Фелпстің рекордын жаңарта алатын спортшы бар ма?

0
1269

Олимпиада ойындарында бестен артық алтын медаль алған 97 спортшы бар. Осы көрсеткіш бойынша АҚШ алдына ешбір елді салмайды. 30 америкалық спортшы кемінде бес дүркін Олимпиада чемпионы атанған. Екінші орында Германия тұр. Ұлттық құрама қоржынына кемінде бес Олимпиада алтынын 11 неміс спортшысы салған. Үздік үштікті үш ел қорытындылайды. Айталық, 1991 жылы әлем картасынан жоғалған КСРО және Норвегия, Венгрия елдерінде мұндай жетістігімен мақтана алатын жеті спортшыдан бар. Азия елдері арасында Жапония көш бастайды. Күн шығыс елінен бестен артық Олимпиада алтынын иеленген бес спортшы шыққан. Ал, Олимпиада ойындарында ең көп медаль алған спортшы ретінде спорт тарихында 38 жастағы америкалық Майкл Фелпстің есімі алтын әріптермен жазылған. Әйелдер арасында мұндай құрметке КСРО спортшысы 88 жастағы Лариса Латынина ие. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Майкл Фелпстің жетістігіне тоқталады.

23 дүркін Олимпиада чемпионы, 26 дүркін Әлем чемпионы Майкл Фелпс

ТӨРТ
ОЛИМПИАДАДА
28 МЕДАЛЬ
ЕНШІЛЕГЕН САҢЛАҚ

Майкл Фелпс – спорт тарихында 23 дүркін Олимпиада чемпионы, 26 дүркін Әлем чемпионы болған жалғыз спортшы. Суда жүзуден сынға түскен әлемге әйгілі спортшының қоржынында Олимпиаданың 3 күміс, 2 қола, Әлем біріншілігінің 6 күміс, 1 қола жүлдесі тағы бар. Олимпиада ойындарының тарихында медаль саны бойынша абсолютті рекордсмен. Ол 2012 жылы Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында төрт жылдықтың басты додаларында ең көп медаль алған спортшы Лариса Латынинаның 48 жыл бойы сақталған рекордын жаңартты. Соңғы рет 1964 жылы Токиода өткен XVIII жазғы Олимпиада ойындарында кеудесіне 18-ші жүлдесін таққан кеңестік спортшының көрсеткішін 4 медальға жақсарта алды. Осылайша, көздеген мақсаты орындалды. Есімін спорт тарихына алтын әріппен жазды. Олимп шыңына шықты. Содан Майкл Фелпс Лондон Олимпиадасынан кейін үлкен спортпен қоштасуды жөн көреді.

Атақты спортшы 2012 жылы 27 жасында үлкен спортпен қоштасатынын ресми түрде жариялады. Әрине, қырықтың қырқасына шыққан спортшылардың дүбірлі додаларға қатысып жүргенін ескерсек, көзі тірісінде аты аңызға айналған саңлақтың отыз жасқа толмай жатып үлкен спортпен қоштасуына ешқандай себеп жоқ еді.

Майкл Фелпс екі жылдық үзілістен кейін кәсіпқой спортқа қайта оралды. 2014 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Бабын жоғалтпаған спортшы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарында мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Дүбірлі додада 5 алтын, 1 күміс медаль еншілеп, өзінің рекордын жақсартты. Енді Майкл Фелпске Олимпиаданың 28 жүлдесі, соның ішінде 23 алтын медалі тиесілі.

7 дүркін Олимпиада чемпионы, 15 дүркін Әлем чемпионы 26 жастағы Калеб Дрессел

МАЙКЛ
ФЕЛПСТІҢ РЕКОРДЫН
ЖАҢАРТУ
МҮМКІН БЕ?

Расында, төрт Олимпиададан барлығы 28 медаль жеңіп алған Майкл Фелпс рекордының қашан жаңаратынын ешкім айта алмайды. Олимпиада ойындарында алған медаль саны бойынша Майкл Фелпстен кейінгі орындарда жоғарыда сөз болған Лариса Латынина (спорт гимнастикасы) мен Пааво Нурми (жеңіл атлетика) тұр. Біріншісінде Олимпиаданың 18 жүлдесі (9 алтын), екіншісінде Олимпиаданың 12 жүлдесі (9 алтын) бар. КСРО-ның атынан сынға түскен спортшы биыл 89 жасқа толса, Финляндия намысын қорғаған спортшы 40 жыл бұрын дүниеден озды. Олимпиада ойындарында 9 алтын медальдан алған АҚШ спортшылары Марк Спитц (11 жүлде) пен Карл Льюис те (10 жүлде) баяғыда үлкен спортпен қоштасқан. Норвегия мақтаныштары Марит Бьёрген де (15 жүлде), Уле-Эйнар Бьёрндален де (13 жүлде), Бьёрн Эрленн Дели де (12 жүлде) қазір жарыс жолына шықпайды. Олимпиаданың 12 жүлдесі бар Биргит Фишер (Германия), Савао Като (Жапония), Дженни Томпсон (АҚШ) спорттағы жолын аяқтаған.

Спортпен әлі қоштаспаған Изабель Верттің қана еншісінде 12 медаль (7 алтын, 5 күміс) бар. Бірақ, ат спортында дәл суда жүзудегідей көп медаль алуға мүмкіндіктің жоғын ескерсек, 54 жастағы неміс спортшысының Майкл Фелпс жетістігін қайталауы мүмкін емес. Ал, мұндай мүмкіндік Майкл Фелпстің отандасы Калеб Дрессел мен Аустралия спортшысы Эмма Маккеонда бар екенін жоққа шығаруға болмайды.

Калеб Дрессел – 7 дүркін Олимпиада чемпионы, 15 дүркін Әлем чемпионы. Суда жүзуден Рио-де-Жанейро Олимпиадасында 2 алтын, соңғы Токио Олимпиадасында 5 алтын медаль еншіледі. Бар болғаны 26 жаста. Денсаулығы сыр бермесе, жарақаты әуреге салмаса, кемінде үш Олимпиада ойындарына қатысып, тұғырдың ең жоғары сатысына көтеріліп, отандасының рекордын жаңартуға мүмкіндігі бар.

Эмма Маккеонның еншісінде қазір Олимпиаданың 11 медалі бар. Ол Токио Олимпиадасында 4 алтын, 4 қола медаль алды. Бұл – бір. Екіншіден, аустралиялық спортшы келесі айда 29 жасқа толады. Демек, бір жылдан кейін өтетін Париж және 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадаларында өз жетістігін жақсарта алса, америкалық әріптесінің жетістігін қайталамаса да, оған бір табан жақындайтыны даусыз.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here