Ғалымдардың жобалары бизнес өкілдеріне таныстырылды

0
635

ХІХ ғасырда Ұлы Абай «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген. Хәкімнің ұлағатқа айналған бұл тұжырымы уақыт өткен сайын көмескіленбей, керісінше мән-мағынасы артып келеді. Жаңалығы желмен жарысқан бүгінгі заманда өркениетті елдер ғылымға аса көңіл бөледі. Өйткені, ғылым дамымай елдің бәсекеге қабілеттілігі артпайды, экономикалық өсімі болмайды. Сондықтан еліміз де соңғы жылдары күрделі салаға көп көңіл бөле бастады.

Бүгін, 13 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ғылым және бизнес: Қазақстанның инновациялық даму жолдары» атты ғылыми-инновациялық көрме өтті. Онда қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары әзірлеген коммерцияландыруға дайын жобалар ірі компания басшылары мен бизнес өкілдеріне таныстырылды.

Ғылым-білім-өндіріс арасында байланыс арттыру мен ғылымды бизнес арқылы дамытуды көздеген көрмеге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров, Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов және өзге де белгілі тұлғалар қатысты.

Университет ғалымдары келушілер назарына наноматериалдар негізіндегі қабылдағыштар, энергия үнемдейтін шамдар, физика бойынша бағдарламалық кешен, композиттік материалдар (шунгит), COVID-19 вирустарын жоюға арналған дербес портативті құрылғы, наноспутник және тағы басқа барлығы 20-дан астам инновациялық жобаны көпшілікке ұсынды. Мысалы, наноматериалдар негізіндегі қабылдағыштар жобасындағы сенсор, қабылдағыштарды жасау кезінде заманауи нанотехнологиялық тәсілдер пайдаланылатын болады. Бұл шығарылатын өнім сипаттамасын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Бүгінгі күні әртүрлі сенсорлардың саны өте көп, бірақ сапасы сын көтермейді және бағасына сәйкес емес. Біздің артықшылығымыз – нанотехнологияға негізделген сапа. Біз нано саласындағы бірегей қасиеттерге арқа сүйейміз. Бағасы да баламалармен бәсекелесе алады», – дейді жоба авторы Данияр Исмаилов.

ҚазҰУ-дың биология факультетінің ғалымдары таныстырған келесі жоба – микробалдырлар негізіндегі биологиялық белсенді қоспалар. Жоба жетекшісі – профессор Болатхан Заядан жобаның басты жаңалығы көптеген салаға қажетті қауіпсіз биопрепараттар дайындау екенін алға тартты.

Ғалымның пікірінше  фототрофты микроорганизмдер тобына кіретін – микробалдырлар мен цианобактериялар көптеген құнды  биологиялық белсенді қосылыстардың көзі. Сондай-ақ, аграрлық, медициналық, косметикалық және тағам өнеркәсібінде қауіпсіз биопрепараттар алуға үлкен қызығушылық тудырады.

Көрмеде жас ғалым Асан Әбдірахым қызметкерлердің қатты шаршауын болдырмауға арналған «GoDays» стартап жайлы айтты. Аналитикалық құрал жасанды интеллектке негізделген.

«Жоба эмоционалдық шаршаудың алдын алуға және жұмыс жүктемесі мен кестесін қызметкердің ең тиімді жұмыс уақытына сәйкес реттеуге көмектеседі», – дейді жас ізденуші.

Көрмеде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Алматы технологиялық университеті, М.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институты, Ядролық физика институты және өзге де ЖОО мен ғылыми институт ғалымдары өз жобаларын болашақ бизнес-әріптестер назарына ұсынуға мүмкіндік алды.

Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев: «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – деген болатын. Ендеше, еліміздегі жетекші университеттің ғылымға және ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға үлес қосып жатқаны қуантады.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here