Өкімет сескенетін саяси серке болып қалыптасқан Әлихан Бөкейханның ұлт тәуелсіздігі үшін атқарған ұлан-ғайыр шаруасын айтпағанда, бір ғана «Қазақ» газетінің өзінде 200-ден астам мақаласы басылыпты. Олардың арасында саясат, экономика жайында мақалалары, мәдени шолулары, әңгімелері, өлеңдері, аудармалары бар. «Ана тілінде өзінің әдебиетін жасаған халық қана тәуелсіз өмір сүре алады» дегенді ұлт көсемі осылайша сан қырлы дүниелерін көпшілікке жеткізумен дәлелдеген болатын. Оның бұл қайсарлық қасиеті қызы Елизаветаның бойында да бар еді. Кеңестік жүйенің отарлау саясатының алғашқы құрбандарының бірі, көрнекті ұлт қайраткері, әдебиетші, көсемсөзші, ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары бірнеше басылымның редакторы болған Смағұл Сәдуақасұлының жары, алаштың әйгілі тұлғасы Әлихан Бөкейханның қызы Елизавета Әлиханқызы Сәдуақасованың туғанына 120 жыл толуына орай ол туралы аз-кем сыр ақтарып көрелік.
ҰЛТ КӨСЕМІ
ОМБЫДА
ӨМІРЛІК СЕРІГІН
КЕЗІКТІРІП,
ӘКЕ АТАНДЫ
Смағұлдың сүйікті жары – Елизавета 1903 жылдың 25 сәуірінде Омбыда дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Зейнеп, Мәскеуде паспорт бергенде жазылған есімі – Елизавета. Жақындары, достары Лиза десе, әкесі Лиза-жан дейтін. 1971 жылы қайтыс болды. Ал, 1910 жылы Өкітай есімді ұлт көсемінің ұлы дүние есігін ашады. Ол бертін келе үнемі орыстілділердің ортасында болып, Сергей аталады. Өкітай Бөкейхан тау-кен институтын бітірген. Бірталай жыл Қаныш Сәтбаевпен бірге, оның кешенді геологиялық-барлау тобында еңбек еткен.
Лиза мен Өкітайдың анасы Ольга Яковлевна Сібірге қоныс аударғандардың ұрпағы Яков Севостьяновтың қызы болатын. Ал, әкесі Әлихан Бөкейханның саясат пен журналистік қызметтен босамағаны, ұлты үшін еңбек еткені алаш жұртына мәлім.
Яков Севостьяновпен Әлихан Бөкейханның таныстығы Омбыдағы, яғни «Степной край» газеті редакциясында жұмыс істеп жүрген кезеңде бастау алған. Әлихан Омбының техникалық училищесін үздік аяқтап, Санкт-Петербургтің Императорлық орман институтында оқып, орман экономисі мамандығын алған соң, яғни 1894 жылы Омбыға қайта оралады. Осында ол буырқанған оқиғаларға толы 14 жыл өмірін өткізеді әрі өмірлік қосағын кезіктіреді.
Яков өзінің қызы Ольгамен Әлиханның танысуына аса қарсы бола қоймайды. Күндердің күнінде жастар қыздың әкесінен некелесуге батасын алуға келгенде, ол мұңайып: «Қызым-ау, саған ешқашанда Әлиханнан артық қалаулы жарды тілемес те едім. Бірақ, екеуің де алдарыңнан шығатын қиыншылықтарға дайын болуларың керек. Ол болса қазақ, қалыптасқан шарттылықтары мен салттары бар қырда өсіп, тәрбие алған. Сен болсаң орыссың. Сенің қандастарың «Басқа ұлтқа тұрмысқа шықты» деп сені үнемі сөгетін, «Орысты таңдап алды» деп елінде оны кінәлайтын болады. Тек бақтарың ашылсын, батамды беремін, бірақ шыдамды болыңдар, махаббаттарың қорғаныш болсын сендерге», – дегенді айтқан.
Расында да, Әлиханның қайын атасының сөзі араға жылдар салып дәл келеді.
Лиза үнемі жазғы демалысын әкесінің туған жері Тоқырауында, әжесі Бежекемнің (анасының шын аты Бекжан, көбіне жұрт Бежекем деп атаған) қасында өткізген. Әлиханның анасы Бежекем өмірден ұлының орыс әйел алғандығына көндіге алмай өтіпті. Соған қарамастан Лиза Павлодар түрмесінен кейін, әкесіне Омбыда тұруға рұқсат бермеген кезде анасы мен нағашы атасымен бірге қалуға мәжбүр болған. Ольга Яковлевна 1918 жылы ұзаққа созылған науқасынан Семейде қайтыс болып, Лиза 15 жасында анасынан айырылады.
