Жемқорлықпен күрестің жаңа бағыты

0
1191
Коллаж: Ulysmedia.kz

Жуырда елімізде күтпеген өзгеріс орын алды. Бұқараға Антикор атауымен танымал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін таратып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) құрамына қосу туралы Президент Жарлығы жарияланды. Енді Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен арнайы қызметтің құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмыс істейді. Бұл жемқорлықпен күреске қалай әсер етеді? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосудың астары қандай? Комитет күшейе түсті дегенді білдіре ме? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сауалдарға жауап іздейді.

ЖАҢА ҚЫЗМЕТТІҢ МІНДЕТТЕРІ ҚАНДАЙ?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қайта ұйымдастырылуын ресми түрде бекіткен құжатқа қол қойды. ҰҚК құрамындағы жаңа бөлім енді «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет» деп аталады. Заңды тұрғыдан алғанда, бұл – ведомство ішіндегі біріктіру. Яғни, қызметтің бұрынғы міндеттері сақталған, тек енді комитеттің қарамағында жұмыс істейді. Міндеттері өзгермегенімен, құралдары кеңейген секілді.

Басты назарда: сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау, жолын кесу, сотқа дейінгі тергеу жүргізу, сондай-ақ ақпарат берушілерді қорғау мен тәркіленген мүлікті басқару мәселелері тұр. Бұл ретте бір жайтты ерекше атап өткен жөн: жаңа қызметтің бизнес құрылымдарымен қандай да бір келісімдер жасауға құқығы жоқ. Жарлық бойынша мұндай шектеу қызметтің тәуелсіздігі мен адалдығын сақтаудың кепілі ретінде қарастырылып отыр. Алайда скептиктер институционалдық тұтастықты заң арқылы бекіту қиын деп айтуы мүмкін.

Жаңа қызметтің міндеттері тек үйреншікті тексерулер мен жедел-іздестіру жұмысымен шектелмейді. Оған қоса, заңнаманы әзірлеуге қатысу, азаматтарға кеңес беру, ақпаратты шифрлау, әскери кезекшілік өткізу, тіпті қару-жарақ пен оқ-дәрілерді қорғау да кіреді. Ал комитет жемқорлықпен күресумен қатар, аумақтық қорғаныс пен әскери тұрғын үй мәселелерін де қарастырады.

 Осылайша, ҰҚК енді тек барлау және қарсы барлау жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен де айналысатын әмбебап құрылымға айналды.

Мұндай өкілеттіктерді бір жерге біріктірудің тиімділігі әзірге айқын емес. Дегенмен бір нәрсе анық: мемлекет күштік құрылымдарды ірілендіріп, ішкі қауіптер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті бір арнаға тоғыстырып жатыр.

Әзірге бұл реформа бақылауды орталықтандыру мен атқарушы биліктің ықпалын күшейту жолындағы қадам боп көрінеді. Ал оның шынайы тиімділігі мен нәтижесі  жарлықтан емес, жаңа қызметтің алғашқы ірі істерінен білінбек.

Жаңа құрылымға байланысты заң жобасы 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін дайындалуы тиіс.

Еске сала кетсек, басқа құқық қорғау органдарынан ерекшеленіп, ашықтық пен қоғаммен байланыс бағытын белсенді түрде ұстанған бұл қызмет елімізде 2003 жылы құрылған болатын. 2019 жылы тікелей Президентке бағынышты, дербес құқық қорғау органы ретінде жұмысын жалғастырды. Агенттік өз қызметі туралы тұрақты түрде есеп беріп, брифингтер өткізді. Жұртшылықпен тікелей диалог орнату мақсатында «Antikor оrtalyǵy» атты қабылдау және қоғамдық бақылау орталықтары ашылды. Сонымен қатар, «Адалдық алаңы», «Саналы ұрпақ», «Ашық бюджет» сияқты жобалар арқылы халықтың жемқорлыққа қарсы санасын ояту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізді.

АШЫҚ АГЕНТТІКТЕН ҚҰПИЯ ҚҰРЫЛЫМҒА

Бұл өзгерістің астарында не жатыр және қазақстандықтарды алда не күтіп тұр? Бұл сұраққа саясаттанушылар не дейді екен?

Саяси шолушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, бұл шешімнің артында екі негізгі себеп жатуы мүмкін: біріншіден, сыбайлас жемқорлықтың ұлттық қауіпсіздікке төнген нақты қауіп ретінде мойындалуы, екіншіден, антикоррупциялық құрылымның басқарылуын күшейтуге деген ұмтылыс.

«Не сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке қатер ретінде танылып отыр немесе билік осы саладағы бақылауды барынша күшейтуді көздеуде. Қалай болғанда да, ҰҚК құрамында қазір тек қарсы барлау мен терроризмге қарсы күрес емес, сонымен қатар сыртқы барлау, шекаралық қызмет, киберқалқан, ұйымдасқан қылмысқа қарсы әрекет және енді сыбайлас жемқорлықпен күрес те бар», – дейді сарапшы.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев бұл өзгерісті ведомство тарихымен байланыстырып, оның саяси астарына назар аударды.

«Жуырда ғана Антикор мен Қаржылық мониторинг агенттігін (ҚМА) біріктіру мүмкіндігі туралы түрлі сыбыс тараған еді. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев мүлде басқа жолды таңдады. Соның нәтижесінде бір кездері бір-бірімен бәсекелес болған екі құрылым бір жүйеге біріктірілді. ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев 2019 жылдан бері Президенттің күзет қызметін басқарған. Қаңтар оқиғасы кезінен бастап ҰҚК басқарады. Ол – Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең сенімді серіктерінің бірі. Енді оның қолына бұрынғыдан да ауқымды билік бар. Бұл алдағы жылдары елдегі процестерді басқару тұрғысынан қызықты», – дейді Данияр Рахманұлы.

Саясаттанушы Әнуар Бақытхановтың пікірінше, бұл – сыбайлас жемқорлықпен күресуді жақсарту үшін жасалған маңызды қадам.

«Негізінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес енді екі бағытта жүргізілмек: бірі – қорғаныс, екіншісі – алдын алу жұмыстары. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҰҚК құрамына өтіп, тергеу мен арнайы операциялармен айналысады. Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құқық бұзушылықтардың алдын алу мен саясатты әзірлеуге жауапты болады. Егер әр құрылымның міндеті мен өкілеттігі нақты белгіленсе, мұндай жүйе жұмыстың үйлесімділігі мен тиімділігін арттыра алады. Қабылданатын заңның мазмұны маңызды, өйткені ол екі бағыттың да қаншалықты дербес әрі тиімді болатынын анықтайды. Биліктің күзге дейін ішкі тәуекелдерді де, қоғамның үмітін ескеруге уақыты бар. Сонымен қатар, жаңа тетіктер қазақстандықтар алдында тиімділік пен ашықтық арасындағы тепе-теңдікті сақтай алуы тиіс», – деп ой бөлісті халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жемқорлықпен күрес жүйесі өзгерді. Бірақ халық  өзгерісті емес, нәтижені көздейді. Ол – әділдік, ашықтық және сенім. Бұл жолда жаңарған құрылым сөзден іске көшсе ғана, қоғам күткен үміт ақталмақ.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here