Әлем елдері цифрлы һәм digital дәуірге қадам басты. Өйткені, жаһандық өркениеттің өрістеуіне тың серпін беруде. Заманауи технологиялар күнделікті өмірімізге терең сіңіп, барлық салада басты құралға айналды. Қаржы, сауда, білім, медицина, байланыс – бәрі де бүгінде интернет арқылы жүзеге асырылады. Алайда бұл мүмкіндіктермен қатар, қауіптер де көбейді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін интернет алаяқтығының қазіргі жағдайына, олардың түрлеріне, полиция мен мемлекет тарапынан қандай шаралар қолға алынғанына тоқталады.

АСЫҚТЫРУ – АЛАЯҚТЫҢ ҚАРУЫ
Интернет алаяқтық – бүгінде ең жиі кездесетін және ең қауіпті қылмыстардың бірі. Оның ерекшелігі – қылмыскер мен құрбан бір-бірін мүлде көрмейді, бәрі экранның арғы жағында жасалады. Олар қазақстандықтарды сан түрлі тәсілмен алдап, олардың ақшасын иеленіп жүр. Тек 2025 жылдың алғашқы алты айында елімізде интернет арқылы жасалған алаяқтық салдарынан азаматтар 25 миллиард теңгесінен айырылған екен. Сұмдық жағдай.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы жартысында елімізде интернет алаяқтық бойынша 11 мыңнан астам оқиға тіркелген. Олардың 6 601-і бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Ең көп таралған тәсіл – алдын ала төлем жасау арқылы тауар сату. Алаяқ интернетке арзан бағадағы техника, киім-кешек немесе тұрмыстық заттар туралы хабарландыру жариялайды. Қызығушылық танытқан сатып алушыдан тауарды жеткізу үшін алдын ала төлем сұрайды. Алаяқ сол сәтте-ақ ақшаны алған бойда жоғалып кетеді.
«Тек осы әдіспен 3 667 адам алданған. Бұл – тіркелген істердің жартысынан көбі. Алаяқтар күн сайын жаңа тәсілдер ойлап тауып, азаматтарды торға түсіруде», – деп түсіндірді ҚР ІІМ Киберқылмыспен күрес департаментінің басшысы Жандос Сүйінбай.
Интернет алаяқтық – тек ақшаны ұрлау ғана емес. Ол азаматтардың сенімін аяққа таптап, олардың психологиялық күйіне де зиян келтіреді. Алаяқтарға алданған адамдардың көпшілігі мұндай оқиғадан кейін өз-өзіне деген сенімін жоғалтып, күйзеліске түседі. Интернет алаяқтарының қитұрқы тәсілдері уақыт өткен сайын түрленіп отырады. Олар заманауи технологияны шебер меңгеріп, адамның психологиясын жақсы біледі. Көп жағдайда адамдар қорқыныш, сенім немесе «оңай олжа» ұғымдарының құрбаны болады.
Алаяқтар ең көп пайдаланатын әдістер:
- Жалған тауар жарнамасы. Интернеттегі танымал платформаларда арзан бағада заттар сатылады деп жарнама береді. Сатып алушы алдын ала төлем жасайды, алайда ешқандай тауар келмейді.
- Жалған банк қызметкерлері. Алаяқтар өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, картаңыз бұғатталып қалды деп, жеке деректеріңізді немесе SMS арқылы келген кодты сұрайды. Мұндай сәтте банктегі шотыңыздағы қаржы әп-сәтте жоқ болады.
- Қауіпсіз шоттарға ақша аударту. Құқық қорғау органы немесе ұлттық банк қызметкеріміз деп қоңырау шалып, «ақшаңызды ұрлап кетпес үшін қауіпсіз шотқа аудару керек» дейді. Бұл да классикалық әдіс.
- Инвестициялық жобалар. «Қаржыңызды салып, 200% табыс табыңыз!» деген жалған уәде беріп, алаяқтар азаматтардың сенімін пайдаланады.
- Жалған қайырымдылық. Әлеуметтік желілерде ауыр науқас бала, жалғызбасты ана немесе соғыс ардагері туралы посттар жариялап, ақша жинайды. Көп жағдайда бұл хабарламалардың артында нақты жандар емес, алаяқ топтар тұрады.
- Мессенджер арқылы алдау. WhatsApp немесе Telegram желісін бұзып, туысыңыздың немесе досыңыздың атынан ақша сұрайды. «Көмек керек», «Ауруханадамын», «Картам бұғатталды» деген хабарламалар жиі кездеседі.
Бұл әдістердің барлығы – адамның сеніміне кіріп, оның ойлау қабілетін уақытша өшіру арқылы ақша жымқырудың тәсілдері.
ҚИТҰРҚЫСЫ КӨП КИБЕРҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС
Интернеттегі алаяқтық әрекеттерге қарсы күрес – құқық қорғау органдарының күн тәртібіндегі басты міндеттерінің бірі. Себебі, бұл қылмыстар қоғамға тікелей қауіп төндіреді. Алаяқтардың әдістері күрделеніп, шетелден басқарылатын желілер арқылы жүзеге асырылуда. Қазақстан Ішкі істер министрлігі арнайы киберқылмыспен күрес департаментін құрып, интернеттегі қылмыстарға қарсы кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Жандос Сүйінбайдың айтуынша, жарты жылдың ішінде полиция 74 sim-box құрылғысын және 88 мыңнан аса тіркелмеген SIM-картаны тәркілеген. Бұл құрылғылар арқылы алаяқтар Қазақстанға шетелден қоңырау шалып, өзін банк, полиция немесе басқа мекеме өкілі ретінде таныстырады. Көп жағдайда бұл шетелдік ұйымдасқан топтардың әрекеті болып шығады.