ӘКЕ
АЛДЫНДАҒЫ
БОРЫШ
Самарадағы сегіз жылға созылған жер аударудан кейін, Омбыға оралуға рұқсат бермегеннен соң Әлихан Орынборға көшіп, осында отбасымен бас қосады. Өкінішке қарай, олардың бұл қауышулары ұзаққа созылмайды. Сол кезде Лиза Орынборда гимназияда оқитын еді.
Содан Әлихан Бөкейхан Сталиннің «солақай бұйрығымен» Мәскеуге жеткізіледі. Ол 1922 жылдан 1937 жылға дейін кем дегенде үш рет тұтқынға алынған. Бұған Ресей әлеуметтік-саяси тарих мемлекеттік мұрағаты ұсынған жеті құжаттың біреуінің көшірмесі дәлел бола алады. Ал, Мәскеудегі коммуналдық пәтерде үйқамағында отырған 1927 жылдың қазан айынан 1937 жылдың шілде айына дейінгі уақытта кезекті тергеуге алу үшін оны қанша рет уақытша ұстағандары бір Құдайға ғана аян.
Осы арада Лизаның әкесін босатуда жасаған перзенттік борышының бірін айта кетудің жөні бар сияқты. Лиза әкесін босату мақсатымен Мәскеуге жолға шығады. Себебі, Мәскеуде Лизаның Самарадан таныс құрбысы Ирина тұратын. Иринаның әкесі Вячеслав Александрович Кугушев байырғы князь тұқымына жататын беделді адам. Оның социал-демократтар партиясын құрушылардың бірі Василий Шелгуновпен достығы ерекше болатын. Бұл есімі аталған екі кісі де Әлиханды танитын.
Лиза Иринаны кездестіреді. Тап бұл барған кезде Ирина Василий Шелгуновпен шахмат ойнап отырады. Лиза оларға әкесінің басындағы жағдайды айтып түсіндіреді. Ертеңіне Шелгунов Лизаны Кремльге ертіп барады. Байырғы большевик ретінде оған Кремльге еркін кіруіне болады. Көзі көрмейтін Шелгуновты жетелеуге біреудің еріп жүруіне рұқсат болғандықтан қасына Лиза ілеседі. Олар Ұлттар ісі жөніндегі Халық комиссары (Наркомнац) И.В.Сталиннің қабылдау бөлмесіне келеді. Иосиф Виссарионовичке Василий Шелгуновтың келгендігін хабарлайды. Ол оны бірден қабылдайды. Василий Николаевич екеуара әңгімені Лиза тыңдасын деп, кабинеттің есігін әдейі ашыңқырап қалдырады. Шелгунов Сталинге Әлиханға кепілдік бола алатынын, оны Мәскеуге күзетсіз, күнделікті жай пойызбен әкелуге бұйрық беруін сұрайды. Сталин тап сол арада Дзержинскийге Әлиханды Мәскеуге күзетсіз жеткізу жөнінде бұйрық береді.
Міне, Лизаның ұлтым деп шырылдаған әкесімен бірге перзенттік жанының қоса шырылдағанын осы бір қысқа ғана көріністен көруімізге әбден болады. Мұнан әрі Сталин Мәскеуге әкелінген Алаш арысы Әлиханды қабылдайды. Қаһарлы көсеммен бетпе-бет жүздесіп отырғанда Әлиханға «Сіздің жақтағы коммунистердің жағдайы қалай?» деген құйтырқы сұрақ қойылады. Бұл сауалға Әлихан ойланып барып былай жауап қайтарады: «Сіз шығыста аңыз арқылы баяндау қалыптасқанын білесіз ғой. Маған да соның бірін айтуға рұқсат етіңіз. Әлбетте, Сіз Қожанасырды білесіз. Ол елді жиі аралап, оларды күлкіге батырып жүреді. Бір сапарында ол бір жиынға тап болады, қолында бір тағасы бар. Одан: «Қолыңдағы не нәрсе?» – деп сұрай бастайды. Нәсредин оларға: «Бұл менің есегімнің тағасы ғой. Бар арманым орындалу үшін маған үш таға мен бір есектің жетпей тұрғаны», – деген жауап қайтарыпты. Мен Қазақстандағы коммунистердің жағдайын осылай сипаттар едім».
