Әке аманаты – ұрпақ мұраты

0
1219
Семей қаласы. Әлихан Бөкейханның ескерткіші.

Биыл қазақтың ой-санасын жаңа белеске көтерген, Алаш идеясының темірқазығына айналған Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл, ал оның аяулы қызы Елизавета Әлиханқызының дүниеге келгеніне 123 жыл толып отыр.

Бірі – ел үшін күресті, бірі – сол күрестің үнсіз куәсі болып, аманатты жүрегінде сақтады.

Қос мерейтой – қос тұлғаның тағдырлы жолын ғана емес, ұлттың рухани сабақтастығын жалғаған тағылымды шежіре деуімізге болады.

Алаштың қайсар қызы

Кеңестік жүйенің алғашқы отарлау құрбандарының бірі, ұлт қайраткері әрі әдебиетші Смағұл Сәдуақасовтың жары, Алаш арысы Әлихан Бөкейханның қызы Елизавета (азан шақырып қойған есімі – Зейнеп, Мәскеуде паспорт бергенде жазылған есімі – Елизавета) 1903 жылы, ал ұлы Өкітай 1910 жылы туған.

Лиза мен Өкітайдың анасы – Ольга Яковлевна, Сібірге қоныс аударған Яков Севостьяновтың қызы. Ал әкесі Әлихан Нұрмұхамедұлы ұлты үшін қызмет етуді, саясат пен журналистік қызметті ешқашан тастамаған қайсар тұлға еді.

Яков Севостьянов пен Әлиханның таныстығы Омбыдағы «Степной край» газетінде басталды. Әлихан Омбының техникалық училищесін үздік бітіріп, Санкт-Петербургтегі Императорлық орман институтында оқыған соң, 1894 жылы Омбыға оралады. Сол жерде өмірдің сынақтарына толы 14 жылын өткізіп, өмірлік серігі – Ольга Яковлевнамен кездеседі.

Яков қызының Әлиханмен танысуына қарсы болмады, бірақ некелесуге батасын бергенде: «Қызым-ау, саған Әлиханнан артық жар жоқ. Бірақ, алдыңда көп қиындық бар. Ол қазақ, өз дәстүрін сақтайды. Сен орыссың, кейбіреулер сенің таңдауыңды сынауы мүмкін. Бақтарың ашылсын, шыдамды болыңдар, махаббаттарың қорған болсын», – деген екен. Шындығында, бұл сөздер кейін жылдар бойы дәл келді.

Лиза жазғы демалысын үнемі әкесінің туған жері Тоқырауында, әжесі Бежекемнің (шын аты Бекжан) қасында өткізген.

Лиза әкесінің Павлодар түрмесінен кейін Омбыға оралуына рұқсат бермегенде, анасы мен нағашы атасымен бірге қалуға мәжбүр болған.

1918 жылы Ольга Яковлевна ұзаққа созылған науқастан қайтыс болып, Лиза 15 жасында анасынан айырылды.

Сегіз жылға созылған Самара жер аударылымынан кейін, Омбыға оралуға рұқсат берілмегендіктен Әлихан амалсыздан Орынборға көшіп, отбасымен осында қауышады. Өкінішке қарай, отбасылық бас қосу ұзаққа бармайды. Бұл кезде Лиза Орынбордағы гимназияда оқитын.

Көп ұзамай Әлихан Сталиннің «солақай бұйрығымен» Мәскеуге жеткізіледі. Қазақстандағы сол кездегі билік оны Мәскеудегі коммуналдық пәтерде үйқамағында ұстап, 1927 жылдың қазанынан 1937 жылдың шілдесіне дейін кезекті тергеуге алдырған.

Осы арада Лизаның әкесін босату үшін Мәскеуге дейін барғанын айта кеткеніміз жөн.

Содан Лиза Мәскеуге аттанып, Самарадан құрбысы Иринаға барады. Иринаның әкесі, байырғы князь тұқымынан шыққан Вячеслав Кугушев деген беделді тұлға болатын. Оның социал-демократтар партиясының негізін қалаған Василий Шелгуновпен достығы ерекше еді. Екеуі де Әлиханды танитын.

Лиза барғанда, Ирина Василий Шелгуновпен шахмат ойнап отыр екен. Әкесінің жағдайын түсіндірген соң, ертесі Шелгунов Лизаны Кремльге ертіп апарды. Байырғы большевик ретінде ол Кремльге емін-еркін кіре алатын, бірақ зағип болғандықтан қасында бір адам жүретін, сол жолы ол Лизаны ілестіріп алды.