Сонымен қатар, киберқылмыспен күрес қызметі интернет кеңістігін тұрақты бақылауда ұстап отыр. Жыл басынан бері 59 мыңнан астам заңсыз контент жариялаған сайт анықталып, бұғаттауға жолданған. Бұл сайттарда алаяқтық жобалар, қаржы пирамидалары, жалған инвестициялық платформалар, жалған құжаттар мен төлем жүйелері ұсынылған.
Еліміздің ірі қалаларында – Астана мен Алматыда бес алаяқтық call-орталықтың жұмысы тоқтатылды. Мұндай орталықтарда ондаған оператор қазақстандықтарды ғана емес, шетел азаматтарын да алдап келген. Ал, Армениямен бірлескен операция барысында Еуропа мен ТМД елдерінің азаматтарын торға түсірген тағы екі call-орталық жойылған. 2025 жылдың басынан бері киберқылмыс жасағаны үшін 870 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл көрсеткіш – интернеттегі қылмыстармен күресудің нақты нәтижесі. Бұдан бөлек, ІІМ құрамындағы «Антифрод» орталығы банктермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Орталықтың көмегімен 2,6 миллиард теңгенің ұрлануына жол берілмеген. Ал, байланыс операторларының көмегімен 66,9 миллион жалған қоңырау бұғатталған.
ИНТЕРНЕТТЕГІ ҚАУІПСІЗДІК – ӘР АЗАМАТТЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
Техникалық қауіпсіздік жүйелері қанша дамығанымен, ең әлсіз тұс – адамның өзі. Алаяқтар адамның сенгіштігін, асығыстығын, абайсыздығын пайдаланып әрекет етеді. Сол себепті, әр адам интернет кеңістігінде қауіпсіз жүріп-тұрудың негізгі ережелерін білуі керек.
Бейтаныс сілтемелерге өтпеңіз – e-mail немесе мессенджер арқылы келген күмәнді сілтемелерді ашпаңыз. Олар вирус немесе фишингтік сайт болуы мүмкін.
Жеке мәліметтеріңізді бөліспеңіз – ЖСН, банк картасының деректері, SMS арқылы келген кодтар ешқашан басқа адамға айтылмауы керек. Банк қызметкерлері мұндай мәліметтерді ешқашан сұрамайды.
Сатып алушылар мен сатушыларды тексеріңіз – хабарландырулар сайтында мәміле жасамас бұрын, пікірлерді оқыңыз, тауар туралы нақты сұрақтар қойыңыз. Қажет болса – бейнеқоңырау арқылы сөйлесіңіз.
Қысымға түсіп, шешім қабылдамаңыз – алаяқтар көбіне «қазір шешім қабылдаңыз», «шұғыл түрде әрекет етіңіз» деп қысым көрсетеді. Мұндай жағдайда тоқтап, ойлану қажет.
Онлайн-банкингте қауіпсіздік функцияларын қосыңыз – SMS-хабарлама, 3D secure, биометрикалық аутентификация.
Сенімді қосымшаларды ғана пайдаланыңыз – тек ресми Google Play немесе App Store арқылы жүктеңіз. Белгісіз сайттардан келген файлдарды орнатпаңыз.
Құқық қорғау органдары телефон арқылы «операция» жүргізбейді – сізге қоңырау шалып, «шотыңызды бұғаттадық», «ақшаңызды сақтау үшін басқа шотқа аударыңыз» десе – бұл 100 пайыз алаяқтың сөзі.
Қауіпсіздік – бұл тек техникаға емес, адамның сана-сезіміне байланысты мәселе. Мектеп қабырғасынан бастап кибермәдениет пен онлайн этиканы оқыту – болашақта мұндай қылмыстардың алдын алуға үлкен ықпал етеді.
Рас, интернет өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ол арқылы біз сауда жасаймыз, білім аламыз, жұмыс істейміз, байланысамыз. Алайда оның екінші жағында – алаяқтар, қылмыскерлер, заңсыз топтар тұр. Олар адам сенімін пайдаланып, қоғамға үлкен қауіп төндіруде.
Интернет алаяқтықпен күресу – тек полицияның немесе мемлекеттің жұмысы емес. Бұл – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Өзіміз де, балаларымыз да интернетте қалай әрекет ету қажеттігін, кімге сенуге болатынын, қандай жағдайда дереу тоқтау керектігін білуіміз керек.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Ақпараттық қауіпсіздік – болашақтың ең маңызды қорғаны. Сол себепті әр азамат саналы әрекет етуі, қауіпсіздік ережесін білуі, өзгелерді де соған үйретуі қажет. «Жеңіл ақша» уәдесіне емес, ақылға сенейік. Киберқылмыстың торынан сақтанып, цифрлық әлемде де қауіпсіз, сенімді, әділетті қоғам құрамыз десек – жауапкершілік әркімнің мойнында.
Индира БІРЖАНСАЛ