Жауап Сталинге ұнап қалады да, сәл кідіріп барып: «Мәскеуде бола тұрыңыз. Сізге пәтер мен жұмыс іздестір деп Төреқұловқа тапсырма бердім. Менің Сізге қоятын бір ғана талабым бар – еліңізге қайтып оралмаңыз және қырға да шықпаңыз», – деп қатаң талабын айтады.
Әлихан қарсы сөз айтпастан шығып кете барады. Оның жағдайында бірдеңе айту мүмкіндігі болмайды да ғой. Ол жалғыз қалды. Кеңес Одағының «құдіреті» осылайша Әлиханды «жалғыз қалдырады». Оны достарынан, туған-туыстарынан, сүйікті ісінен, жалпы бәрінен айырып, Мәскеудің Үлкен Кисловский шолақ көшесіндегі 4-ші үйдің №15 коммуналдық пәтеріне орналастырады. Ол пәтерден оған екі бөлме мен шағын дәліз бөліп береді. Дәліз бойымен кез келген пәтерге өтуге болады, өйткені олардың есіктері жатақханалардағыдай ортақ ыңғайжайлармен пайдалану үшін ортаға шығарылған. Үш пәтер оң жағында орналасқан, сол жағында, дәліз түбінде бір ғана пәтер болатын, ал қас бетіндегі түпте Әлиханның пәтеріне кіретін есік болатын. Дәретханасы, колонкалы ваннасы, бірнеше үстелі бар асханасы ортақ.
Бұл – Әлиханның өмір сапарының соңғы тұрағы болған үй. Иә, бұл көшеде көптеген әйгілі адамдардың тұрғаны тарихта нақты көрсетіледі. Атақты көшенің бір шеті Калинин көшесін қиып өтсе, екінші жағы Герцен көшесіне шығатын, одан әрі Кремльге дейін он минуттық жер.
Мұнда кооперативтік пәтер сатып алғанға дейін соғыстан майор атағымен оралған доцент Елизавета Әлиханқызы елу жылға таяу уақыт ғұмыр кешті. Бұл коммуналкаға 1922 жылы оның әкесін Қазақстаннан жер аударғаннан кейін Ұлттар ісі жөніндегі Халком Сталиннің нұсқауы бойынша қоныстандырылған. Мұнда Лиза бауыры Сергеймен бірге тұрған, осы жерден оның күйеуі, әйгілі саяси және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы Кремль ауруханасына әкетіп, ол содан қайтып оралмастан, 33 жасында қайтыс болған. Осы пәтерге Арбат алаңындағы Грауэрмен перзентханасынан Ескендірді (Кенканы) алып кірген еді. Тап осы үйден отыз жетіде әкесі Әлиханды Бутыр түрмесіне айдап әкетіп, содан қайтып оралмады, атып тастады. Жалғыз ұлы Кенка 17 жасында майданға өз еркімен ешкімге айтпастан аттанып, қайтып оралмады. Өзі де осы үйден қарапайым лаборанттықтан профессор, медицина саласының білгір тұлғасы дәрежесіне дейін көтерілген болатын. Отызыншы жылдары бұл пәтерге Смағұлдың достары мен үзеңгілестері және Әлиханды қадір тұтушы сан адам бас сұққан.
Міне, ақ пен қараның куәсі болған осынау қасиетті қара шаңыраққа айналған пәтерден Лиза амалсыз денсаулығы себепкер болып, кетуіне мәжбүр болады. Сөйтіп, орталықтан шалғай, бірақ маңайы тыныш, орманға таяу, ауасы таза, кооперативтік екі бөлмеге көшеді.
ӘЛИХАНҒА
КҮЙЕУ
БАЛА БОЛҒАН
СМАҒҰЛ
Әңгімемізге кері оралсақ, 1923 жылдың сәуірінде Лиза қазақ саяси элитасының ХХ ғасыр басындағы бірден-бір көрнекті тұлғасы Смағұл Сәдуақасұлына тұрмысқа шығады. Үйлену тойлары Смағұлдың туған ауылы Жарқында, Лизаның туыстарының үйінде өтеді. Келесі жылы Лиза медицина институтына түсіп, оны жақсы аяқтайды. Ауруханаға медбике болып орналасады. Смағұл болса Қазақстандағы қызметін жалғастыра береді. Ол Орынбордағы Үкімет мүшесі болатын. 1925 жылы небары 25 жасында Ағарту министрі болып тағайындалып, бұл қызметті 1927 жылдың жазына дейін атқарады. Себебі, дәл осы кезеңдері республикадағы саяси ахуал ширығып, күрделене түседі. Республиканы басқаруға Филипп Голощекин тағайындалады. Смағұл Сәдуақасұлы сынды ұлтшыл азаматтардың қызметі өткір сынға алынады.
