Кедергісіз орта

0
2161
Ғимараттарда пандус, дыбыс құрылғылары орнатылмаса, айыппұл көлемі жауапты тұлғалардың мәртебесіне қарай 172 500 теңгеден 1 380 000 теңгеге дейін барады

Қазақстанда 705 мыңнан астам ерекше қажеттіліктері бар адам тұрады. Солардың 421,5 мыңын немесе 59,8 пайызын – еңбекке қабілетті жастағылар, 181,9 мыңын немесе 25,8 пайызын – зейнеткерлер, 101,6 мыңын немесе 14,4 пайызын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды. Ал, оларды әлеуметтік тұрғыда қолдау, дербес өмір салтын сақтауына жағдай жасау, кедергісіз орта қалыптастыру – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы өмір сүру мүмкіндігін шектемей, оларға қолжетімді орта құру мәселесі төңірегінде білгіңіз келсе, сараптамамызға назар салыңыз.

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК КАРТАСЫ

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Анархан Дүйсенованың мәліметінше, бүгінде «Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау» (inva.gov.kz) ақпараттық порталындағы қолжетімділіктің интерактивті картасында республика бойынша 35 мыңнан астам инфрақұрылым және әлеуметтік нысандардың ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімделгені жөнінде мәліметтер жарияланған. Бұл көрсеткіш бойынша көш басында Алматы қаласы, ал көш соңында Ұлытау облысы тұр. Алғашқысында 4 140, соңғысында 364 нысан мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігін өтейді. Әрине, бұл жерде мүгедектігі бар адамдар санын да ескермеске болмайды. Мысалы, Алматы қаласында 57 мыңдай, былтыр құрылған Ұлытау облысында 1,2 мыңдай ерекше қажеттіліктері бар адам тұрады.

«Бұл нысандар үш қолжетімділік санатына бөлінеді. Олар: қолжетімді, жартылай қолжетімді және қолжетімді емес. Есту, көру, тірек-қимыл аппаратының бұзылуы мен мүгедектер арбасына таңылған жандар үшін қолжетімділік ескеріледі», – дейді Анархан Қалиқызы.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасы орынбасарының айтуынша, аймақтарда нысандарды бейімдеу мақсатында өңірлік жоспар бекітілген. Осы жоспарлардың бір бөлігін мүгедектерге арналған нысандардың жай-күйін бақылау құрайды.

«2025 жылға дейінгі кезеңде басымдық берілетін 22 мың нысан анықталды. Олардың ішінде мемлекеттік мекемелер, халыққа қызмет көрсету орталықтары, денсаулық сақтау мекемелері мен емханалар, білім беру ұйымдары, мәдениет, спорт жалпы әлеуметтік көлік инфрақұрылымы сияқты жерлер бар. Байқап отырғандарыңыздай, аталған нысандар халық жиі бас сұғатын орталықтар болып табылады. Бұл тізім «Аманат» партиясының 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасында көрсетілген «Өзгеріс жолы: баршаға лайықты өмір» бағытын негізге ала отырып құрастырылған», – дейді Анархан Дүйсенова.

Анархан Қалиқызының айтуынша, сайлауалды бағдарлама бойынша жыл сайын 4 400 нысанда ерекше қажеттілігі бар жандар үшін жайлы орта жасақталуы тиіс. Әр аймақта осы бағыттағы жұмыстың жүйелі жүргізілуіне облыс әкімдері жауапты болса, атқарылған жұмыс сапасын бақылау үшін қоғамдық бақылау топтарының жұмысы да күшейтілгенін атап өткен орынды.

ЖЕТІ БАҒЫТТАН ТҰРАТЫН ҰЛТТЫҚ ЖОСПАР

Анархан Дүйсенованың мәліметінше, аталған бағыттағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыру аясында Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары қабылданған. Ол жеті бағытты қамтиды. Сондай-ақ, 64 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Осы негізде атқарылған жұмыстың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға сайлау құқығын пайдалану үшін жағдай жасау. Бұл бойынша 2019 жылы министрлік Орталық сайлау комиссиясымен бірлесе отырып, ұтымды шешім шығарған. Аталған қызмет ҚР кодексіне сәйкес кәсіби бақылау нысанында, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жүргізіледі.

