«Тұлғаны психологиялық диагностикалау» оқу-зерттеу зертханасы ашылды

0
515

Биылғы Ғылым онкүндігі аясында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Педагогика және психология институтында «Тұлғаны психологиялық диагностикалау» оқу-зерттеу зертханасының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға университеттің Басқарма мүшелері: зерттеу қызметі жөніндегі проректор Ермек Бөрібаев, әкімшілік және қаржы қызметі жөніндегі проректор Клара Исакова; әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов, сондай-ақ Педагогика және психология институтының басшылығы және профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Жаңа зертхананың мақсаты – жалпы және қолданбалы психологияның өзекті мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, оқу және зерттеу процесін қажетті психодиагностикалық құралдармен және ғылыми-әдістемелік қолдаумен қамтамасыз ету болып табылады.

Зертхананың ғылыми-практикалық қызметінің негізгі бағыттары – педагогикалық білім беру саласындағы жаңа ақпараттық технологиялар негізінде әзірленетін қазіргі заманғы компьютерлік психодиагностикалық әдістемелерге бағдарланған психодиагностикалық құралдарды жетілдіру.

Педагогика және психология институтының директоры Ғалия Абаева болашақ мамандарды даярлаудағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының мазмұны мен ерекшеліктерін атап өтті.

Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Ниетбаева ғылыми-зерттеу зертханасын оқу үдерісіне енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру жоспарларымен бөлісті.

Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры Ақмарал Сатова және оқытушылар Айша Нәдірбекова мен Гүлмира Момбиева болашақ мамандарды даярлау үдерісінде оқу-зерттеу зертханасының негізгі қызметтерін нақты айқындап, психологиялық диагностика әдістеріне тоқталды.

Іс-шара соңында «Тұлғаны психологиялық диагностикалау» оқу-зерттеу зертханасының ашылуына демеушілік көрсеткен тұлғаларға алғыс хаттар табыс етілді.

«Практикалық психологты даярлау» мамандығының студенттері мен студенттік өзін-өзі басқару белсенділері зертхананың ашылуына және «Халықаралық психолог күні» кәсіби мерекесіне арналған мерекелік концерт ұйымдастырды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here