Осыдан кейінгі жылдары қос әулетте қасіретті оқиғалар кезеңі басталады. Осымен Смағұлдың сегіз жылғы қызмет кезеңі аяқталып, елде оған жұмыс табылмай, 1928 жылдың наурызында Смағұл Мәскеуге өзінің отбасына көшіп барады. Онда қайын атасы Әлихан мен келіншегі Лизамен қоса үш жасар ұлы Ескендір өсіп келе жатқан. Енді бұрынғы Халком Көлік инженерлері институтының жасанды құрылыс факультетіне түсіп, оны 1932 жылы аяқтайды. Қазақстандағы бұрынғы достары Сталиннен Смағұлды Түркісіб құрылысына жіберуді өтінгенмен, алайда көсем: «Ол бастық болып көрген. Енді қарапайым инженер болып істесін», – деп қатқыл жауап қайырады да, Смағұлды Мәскеу-Донбасс теміржол учаскесінің құрылысына жөнелтеді. Арада бір жылға толмай уақыт жұмыс істеген Смағұл 1933 жылы Кремль ауруханасында тосыннан, жұмбақ жағдайда қайтыс болады. Ресми айтушыларға қарағанда, ол суық тигеннен көз жұмған. Жары Лизаның айтуынша, ол органдардың қастандығының құрбаны болған.
Осы арада Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апамыздың («Сағынышым – Сәбитім». «Өлке», 2000) естелігінен үзінді келтірейік:
«Иә, Смағұл Сәдуақасовтың жерлеуіне қатысқанымыз рас. Ол кезде Сәбит ИКП-да оқиды. Бала-шағамызбен Мәскеуде жүрген кезіміз. Шамасы, 1932 жыл, әлде 1933 жыл. Бір күні Сәбит үйге асығыс келіп: «Мәриям, жинал. Смағұл Сәдуақасов қайтыс болыпты. Бүгін жерлеуге апарады екен», – деді. Екеуміз үйден шықтық. Қыстың күні болатын. Мәскеудің шет жағын толық білмеймін ғой. Трамвайға отырып, одан біраз жаяу жүріп, бір үлкен кірпіш үйдің жанына тоқтадық. Әлгі үй ерекшелеу көрінді маған. «Крематорий деген осы» деді Сәбит. Жүрегім зырқ ете түсті. «Өлген адамды өртеп жібереді екен» дегенді естігенмін. «Марқұмды неге елге апармады?» деген сұрағымды Сәбит жауапсыз қалдырды.
Біраз тұрып қалдық. Маңайда көп ешкім көрінбейді. Бір кезде анадайдан жақындап келе жатқан арба көрінді. Мәйітті сол арбаға салыпты, арыстай болып сұлап жатыр екен. Арба соңында ілби басып екі-үш адам келеді. Сәбит маған сыбырлап: «Әлихан Бөкейханов – қайын атасы, әйелі Лиза, анау баласы» деп түсіндіріп тұр. Арба ақырын жүріп келіп, есіктің көзіне тоқтады. Сәбит жақын барып амандасып, көңіл айтты. Мен шегіншектеп, кейіндеу тұрдым. Бөкейханов келбетті адам екен. Үстінде етегі жер сызған, жағасын алтайы қызыл түлкіден салған қымбат тоны бар. Кескін-кейпі патшадай боп көрінді. Тәкаппар, суық жүзді.
Бір кезде мәйітті табытымен көтеріп, ішке кіргізуге ыңғайланды. Әйелі Лиза қаралы киімде. Табыттың басында үнсіз тұрып қоштасты. Іштен шыққан адамдар табытты ала жөнелді. Бөкейханов та, әйелі мен баласы да есіктің алдында қалып қалды. Сол кезде Сәбит тез-тез басып, үйді айналып кетті. «Бұл қайда кетті?» деп мен аң-таңмын. Біраздан соң келіп, көргенін айтты. «Жамбасы жерге тиген де бір медет екен ғой» деп Сәбит екеуміз үйге қайттық. Бар көрген-білгеніміз осы».