Олар Ұлттар ісі жөніндегі Халық комиссары Сталиннің қабылдау бөлмесіне келеді. Иосиф Виссарионович қарт большевикті бірден қабылдайды. Василий Николаевич екеуара әңгімені Лиза тыңдасын деп, кабинеттің есігін әдейі саңылау жасап ашық қалдырады.

Василий Шелгунов Сталинге Әлиханға кепіл болатынын айтып, оны Мәскеуге күнделікті пойызбен, күзетсіз жеткізу бұйрығын беруді сұрайды. Сталин тап сол жерде Дзержинскийге бұйрық береді.

Міне, осы шағын көріністен-ақ Лизаның әкесіне деген перзенттік махаббаты, жүрегі – ұлт үшін соққан әке жүрегімен бірге шырылдап тұрғанын аңғарамыз.

Мәскеуге келген соң көп ұзамай Әлиханды Сталин қабылдайды. Қаһарлы көсеммен бетпе-бет кездесу – екінің біріне жазылмаған ауыр сәт тұғын. Сонда Сталин Әлиханға астарлы сұрақ қояды:

– Сіздің жақтағы коммунистердің жағдайы қалай?

Бұл сауалға Әлихан ойланып, шығыс дәстүріне сай аңыз арқылы жауап қайырады:

– Сіз шығыста ойды аңызбен жеткізу дәстүрі барын білесіз. Рұқсат етсеңіз, бір мысал айтайын. Қожанасырды білесіз ғой, ол елді аралап, күлкіге батырып жүреді. Бір сапарында оның қолында тағасы бар екен. Маңына жиылған жұрт: «Қолыңдағы не нәрсе?» – деп сұрайды, сонда Қожанасыр: «Бұл – есегімнің тағасы. Арманым орындалуы үшін үш таға мен бір есек жетпей тұр», – дейді. Қазақстандағы коммунистердің хәлін осылай сипаттар едім».

Бұл жауап Сталинге ұнап қалады. Сәл кідірген соң, ол салқынқанды үнмен: – Мәскеуде болыңыз. Сізге пәтер мен жұмыс табуды Төреқұловқа тапсырдым. Бірақ бір шартым бар – еліңізге оралмайсыз, қырға шықпайсыз, – дейді.

Әлихан қарсы уәж айтпайды. Айтар сөздің реті де, жөні де жоқ еді. Ол үнсіз ғана шығып кетеді.

Кеңес өкіметі оны осылайша жалғыз қалдырады: достарынан, туыстарынан, халқы мен қызметінен айырды. Мәскеудің Үлкен Кисловский көшесіндегі 4-үйдің №15 коммуналдық пәтеріне орналастырды. Оған екі бөлме мен шағын дәліз берілді, есіктер ортақ пайдаланылатын, дәретхана, колонкалы ванна, асхана – бәрі ортақ. Оң жағында үш пәтер, сол жағында бір пәтер, ал қарсы бетте – Әлиханның есігі. Рухани тұрғыдан – оқшауланған, бақылаудағы, қапастағы өмір.

Бұл – Әлиханның өмір жолындағы соңғы мекен болды. Тарихта бұл көшеде талай әйгілі адамдар тұрғанымен, солардың ішінде халқы үшін басын бәйгеге тіккен, елінен жырақта жалғыз ғұмыр кешкен Әлиханның орны ерекше еді.

Көшенің бір шеті Калинин көшесіне, екінші жағы Герцен көшесіне шығатын, одан әрі Кремльге дейін он минуттық жер. Бір қарағанда, Мәскеудің қақ ортасы. Бірақ жүрегі – сайын далада, қазақтың қырында қалды.

* * *

Бұл Үлкен Кисловский тұйық көшесіндегі қарапайым коммуналдық пәтер – бір әулеттің ғана емес, тұтас дәуірдің куәсі болып қалды. Осы шаңырақта кооперативтік пәтер алғанға дейін, соғыстан майор шенімен оралған, кейін доцент атанған Елизавета Әлиханқызы елу жылға жуық ғұмыр кешті.

