Айдарбек Сапаров: «Ауыл халқының табысын арттырып, әлеуетін көтеру – маңызды міндет»

0
8581

Алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейтіп, саланың еңбек өнімділігін үш есе арттыру керек. Қазақстан 10 жыл ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік он елдің қатарына қосылуға тиіс. Көкшенің төрі – Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына осындай  міндет қойды. Әлбетте, ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы тиіс. Отандық агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуы қажет. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден бір тетігі. Ауылдағы ағайынның да тұрмыс-тіршілігі осы саламен тығыз байланысты. Әлеуметтің әлеуетінің артуына ұйытқы болатын саладағы оң өзгерістер мен еңсерілген ілкімді істер жайында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен арнайы сұхбаттастық.

«АСТЫҚ ЭКСПОРТЫНЫҢ ГЕОГРАФИЯСЫН КЕҢЕЙТУДЕМІЗ»

– Айдарбек Сейпілұлы, «Qazaq» газетіне сұхбат беруге уақыт бөлгеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша да көш басында тұрған елміз. 2024 жылы түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Ресми деректерді сөйлетсек. Былтыр 26,7 миллион тонна астық бастырылған. Бұл – соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш екен. Бұл – диқандарымыздың маңдай тері, адал еңбегінің көрінісі деп пайымдауға болады. Әңгімеміздің әлқиссасын астық экспортының географиясынан бастасақ… Алдағы уақытта Қазақстан бидайын тасымалдайтын елдердің саны арта ма? Осы тарапта қандай жұмыстар атқарылуда?

Сұрағыңызға рақмет! Иә дұрыс айтасыз Қазақстан астық пен ұнды экспорттаушы ретінде әлемдік жетекшілердің қатарына кіреді. Бидай, арпа сияқты дәнді дақылдардың экспорты бойынша 9-орында, ұн бойынша 2-орындамыз. Экспорт географиясы әлемнің 45-тен астам елін қамтиды. Орталық Азия, Ауғанстан, Иран, Түркия, Қытай және Еуропа Одағы елдері дәстүрлі өткізу нарықтары болып табылады. Астық пен ұнның орташа жылдық экспорты 9-9,5 млн тоннаны құрайды. Өткен жылы өнімділікті арттыру есебінен астықтың экспорттық әлеуеті 12 млн тоннаға дейін өсті.

Осы ретте жаңа егіннің астық экспорты оң динамиканы көрсететінін атап өткен абзал. Мәселен, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының деректері бойынша 2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы шілдеге дейін 11,8 млн тонна астық пен ұн экспортталды. Бұл алдыңғы жылдардың сәйкес кезеңінен 35,2 пайызға жоғары. Сонымен қатар, дәстүрлі бағыттарға жаңа егіннің астығы мен ұнын жеткізу ұлғайтылды. Мәселен, Өзбекстанға 26,6 пайызға, Тәжікстанға 38,4 пайызға, Қырғызстанға 37,3 пайызға, Иранға 17,5 есеге, Әзірбайжанға 118 есеге, Ауғанстанға 49,3 пайызға артты. Бүгінгі күні алыс және жаңа перспективалық нарықтарды ашу үшін және әлемдік нарықтарға астық экспортын ынталандыру бойынша тасымалдау шығынын арзандату үшін тоннасына 20-30 мың теңге төлеудеміз.

Осы ретте астық тасымалдауға байланысты шығындардың құнын арзандатуға субсидиялар төлеу туралы бұйрығы ағымдағы жылғы 3 наурызда қабылданғанын атап өткім келеді. Жалпы, Азық-түлік корпорациясына жалпы сомасы 26,4 млрд теңгеге 1 134,1 мың тонна көліктік субсидия алуға 501 өтінім түсті. Бүгінгі күні 8,3 млрд теңгеге 371,3 мың тонна өнім қаржыландырылды.

Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында жаңа нарықтар ашылуда. Бүгінде Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания сияқты Еуропа елдерінің нарықтарына алғаш рет жеткізілімдер жүзеге асырылды. Сондай-ақ, 15 жылда алғаш рет Солтүстік Африка елдеріне, атап айтқанда Марокко мен Египетке жеткізілімдер қайта жанданды.  Бүгінгі таңда Мароккоға алғашқы 60 мың тонна бидай жөнелтілді.

Қазақстандық астықтың тұрақты экспорттық бағытын қалыптастыру перспективасымен Оман, Катар сынды Парсы шығанағы елдеріне логистикалық маршруттар мәселелері пысықталуда. Бұдан бөлек, Вьетнамға 15 мың тонна көлемінде астықтың алғашқы сынақ партиясы жеткізілді. Астық экспорты мәселесі министрліктің тұрақты бақылауында екенін астын сызып атап өткім келеді.

– Мемлекет басшысының бастамасымен биыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Қазақстан қоғамында нағыз еңбек адамдары жоғары деңгейде ұлықталуы – еңбекқорлық пен кәсіби құндылықтарды дәріптеу деп бағамдаймыз. Несібесін қара жерден айырып отырған диқандар мен кәсібін дөңгелетіп отырған фермерлерге мемлекет тарапынан қандай қолдаулар көрсетілуде?

Бұл тараптағы сауалыңызға жауапты мал шаруашылығына бағытталған мемлекеттік қолдаудан бастасам. Бұл салаға қолдауға  2024 жылы 99,4 млрд теңге бөлініп, ол толығымен игерілді. Ал биылғы жылы осы мақсатқа 104,4 млрд теңге қарастырылған. Мал шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдау екі бағытта жүргізіледі. Оның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға тоқталып өтсем. Бүгіндері бұл тараптағы қолдау асыл тұқымды мал мен құсты сатып алу, эмбриондар мен бұқалардың ұрығын сатып алуға, ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малдың, асыл тұқымды ұсақ малдың төлін өсіру шығындарды арзандатуға, асыл тұқымдық орталықтардың, дистрибьютерлік орталықтардың және ұрықтандырушы-техниктердің ірі қара малдардың, қойлардың аналық басын қолдан ұрықтандыру бойынша көрсеткен қызметтері үшін субсидияларға, мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарының асыл тұқымды аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге, мініс және мініс-жегін жылқылар тұқымдарының асыл тұқымды мал басын күтіп-бағуға жұмсалған шығындарды өтеуге бағытталады. Сондай-ақ, мал шаруашылығы өнімдерінің өндіру құнын арзандату үшін қолдау бұқашықтар мен қошқарларды бордақылау алаңдарына немесе ет өңдеуші кәсіпорындарына өткізу, сиыр сүті, бие сүті және түйе сүтін өндіру құнын арзандату, қайта өңдеуге өткізілген жұқа және жартылай жұқа, қылшық және жартылай қылшық жүннің құнын арзандату, бал өндірісінің құнын арзандату, ауыл шаруашылығы жануарларының азығына кеткен шығындарды арзандатуды қамтиды.

Бұдан басқа да мемлекет тарапынан бірнеше қолдау шаралары жүзеге асырылады. Ет өңдеуші және сүт өңдеуші кәсіпорындардың кеңейтуге және қайта құруға арналған инвестициялық салымдар кезінде шығындардың бір бөлігін өтеу, негізгі және айналым қаражатына кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қолдау шаралар іске асырылады.

Сонымен бірге, жергілікті атқарушы органдармен бірге жаңа сүт- тауарлы фермаларын құру  және жұмыс істеп тұрған сүт-тауарлы фермаларын жаңғырту бойынша жобаларды жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары іске асырылады.

Қазіргі уақытта, кредиттеу мерзімінен 15 айға дейінгі жылдық 5% мөлшерлемемен бордақылау алаңдары үшін айналымды толықтыруға қолжетімді кредиттік қаражат бөлу мәселесі пысықталуда.