Смағұлдың соңында қалған жалғыз тұяғы Ескендір жайында да бірер сөз. Кенка жастығына қарамай ірі денелі бойшаң болып ержетеді. Соғыс басталған жылдың алғашқы айларында ол өз жасына екі жылды қосып жаздырып, халық жасағына анасына айтпай тізімге жазылады. Бір жолы үйден шығып кетіп, артынан оның халық жасағына кеткені анықталады. Өз еркімен аттанған Кенка Екінші дүниежүзілік соғыста қаза табады.
Лизаның өзі 1942 жылы Солтүстік-Батыс майданының медициналық госпиталіне қызмет етуге аттанып, майор шенінде, әскери наградаларымен қаңыраған пәтеріне оралады. Майданда ол өзінен едәуір үлкен Макс Натанович Клейнманмен танысып, сонымен қалған өмірін бірге өткізеді. Осылайша, Лиза Әлиханқызы да әкесімен он жылдан да аз уақыт бірге тұрып, жастай опат болған ері секілді өмірдің қатал сынын басынан өткерді.
Соғыста және оның алдында басына түскен сан алуан тауқыметте, тіпті көршілерінің өзі «халық жауының» қызымен сөйлесуден қашқан қысылтаяң шақта Лизаға қолұшын берген бірден-бір жан – Н.А.Семашко. Бұл кісі Денсаулық Халкомы, сол тұста Дәрігерлер білімін жетілдіру институтының кафедра меңгерушісі болатын. Ол Әлиханды жақсы танитын. Лизаны алғашында лаборанттық жұмысқа, содан соң ғылыми қызметкерлікке орналастырады. Тап осы қызметінен Лиза соғысқа аттанып, жараланған жандардың жарасын таңып, дәрігерлік қызмет атқарған.
ӘКЕСІНІҢ
АҚТАЛҒАНЫН
КӨРМЕЙ
ӨТКЕН АСЫЛДЫҢ
СЫНЫҒЫ
Соғыстан кейінгі өмірі туралы Лиза Әлиханқызы бауыры Райымжан Бөкейхановқа жазған бір хатында былай дейді: «Кандидаттық диссертация қорғадым. 1945 жылғы 1 маусымда әскери қызметтен босадым да, сол кезден Медицина ғылым академиясындағы жұмысымды жалғастырудамын. Жұмыстан бас алмаймын, зерігуге қол тимейді. Мен өзіме қымбат соншама адамдардан айырылдым, сондықтан өзім бақытты болу үшін күш-қуат іздейтіндей емеспін. Мен толассыз іс үстіндемін – жұрт та айтады, өзім де білемін, жұмысты жаман атқармаймын. Келешекте докторлық диссертация болып қалуы ықтимал жұмыс әзірлеп жүрмін. Жалпы тұрмысым жаман емес, бірақ бұл нағыз өмір емес қой, менің барымды соғыс жайпап кетті. Кенемнің қазасы нағыз аналық шаттығымды жұлып әкетті ғой, бірақ сол үшін мені кінәлауға бола ма? Мен соның бәріне қайыспай төзе аламын, жұрт, сірә, мен соның бәрін жеп-жеңіл көтереді деп ойлайтын шығар. Саған ғана бірінші рет осылай жазып отырмын» (С.Бөкейханов. «Өткен күнде белгі бар». 2008).
Сұм тағдырдың Елизаветаға көрсетпегені қалмағанын, ішкі сырын осы бір хатының мазмұнынан-ақ ұққандай боламыз.