Бұл пәтерге әкесі Әлихан Бөкейхан 1922 жылы Қазақстаннан жер аударылған соң, сол кездегі Ұлттар істері жөніндегі халық комиссары Сталиннің нұсқауымен орналастырылған болатын. Кейін осы үйде Лиза бауыры Сергеймен (Өкітай) бірге тұрды. Дәл осы шаңырақтан жары – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасов Кремль ауруханасына әкетіліп, қайта оралмады, ол бар-жоғы 33 жасында өмірден өтті.

Осы пәтерге Арбат алаңындағы Грауэр перзентханасында дүниеге келген сәбиі Ескендірді (Кенка) әкелген еді. Тап осы үйден 37 жасында әкесін Бутыр түрмесіне алып кетіп, ол да қайтып оралмады – атылды.

Жалғыз ұлы Кенка 17-ге толар-толмаста майданға өз еркімен аттанып, хабар-ошарсыз кетті. Ана жүрегі үшін бұдан асқан қайғы бар ма?!

Сол қарапайым коммуналдық пәтерде Лиза лаборант болып еңбек жолын бастады, жылдар өте профессор, медицина саласының беделді маманы дәрежесіне дейін көтерілді. Отызыншы жылдары бұл үйге Смағұлдың достары мен Әлиханды қадір тұтқан талай зиялы адамдар бас сұққан. Қарапайым көрінгенімен, бұл шаңырақ ақ пен қараның, үміт пен қасіреттің куәсі болып, қасиетті орынға айналды.

…Денсаулығы сыр берген соң ғана Лиза амалсыз бұл пәтермен қоштасып, қаланың шеткерілеу, бірақ тыныш, орманға жақын, ауасы таза, екі бөлмелі кооперативтік үйге көшті. Алайда өткен күндердің елесі көңілінен кетпеді.

Енді 1923 жылдың сәуіріне оралайық, Лиза ХХ ғасыр басындағы қазақ саяси элитасының көрнекті өкілі Смағұл Сәдуақасовқа тұрмысқа шығады. Үйлену тойы Смағұлдың туған жері – Жарқын ауылында, Лизаның туыстарының шаңырағында өтті.

Келесі жылы Лиза медицина институтына оқуға түсіп, оны үздік аяқтап, ауруханаға медбике болып орналасады. Ал, Смағұл ел ісіне белсене араласып, Орынборда үкімет мүшесі қызметін атқарады. 1925 жылы небәрі 25 жасында Ағарту министрі болып тағайындалып, бұл қызметте 1927 жылдың жазына дейін ғана болады. Себебі, республикадағы саяси ахуал күрделене түсіп, билікке Филипп Голощекин келеді. Ұлт мүддесін көздеген азаматтардың іс-әрекеттері қатаң сынға алынып, ол сол саяси қысымның нысанасына ілігеді.

Сәдуақасовтың сегіз жылға созылған қызмет жолы кенет тоқтап, елде лайық жұмыс табылмай, 1928 жылдың наурызында отбасына – Мәскеуге көшіп барады. Онда атасы Әлихан, жары Лиза және үш жасар ұлы Ескендір бар еді.

Бұрынғы халық комиссары енді Көлік инженерлері институтының жасанды құрылыс факультетіне оқуға түсіп, оны 1932 жылы тәмамдайды. Қазақстандағы бұрынғы серіктері Сталиннен Түрксіб құрылысына жіберуді өтінгенімен, көсем: «Ол бастық болып көрген. Енді қарапайым инженер болсын», – деп Смағұлды Мәскеу-Донбасс темір жол учаскесінің құрылысына жібереді.

Арада бір жыл өтпей жатып, 1933 жылы Смағұл Кремль ауруханасында кенеттен, күмәнді жағдайда көз жұмады. Ресми дерек бойынша – суық тиюден. Ал, жары Лиза оның қастандықтың құрбаны болғанына кәміл сенді.

Осы тұста Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апамыздың естелігіне жүгінбей өту мүмкін емес. Оның «Сағынышым – Сәбитім» атты кітабында Смағұл Сәдуақасовтың соңғы сапары туралы мынадай жүрек сыздатар жолдар бар:

«Иә, біз шынымен де Смағұл Сәдуақасовтың жерлеуіне қатыстық. Сол кезде Сәбит ИКП-да оқып жүрді. Біз бала-шағамызбен Мәскеуде болатынбыз. Шамасы, 1932 жыл немесе 1933 жыл еді. Бір күні Сәбит асығыс үйге келіп:

– Мәриям, жинал, Смағұл Сәдуақасов қайтыс болыпты. Бүгін жерлеуге апарады екен, – деді.