«Бұл жерде негізгі талап мүгедектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Ең алдымен баспалдақ, пандус, есік сияқты негізгі қажеттіліктердің мүгедек жандардың мүмкіндігін шектемеуін қамтамасыз ету керек. Қазіргі таңда көпшілік жиі жүгінетін мекемелерде ғана емес, автотұрақ, аялдама, автобус, сауда орталықтары мен базар сияқты нысандарда да мүгедектерге қолайлы орта қалыптастыру мәселесі назарға алынып келеді», – дейді комитет төрағасының орынбасары.

Анықтамалық, касса сияқты қызмет көрсету орталықтарында да қолжетімділікті қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Ерекше жандардың мәдениет ошақтарынан тыс қалмауы, спортпен еркін шұғылдана алуы да басты назарда. Осы мақсатта мүгедектердің мәдени, ойын-сауық орталықтарына барып, іс-шараларға қатысуы мен спортпен шұғылдануы үшін спорт ғимараттарын арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асырылуда.

ЗАҢДЫ БҰЗҒАНДАР ҚАНДАЙ ЖАЗА АРҚАЛАЙДЫ?

Комитет төрағасының орынбасары әкімшілік жауапкершілікті қадағалау тәртібі арнайы құқық бұзушылық туралы кодекспен реттелетінін мәлімдейді. Ол бойынша әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына, мәдениет ошақтарында қолжетімділік қамтамасыз етілмеген жағдайда, лауазымды тұлғаларға 50 АЕК негізінде, шағын кәсіп иелері мен коммерциялық емес ұйымдарға 120 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК, ірі кәсіп иелеріне 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл ретте айыппұл көлемі жауапты тұлғалардың мәртебесіне қарай 172 500 теңгеден 1 380 000 теңгеге дейін барады. Егер әкімшілік жазадан сабақ алмай, құқық бұзушылық оқиғасы бір жыл ішінде қайталанатын болса, айыппұл көлемі бастапқыдан көп көлемде тағайындалады. Нақтылар болсақ, лауазымды тұлғаларға 80, шағын кәсіп иелеріне 150, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 250, ірі кәсіп иелеріне 600 АЕК-ті құрайды. Теңгеге шақсақ, айыппұл көлемі 276 000 теңгеден 2 070 000 теңгеге дейін артады.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік ортада және қоғамда мүмкіндігінің шектелмеуін тиісті тұлғалар ұдайы бақылауда ұстайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, 2022 жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша департамент мамандары 805 тексеру жұмыстарын жүргізген. Оның 507-сі жоспарлы тексеріс болса, қалғаны жоспардан тыс және тосыннан ұйымдастырылған. Нәтижесінде «тәртіпке бағынбаған» тұлғаларға жалпы сомасы 10,9 млн теңгеге саятын 106 әкімшілік айыппұл салынған. Нәтижелерге сүйенсек, бұл тұстағы құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі пандустың мүлде жоқ болуы немесе талапқа сәйкес болмауы, шақыру түймесінің жоқтығымен сипатталады. Сондай-ақ, 2020 жылы осы бағытта 970 нысанға тексеріс жүргізіліп, оның 860-ы қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған. Нәтижесінде 699 бақылау субъектісіне анықталған құқық бұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарым берілген. Көрсетілген есепті негізге ала отырып, Мемлекет басшысы нысандардың қолжетімділігіне қатысты қазіргі жағдайды «аса көңіл қуантарлықтай емес» деп бағамдайды.

«Біз мүгедек жандарға қолайлы орта құруда жасалуы керек шаруалардың түгел атқарылмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгіздік. Десек те, бұл саладағы құқық бұзушылық әлі де саябырламай тұр. Іс жүзінде қозғалу мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін өздігінен көшеге шығып, тиісті орталықтарға өзі бара алуы мүмкін бола бермейді. Оның үстіне, тұрғындар жиі жүгінетін орталықтарда оларға қолайлы жағдай жасалмаса, тіпті қиын. Бұл алаңдатарлық мәселе», – деді Мемлекет басшысы 2021 жылы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында сөйлеген сөзінде.

ТАСЫМАЛ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ СЫН КӨТЕРЕ МЕ?

Анархан Дүйсенова көлік тасымалы саласында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсарту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанына да тоқталып өтті.

