Энергетикалық тәуелсіздік пен тұрақтылық – кез келген елдің экономикалық дамуының негізгі кепілі. Қазақстанда өнеркәсіп саласы күннен-күнге өсіп, электр энергиясына деген қажеттілік артып келеді. Дәстүрлі энергетика көздеріне артылатын жүктеме жоғарылаған сайын, жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) инвестиция тарту мәселесі өзекті болып отыр. Қарағанды облысындағы «Абай тігін фабрикасы» ЖШС ғимаратының шатырында орнатылған күн электр станциясы – осы бағыттағы алғашқы ірі қадамдардың бірі. Пилоттық жоба шағын және орта бизнесті электр қуатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, 15 пайыздық жеңілдікпен энергия тұтынуға мүмкіндік береді. Жеңіл өнеркәсіптің ауыр жолына бұл да көмек. Жобаны жүзеге асыруға «Green Platform» компаниясы атсалысып, елде таралатын генерацияны дамытудағы жаңа тәсілдерді сынақтан өткізді. Бұл туралы «Green Platform» негізін қалаушы Сергей Агафонов «Exclusive.kz» порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін «Абай тігін фабрикасында» жобаның қалай іске асырылғанына, күн электр станцияларын орнатудың артықшылықтары мен кедергілеріне және еліміз үшін жаңартылатын энергияның маңыздылығына тоқталады.

ШАҒЫН ГЕНЕРАЦИЯНЫ ЫНТАЛАНДЫРУДЫҢ ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕСІ ҚАНДАЙ?
2024 жылы заңнамаға бизнес пен азаматтарды шағын масштабтағы жаңартылатын энергия көздерін орнатуға ынталандыратын өзгерістер енгізілді. Секторды масштабтаудың негізгі шарты – инвестицияларды тарту және технологиялық аутсорсингті дамыту. «Green Platform» жабдықты таңдау, күн панельдерін бастан-аяқ орнатудан бастап, жүйелі қызмет көрсететін кешенді тәсілді ұсынады. Осы тұста жаңартылатын энергия көздерінің қуатты объектілері салынып жатқанда шағын электр станцияларының қажеті қанша деген сұрақ туындайтыны анық. Мәселен, Германияда күн генерациясының 60%-дан астамы шағын станцияларға, яғни бөлінген энергияға тиесілі. Бұл үй шаруашылықтары немесе шағын кәсіпорындар шатырларына, қасбеттеріне, балкондарына және т.б. орнатылатын күн батареялары. Бүгінде оларда күн батареяларымен жабдықталған миллион балкон бар екен.
«Бөлінген генерацияны дамыту – ауқымды объектілерді енгізуді теңестіретін элемент ретінде бізде қазір жетіспейтін нәрсе. Айталық, бізде негізінен 1 ГВт және 300 МВт ЖЭК-тің ірі объектілері енгізілуде. Олар ЖЭК орнатуға басымдық берген. Бұл аса маңызды мәселе. Өйткені, жаңартылатын энергия көздерін ел аумағына осылайша кеңінен орналастыру арқылы біз энергетикалық жүйенің тұрақтылығын күшейтеміз. Басты тәуекел – қуаты жоғары нысандардың шағын ғана аумақта шоғырлануы. Бұл желге де, күнге де тән. Себебі, ауа райындағы кез келген құбылыс – күн сәулесінің азаюы немесе желдің тұруы электр энергиясын өндіру көлемінің бір сәтте өзгеруіне әсер етеді», – дейді «Green Platform» негізін қалаушы Сергей Агафонов (суретте).
Жаңартылатын энергия көздерінің ірі нысандарын салуға болады, алайда бұл қадам энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін таратылған генерацияны тиісті деңгейде дамытумен қатар жүруі тиіс.
Энергетика министрлігі де мұны жақсы түсініп, өткен жылы заңнамаға нетто-тұтынушы сектордың дамуын ынталандыратын өзгерістер енгізілді. Бұл өзіне күн панельдерін немесе жел генераторын орнатып, электр энергиясына деген қажеттілігін өзі өтейтін тұтынушы. Ал, артығын электр желісіне, яғни оны сатып алуға міндетті өңірлік электр энергиясын жеткізушілерге сатады.
Жалпы алғанда, бұл – шағын генерацияны ынталандырудың әлемдік деңгейде кең тараған тәжірибесі. Алайда, елімізде мұндай таратылған генерация әзірге үй шаруашылықтары мен шағын және орта бизнестің қаржылық мүмкіндіктерінің шектеулілігіне байланысты бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Мәселен, бүгінде орнатуға рұқсат етілген қуаты 200 киловатттық станцияның құны шамамен 70 мың АҚШ долларын құрайды.
ПИЛОТТЫҚ ЖОБА ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА?