Бұдан бөлек, өсімдік шаруашылығын мемлекеттік қолдау да тиімді жүргізілуде. Мемлекет тарапынан егін шаруашылығы бағыты бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп өндіруге қажетті шаралардың барлығына қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, өңдеуге тапсырылған өнім көлемі үшін субсидия төлемдері қарастырылған. Сондай-ақ, импорттық техника үшін – 25 пайыз, отандық техника үшін – 30 пайыз, қант қызылшасын жинайтын комбайн үшін – 50 пайыз, селекциялық және тұқым шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға – 50 пайыз инвестициялық субсидиялау жүзеге асырылады. Бұдан өзге тұқымды тазалау және сұрыптау жабдықтарын сатып алуға – 50 пайыз, жылыжай кешенін салу және кеңейтуге – 30 пайыз, қарқынды алма бағын отырғызуға – 40 пайыз, жеміс-жидек дақылдары мен жүзім екпелерін отырғызуға – 30 пайыз, астық сақтау қоймаларын салуға – 25 пайыз, желдеткіш жабдықтары бар көкөніс сақтау қоймаларын салуға – 40 пайыз, тоңазытқыш жабдықтары барлар үшін – 50 пайыз, жеміс сақтау қоймаларын салуға – 40 пайыз инвестициялық субсидияланады.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ ЖЕРГЕ – ТЫНЫС, ЕЛГЕ – ЫРЫС АЛЫП КЕЛДІ»

– Ауыл – баршамыздың алтын бесігіміз. Халқымыздың тамыры – ауылда. Ұлтымыздың бабадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрі, тілі мен ділі қаймағы бұзылмаған ауылда сақталған. Ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылған болатын. Жерге – тыныс, елге – ырыс алып келген осы бағдарламаны іске асыру барысы қалай?

– 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру басталды. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру үшін 2023-2024 жылдары республикалық бюджеттен 120 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. Нәтижесінде 114,9 млрд теңге сомасына 17 мыңға жуық шағын несие берілді. Соның есебінен 19,1 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұдан бөлек, қарыз алушылар қайтарған қаражат есебінен облыс әкімдіктерімен револьверлік әдіспен жалпы сомасы 9,6 млрд. теңгеге қосымша 1 345 микрокредит берілді. Револьверлік қаржыландыру тетігі қаражаттың үзіліссіз айналымын қамтамасыз етіп, халықтың көбірек бөлігін қолдауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, бағдарлама шеңберінде ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға басымдық берілген. Ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін несиенің ең жоғары сомасы 8 мың АЕК-ке дейін (2025 жылы – 31,4 млн. теңге) кредит беру көзделген. Жалпы, бағдарламаны іске асыру – ауыл шаруашылығы кооперациясының дамуына серпін берді. Өңірлерде 600-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Бағдарламаның басталуымен өңірлерде 14,3 млрд теңге сомасына 625 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылды.

Тұтастай алғанда, жеке шаруашылық учаскелерін кооперативтерге біріктірудің ауыл шаруашылығы техникасын бірлесіп пайдалану түріндегі артықшылықтары, сонымен қатар кооперативтер арқылы өнім өндіру мен өткізуді ұлғайту мүмкіндігі бар. Бұл болашақта өндірілген өнімнің ауқымды көлемін қалыптастыра отырып, сауда базарлары мен қала дүкендерінің сөрелеріне шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін ағымдағы жылы республикалық бюджетте 50 млрд теңге қарастырылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру 2025 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне берілді және осыған сәйкес ҚР Ұлттық экономика министрлігі тарапынан жаңа қағида бекітілді.

Негізгі азық-түлік түрлері бойынша қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

–  Біз өзімізді азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етіп отырмыз.  Негізгі тауарлар бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 80 пайыздан 100 пайызға дейін жетеді. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөністер, ұн – мұның бәрі ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жеткілікті көлемде өндірілуде.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған негізгі көрсеткіштер мен міндеттер министрліктің стратегиялық құжаттарында көрініс тапқан. Атап айтқанда, АӨК-ті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2028 жылға дейін екі есеге арттыру жөніндегі жол картасында, өңдеу өнеркәсібін дамыту жоспарларында белгіленген.