«Көлік саласында қолданылып келе жатқан ережелерге біршама толықтырулар мен түзетулер енгізілді. Солардың бірі – теміржол вокзалдары мен әуежайларда кедергісіз орта құру мәселесі. Сондай-ақ, пойыздарды арнайы мүгедектерге қолжетімді вагондармен жабдықтау да күн тәртібінде. Көлік қызметкерлерін мүгедектерге қызмет көрсетуге дағдыландырып, оның ішінде ымдау тілін үйренуін қамтамасыз ету маңызды. Әуежай, вокзал, әлеуметтік-мәдени объектілер мен алаңдарда, кез келген көшеде мүгедектерге арналған арнайы әрі тегін көлік тұрағының болуы да қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен қолдау болып табылады», – дейді Анархан Қалиқызы.

Айта кетейік, мүгедектігі бар жандардың жұмыс орнындағы жабдықтары мен еңбек жағдайына қойылатын талаптары да басты назарда. Және арнайы жұмыс орындарын құруда белгілі стандарттар бекітілген.

ОНЛАЙН КАРТАНЫҢ ОҢТАЙЛЫ ТҰСЫ КӨП

Әрине, 705 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар жандар үшін  қолжетімді ортаны қалыптастыру жолында азаматтық қоғам да өзінің жауапкершілігін сезінеді. Айталық, 2019 жылдың қаңтарынан бастап елімізде «Қолжетімді Қазақстан» онлайн картасы енгізілді. Қажеттілікті дер кезінде қамтамасыз етіп, нақты ақпарат беретін онлайн картаның мүмкіндігі шектеулі жандар үшін оңтайлы тұсы көп. Интерактивті карта кез келген ғимараттың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаншалықты ыңғайлы екенін көрсетіп береді. Яғни, онда пандус дұрыс орналасқан ба, дыбыс құрылғылары жұмыс жасайды ма немесе мүгедектер арбасына арналған жол бар ма екенін анықтауға болады. Онлайн картаны қолдану барысында үш түрлі түс арқылы ғимараттың мүгедек адам үшін қаншалықты қолайлы екені анықталады. Жасыл түс объектінің толық қолжетімділігін білдірсе, сары түс жартылай қолайлылықтан хабар береді. Ал, қызыл түс жанған ғимаратқа бас сұғу – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қауіпті.

Онлайн картаның мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пайдасы орасан. Ол арқылы ерекше қажеттілігі бар адамдар өз күнін оңтайлы жоспарлап, қауіптің алдын ала алады. Бұл туралы «Қоғамдағы ерекше жандарға кедергісіз орта қажет» дейді «Қолжетімді Қазақстан» жобасының авторы Александра Шаронова.

doskaz.kz картасы көбінесе «Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталдарына балама ретінде ұсынылады. Алайда, жоба авторының пікірінше, мемлекеттік және азаматтық карталарды қатар қойып қарастыру орынсыз. Себебі, алғашқысы мемлекеттік мекемелерді көрсетсе, азаматтық карталар адамдардың күнделікті қажеттілігін өтейтін орындар туралы ақпараттарды ұсынады.

«Қолжетімді Қазақстан» картасы еліміз бойынша көбіне сары яки қызыл түсті белгі беретінін де айта кеткеніміз жөн. Бұл дегеніміз, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоғамдық орындардың көпшілігі жартылай қолайлы немесе мүлде қолжетімсіз екенін білдіреді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, қоғамда түрлі жағдай, түрлі тағдыр бар. Кімнің қандай сынақты бастан өткізіп, кімнің алдында не күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян. Тағдыр талқысына түсіп яки туа бітті мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Ондай ерекше қажеттілікте өмір сүретін жандардың өмірге деген құштарлығы дені сау адамнан әлдеқайда күштірек. Себебі, олар денсаулықтың, емін-еркін өмір сүрудің қадір-қасиетіне қаныққан. «Адамның күні адаммен» деген және бар. Қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың ортадағы мүмкіндігін шектемей, қолдау көрсету – мемлекеттің де, адамзаттың да парызы.

Осы ретте, 2021 жылдың басында ел Президенті ерекше қажеттілігі бар адамдардың сұранысқа ие нысандарға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуді тапсырған еді. Мемлекет басшысы «табалдырықтан төрге дейін» принципін басшылыққа алу керектігін атап өтті. Ол үшін елдегі мүмкіндігі шектеулі жандар жиі баратын ғимараттар тізімін жасаудан басталатын атқарылуы тиіс шаруа әлі де шаш етектен.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here