Білім мен ғылым – елдің дамуының темірқазығы. Ал ғылым мен өндірістің тоғысуы – жаңа технологиялық серпіннің бастауы. Әлемдік тәжірибе мұны әлдеқашан дәлелдеген. Енді міне, Қазақстан да бұл үрдіске батыл қадам жасап отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында BASF Mining Solutions зертханасының ашылуы – осының айқын дәлелі. Бұл бастама еліміздің тау-кен-металлургия саласына зор мүмкіндік.

Халықаралық беделге ие BASF компаниясы тау-кен өндірісіне арналған техникалық қызмет көрсету зертханасын ашып, еліміздегі ғылымға тың серпін берді. Жаңа ғылыми орталық минералды шикізатты өңдеу мен гидрометаллургия саласында қолданбалы зерттеулер жүргізіп, өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған. Зертхана студенттерге тәжірибе жинауға, ғалымдарға жаңа жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Бұл зертхана – Орталық Азияның тау-кен-металлургия саласын дамытуға бағытталған үлкен ғылыми жобаның бір бөлігі.
Салтанатты шараға ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алина Галеева, «BASF Орталық Азия» ЖШС бас директоры Ростислав Камкин, сондай-ақ компанияның аймақтық бизнес-директоры Мильяна Спасич пен көптеген ғалымдар, серіктестер қатысты.


Зертхананың негізгі мақсаты – минералды шикізатты өңдеу, гидрометаллургия бағытында қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу және өндірістің тиімділігін арттыратын инновациялық шешімдер ұсыну. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа орталық халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Мұнда әлемге белгілі Lupromin, Luproset, Luprofroth, LIX, Alamine, Aliquat, LixTRA сияқты химиялық реагенттер сынақтан өткізіледі.
«Бұл зертхана – ғылым мен өндіріс арасындағы стратегиялық серіктестіктің айқын көрінісі. Университет студенттері алған білімдерін тәжірибеде қолданып, нағыз өндірістік ортада шыңдалады», – деп атап өтті проректор Алина Галеева.
Жетекші университетте BASF Mining Solutions зертханасы ашылды
Осылайша, ҚазҰУ мен BASF арасындағы ынтымақтастық Орталық Азиядағы тау-кен өндірісінің болашағына серпін бермек. Жаңа зертхананың ашылуы – Қазақстан ғылымы үшін үлкен жетістік әрі өндірістік сала үшін тың мүмкіндік.
«Қазақстанда зертхана ашу – біз үшін үлкен қадам. Бұл серіктестігіміз жас мамандарды дайындап, саланың тұрақты дамуына үлес қосады. Біз тұрақты болашақ үшін химия жасаймыз», – деп пікір білдірді BASF компаниясының басшысы Ростислав Камкин.
BASF компаниясының халықаралық тәжірибесі мен ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуеті тоғысып, болашақ мамандарды даярлауға, өндірістің инновациялық дамуына және өңірдің экономикалық өрлеуіне жол ашпақ. BASF компаниясы мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірлескен бастамасы – ғылым мен өндірістің тоғысқан тұсы ғана емес, елдің интеллектуалды әлеуетін көтеретін қадам. Бұл бастама Қазақстанның ғана емес, күллі Орталық Азияның тау-кен өндірісіндегі жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, өңірдің тұрақты дамуына ықпал етпек.
Индира БІРЖАНСАЛ









