Инклюзия игілігі: Арнайы педагогпен сұхбат

0
3912

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде 140 мыңға жуық бала ерекше білім беруді қажет етеді. Соның 38 мыңын мектеп жасына дейінгі балалар, 96 мыңын оқушылар құрайды. 14 мыңнан астам бала кәдімгі балабақшаларға, 9,8 мыңнан астамы арнайы балабақшалар мен топтарға барады. 44 мың оқушы қарапайым мектептерде, 24 мың оқушы арнайы мектептер мен сыныптарда білім алады. Ал, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту, қоғамға бейімдеу мақсатында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Мәселен, соңғы жылдары елімізде инклюзивті білім беру мықтап қолға алынды. Әр баланы қоғамға тартып, оларды әлеуметтендіру үшін дефектологтар, психологтар мен арнайы педагогтар талмай еңбектеніп келеді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газетінің тілшісі Алматы қаласындағы №13 мектеп-гимназиясының арнайы педагогы Ұлжан Спанқұлованы әңгімеге тартып, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жайында сұрады.

– Ұлжан Бақытқызы, әңгімемізді арнайы педагогика және арнайы педагогтің жұмысы жайлы бастасақ…

– Кең мағынада айтқанда, арнайы педагог (дефектолог) – дамуында ауытқушылығы бар балаларды әлеуметтендіру, тәрбиелеу, оқыту, үйрету маманы. Қысқа мағынада, ол – түзетуші педагог.

Біздің жұмысымыздың мақсаты – ерекше білімді қажет ететін балаларды мүмкіндігінше дамыту, әлеуметтік, оқу, тұрмыс, кәсіби және басқа салаларға бейімдеу. Әр түрлі тұқым қуалаушылық, экологиялық, физикалық, материалдық, әлеуметтік жағдайларға байланысты дамуында кемшілігі бар балалар барлық заманда өмірге келген. Олар да адамзаттың бір мүшесі. Олардың арасында небір ұлы ойшылдардың, ғылымға өзіндік үлесін қосқан ғалымдардың болғаны да белгілі. Негізінде дефектология – педагогиканың көру, есту, сөйлеу мүшелерінде, ақыл ойының дамуында табиғи кемістігі бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселелерін зерттейтін ғылымның бір саласы. Бұл саладағы зерттеу нұсқасы – мүмкіндігі шектеулі балалар, яғни анамальді балалар. Ондай жандарға қарап арың, ұятың оянады. Олармен жұмыс істеу өте қызықты және үлкен жауапкершілік пен шыдамдылықты талап етеді.

– Өзіңіз жұмыс істейтін білім ордасында ерекше қажеттіліктері бар балаларға қандай жағдай жасалған? Мектепте инклюзивті білім алатын қанша бала бар?

− Мен Алматы қаласындағы №13 мектеп-гимназиясында жұмыс істеймін. Биыл бірінші жыл ерекше білімді қажет ететін оқушыларға арнап сынып ашылды. Мүмкіндігінше қажетті заттармен мектеп басшылығы қамтамасыз етіп отыр. Қазір ерекше білімді қажет ететін балалармен өзім, яғни арнайы педагог және логопед, педагог-ассистент, психолог, мұғалімдер бірлесе жұмыс істеудеміз. Мектебіміздің басшысы Есеналиева Мөлдір Қамқабайқызы және оқу ісінің меңгерушісі Еріш Жарқынай Оңалбекқызы бізге бағыт-бағдар мен кеңес беріп отырады. Мүмкіндігінше ерекше білімді қажет ететін балаларға жағдай жасауда. Жоғарыда айтқанымдай, биыл бірінші жыл болғандықтан, әзірге мектебімізде жеті оқушы бар.

– Қандай бағдарламалар мен оқулықтарды қолданасыз?

− Ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларға арналған үлгілі оқу бағдарламасымен жұмыс істейміз. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №472 бұйрығы бойынша сәйкес сабақтардың күнтізбелік жоспары жасалады. Жалпы білім беру мектептеріндегі ерекше білім алуды қажет ететін балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге арналған И.Г. Елисеева, А.К. Ерсарина оқулықтарын, жұмыс дәптерлерін қолданамыз.

 – Ұлжан Бақытқызы, Президенттің 2021 жылы инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі заңға қол қойғаны мәлім. Осы заңнан кейін ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істеуде қандай өзгерістер бар?

− Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылғы инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі заңға қол қойғаннан кейін жалпыға бірдей білім беретін мектептерде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арнайы жабдықталған сыныптар ашылды. Мектепке келе алмай жүрген балалар өзі қатарлас балалармен бір сыныпта сабақ оқуына мүмкіндік алды. Аталған заңның арқасында арнайы мамандар жұмысқа тартылып, оларға жағдай жасалуда. Арнайы оқулықтар, жұмыс дәптерлері шығарылды. Енді осы оқулықтар мен жұмыс дәптерлерінің саны артып, кітапханаларға көптеп таратылса, яғни бәріне қолжетімді болса және мамандар біліктілігін арттыратын ақысыз курстар ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді. Мемлекет басшымыздың қолдауымен әлі де көптеген жүйелі жұмыстар атқарылатынына сенім мол. Қазірдің өзінде ерекше қажеттілігі бар жандар инклюзия игілігін сезіне бастады.

– Инклюзивті білімге мұқтаж балалармен жұмыс істеудің оңай еместігі айтпаса да түсінікті. Сонда жауапкершілік жүгі ауыр мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?

− Дұрыс айтасыз, ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істеу оңай емес. Алайда, олардың қоғамда ерекше орны бар екенін, қатарластарымен тең құқылы оқи алатынын дәлелдеу мақсатында қоғамдағы осындай балаларға, ата-аналарға кішкене болса да көмегімді, қол ұшымды берейін, қоғамға менің де пайдам тисін деген ниетпен осы мамандықты таңдадым.

– Ұлжан Бақытқызы, ашық әңгімеңіз үшін алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here