Жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген спортшылар

0
4612

Заманауи Олимпиада ойындарының тарихында тек 128 спортшы ғана жазғы және қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан екен. Салыстырмалы түрде айтсақ, соңғы рет былтыр Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиада ойындарында әлемнің 205 елінен барған 12 мыңға жуық спортшы бақ сынаған. Ал, заманауи жазғы және қысқы Олимпиада ойындарының тарихы басталатын 1894 жылдан бері төрт жылдықтың басты додасына 200 мыңға жуық спортшы қатысқанын ескерсек, жоғарыдағы 128 спортшының «теңізге тамған тамшыдай» аздық етері анық. Сол аздардың ішінде бес спортшы ғана жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін сол үздік бестікке тоқталады.

ЭДДИ ИГАН. БОКС ЖӘНЕ БОБСЛЕЙ

Жазғы және қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан спортшылар туралы әңгіме болғанда алдымен америкалық спортшы Эдди Иганның есімі аталады. Неге десеңіз, ол – жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында әр түрлі спорт түрінен чемпион атанған тұңғыш спортшы.

Эдди Иган (1897-1967) – Денвер қаласының тумасы. Кедей отбасынан шықса да, білімге құштарлығының арқасында бастапқыда Гарвард, кейін Оксфорд университеттерінде жоғары білім алған. Мамандығы – заңгер.

1920 жылы VІІ жазғы Олимпиада ойындарын Антверпен қаласы қабылдады. Бельгия жерінде 79,4 келіге дейінгі салмақта бокстан сынға түскен Эдди Иган ақтық бәсекеде норвегиялық Сверре Серсдалды жеңіп, Олимп шыңын бағындырды. Дегенмен, америкалық боксшы Антверпендегі жетістігін Парижде қайталай алмады. 1924 жылы француздар өткізген VІІI жазғы Олимпиада ойындарында Эдди Иган өзінің алғашқы бәсекесінде британдық боксшы Артур Клифтонға есе жіберді.

Араға 8 жыл салып Эдди Иган Олимпиадаға қайта оралды. Лейк-Плэсидте (АҚШ) 1932 жылы өткен ІІI қысқа Олимпиада ойындарында Эдди Иган бобслейсші ретінде қатысып, тартысты бәсекеде америкалық төрттік топ жарды. Осылайша, 34 жасында Эдди Иган екінші рет Олимп шыңына шықты.

Бір айта кетерлігі, бұған дейін Эдди Иган бобслеймен мүлдем айналыспаған. Қысқы Олимпиаданың басталуына үш апта қалғанда АҚШ Олимпиада комитетінде қызмет атқаратын байырғы досы Джей О’Брайен қоңырау шалып, бобслей командасына төртінші бобслейшінің табылмай жатқанын айтып, команда сапына шақырған. Содан досының өтінішін жерге тастамаған Эдди Иганның жұлдызы жанып, оның есімі спорт тарихына жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында әр түрлі спорт түрінен чемпион атанған тұңғыш спортшы ретінде алтын әріптермен жазылып қалды.

Үлкен спортпен қоштасқаннан кейін екі дүркін Олимпиада чемпионы мамандығы бойынша заңгер болып жұмыс істеді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, полковник атанды. 1967 жылы 70 жасында өмірден өтті.

ЯКОБ ТУЛЛИН ТАМС. ТРАМПЛИННЕН СЕКІРУ ЖӘНЕ ЖЕЛКЕНДІ СПОРТ

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында шаңғымен трамплиннен секіру спорты бойынша норвегиялық Якоб Туллин Тамске тең келер спортшы болған жоқ. Айталық, 1924 жылы Шамониде (Франция) өткен алғашқы қысқы Олимпиада ойындарында норвегиялық спортшы жеңіс тұғырына көтеріліп, трамплиннен секіру бойынша тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Лахтиде өткен (Финляндия) 1926 жылғы Әлем чемпионатында да ол қарсылас шақ келтірмеді. Шамонидегі жетістігіне Берлинде бір табан жақын болды. Мысалы, 1936 жылғы XI жазғы Олимпиада ойындарында желкенді спорт бойынша командалық жарыста Норвегия құрамасының қоржынына күміс жүлде салды. Сөйтіп, Якоб Туллин Тамс жазғы және қысқы Олимпиада ойындарына жүлде алған тарихтағы үшінші спортшы атанды. Ол 1954 жылы 56 жасында Ослода өмірден озды.

КРИСТА ЛУДИНГ-РОТЕНБУРГЕР. КОНЬКИМЕН ЖҮГІРУ ЖӘНЕ ВЕЛОСПОРТ

Криста Лудинг-Ротенбургер – төрт қысқы (1980, 1984, 1988, 1992) және бір жазғы (1988) Олимпиада ойындарына қатысқан атақты неміс спортшысы, әр түрлі спорт түрінен қысқы және жазғы Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алған әлемдегі тұңғыш әйел.

1984 жылғы қысқы Олимпиада ойындары бұрынғы Югославияның ірі қаласы, бүгінгі Босния мен Герцеговинаның астанасы Сараевода өтті. 1945-1992 жылдары Еуропаның оңтүстік-шығысында өмір сүрген Югославияда осыдан 40 жыл бұрын неміс қызының жұлдызы жанды. Криста конькимен жүгіру спорты бойынша 500 метр қашықтықта алдына ешкімді салмады. Төрт жылдан кейін екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Айталық, 1988 жылы Калгариде (Канада) өткен ХV қысқы Олимпиада ойындарында Криста 1000 метр қашықтықта топ жарса, 500 метр қашықтықта күміс жүлдені олжалады. Сондай-ақ, атақты неміс спортшысы 1992 жылы Францияның Альбервиль қаласы қабылдаған XVI қысқы Олимпиада ойындарында да жүлдесіз қалған жоқ, 500 метр қашықтықта қола медальді қанжығасына байлады.