Сергей Агафонов «Абай тігін фабрикасындағы» пилоттық жобаны Энергетика министрлігі мен «Атамекен» ҰКП қолдағанын айтты:
– «Абай тігін фабрикасы» мен оның басшысы Нұрхан Жұмабеков туралы көбі біледі. Ол оны қайта «тірілтіп», бүгінде отандық тауар өндірушілердің символына айналған «Abai» ұлттық брендін дамытып келеді. Біз осыған қарап таңдау жасадық. Эксперименттік пилоттық жоба ретінде біз кәсіпорын алаңында күн электр станциясын орнаттық. Өткен жылы зауыт үлкен шатырды жөндеген екен. Біз оған қуаты 65 киловатт болатын станцияны орналастырдық. Оның өндірісі зауыттың тұтынуының шамамен 90%-ын жабады деген болжам бар.
«Green Platform» басшысының айтуынша, жобаны іске асыруға үш айдай уақыт кеткен. Пилоттық жоба болғандықтан, алдымен жобалауға, орнатуға және басқа да процестерге байланысты барлық мәселелерді тексеріп көрген. Жұмыс барысында көптеген қиындыққа тап болған.
«Ережелерде қарастырылған мерзімдерден бөлек, 100 киловаттық станциялар үшін техникалық шарттар үш күнде, ал 2 000 киловаттық станциялар үшін бес күнде берілуі тиіс, ал бізге техникалық шарт алу үшін 17 жұмыс күні кетті. Мен ешкімді кінәламаймын. Мұның бәрі бірізділіктің болмауына байланысты, себебі бұл Қазақстан үшін әлі тың сала. Одан шығатын жалғыз жол бар – процестерді стандарттау әрі цифрландыру. Бұл өте маңызды», – деп атап өтті С. Агафонов.
Күн электр панельдері мен станция жабдықтарының конструкциялық элементтері мен бірқатар құрамдас бөліктері елімізде өндіріледі. Алайда, панельдері әлі де шетелдік өндірушілерге тәуелді. Қазіргі кезеңде платформа негізінен орнатушылардың бір киловатт қуатқа ұсынатын бағасына сүйеніп шешім қабылдауда. Болашақта платформа отандық тауар өндірушілерге қатысты элементтерді жобаға кезең-кезеңімен енгізіп, олар үшін белгілі бір жеңілдіктер қарастыруды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта платформа бұл процестерді екі бағытқа бөліп қарастыруы мүмкін: біреуі – станцияны орнату, екіншісі – жабдықты сатып алу. Мұндай кезде жабдықты сатып алу барысында отандық тауар өндірушілерге басымдық берілмек.
«Алайда, пилоттық кезеңде біз бұл тәсілді қолданған жоқпыз, себебі жобаны артық күрделендірмеуді жөн көрдік. Қазіргі басты мақсат – келісімшарттық тетіктерді толық пысықтап, жүйені жолға қою болды. Жұмыс нәтижелі болып, енді жобаны кең ауқымда дамытуға жол ашылып отыр. Қазір біз жобаны масштабтау үшін инвесторлар іздеп жатырмыз», – дейді С. Агафонов.
НЕТТО-ТҰТЫНУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ПЛАТФОРМА
Бүгінде станция фабриканың платформасына тиесілі. Егер фабрика қаласа, оны сатып алып, өз иелігіне өткізе алады. Мұндай мүмкіндік келісімшартта нақты көрсетілген. Платформаның негізгі мәні де осында. Ал, платформа дегеніміз не? Бұл – қуаты жоғары, жаңартылатын энергия көздеріне негізделген кәдімгі электр станциясы. Айырмашылығы – ол бір ғана жерде, далада салынбайды. Энергия өндіретін жабдықтар ел аумағы бойынша кеңінен таралып, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейді.
«Мысалы, біреу бір жерде 1 ГВт қуатты электр станциясын салады делік. Ал, біз сол бір гигаватты ел бойынша таратып, шатырларда, балкондарда, қасбеттерде орналастырғымыз келеді. Яғни, сол генерация, тек ол ел аумағына кеңінен таралатын түрі. Негізгі айырмашылық осы. Артықшылықтары айқын. Біріншіден, бұл – таратылған энергия. Екіншіден, даладан жоқтан бар жасап, станция салмайды, тұтынушылар бізге дайын алаңдарды өздері ұсынады», – деп ой бөлісті «Green Platform» негізін қалаушы.
Платформа бұл жүйені бірлесіп пайдалану келісімшарты бойынша жүзеге асырады, тұтынушы алаңын береді, ал платформа сол жерге электр станциясын салады. Ал, одан түсетін пайда бәріне ортақ. Фабрика электр энергиясын жеңілдікпен алып пайдаланады, ал платформа салған инвестициясын пайызбен қайтарып алады.
«Жүргізілген есептеулер бойынша бағаның өсуін ескергеннің өзінде бұл бағыттың болашағы зор екенін көрсетіп отыр. Бұл саладағы бәсекелестіктің артуымен біз қандай да бір монополияға ұмтылып отырған жоқпыз, қайта жаңа платформалардың пайда болуы мен нарықтағы бәсекенің дамуымен жеңілдіктер көлемі ұлғаюы әбден мүмкін. Бұл бағыттың әлеуеті зор. Біздің басты мақсатымыз – осы арқылы шамамен 1 ГВт электр энергиясын тарату. Менің пайымдауымша, алдағы 10-15 жыл ішінде елімізде іске қосылатын ірі жаңартылатын энергия көздері нысандарының қуатын теңгеру үшін кемінде 4 ГВт көлемінде бөлінген энергияны жүйеге енгізу қажет болады. Сондықтан, бұл бағытта атқарылатын жұмыс бәріне жетеді», – деді С. Агафонов.
ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІН КЕҢІНЕН ЕНГІЗУДІ ТЕЖЕП ОТЫРҒАН ҮШ ФАКТОР
Бүгінде осындай таралатын энергияны дамытуға банктердің психологиясы кедергі. Олар күн электр станцияларын кепілдік мүлік ретінде қабылдауға әлі де сақтықпен қарайды. Алайда, бұл салада эволюциялық өзгерістер үздіксіз жүріп жатыр. Бұл тек күн электр станцияларына ғана қатысты емес. Бір кездері жүк вагондары паркі де кепілдік мүлік ретінде өте сенімсіз саналған. Бірақ, арада небәрі 5-7 жыл өткен соң вагондар сенімді кепіл мүлкіне айналды. Алдағы уақытта банктер таралатын генерацияның әлеуетін біртіндеп түсініп, бұл саладағы қаржыландыру әлдеқайда қолжетімді бола түспек.
Мәселен, Калифорнияда (АҚШ), Италияда, Германияда ғимараттарды бастапқы жобасында күн панельдері немесе жаңартылатын энергия көздерінің өзге де нысандары кіріктірілмесе, оларды пайдалануға беруге мүлде рұқсат етілмейді. Мұндай талаптар орындалмаса, ғимарат эксплуатацияға берілмейді. Ал, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл талаптарды Еуропалық одақ жайлап енгізе бастады. Бұл алдағы уақытта қалаларымыздың өзі электр энергиясын өндіретін деңгейге жететінін аңғартады: әрбір шатырда, қасбетте және өзге де бос алаңдарда шағын электр станциялары орнатылатын болады. Сондай-ақ, технологиялар да қарқынды өзгеріп келеді. Қазірдің өзінде күн панельдерін ғимарат архитектурасына бейімдеу бағытында тәжірибелер жүргізілуде. Бұл жаңартылатын энергия көздеріне деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, олардың әлеуетін жаңа деңгейге көтермек. Бұл инвестиция салуға өте қолайлы бағыт болады. Ал, уақыт өте келе банктер де осы саланың мүмкіндігін толық мойындайды.
Электр энергиясы тарифтерінің қымбаттауы мен олардың тұрақты өсуі кәсіпкерлер мен қарапайым тұтынушыларды балама шешімдер іздеуге итермелеп отыр. Дегенмен, электр қуатының жоғары құны белгілі бола тұра, жеке кәсіпкерлер мен қала маңында тұратын үй иелері жаңартылатын энергия көздеріне, соның ішінде шағын күн электр станцияларын орнатуға әлі де сақтықпен қарайды.
С. Агафоновтың пікірінше, мұның бірнеше негізгі себебі бар. Ең алдымен, ақпараттың жетіспеушілігі байқалады: көпшілік мұндай жобаларды қалай іске асыру керектігін, қандай тетіктер барын және қайдан бастау керегін білмейді. Екінші маңызды фактор – қаржының тапшылығы. Мәселен, қуаты 200 киловатт болатын шағын электр станциясын орнату үшін шамамен 60-70 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция қажет, ал бұл көп кәсіпкерлер үшін аз ақша емес. Сонымен қатар, техникалық қызмет көрсету мен заңдық рәсімдерге қатысты мәселелер де кедергі болып отыр. Рұқсат алу, желіге қосылу және кейінгі техникалық қызмет көрсету процестері әлі де күрделі. Осылайша, ақпараттың аздығы, қаржы тапшылығы және техникалық-құқықтық кедергілер жаңартылатын энергия көздерін кеңінен енгізуді тежеп отырған негізгі үш фактор болып саналады.
Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселесі стратегиялық маңызға ие. Бұл бағыттағы негізгі міндет – саланы кешенді түрде дамыту, яғни қоғамға нақты жұмыс істейтін тетіктердің бар екенін түсіндіру және инвесторлар үшін түсінікті, сенімді орта қалыптастыру.
«Техникалық барлық жұмыстар платформаның мойнында, яғни қатысушылар тек нәтиже мен тиімділікке назар аудара алады. Көптеген дамыған елдер дәл осындай «таратылған жүйелер» үлгісі бойынша өз салаларын дамытқан. Біз де сәл кешігіп болса да, дәл осы жолдан өтеміз. Кідірістер болуы мүмкін, бірақ алға жылжи береміз», – деді С. Агафонов.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
«Абай тігін фабрикасы» ЖШС-нің жобасы Қазақстанда таралатын жаңартылатын энергияны дамытудағы нақты қадам ретінде бағалануы тиіс. Қазіргі кезеңде басты міндет – таралатын энергияны кеңінен дамыту, отандық өндірісті қолдау және қаржылық, техникалық кедергілерді жою. Осы бағытта атқарылатын шаралар елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, таралатын энергияны кеңінен дамытуға жол ашпақ.
Жансая ШЫҢҒЫСХАН












