Бөліске түсер 6 млрд еуро: Еуропалық Одақ Балқан елдері үшін ойын ережелерін белгіледі

0
1004

Балқан елдерінің басшылары 28-29 ақпан күндері Албания астанасы Тиранада қатарынан екі саммит өткізді. Олар сәрсенбіде Украина жағдайын және бейсенбіде Еуропалық Одаққа интеграция мәселесін талқылады. Бұл аймақ үшін басты практикалық қызығушылық тудырған екінші саммит болды. Өйткені, Еуропалық Одақ Балқан елдеріне бөлген 6 млрд еуроны бөліске салады. Бірақ, Брюссель қыруар қаражаттың орнына Балқан елдерінен тек реформалар ғана емес, сонымен қатар Украина дағдарысындағы Еуропалық Одақ бағытын толық қолдауды күтеді. Жалпы алғанда, Еуропалық парламент бұл миллиардтар арқылы аймақтағы елдердің Еуропалық Одақтың Ресей мен Украина саясатына сәйкес келуге дайын болуымен тығыз байланыстыруды талап етеді.

ҚЫРУАР ҚАРАЖАТ БАЛҚАННЫҢ ҚАЙ ЕЛДЕРІНЕ БҰЙЫРАДЫ?

Албания астанасында бірден екі саммит өткізу бастапқыда маңызды саяси мағынаға ие болды. Өткен жылдың қараша айында Ресей әскерлері Украинаға басып кіргеннен кейін күтпеген жерден Балқан елдеріне қызығушылық танытқан Еуропалық Одақ Аймақтың өсу жоспарын бекітті. Ол Балқан елдерінің дамуына 6 млрд еуро, оның ішінде 4 млрд еуро жеңілдетілген несие және 2 млрд еуро өтеусіз көмек ретінде бөлуді көздейді. Ақша осы жылдан бастап үш жыл ішінде бөлінуі керек. Бұл тақырып 29 ақпандағы саммитте қызу талқыланды. Аймақтың Еуропалық Одаққа интеграциясы және Өсу жоспарын жүзеге асыруы болды. Брюссель Балқан елдерінің қайсысы Еуропалық Одақ бөлген қомақты қаражаттан қашан және қанша ақша алатындығының негізгі критерийі олар жүргізетін саясат пен экономикадағы реформалардың тиімділігі болатынын жасырмайды.

Иә, аралық қорытындыларды әр алты ай сайын жасау керек, содан кейін қаражат бөлу туралы шешімдер қабылданады. Мұндағы қағида қарапайым: реформа үздіктері басқаларға қарағанда көп ақша алады. Алайда, Еуропалық Одақ үшін Балқан серіктестерінің жетістіктерін бағалаудағы маңызды фактор – олардың Еуропалық Одақтың сыртқы және қорғаныс саясатына сәйкес келуге дайындығы басшылыққа алынады. Мұнда екі негізгі мәселе бар: Балқан түбегі елдерінің Ресейге қарсы санкцияларға қосылу және Украинаны қолдау. Тиранадағы екі саммиттің біріншісі Балқан елдерінің еуропалық көмек алудың перспективаларын ескере отырып, украин мәселесі бойынша ұстанымын анықтауға мүмкіндік берді.

Әрине, Украинаны қолдау қажеттілігіне Балқан басшыларының ешқайсысы күмән келтірген жоқ. Бірақ, олар жариялаған позициялардағы нюанстар байқалды. Украина президенті Владимир Зеленскиймен бірге Тиранадағы бірінші саммиттің тең ұйымдастырушысы болған Албания премьер-министрі Эди Рама басқаларға қарағанда Киевке көмектесуге шақырды.

«Украина өзінің қарсыласуында соғыс қорытындылары бойынша біз қолдайтын және барлық елдердің талқылауын қалайтын Зеленский жоспарының он тармағына негізделген әділ бейбітшілікке қол жеткізу үшін барлық қажетті құралдардың қолдауы мен көмегіне лайық», – деді Албания премьер-министрі.

Рас, Эди Рама Албания сияқты елдердің Украинаның қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайтынын бірден мойындады, сондықтан Киевке «үлкен және бай елдерді көмектесуге» шақырды.

ВАШИНГТОН СЕРБИЯ ПРЕЗИДЕНТІНЕ НЕГЕ ҚЫРЫН ҚАРАЙДЫ?

Бір анығы, саммиттегі нюанс Сербия президенті Александр Вучич позициясында еді. Бұған таңқалуға болмайтын шығар, өйткені Белград Мәскеуге қарсы санкцияларға қосылмаған Еуропалық Одаққа мүше елдер арасында жалғыз мемлекет болып қала берді. Осыған байланысты Ақ үй 5 наурызда 54 жасқа толатын Сербия президентіне ескерту жіберді.

Украина президентін «өз елі үшін күресіп, қолынан келгеннің бәрін алуға тырысып жатқанын» түсіністікпен қарап, Александр Вучич «Сербия соғысушы мемлекеттерге қару бермейтінін» ескертті. Егер серб қаруы кенеттен қақтығыс аймағына түсіп кетсе, саясаткер барлық жауапкершілікті өзінен алып тастады. Ол Сербияның күш-жігерімен саммит Декларациясынан «Ресейге қарсы санкциялар енгізу, сондай-ақ Мәскеудің зиянды әсері» туралы ережелер алынып тасталғанын және бұл үшін «келіссөздер күні мен түні бойы жүргізілуі керек» екенін мақтанышпен жариялады. Бірақ, Александр Вучич қол қойған Декларацияның қалған 12 тармағымен келіскенін, оның ішінде «біріншісі Украинаға қарсы агрессия актісі халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын өрескел бұзуды білдіреді, бұл украин халқына қарсы қылмыс» делінген жайды жарнамаламауды жөн көреді.

Бірінші кезекте Сербияда еуропалық миллиардтарды алуда қиындықтар туындауы мүмкін, өйткені Еуропалық Одақтың Ресей мен Украина бойынша саясатын толығымен ұстанудан бас тарту Тиранадағы қазіргі саммиттерге дейін де айқын болды. 13 ақпанда Еуропалық парламент Еуропалық комиссияның Балқан елдері үшін қабылдаған Өсу жоспарын бекіту процесін бастады. Жоспар еуропалық парламентшілердің қарсылығын тудырмады. Бірақ, қаржы бөлудің міндетті шарты ретінде олар Балқан елдерінің Еуропалық Одақтың сыртқы және қорғаныс саясатын, соның ішінде Ресейге қарсы шектеу шараларын қабылдауды толық қолдауын талап етті.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Балқан түбегі – жерінің ауданы 465 мың шаршы шақырымды құрайтын еуропалық аумақ. Оны Адриатика, Иония, Мармара, Крит, Эгей және Қара теңіздері шайып жатыр. Балқан түбегіне Албания, Болгария, Босния және Герцеговина, Грекия, Косово, Румыния, Солтүстік Македония, Сербия, Словения, Хорватия, Черногория елдері жатады. Ал, Еуропалық Одақтың 2027 жылға дейін бөлінген 6 млрд еуросы Балқан түбегі елдерінің қайсысына бұйырары әзірге белгісіз.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here