Боз кілемге жасөспірімдер шықты

0
957

Алматы қаласындағы «Sadu Arena» спорт кешенінде Грэпплинг AIGA күресінен ашық турнир өтті. Оған Алматы қаласы Полиция департаментінің, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының, Алматы облыстық және қалалық Грэпплинг AIGA федерациясының басшылары, Алматы облысының мәслихат депутаттары, танымал спортшылар, белсенді жастар және арнайы шақырылған Қырғыз Республикасының Джиу-джитсу федерациясының президенті Самарбек Сабыржанұлы қатысты. Дүбірлі дода Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылды.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr» спорт клубының бас бапкері, Алматы облысының мәслихат депутаты Нұрсұлтан Орынбасаровтың ұйытқы болуымен 2019 жылы бастау алған биылғы турнирде 4-17 жас аралығындағы 400-ге жуық жасөспірім Қазақстан, БАӘ, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің намысын қорғады. «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілері де боз кілемге шықты.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr» спорт клубының президенті Ерболат Тұрымбетов нашақорлық – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел екенін Мемлекет басшысы да үнемі айтып жүргенін еске салып, кез келген зиянды нәрсемен салауатты өмір салтын насихаттай отырып күресуге болатынын айтты.

Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабековтың айтуынша, Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай республика аумағында нашақорлыққа қарсы іс-шаралар айлығы өтіп жатыр, бұл турнир де соған арналды.

Ашық турнирде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған үздіктерге медальдар, сыйлықтар мен кубоктар табысталды. Ал, «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Nomad Fighting Championship» лигасы қолдау көрсетті. Оларға спорттық киімдерді аталған лиганың басшысы Мұхамеджан Қонысбеков табыстады.

Рухты шарада Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің қойылымдары да көрсетілді.

Шараның жоғарғы деңгейде өтуіне атсалысқан Алматы облыстық Грэпплинг AIGA президенті Ғани Жұмағұловқа, Nomad лигасының президенті Мұхамеджан Қонысбековке, «Жанұя» балалар үйінің директоры Марина Даулетбековаға Алматы қалалық Грэпплинг AIGA федерациясы және Алматы қалалық Полиция департаменті атынан Алғыс хаттар табысталды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here