Әйелдер арасында конькимен жүгіру спортымен кәсіби айналысып жүріп-ақ Криста жаттықтырушының кеңесі бойынша велоспортпен де айналысқан. Ол – спринтерлік көпсайыстан екі дүркін әлем чемпионы (1985, 1988) және 1988 жылы Сеулде (Оңтүстік Корея) өткен XXIV жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері.

Бір қызығы, Кристаға дейін ешкім бір жылда жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында медаль жеңе алмаған. Мәселен, жоғарыда жазғанымыздай, неміс спортшысы 1988 жылдың ақпанында Калгариде конькимен жүгіру спорты бойынша Олимп шыңын бағындырса, сол жылдың қыркүйегінде Сеулде велоспорттан күміс жүлдені олжалады.

Криста Лудинг-Ротенбургер қос Олимпиадада бағы жанған 1988 жылы өзінің бапкері Эрнест Лудингке тұрмысқа шығып (содан кейін ол Лудинг-Ротенбургер деген қос фамилияны алды), 1992 жылы үлкен спортпен қоштасты.

КЛАРА ХЬЮЗ. КОНЬКИМЕН ЖҮГІРУ ЖӘНЕ ВЕЛОСПОРТ

Канадалық спортшы Клара Хьюз қиын жасөспірім болды. Дегенмен, бұзық қыз болған ол өзінің отандасы Гаэтан Бушенің 1984 жылы Сараеводағы қысқы Олимпиада ойындарында конькимен жүгіру спорты бойынша екі алтын, бір қола жүлдені алғанын көргеннен кейін өзгеріп шыға келді. Алдына Гаэтан Буше сияқты Канаданың атын шығару мақсатын қойып, конькимен жүгіру спортымен айналысуға шешім қабылдады. Артынан оның өміріне велоспорт енді.

Иә, Клара Хьюз алдына қойған мақсатына жетті. Оның қоржынында екі спорт түрінен Олимпиаданың алты, Әлем чемпионатының жеті жүлдесі бар. Ол велоспорттан 1996 жылы XXVI жазғы Олимпиада ойындарында (Атланта) екі қола медаль, конькимен жүгіру спортынан 2002 жылы XIX қысқы Олимпиада ойындарында (Солт-Лейк-Сити) қола медаль, 2006 жылы XX қысқы Олимпиада ойындарында (Турин) алтын, күміс медаль, 2010 жылы XXІ қысқы Олимпиада ойындарында (Ванкувер) қола медаль алды.

2012 жылдың маусым айында Клара Лондон Олимпиадасына қатысу үшін Канада құрамасының сапына қайта қосылып, 40 жасында XXX жазғы Олимпиада ойындарында жекелей сында 5-орынды, топтық жарыста 32-орынды қанағат тұтты.

ЛОРИН УИЛЬЯМС. ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА ЖӘНЕ БОБСЛЕЙ

Америкалық спортшы Лорин Уильямс Питтсбург пен Детройт мегаполистеріне жақын орналасқан Рочестер қалашығында туып-өскен. Майами университетінің түлегі. Алдағы қыркүйекте 41 жасқа толатын спортшы қазір Питтсбург қаласында тұрады.

Үлкен спортқа 2002 жылы келген Лорин жеңіл атлетикадан Әлем чемпионаттарының үш дүркін чемпионы, екі мәрте қола жүлдегері атанды. Желаяқ қыз 20 жасында 2004 жылы Афинада (Грекия) өткен XXVIII жазғы Олимпиада ойындарында 100 метр қашықтыққа жүгіруден күміс жүлде иеленді. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында сәтсіз өнер көрсетті. 2012 жылы Лондонда (Ұлыбритания) өткен XXХ жазғы Олимпиада ойындарында 4х100 метр эстафетасында Олимпиада чемпионы атанды. 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарында оған күміс жүлде бұйырды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Олимпиада тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған бүгінгі мақаламызға арқау болған жоғарыдағы бес спортшының қатарына спорттың бір түрінен қысқы және жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы атанған жалғыз спортшы швециялық мәнерлеп сырғанаушы Йиллис Графстрем (1893-1938) мен  финляндиялық жұптасып мәнерлеп сырғанаушылар Вальтер мен Людовика Якобссондарды да қосуға болады. Өйткені, мәнерлеп сырғанаушылар 1924 жылға дейін жазғы Олимпиада ойындарында өнер көрсетті. Осыдан 100 жыл бұрын қысқы Олимпиада ойындарының тарихы басталып, оның бағдарламасына мәнерлеп сырғанау спорты енді. Шамониде өткен  сол  І қысқы Олимпиада ойындарында Йиллис Графстрем Олимпиада чемпионы атанса, жұптық жарыста Вальтер мен Людовика Якобссондар күміс жүлдені еншіледі. Алғашқысы да, соңғылары да мәнерлеп сырғанау спорты бойынша 1920 жылы Антверпенде өткен VІІ жазғы Олимпиада ойындарында чемпион атанған еді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here