Қазақ халқында «Шыңға біткен шынардың бұтақтары бір-бірімен байланысып өседі» деген атадан балаға мирас болып жалғасқан аталы сөз бар. Бұған Алты алаштың ардақтысы Міржақып Дулатұлы мен оның жерлесі Қалмағамбет Таңқыұлының өзара туысқандық және рухани байланыстары нақты дәлел болғандай…
Қ.Таңқыұлы – халқымыздың жоңғар басқыншыларына қарсы күресінде қол бастаған Мерген батырдың ұрпағы. 1864 жылы Ы.Алтынсарин Торғайда тұңғыш мектеп ашпақ болғанда оның туысы Төке би осы білім ордасын салуға қомақты қаржы берді. Төкенің ұлы Нұрмағанбет те осы мектептің алғашқы 13 шәкіртінің бірі болған. Бұл игі дәстүрді кейін Төке бидің өзге туыстары да жалғастырыпты. Қалмағамбет Танкин де осы мектепте оқып білім алған болатын. Оқуға зейінді жастың білімге ынтасын аңғарған Торғай уезінің бастығы полковник Я.П.Яковлев оған Красноуфимск реалдық училищесінде оқу туралы ұсыныс жасайды. Талапты жастың оқу шығынын оның немере ағасы Сейдахмет Бәйсейітұлы мен осы уездің Шұбалаң болысының басқарушысы Смағұл Төкеұлы бөліп төлеуге келісіпті. Ағаларының артқан үмітін ақтап, Қалмағамбет Красноуфимск реалдық училищесін үздік бағамен бітіріп шығады. Ол мұнан соң, арнайы жолдамамен Әулиеата уездік жер басқармасына жұмысқа жіберіледі. Бұған «Қазақ қарға тамырлы» дегендей, Қалмағамбет Таңқыұлының Дулаттың Шымыр тармағына жиеншар екендігі де өз әсерін тигізген сыңайлы. Ол мұнда келісімен бабасы Мерген батырдың туған балдызы атақты қолбасы Қойгелді Сартұлының ұрпақтарымен етене жақын араласып, туысқандық тығыз байланыста болады.
Қасиетті Әулиеата жерінде біраз жыл жұмыс істеп, өзінің кәсіби шеберлігін байқатқан жас жігіт елдің құрметіне бөленеді. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, ол аз ғана уақытта Әулиеатаның ел тізгінін қолына ұстаған азаматтарымен достық қатынаста болып, осы өлкеге әйгілі Бұралқы болыстың балдызына үйленіп, шаңырақ көтереді.
Елге сыйлы азамат Қалмағамбет біраз жылдан соң ел ағаларының қолдауымен Меркіге болыс болып сайланады. Қасиетті Әулиеата жерін өзіне құтты қоныс еткен оны халық жастығына қарамастан «Қалекең» деп, құрмет тұтыпты. Талапты жас жігіттің ел игілігі үшін жасаған істері жергілікті биліктің де назарына ілігіп, ол кейін Әулиеата уездік земство бастығы қызметін де атқарады. Алайда, қандай жауапты қызмет атқарып жүрсе де, ең алдымен халқының қамын ойлап, мүддесін қорғауды өзіне басты мақсат етіп қойған Қалмағамбетті патша шенеуніктері үнемі бақылауда ұстаған екен. Мәселен, 1916 жылы оған «көтерілісті қолдады» деген айып тағылып, бір ай бойы жауап алынғаны қазір мұрағат деректерінен белгілі болып отыр.
Ауқатты азамат өз еліне көмек іздеп келген жандарға да үнемі қол ұшын созып, түрлі көмек көрсетіп тұрыпты. Қалмағамбеттің 1920 жылы Колчак түрмесінен қашып шығып, Әулиеатаға ат басын тіреген С.Сейфуллинді бірнеше күн қонақ етіп, күтіп, Ташкентке жеткізіп салғаны туралы кезінде Сәкен ата өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» атты ғұмырнамалық шығармасында ризашылық сезіммен еске алған болатын.