Біз үйден шықтық. Қыстың күні болатын. Мәскеудің шет жағын толық білмейтінмін. Трамвайға отырып, біраз жаяу жүріп, үлкен кірпіштен салынған бір үйдің жанына жеттік. Ол үй біртүрлі ерекше көрінді маған.

– Крематорий деген осы, – деді Сәбит.

Жүрегім зырқ ете түсті. Өлген адамды өртеп жіберетінін естігенмін, бірақ көзбен көрмегенмін.

– Марқұмды неге елге апармады екен? – деген сұрағымды Сәбит жауапсыз қалдырды.

Біраз тұрып тұрдық. Маңайда ешкім көрінбеді. Сол кезде алыс жақтан арба келе жатқаны көрінді. Мәйітті сол арбаға салыпты, арыстай болып сұлап жатыр екен. Арба соңында ілби басып екі-үш адам келеді. Сәбит маған сыбырлап:

– Әлихан Бөкейханов – қайын атасы, әйелі – Лиза, анау – баласы, – деп түсіндіріп тұр.

Арба ақырын жүріп келіп, есіктің алдына тоқтады. Сәбит жақындап барып амандасып, көңіл айтты. Мен сәл шегініп, кейіндеу тұрдым. Бөкейханов келбетті адам екен. Үстінде етегі жер сызған, жағасын қызыл түлкімен безеген қымбат тоны бар. Кескін-кейпі патшадай боп көрінді. Тәкаппар, суық жүзді.

Бір кезде мәйітті табытымен көтеріп, ішке кіргізуге ыңғайлады.

Әйелі Лиза қаралы киімде, табыттың басында үнсіз тұрып қоштасты. Іштен шыққан адамдар табытты ала жөнелді. Бөкейханов та, әйелі мен баласы да есіктің алдында қалып қалды. Сол кезде Сәбит тез-тез басып, үйді айналып кетті. «Бұл қайда кетті?» – деп мен таңырқап тұрдым.

Біраздан соң қайта келіп, мәйіттің қалай өртенгенін, табытпен жылжытып әкеле жатып, жалынға берер сәтте мәйіттің ажырап кететінін айтты. Ажыраған мәйітті тігінен көтеріп, қып-қызыл отқа сүңгітіп жіберетін көрінеді.

– Тірлік-ай десеңші, жамбасы жерге тиген де бір медет екен ғой, – деп Сәбит екеуміз үйге қайттық. Бар көрген-білгеніміз осы».

* * *

Смағұлдың артында қалған жалғыз ұл – Ескендір (үй ішін Кенка деп атаған). Ол жастайынан ірі денелі, бойшаңдау, әкесінің қасіретін, атасының үнсіздігін көріп ержеткен. Жүрегінде ерте намыс оянып, қайсарлыққа үйренді.

Соғыс басталған алғашқы айларда ол жасын екі жылға үлкейтіп жаздырып, анасына айтпастан халық жасағына тіркеледі. Бір күні үйден шығып кетеді де, артынан оның майданға аттанғаны белгілі болады.

Кенка өз еркімен соғысқа кетіп, совет-герман майданында қаза табады. Осылайша Лиза ана перзентінің қайғысын да көтереді.

1942 жылы Лиза өзі де майданға сұранып, Солтүстік-Батыс майданының әскери госпиталінде қызмет етеді. Дәрігерлік борышын адал атқарып, майор шенінде, әскери наградалармен елге оралады.

Майданда жүріп ол өзінен жасы үлкен Макс Натанович Клейнманмен танысып, қалған ғұмырын сол адаммен бірге өткізеді. Бұл – жүрекке жұбаныш іздеген, тағдырдан тірек тапқысы келген жанның таңдауы еді.

Лиза Әлиханқызы әкесімен бар болғаны он жылдай ғана бірге тұрды. Жары Смағұл да жастай кетті. Жалғыз ұлы да майдан даласынан оралмады. Бірақ, ол қайғыдан күйреп кетпеді, қайсарлық пен сабырды серік етті. Қарапайым лаборанттан профессор дәрежесіне дейін көтеріліп, медицина саласында беделді тұлғаға айналды.

