ» газетінің авторлары болған жергілікті Алаш қайраткерлері Аққағаз Досжанова, Құдайберген Жұбанов, Телжан Шонанұлы туралы тарихи мазмұнды баяндама жасады.

«Газетті қайта шығарған Қоғабай Сәрсекеевпен сол тұстағы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқыдым. Университеттің 1963 жылғы түлегіміз. Курстасым өте белсенді болды. Ол уақытта 25 студент оқысақ, соның он шақтысы ғана журналистика жолына түсті. Қоғабай студент кезінде-ақ суырылып алға шықты. «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшы болды. Қазақ даласындағы он алтыншы жылды, революцияны, Амангелді Имановты бейнелейтін «Қызыл жалау» романын жазды. Кітап Ғабит Мүсіреповтің алғы сөзімен «Жалын» баспасынан шықты. Ол басқалар қалам тарта қоймаған тақырыптарды қозғады. Қарымды қаламгер еді. Алаш арыстары ақтала бастаған уақыттан осы тақырыпқа қызығушылық танытты. «Қазақ» газетін қайта шығару арқылы Алаш арыстарын қайта тірілтті. Олардың ісінің өлмегендігін еске салып, қазақтың баспасөз тарихының қайдан бастау алғанына назар аудартты. Қаншама қиындыққа қарамай, ақтық демі таусылғанша газеттің өмір сүруіне барын салды», – деп өткен күннен естелік айтты Идош Мұсақұлұлы.

Шара барысында «Қазақ» газетінің жалғасы ретінде Алматы қаласынан шығып, еліміздің әр тұсына таратылып жатқан «Қазақ» газеті туралы да сөз қозғалды. Көрермен ретінде қатысушы тарих пәнінің мұғалімдері, оқушылар мен студенттер қонақтарға сұрақтарын қойып, ойларымен бөлісті.

Нұрсәуле САНСЫЗБАЙ,
музейдің аға ғылыми қызметкері

АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here