Ол кейін, 1929 жылдары Әулиеатаға келген Алаштың ардагері Міржақып Дулатовтың отбасына да ерекше қамқорлық жасапты. Бұл жайлы Жақаң атаның қызы Гүлнар Дулатова апамыздың «Шындық шырағы» кітабында Міржақып Дулатовтың ағасы Асқардың қызы Ботакөз апай тебірене еске алған болатын: «Тұяқбай ауылымен іргелес Қалмағамбет Танкин… Ол Торғайдан Әулиеатаға келіп, осы елге сіңген арғын. Ол кісіні ел құрметпен «Қалекең» дейді… Қалекең елуді еңсерген, толық денелі кісі. Ол Шу өлкесінің атақты болысы Бұралқымен бажа. Қалекеңнің бірінші әйелінен – Әбік пен Халық деген екі ұлы болды. Әбік – Ташкенттегі Орта Азия университетінің студенті, Халық – Әулиеатадағы мектеп оқушысы еді. Қалекеңнің Бәтима тоқалынан туған екі ұлы: Қаппар, Жаппар – жас, ағаларын арқа сүйеп өсіп келеді. Қалекең – дәулетті, төрт түлігі сай, елге сыйлы, беделді кісі. Біздің үш үйді өзінің қамқорлығына алды. Мұстафа мен Әбік бастаған ауылдың қыз-келіншектері бас қосып, түрлі ұлт ойындарын өткізіп, қалаға киноға баратынбыз», – деп жазады Ботакөз апай өткен күндердің елесін ой елегінен қайта өткізген шақтарында…
Белгілі ақын Ғафу Қайырбеков – Қалмағамбет Танкиннің бірге туған інісі Қайырбектің баласы. Ғафу әкемнің жұбайы Бәдеш Хамзақызы әжеміз Қостанай облыстық телеарнасына сұхбат бергенде Міржақып пен Қалекеңнің отбасыларын туысқандық қатынасы жайлы да еске алған еді. Гүлнәр Міржақыпқызы апай Ғафекеңнің үйінде қонақта отырғанда Қалмағамбеттің «Қонақ келгенде дастарханың бос тұрмасын» деп, Міржақыптың отбасына күн ара сойыстық бір қой мен бір саба қымыз жіберіп тұрғанын ризашылық сезіммен еске алған екен.
Бұл арада тағы бір ескерте кететін жағдай: Ботакөз Асқарқызы Дулатованың жоғарыдағы естелігінде есімі аталған Мұстафа Бұралқиев – Ботакөз апайдың күйеуі. Ол әрі Әбік пен Халық Қалмағамбетұлдарының туған бөлесі, Әбік пен Мұстафа Ташкенттегі САГУ-де де бірге оқыған. Әбік Танкин – САГУ-дің экономика факультетін бітірген алғашқы қазақ, ал Мұстафа да осы жоғарғы оқу орнынан «агроном» мамандығын алып шыққан.
Мұстафаның әкесі Бұралқы Сұлтанбекұлы – Қазан төңкерісіне дейін Әулиеата өлкесіне кеңінен танымал ел ағасы, әділ би болған кісі. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлының құрастыруымен 2021 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Бауыржан Момышұлы» атты жинақта жарияланған «Қазақтың алғашқы агрономы Мұстафа Бұралқиевті білесіз бе?» атты мақаладан Бұралқы болыс пен оның баласы Мұстафа туралы біраз деректі кездестіре аламыз.
Осы жинақта жарияланған 1928 жылғы 20 қазанда жазылған «Бұралқы Сұлтанбекұлының мал-мүлкін тәркілеп, отбасын жер аудару туралы» құжатта: «Бұралқы Сұлтанбекұлының отбасында 11 адам бар» және «ұлы Мұстафа – 31-де, Мұртаза – 25 жаста. Балмағамбет – 18-де, Исрайыл, Сейтжаппар деген ұлдары да бар, 7 жастағы қызы Дәкия өз ауылында. Ал, Мұстафа екі інісімен және 20 жастағы келіншегі Ботакөзбен бірге Ташкентте» деген құжат та бар. Осы жинақта: «Б.Сұлтанбекұлының отбасымен бірге оның Ташкентте кызмет істейтін ұлы Мұстафаны, әйелі Ботакөз бен сол қалада оқитын екі ұлы Исраил мен Сейтжаппарды Оралға жер аудару туралы» қаулының көшірмесі де жарияланған. Сондай-ақ, Мұстафа Бұралқиевтің есімін 1930 жылдары Қазақстаннан Мәскеудің Бутырка түрмесіне жіберілген «Кеңес үкіметіне аса қауіпті саяси қылмыскерлердің» тізімінен де кездестіруге болады.
Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы 2014 жылы шығарған «Алаш қозғалысы» атты энциклопедиялық анықтамалықта: «Мұстафа Бұралқиев – 1920 жылдары Ташкенттегі «Казинпроста» (Қазақ халыққа білім беру институтында, қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бастауы) оқытушы әрі оқу бөлімінің басшысы болды. Қ.Кемеңгерұлы басшылығымен Мұстафаның «Қазақша-орысша тілмашты» (сөздік) әзірлеуге қатысқан.