* * *

Соғысқа дейін Лизаның басынан өткен тауқыметтің аз болмағанын жоғарыда айттық. Ол «халық жауының қызы» деген қара таңба маңдайына басылғандай күй кешті. Көрші-қолаңның өзі амандасуға именетін. Көпшілік сырт айналып, тіпті сөйлесуден қашқан қысылтаяң кезеңдерді де көрді.

Осындай ауыр шақта Лизаға қол ұшын берген – сол кездегі Денсаулық халық комиссары, кейін Дәрігерлер білімін жетілдіру институтының кафедра меңгерушісі болған Николай Александрович Семашко. Әлиханды жақсы білетін, оның азаматтық болмысын бағалайтын жан еді.

Семашко Лизаны алғашында лаборант қызметіне орналастырды. Уақыт өте оның білімін, табандылығын аңғарып, ғылыми қызметкерлікке көтерді. Дәл осы қызмет орнынан Лиза майданға аттанды. Солтүстік-Батыс майданындағы әскери госпитальда жаралыларға көмек көрсетіп, дәрігерлік борышын адал атқарды. Ол үшін бұл тек мамандық емес, адамдық парыз болатын.

Соғыстан кейінгі өмірі жайында Лиза Әлиханқызы бауыры Райымжан Бөкейхановқа жазған бір хатында былай деп толғанады:

 «Кандидаттық диссертация қорғадым. 1945 жылғы 1 маусымда әскери қызметтен босатылдым да, сол кезден Медицина ғылым академиясындағы жұмысымды жалғастырып келемін. Жұмыстан қол үзгенім жоқ, зерігуге қол тимейді. Мен өзіме қымбат соншама адамдардан айырылдым, сондықтан өзім бақытты болу үшін күш-қуат іздейтіндей емеспін. Мен толассыз еңбек етемін – жұрт та, өзім де білемін, жұмысты жаман істемеймін. Қазіргі жұмысым болашақта докторлық диссертацияға айналуы мүмкін деп ойлаймын.

Тұрмысым жалпы жаман емес, бірақ бұл – нағыз өмір емес сияқты. Соғыс менің барымды жайпап кетті. Кенемнің қазасы аналық шаттығымды жұлып әкетті. Сол үшін мені кінәлауға бола ма? Мен соның бәріне қайыспай төзе аламын. Жұрт, бәлкім, мен соның бәрін жеп-жеңіл көтереді деп ойлайтын шығар. Саған ғана, бірінші рет осылай жазып отырмын». (С.Бөкейханов «Өткен күнде белгі бар», 2008 ж.).

Бауырына жазған осы бір хаттың әр жолынан оның ішкі зары, тістеніп жүріп төзген сабырлығы айқын сезіледі. Бұл – жылап отырып жазылған хат емес, жыламай шыдаған жүректің үні еді.

Елизавета Әлиханқызы 1971 жылдың маусым айының 21-інен 22-сіне қараған түні үнсіз ғана мәңгілік сапарға аттанды. Дабырасыз өтті. Бірақ, артында бір дәуірдің ауыр ізі, бір әулеттің шежіресі, бір ұлттың зары қалды.

* * *

Лизаның әкесі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1955 жылдың 8 қыркүйегінде толық ақталған, бірақ бұл шындық халықтан да, туған қызынан да, Бөкейханов әулетінен де 34 жыл бойы жасырылып келді. Тек 1989 жылдың 29 маусымында қайта қаралған іс нәтижесінде Әлихан есімі тағы бір мәрте ресми түрде ақталды.

Лиза әкесінің адалдығына ешқашан күмән келтірмеді. Тек соны заманы мойындаса екен деп өтті.

Лизаның сүйікті жары Смағұл Сәдуақасов та ұзақ жылдар бойы елден жырақта – Мәскеудегі «Дон» зиратында жерленген еді. Арада 77 жыл өткен соң, 2011 жылдың 21 қаңтарында туған топырағына жеткізілді. Ұшақпен Астанаға әкелініп, мұсылмандық дәстүрмен жер қойнына тапсырылды.

Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының айтуынша, Смағұл Сәдуақасұлының сүйегін елге әкеліп, арулап жерлеу мәселесі жиырма жыл бойы талқыланған. Бұл – кешіктірілген парыздың орны толуы, рух алдындағы қарыздың қайтарылуы еді.

Тағдыр Елизаветаны аяусыз талай сынаққа салды, бірақ ол рухын аласартпай, тағдырдан биік тұрды.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here