Өнімнің өзіндік құнын төмендету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар шараларды қабылдауда. Олардың қатарында инвестициялық жобаларды субсидиялау және жеңілдетілген несие беру, соның ішінде ет, сүт және балық өнімдерін өндіру жобаларына қолдау көрсету бар. Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған айналым қаражатын қаржыландыру үшін жеңілдетілген несиелер, жем-шөп құнын арзандату, тұқым, тыңайтқыш, пестицид, жанар-жағармай сынды қажетті материалдық-техникалық ресурстардың қолжетімділігін арттыру, «ҚазАгро» ҰК» АҚ арқылы форвардтық қаржыландыру жүзеге асырылуда.

Тағы бір айта кетерлігі, былтырдан бастап алғаш рет айналым қаражатын толтыруға 5 пайыз таза мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру енгізілді. Мәселен, өткен жылы бұл мақсатқа 35 млрд теңге бөлініп, 15 кәсіпорын қаржыландырылды. Ал биыл қаржыландыру көлемі 40 млрд теңгеден асып, 93 кәсіпорынды қамтыды.

– Айдарбек Сейпілұлы, ресми деректерге сенер болсақ, бүгінде Қазақстан нарығында 5 азық-түлік тауары бойынша импортқа тәуелділік байқалады. Сізден аталған тауар түрлері бойынша өндіріс көлемінің қаншалықты ұлғайтылып жатқандығы туралы сұрағым келіп отыр. Импортты алмастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтсеңіз. Импортқа тәуелді тауарлар бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру барысы жайында да айтып өтсеңіз.

Бұл біздің министрліктің басты жұмыс бағыттарының бірі. Қазіргі күнде 29 азық-түлік тауарынан тек 5 тауар бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр. Атап айтқанда: құс еті – 73 пайыз, балық – 68 пайыз, шұжық өнімдері – 60 пайыз, ірімшік пен сүзбе – 57 пайыз, қант – 42 пайыз.

2021-2024 жылдар аралығында құс етін өндіру көлемі 27,6 пайызға, шұжық өнімдері – 80 пайызға, балық өнімі – 57,6 пайызға, ал ірімшік пен сүзбе өндірісі 30,1 пайызға артты.

Біз алма бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін 80 пайызға жеткіздік. Ал құс еті – 65 пайыздан 79 пайызға, шұжық өнімдері – 56 пайыздан 60 пайызға артты.

Алайда импортты алмастыру мәселесі тек өндіріс көлемін арттырумен ғана шектелмейді. Бұл ретте экспорт көлемінің артуы мен ЕАЭО елдерінен келетін өнім импортының өсуін де ескеру қажет. Бұл елдермен тауарлардың еркін айналымы қарастырылған, сондықтан бұл факторлар ішкі нарықты қамтамасыз ету деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді.

Бүгінгі таңда біз импортқа тәуелділікті азайту мақсатында бірқатар инвестициялық жобаларды іске асырып жатырмыз. Атап айтқанда, сүт-тауарлы фермалар, өңдеу кәсіпорындары және құс фабрикаларын салу жобалары жеңілдетілген қаржыландыру арқылы жүзеге асырылуда. Жалпы, импортқа тәуелді тауарлар бойынша 2027 жылға дейін 1,1 трлн теңгеге 289 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Министрлік ішкі нарықты отандық мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қолдау (субсидиялау) бағдарламалары, инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыруды ынталандыруға бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асырады. Қабылданған шаралар аясында мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің оң динамикасы бар. Импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мал шаруашылығындағы сүт пен құс етінің өндірісін арттыруға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады. 

Мәселен, 2023 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы басталды. Бұл бағдарлама аясында отандық АШӨӨК сүт тауарлары фермаларын (СТФ) және етті бағыттағы құс фабрикаларын  салуға және кеңейтуге жылдық мөлшері 2,5 пайызға құрайтын жеңілдетілген несиелер бөлінеді. 2023-2024 жылдары жалпы жобалық өндіріс қуаты 487,0 мың тонна сүт 85 СТФ іске асыру қаржыландырылды. Оның ішінде 2024 жылы 16 СТФ жобасы. Бүгінгі күні өндіріс көлемі 297,5 мың тонна өнім 48 СТФ жобасы іске қосылды. Қалған 37 СТФ жобасы 2025-2026 жылдар кезеңінде іске қосылатын болады. Жалпы аталған бағытта өндіріс көлемі 620,0 мың тонна сүт 116 СТФ қаржыландыру жоспарланған. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толықтай жабады және 2028 жылға сүт өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті жояды.