Мұстафа 1930 ж. 8 қазанда Ташкентте ұсталып, этаппен Алматы ОГПУ-НКВД түрмесіне жіберілді. 1932 ж. 20 сәуірде ОГПУ үштігінің шешімімен 58-11, 58-10 статья бойынша 5 жылға Воронежге жер аударылды. Воронежде Сейдазым Қадірбаев, Жұмағали Тілеулин, Ахмет Тұңғашин, Мұхтар Мұрзин, Қошке Кемеңгерұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Кәрім Тоқтабайұлдары да болды.
…Айдауда жүрген Мұстафаны Ботакөз Асқарқызы іздеп барған. Қуғын-сүргін жылдары Мұстафаның Торғауыт атты ұлы мен Кәмила атты қызы қайтыс болған. 1958 жылғы 22 қаңтарда Қазақстан КСР Жоғары соты М.Бұралқиевты ақтады. Мұстафаның кейінгі тағдыры туралы деректер көп емес…» деген деректерді (Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы. «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалық. 2014 ж. Алматы. Сардар. 130-бет) кездестіре аламыз.

Ал, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атамыз өзінің естеліктерінде Мұстафа Бұралқиевті 1925 жылы алғаш көргенін, мұнан кейін арада 45 жыл өткенде кездескенін еске алады. Баукең осы естелігінде Мұстафа туралы: «Один из первых агрономов казахов… Враг народа 1937 года. Реабилитирован. Много знает. Молчит. Работает. …Я уверен, что у него есть личный архив» деп жазған екен.
Осы орайда Бауыржан Момышұлы атамыздың Алаштың ардагері Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апайды ерекше құрмет тұтқандығы жайлы оның замандастарының естеліктері еріксіз еске оралады.
Кезінде орыстың танымал тарихшысы Н.Карамзин «Мемлекет пен ұлттың тарихына кейде жеке адамдардың өзара туысқандық байланысының да әсері болады», – деп жазған екен. Қалмағамбеттің екінші ұлы Халық Танкин Мәскеудегі темір жол институтында оқып жүргенде Қазақстан үкіметі оны Түркісиб құрылысына жұмысқа шақыртып алдыртады. Кейін Қазақстанның Жер шаруашылығы халық комиссариатында жауапты қызмет атқарып жүрген Халық Қалмағамбетұлы 1937 жылғы сталиндік саяси зобалалаң кезінде «байдың ұрпағы» деген жаламен ұсталып, атылып кетті. Халықтың баласы Марат кейін Қазақ теле-радио журналистикасының негізін қалаған атақты ғалымдардың бірі болды. Ол ғалым-журналист, филология ғылымдарының докторы, академик Марат Барманқұлов-Танкин ағамыз еді. Ал, Әбік Танкиннің ұрпақтары қазір Астана мен Шымкентте тұрады. Тазагүл Әбікқызының үлкен ұлы Еркін Қыдыр – Астанадағы «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы, ал екінші ұлы Уәли – қазақ халқының көне астанасындағы «Түркістан» телеарнасының директоры.
Ал, Қ.Таңқыұлының Қайырбек атты інісінің баласы – атақты ақын. Қазақстанның халық жазушысы Ғафу Қайырбеков болатын.
М.Дулатовтың қызы Гүлнәр апаймен Қалмағамбет атаның інісі Ғафу Қайырбеков әкемнің отбасылары кеңестік қытымыр саясаттың кезінде де туысқандық байланысты үзбеді. Ғафу әкемнің үйінде торғайлық жерлестер бас қосқанда олардың арасынан Гүлнәр апамызды да бірнеше рет көрген едім. Сонда Ғафу әкемнің Гүлнәр апайды ерекше құрметтейтіндігін бала болсақ та байқаушы едік.
1970 жылдары менің әкем Бидаш Сейдахметұлы:
«Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқаң мен сенікі –
Пайдалан, шаруаңа жараса, Алаш», – деген толғауды оңаша сәттерде ғана дауысын қатты шығармай айтып отыратын. «Әке, бұл кімнің шығарған өлеңі?» деген менің сұрағыма: «Қазақтың бір керемет азаматы болған. Соның өлеңі бұл. Заман түзелсе, кейін бұл өлеңді кімнің жазғанын өзің де білерсің» деуші еді.
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деп халқымыз айтқандай, енді санаулы уақыттан соң, тәуелсіз қазақ елі Міржақып Дулатұлы атамыздың 140 жылдық мерейлі мерекесін салтанатты түрде атап өтпекші. Осы орайда, халқымыздың ұлы қайраткері мен онымен сыйлас болған азаматтар туралы уақыт тозаңы баса бастаған осы деректерді көпшілік назарына ұсынғанды жөн санадым.
Қабылахат СЕЙДАХМЕТ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі












