Елжанды тұлға

0
5662

Еліне, жұртына қадірлі жандардың есімі ел аузынан кетпейді, қанша ғасыр өтсе де ел жадынан өшпейтіні рас. Тіпті төр де, төрелі сөз де халқы құрметтеген сол тұлғалардың еншісінде. Олардың тағылымды тарихқа айналған өмірін, өрісі мен отқа оранған дәуірін толқымай еске алу, тебіренбей сөз айту мүмкін емес…

Ұлттық ұстынды жоғары қойып, қазақ қоғамының өсіп-өркендеуінен хабары мол сондай жанның бірі – Кеңес Одағының Батыры, Армия-генералы, Тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов!

Ар мен абыройдың, намыс пен жігердің эталоны болған ардақты тұлғаның туғанына биыл бір ғасыр толып отыр.

«Нұрмағамбетов қатысқан ұрысты маршал Жуков бақылапты»

Сағадат Нұрмағамбетов есім сойы қазақстандықтарға жақсы таныс. Ана дәуірдің тарихында да қан майдандағы ерліктерімен ардақты есімі ерекше мадақталады. Екі дәуірдің тыныс-тіршілігін бір кісідей басынан өткерген батыр туралы біз алдымен, өткен – жиырмасыншы ғасырға шегініс жасап көрелік.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданына қарасты Қосым ауылында өмірге келген. Әкесі Қожахмет ұлы дүниеге келерден бір ай бұрын дүние салған, ал анасы Айса ашаршылық жылдарында Сағадаты жеті жасқа аяқ басқанда өмірден озған. Сағадат үшін жалғыз ағасы Сағит өзіне әке де, шеше де болады. Тұл жетім қалған қос бауыр тағдырдың жазуына көніп, бір-біріне тірек боп, ес білер шақтарын өткеріп жатқан қиын тұста Екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Сұм соғыс жанындай жақсы көретін ағасын майдан даласына алып кетіп, артынан Новгород қаласының түбіндегі шайқаста қаза тапқаны туралы қаралы хабар жетеді.  

…Мектеп қабырғасында Сағадат география мен тарих пәндерінен өте жақсы оқыды. Екі класты бір жылда бітіріп, алғыр оқушы атанған батыр туралы замандастары: «Жұмулы көзбен ол әлем картасынан кез келген жерді көрсетіп бере алатын», – дейді естелік жазбаларында. Ұғымтал бозбала зеректігімен әскери бөлімшедегілердің назарына ілігіп, 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Түркіменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеге оқуға жіберілді. Пулеметшілер дайындайтын бұл оқу орнын үздік тәмамдап, взвод командирі ретінде 1943 жылдың сәуір айында майданға аттаныпты. Содан бірінші Беларусь, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдова, Польша, Германия майдандарында соғысып, пулемет взводының, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ-дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі шенінде жауға қарсы шайқасты.

Соғыстың соңғы жылында Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап, көрсеткен ерлігі үшін 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осыдан соң майор Нұрмағамбетовтың батальоны рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысып, қаһарман қазақ ұланы соғысты Берлинде аяқтады. Жеңістен кейін де батальонның жеке құрамы мемлекеттік маңызы бар объектілерді күзету міндеттерін орындады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Польшадағы қиян-кескі шайқастарды сол кездегі кеңес әскерінің қолбасшысы Георгий Жуковтың өзі бақылағанын айтады. «Нұрмағамбетов қатысқан ұрысты Кеңес Одағының Маршалы Жуков бақылапты. Ол Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағын беруге ұсынады. Бұл нақты ерлік еді», – дейді ол «Долг, Честь, Подвиг Сагадата Нурмагамбетова» атты деректі фильмде.  

Сол марапаттау рәсімін батыр өз естелігінде былайша еске алыпты: «Медальдарды армия қолбасшысы жеке өзі табыстады. Ол кеудемізге «Ленин» ордені мен «Алтын жұлдызды» тақты. Бізді шынайы ниетімен құттықтады. Толқынысымды жасыра алмадым. Қазақтың жетім баласына мұндай зор құрмет көрсетілгеніне сене алмадым. Әкем мен анам, Сағи ағам, отандастарым бұл жетістігімді көрсе екен деп ойладым…».

Сонымен…

Майдангер батыр соғыстан кейін, соғысқа аттанар алдын оқыған училищедегі оқуын одан әрі тереңдету мақсатында Мәскеудің М.И.Фрунзе атындағы Әскери академиясына оқуға түсіп (1946-1949), бұл жоғарғы оқу орнын жақсы аяқтап шығады. Бұдан әрі жас майдангер Орта Азиядағы Түркістан әскери округіне полк басқаруға жіберілді. Содан соң әртүрлі штабтық, командалық лауазымдарда, оның ішінде Қазақ ССР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары (Венгрия) қызметтерін абыройлы атқарды. КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясындағы курстарда оқыды.

КСРО, Ресей, Украина, басқа да мемлекеттердің ордендерімен марапатталды. Республика Жоғарғы Кеңесіне бірнеше мәрте депутат (1971-1994) болып сайланды. Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының Құрметті азаматы атанды. Сонымен қатар, Қазақ КСР соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіндегі Ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері комитеті төрағасы қызметтерін атқарды.  

1991 жылы Қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы 7 мамырда Республиканың Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкаға шығып, ел Президентінің кеңесшісі болды.

Міне, батыр тұлғаның өмірдерегіне қысқаша шолу жасасақ, оның өмірінің соңына дейін еліне, Отанына қалтқысыз адал қызмет еткенін, орасан шаруалар атқарғанын көреміз.

«…елдің әскерін басқаратын бір генерал іздеп,
жалғыз Нұрмағамбетовты таптым»

«Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын бір генерал іздеп, жалғыз Нұрмағамбетовты таптым», – деп, еске алады сол кездегі Қазақстанның тұңғыш президенті.

Иә, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы әлем… сол санатта Қазақ Елі де бастан кешкен алмағайып оқиғалар мен күрделі саяси, экономикалық өзгерістер адамзат өміріне, сол санатта қазақ халқының өміріне де көп қиындық тудырғаны белгілі. Ең алдымен қарулы күштер саласының іргесін мықтап қалау керек болды. Оңай болған жоқ. Осы кезде әскери өмірден тәжірибесі мол Сағадат Нұрмағамбетов қазақ елінің Тұңғыш Қорғаныс министрі лауазымын атқарды. Ол – республиканың Қарулы Күштерін құруда, ұлттық кадрларды даярлауда, сонымен қатар ел әскерінің жаңа заңды құжаттары мен алғашқы қорғаныс Докторинасын қалыптастырып, егеменді еліміздің алғашқы қорғаныс саласының жұмысын жүзеге асыруда қыруар еңбек еткен бірден бір әскери тұлға.

«Ең алдымен, жаңадан құрылғалы тұрған Қарулы Күшімізге қажетті мамандарды «қайда даярлаймыз?» деген сұрақ туындады. Сонда біз қайттік, Ресейдің Бас штабымен республикаға кадр дайындау жөнінде шарт жасастық. Ресей әуелі келісім бере қойған жоқ, біз түгілі Украина мен Белоруссияны да жолатпады. Не керек, түбінде келісімге келіп, жыл сайын 40 офицерді әскери академияға, 250-300 офицерді әскери училищеге оқуға қабылдайтын болды. Менің жіберген сол офицерлерімнің көбі қазіргі кезде генерал шенін алып, жоғары лауазымдарға ие болып отыр. Академияларға оқуға қазақтың офицерлерін іріктеп, елдің мүддесі үшін қызмет етер, қол бастар деп жібердім. Үміт ақталды», – дейді бүкіл болмысы әскери тәртіпке қалыптасқан Халық Қаһарманы өз естелігінде.

…Сол келісі мен келсабы ой-сананы қатар қысқан кезеңде мынадай қадамға бару ерліктің ерлігі дер едік. Мұндай шешім тек сирек бітімді қайраткер басшының қолынан келері анық.

Уақыт өте келе майдангер батырдың тәуекел істері оң нәтижесін көрсетіп, үкімет алдында да, ел алдында да абыройы аспандады. Бұл баға – уақыт сынынан сүрінбей өткен, ел алдындағы қадірі мен қасиетіне шаң қондырмаған ардақты ақсақал туралы халқының пікірі еді. Ал халық сөзі – шын сөз, ақиқат сөз…

Со бір тұманы мен күмәні қалың тұста, жауапкершілігі мол министрлік қызметті абыройлы атқарып шығуының тағы бір себебін шәкірті Абай Тасболатов былай деп түсіндіреді:

«Сағадат Қожахметұлының министр ретінде ел әскерін аяққа тұрғызуда істің көзін таба білуінің бір ұшы – өзі көзбен көріп, куәсі болған сұрапыл соғыс жылдарындағы қысқа мерзімдік оқытып, үйрету әдісінде жатыр десек, қателеспейміз. Сондай-ақ, ұлттық кадрлық резерві қалыптаспаған Қазақстан үшін маман даярлау ісінен бұрын қоймадағы қару-жарақты қолды етпей, әскери техникаларды талан-таражға түсірмеу міндеті де тұрды. Ол үшін қайтпек керек? Әрине, өтпелі қиындыққа төзе білетін, ерік-жігері мықты, Отанын сүйіп, елін қорғауға ынталы азаматтарды іріктеп, сұрыптап топтастыру қажет еді. Ол осындай талап үдесінен шыға алатын атпалдай азаматтарды маңына топтастырып, іске білек сыбана кірісті. Майдангер министр әскер ісін ұйымдастыруда кіші офицерлер легін дайындап шығаруға басымдық берді. Осы сөзімізге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында офицерлік құрам санатында «кіші лейтенант» шені қолданыста болғаны дәлел. Бұл соғыс жылдарында жауынгерлік құрамның үздіксіз легін қамтамасыз ету әдісі еді десек, С.Нұрмағамбетов тап осы үлгіні бейбітшілік сүйгіш тәуелсіз Қазақстандағы әскери саланың нығаюына сәтті пайдаланып, тиімді реформа жүргізе білді. Оның табандылығы мен талапшылдығы тастүйін болатын».

Сондай-ақ, Сағадат Нұрмағамбетов ержүрек жауынгер, батыр, министр ғана емес, шығармашылыққа жаны жақын болған. Оның қаламынан туындаған «Лицом к огню», «Мой передний край», «От огненных лет до суверенной армии», «А в памяти нет тишины» деген естелік кітаптары бар.

Батырға құрмет

Басынан екі ғасыр тоғысының талай аумалы-төкпелі сәт-сағаттарын өткерген Батырдың жүз жылдық мерекесі республикалық деңгейде аталып өтуде. Өзінің көзі тірі кезінде Астана қаласындағы «Жас ұлан» республикалық әскери оқу орнына есімі (1999) беріліп, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты фильм түсірілген болатын.

Бүгінде майдангердің ардақты есімі Қазақстан қалаларының көшелеріне және әскери оқу орындарына берілген, батырдың құрметіне ескерткіштер, мемориалдық тақталар орнатылып, мұражайлар ашылған, сондай-ақ батырдың бюсті Мәскеудегі Ұлы Отан соғысының Орталық музейі Қасіретке тағзымға қойылған.

Сонымен қатар, тұғырлы тұлғаның құрметіне туған өңірі – Ақкөл ауданының орталығында мемориалды мұражай ашылған. Мұнда сонау сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін мұрағаттар, сирек кездесетін фотосуреттер, ерлігі үшін алған медальдары мен кәдесыйлары, жауынгердің өзі қолданған қару-жарақтары және отбасылық альбомдары қойылған.

Таяуда Мемлекет басшысы әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» орденін дәрежесіне орай батырлардың есімімен атауды ұсынды. Бұл әскери ордендер Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен аталмақ.

Осы арада айта кетейік. Батырдың ұрпақтары да әке, ата жолымен келеді. Тұлпардың тұяғы Талғат Нұрмағамбетов әке жолын қуып, әскери медицина саласындағы қазақтан шыққан тұңғыш генерал, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері. Ал шөбересі Даниэльдің тұсауын батырдың өзі кескен екен.

Түйін сөз

Кез келген тұлғаны өзі өмір сүрген ортасы мен кезеңінен бөліп қарай алмаймыз. Оларды да өз заманы, өз дәуірі тудырады. Сол өткен дәуірін өлтірмей, Ой, Сана төрінде жаңғыртып отыратын ұлылар санатында қазақтың қайсар ұлы, қайталанбас тұғырлы тұлғаларының бірі – туғанына биыл 100 жыл толған Сағадат Нұрмағамбетовтің де барын ұмытуға болмайды. Өйткені, ол – Ерлік пен Елдіктің ғажайып үлгісін жасаған Халық қаһарманы!  Есімі тарихта мәңгілікке сақталмақ.

Елі үшін жасаған мұндай Батырлық жол мен жөн бүгінгі қазаққа, бүгінгі ұрпаққа ауадай қажет.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here