Соңғы 5 жылда құс еті өнімдерінің импортын алмастыру бойынша іс-шараларды жүзеге асыру аясында 2024 жылы еліміздің құс етімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін 58 пайыздан 80 пайызға дейін айтарлықтай жоғарылатуға қол жеткізілді. 2024 жылы құс етінің импорты 135,8 мың тоннаны құрайды.

Қолда бар қуаттарды, іске асырылып жатқан жобаларды және қолданыстағы мемлекеттік қолдауларды ескере отырып жақын болашақта құс етімен толықтай өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткіземіз деген мақсат бар. Бұл импортқа тәуелділікті қысқартуға және ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Импортты алмастыру жөніндегі міндеттерді одан әрі іске асыру шеңберінде 2024 жылы құс фабрикаларының құрылысы және кеңейту бойынша Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, СҚО және Ұлытау облыстарында жалпы қуаттылығы жылына 15,9 мың тонна құс етін құрайтын 6 инвестжоба пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі 5,7 млрд теңгені құрады.

Ағымдағы жылы өңірлердің әкімдіктерімен СҚО тәжірибесін тираждау бағдарламасы шеңберінде Құс фабрикаларын салу бойынша Павлодар, Түркістан, Ұлытау және Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында жалпы қуаттылығы жылына 45 мың тонна құс еті құрайтын 5 инвестициялық жоба қолға алынды. Инвестициялардың жалпы сомасы 20,2 млрд теңгені құрайды, оның ішінде қарыз 13,5 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар, басқа қаржыландыру көздері арқылы құс шаруашылығында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылады. Мәселен,  «Аітаs KZ» АҚ компаниясымен 2 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, оның бірі – Алматы облысында өндірістік қуаттылығы жылына 120 мың тонна ет болатын құс фабрикасының құрылысы. Екіншісі – Ақмола облысында Иорданиялық ALHusseini Group компаниясымен бірлесіп отандық құс фабрикаларын инкубациялық жұмыртқамен қамтамасыз ету үшін қуаттылығы 100 млн инкубациялық жұмыртқа асыл тұқымды репродуктор салу. Бұл жобалар бүгінде жан-жақты зерделенуде. Жобаны 2026-2029 жылдар кезеңінде инвестиция көлемі шамамен 42 млрд теңгемен 3 кезеңде іске асыру жоспарлануда.

Жамбыл облысында «Алель Агро» АҚ компаниясы құс өндірудің инкубациядан бастап терең өңдеуге дейінгі толық циклін құру бойынша еліміздегі ең ірі инвестициялық жобалардың бірін іске асыруда.

Бүгінгі таңда аталған компания қуаттылығы жылына 60 мың тоннаны құрайтын құс фабрикасын, қуаттылығы сағатына 9 мың бас ет өңдеу зауытын салуды және жылына 23 млн дана инкубациялық жұмыртқаға арналған ата-енелік құс фабрикасын салуды 3-4 кезеңде іске асыруда. Инвестиция көлемі 55,6 млрд теңгені құрайды. Инвестициялық жобалардың толық циклін аяқтау 2027 жылы деп болжанып отыр.

Жалпы, «Аітаs KZ» АҚ және «Алель Агро» АҚ инвестициялық жобаларын уақытылы іске асыру есебінен ғана құс өндірісін 180 мың тонна қосымша өсімі көлемінде қамтамасыз етілетін болады. Осылайша, 2029 жылға қарай құс етінің ішкі нарығы отандық өндіріс есебінен толық қамтамасыз етіледі деп нық сеніммен айтуға болады. Алдағы уақытта қазақстандық құс етінің экспортқа шығуы үшін жақсы перспективалар бар.

– Айдарбек Сейпілұлы, жан-жақты әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Жандар Асан

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here