Елизавета Әлиханқызы 1971 жылы маусымның 21-інен 22-сіне қараған түні көз жұмады. Бұл туралы Лизаны «Лиза-мама» атап кеткен Сырым Райымжанұлы «Өткен күнде белгі бар» кітабында былайша егіле отырып еске алыпты: «Мен ол кісіні палатада көргенімде есімнен танып қалдым. Бір кездегі сәл толықтыққа бейім, жарқылдап жүретін апай қазір тек терімен қаптаған анатомиялық қаңқадай болып қалыпты. Еріксіз шыққан көз жасымды тыя алмадым. Өмірден менің Лиза-мамам өтіп жатыр. Жұбатудан, Құдайға жалбарынғаннан да ештеңе өнбейді, медицинада да дәрмен жоқ. Макс (күйеуі) оған бірдеңе деп күбірлеп жатыр, бірақ ол кісі маған ғана сүзіліп қарауда. Мен ол кісінің кереуетінің жанына отыра кеттім де, сансыз уколдан қарайып кеткен, әбден арыған қолдарын ұстадым. Ол кісіге демеу үшін плазма құяды. Тамақтан біржола қалған. Мен ол кісінің жанында отырғанымда медбике ол кісінің ақжаймасын ауыстыра бастады. Мен Лиза апайды балаша көтеріп алдым. Ол кісі қауырсындай мүлдем салмақсыз екен. Мен ақжаймаға жатқызғаннан кейін ол кісі сөйлей бастады. Демігіп, үзіп-үзіп бар айтуға шамасы келгені: «Әкемнің маған берген жүрегі бұрын бәрінен құтқарып, жебеп жүруші еді, енді тыныш өлуге мүмкіндік бермей жатыр». Мәйітті жерлеу мезгілі келгенде аурухана қызметкерлері денесін сол жердің өзінде өртеп, күлін сондағы арнайы колумбарийге қоюды ұсыныпты. Бірақ, Лиза апай жұмыс істеген институттың өкілдері мәйітті Дәрігерлер білімін жетілдіру институтына апарды да, сонда азаматтық жаназасы өткізілді. Жаназаның тағзым сапына ол кісінің әріптестері, министрліктің өкілдері, аудан басшылары, партия қайраткерлері тұрды. Студенттері өте көп болды. Мәйітті кремациялағаннан кейін сауытты Новодевичье зиратындағы қабырғаға орналастырды. Оның басшысы Н.А.Семашконың қабірі мен ескерткіші де сонда болатын. Бірнеше жылдан кейін апайды жерлеген тұстан таяу жерде Н.С.Хрущевтің қабірі пайда болды. Лиза апайдың сауыты қойылған жерге кейінірек оның портреті салынған мемориалдық тақта орнатылды. Сонымен Әлихан да, оның қызы да, апайдың күйеуі де өздерінің ақырғы мекенін Отанынан жырақ жерде тапты. Лиза-мамам өле-өлгенше әкесінің атын да, фамилиясын да ардақ тұтып өтті».
Сырым Бөкейханов Лиза-мамасының әкесінің жазықсыз екендігін ақтап алу үшін қолынан келгенінің бәрін жасаса да, көңіл тұшытарлық жауап ала алмағанын, өкінішпен өмір сүргенін былайша келтіреді: «Ол жылдары ақпарат деген жабық болатын, кейбір деректер жиыстыру қиынға соғатын. Әкем де Лиза апай сияқты мардымды ештеңе айта қоймайтын, біздің келешегімізге алаңдайтын. Лиза апайдан мен үстірт деректер ғана білдім. Тіпті, суреттердің өзін ол кісі маған тек 20-шы съезден кейін бір-ақ көрсеткен еді. Біз ол тұста «Әлиханды таяуда ақтайтын шығар» деп босқа алданып жүріппіз. Тіпті, кейде «Әлихан азамат ретінде ақталған, бірақ Кеңес өкіметінің саяси жауы болып қала береді» деген жауаптарды оқудың өзі таңғаларлық болатын. Лиза апай ауыр науқас әбден дендеген, өмірінің ақырғы шағында ашынғаннан әкесі мен күйеуіне байланысты көптеген құжаттар мен суреттерді жойып жіберді. Ол кісі ақырында таң арайын да көре алмастан кете барды. Әкесіне байланыстының бәрі де ол үшін ешбір шара жасай алмайтындай күңгірт бетінде, түнгі түнектей қалпында қалған еді».
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Елизавета Әлиханқызының жалғыз-ақ арманы – әкесінің жазықсыздығын өз құлағымен есту болатын. Тағдыр ол күнді көруді бұйырмапты. Алайда, Лизаның әкесі Әлихан Бөкейхан 1955 жылы 8 қыркүйекте толықтай ақталған. Бірақ, КГБ осы жаңалықты халықтан да, туған қызы Лизадан да, Бөкейхановқа қарасты әулеттің ұрпақтарынан да 34 жыл бойы жасырып келген. 1989 жылдың 29 маусымында қайта отырыс өтіп, ұлт көсемі тағы да ақталды.
Иә, Лизаның тағдыры қаншалықты тәлкекті болса да, ол әкесінің де, тегінің де адал ұрпағы болып өмірден өтті.
Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