2023 жылғы 17 ақпанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ақылбек Күрішбаев Канаданың Қазақстан Республикасындағы елшісі Алан Хамсонмен кездесті. Сондай-ақ, кездесуге Канада елшілігінің сауда мәселелері және бизнесті дамыту жөніндегі аға кеңесшісі Эдуард Юо қатысты.
Тараптар ҚазҰАЗУ мен Канаданың жетекші университеттері, ғылыми орталықтары мен аграрлық сектор кәсіпорындары арасындағы әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
«Канада жер шарының алыс бір бөлігінде болса да, сіздедің аймақпен көптеген ұқсастықтары бар. Мысалы, Канада мен Қазақстанның климатында өте жақындық бар, аумақтары да үлкен. Екі елде де ірі табиғи ресурстар – гидроэнергетика, ауылшаруашылық әлеуеті, пайдалы қазбалар бар. Сондай-ақ, біздің елімізде ауыл шаруашылығына ықпалы зор дамыған ақпараттық және коммуникациялық технологиялар бар екенін қосқым келеді», – деп атап өтті елші Алан Хамсон.
Өз кезегінде университет басшысы Ақылбек Күрішбаев канадалық жетекші жоғары оқу орындары мен компанияларды агрономия, селекция, егіншілік, зооинженерия, ветеринария және ауыл шаруашылығы саласында ғылыми зерттеулер жүргізу саласында бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға шақырды.
«Біздің елдеріміздегі агробизнес саласы жаңа прогрессивті технологияларды пайдалану бөлігінде білім беру саласынан озып кеткенін және ашықтық пен адал бәсекелестік жағдайында жыл сайын дамып келе жатқанын білеміз. Осыған байланысты, біз канадалық технологиялар мен ноу-хауды қолданатын АӨК үшін кадрларды мақсатты даярлау саласындағы ынтымақтастық әлеуетін дамытқымыз келеді. Мысалы, Саскачевана университетімен агрономия бойынша бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз», – деді ректор Ақылбек Күрішбаев.
Канададағы Саскачевана университеті (UofS) әлемдегі биомедициналық ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары, инженерия және технологиялар, әлеуметтік ғылымдар және менеджмент саласындағы үздіктердің қатарына кіреді.
Сонымен қатар, ҚазҰАЗУ басшылығы төмендегідей мәселелерді іске асыруды ұсынды:
– зооинженерия, генетика және жануарлар селекциясы бойынша білікті мамандарды даярлауға баса назар аудара отырып, Канаданың жетекші жоғары оқу орындарының қатысуымен бірлескен жоба жасау;
– Альберт университетімен бірлесіп магистранттар үшін «Өсімдіктер туралы ғылым» бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеу;
– «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы бойынша студенттерді тағылымдамадан өткізу және оқыту;
– жетекші профессорлар мен ғалымдарды шақыруды ұйымдастыру;
– ЖООлар арасындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық тәжірибесін арттыру, ҚазҰАЗУ базасында АӨК саласында Канаданың жетекші университетінің филиалын ашу мүмкіндіктерін қарастыру.
Кездесу барысында қонақтар ҚазҰАЗУ-мен әріптестік пен ынтымақтастықты дамытуға жоғары қызығушылық танытты.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі